• Cұхбаттар
  • 29 Ақпан, 2024

Кез келген көрермен ғылым тілін түсінсе дейміз

Болат МҮРСӘЛІМ, «Қазақстан» телерадиокорпорациясының бас редакторы, «Технократтар талқысы» бағдарламасының жүргізушісі

Ғылым, әсіресе нақты ғылымға қатысты қазақ тіліндегі әр кітап, газет, журнал, радиохабар мен телебағдарлама өзекті дер едік. Ғарышты зерттеп, Марстың бетінде тіршілігін жалғастыруға құмбыл адамзаттың көшінен кейін қалып қоймауымыз үшін де ғылым тақырыбын баршаға түсінікті тілде жан-жақты талдап, пікір қалыптастыра білу де маңызды. «Qazaqstan» ұлттық арнасынан 1 наурызда көрерменге жол тартатын «Технократтар талқысы» бағдарламасы «Ғылым, білім бар жұрттардың» жаңалықтарын көрсетіп, таныстырмақшы. Бағдарлама жүргізушісі Болат Мүрсәлім тақырып ауқымдылығы мен ғылым талқысы туралы пікірін былай білдірді... 

– Ең алдымен, «Технократтар талқысы» бағдарламасының негізгі көтерер тақырыбын біліп алсақ? 
– Бағдарлама бүгінгі әлемдік ғылым мен технологияның дамуын талқылайды. Ғылыми жаңалықтарды таныстырып қана қоймайды, оған Қазақстан ғалымдары, Қазақстан инженерлері қандай үлес қоса алады деген призманы қоса қарастырады. Бағдарламаның әзірге алғашқы маусымында 15 тақырыпты таңдап алып түсірілім жұмысын аяқтап қалдық. Бағдарламаға Ұлттық ғылым академиясының бұрынғы басшысы Күнсұлу Закарья және өзге де ғалымдармен, бағдарлама ұжымы тарапымен бірлесе отырып 15 тақырып таңдалды. Академия нақты ғылым саласындағы ғалымдарды және олардың қандай маңызды зерттеумен айналысып жатқаны туралы деректерді тауып беруге көп көмектесті. «Болашақ» Халықаралық қоғамдық қоры да осы бағдарлама арқылы оқуын бітіріп келген азаматтардың қайсысы қай бағытта зерттеу жасады деген тақырып төңірегінде көмек қолын созды. Дайындық кезеңінде осындай бірқатар жұмыстар атқарылды.
Бағдарламада АҚШ-та, Канадада, Оңтүстік Кореяда, Жапонияда, Гонкогта, Ұлыбританияда зерттеумен айналысып жүрген қазақ ғалымдарымен Zoom арқылы байланысқа шығып, әрқайсының зерттеу тақырыптары бойынша, сұхбатқа шығарамыз. Бағдарламаның бір ерекшелігі осы болмақ. 
Бағдарламаны үш шартты бөлікке бөлдік. Бірінші, мәселенің өзектілігі тұрғысынан қарас­тырдық. Екіншісі, Қазақстан ғалымдары ғылыми бағытта немесе жаңалық ашу бағытында өздерінің ойлап тапқан қандай дүниесі бар, соны көрсетеміз. Үшінші блокта міндетті түрде шетел тәжірибесін талқыға саламыз.
Бағдарламаның тағы бір ерекшелігі, қоғамдық бағыттағы кейбір хабарлар сияқты «Ғылымды қалай қаржыландыру керек?», «Қазақстанда ғылым бар ма?» деген сияқты жалпылама мәселелерді көтермейміз, алған тақырыбымызды неғұрлым тар қойып, кең қазуға тырысамыз.
– Нақты қандай тақырыптарды көтердіңіздер? Бірді-екеуінің тақырыбын таныстырып өтсеңіз?
– Қазір дүниежүзінде ғылым мен техника қарыштап дамып келеді. Барлық тақырыпты қамту мүмкін емес екені түсінікті. Тіпті кейбір тақырыптар бойынша сөйлейтін ғалымдарымыз да жоқ. Сондықтан Қазақстан үшін өзекті, бізге сәл де болса жақын, таныс деген тақырыптарды таңдауға тырыстық. 
Мәселен, бағдарламада жасанды ағза, яғни адамның ішкі органдарын қолдан жасау, трансплантология емес, қолдан жасау мәселесі; Құрылыс саласындағы 3Д принтер; Электромобиль дәуірі т.б. тақырыптар қозғалады. Бағдарламаны қарапайым, бірақ қарабайыр емес тілде бастап, ары қарай тақырыпқа тереңдей түсеміз. 
Кеңірек түсіндіріп өтсем, қазір медицинада ген инженериясы деген үлкен бір сала бар. Соның ішінде ген редакциясы деген жеке тақырыпты бағдарламаға алдық. Хромосомалық деңгейде ауру жасушаларды генетикалық қайшымен қиып тастап, адам ағзасын қалай сауықтыруға болады немесе сау ұрпақты дүниеге әкелуге болады – бағдарламада осы мәселені талқылаймыз. Не болмаса наноөнімдер деген сөзді қазір көп айтамыз. Нанотехнологияны бәріміз білеміз. Нано дегеніміз – бір метрдің миллиардтан бірі, 10-9-дей өлшем ғой. Сол нано технологияны қолдана отырып, Қазақстанда қандай наноөнімдер шығарып жүрміз және оны кім шығарып жатыр, ол өнімдерді қай салада қолдануға болады, әлемде нанотехнология қандай революциялық жаңалықтар ашты – осы сияқты мәселені қаузап, қозғаймыз. 
– «Технократтар талқысында» тек жаратылыстану, техника ғылымдарының жаңалықтары назарға алына ма? Әлде гуманитария ғылымының да жетістіктеріне қатысты талқы жасау жоспарда бар ма?
– Жоқ, гуманитарлық тақырыптар бұл хабарда талқыланбайды. Бұл хабарға тек қана нақтылы ғылыммен айналысатын техника, энергетика я болмаса ақпараттық технология, медицина сияқты нақтылы ғылымдар саласында зерттеу жасап жүрген ғалымдар қатысады. Бірінші маусымдағы бағдарламалар легін шартты үш салаға бөліп қарастырып отырмыз. Бірінші, ақпараттық технологияға қатысты. «Киберқауіпсіздік», «Жасанды интеллект», «Блокчейн және криптоволюта» бағдарламалары ақпаратық технологияға байланысты. «Жасанды ағза» және «Ген редакциясы» бағдарламалары медицинаға қатысты. Қалған 10 бағдарлама техника мен технология саласындағы ғылыми тақырыптарды талдайды. 
– Бұл тақырыптарды Ғылым академиясымен, еліміздегі беделді ғылыми қауымдас­тықпен келісе отырып, яғни сарапшы-маманның табылу мәселесін реттеп алып бекіттіңіздер ғой. Қалай ойлайсыз, біздің елде ғылым мәселесін қазақ тілінде жан-жақты талқылай алатын технократтар толқыны жас буында көп пе, әлде аға буында ма?
– Мұндай терең тақырыптарда сөйлейтін қазақ ғалымдары аға буында да, жас буында да бар. Аға буында тәжірибелері өте мол ғалымдар, жас буында жаңа тақырыптарға жаңа қырынан келіп, ізденіп жүрген зерттеушілер өкілдері бар. 
Біз, ең бірінші, таза қазақша хабар жасағымыз келді. Бірде-бір орыс тіліндегі сұхбат немесе орыс тілінде сөйлейтін спикер біздің хабарға қатыспайды. Екінші, манипуляция жасаумен айналыспаймыз. Барды бар, жоқты жоқ дейміз. Яғни ғылымның нақты бір саласы дамымаса – дамымағанын, дамыса – дамығанын айтамыз. Бізде бәрі керемет деген позияция ұстанбаймыз. Ұлттық арнадан осы хабарды көрген кез келген көрермен ғылым тілін түсінсе, ғылым талқысына қатыса алса деген ниетпен терең пайымды пікірді қарапайым сөзбен түсіндіруге тырысамыз, сұрақты да сол тұрғыдан қоямыз, жауапты да сол тұрғыдан күтеміз. Студиямызда үлкен ЛЭД экранымыз бар. Соған арнайы көрнекі суреттер дайындадық, бірнеше репортаждар әзірледік. Бельгиядағы, Ұлыбританиядағы, Ресейдегі тілшілеріміз репортаж дайындауға қатысты. 
Бұл хабар танымды кеңейтсем деген, техника, технологияға жақын болсам деген жас буын үшін таптырмайтын оқулық, хрестоматиялық материал, қосымша сияқты болады деп ойлаймыз. Рухани бай дүниемізбен мақтанамыз ғой. Техникаға жақын ұлтпыз деп те мақтанатындай серпіліс жасасақ деген ой бар.
Бағдарламаны көрген оқырман да өз бағасын береді деген сенімдеміз. 
– Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен 
Қарагөз СІМӘДІЛ

1841 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы