- Ақпарат
- 29 Ақпан, 2024
Әлемді мейірім құтқарады
1 наурыз – алғыс айту күні. Адам баласы қашан да бір-біріне риза кейіппен өмір сүруі керек. Сонда ғана жүректе мейірім, сүйіспеншілік болады. Бұл күн өте өзгеше сипатқа ие болғаны дұрыс. Адам бір-біріне ризашылық танытып, қадам жасаған сайын істеген ісіне, қасындағы жарына, жолдасына, баласына алғыс айтудан бастауы керек. Ата заңымызда дініне, тіліне, шыққан тегіне қарамастан Қазақстанда мекен ететін барлық ұлттардың тең екендігі жазылған. Сондықтан мемлекетқұрушы ұлт ретінде қазақ халқына айрықша жауапкершілік жүктелген. Әлемді мейірімділік қана құтқарады. Мұны Қазақстанда мекен еткен әр ұлт пен ұлыс түсінуге тиіс.
Ал адам баласы қашан да жылы сөзге зәру. Біз бір-бірімізге алғыс айтып жүруіміз керек.
Әйгерім Ахметова, Алматы қаласы «Экомед» клиникасының бөлімше меңгерушісі, акушер-гинеколог, дәрігер-репродуктолог:
Әр әйелдің сәбилі болуын тілеймін
–Дәрігер мамандығын таңдаған адамға батыр деп баға беру керек шығар. Себебі дәрігер болу – ең жауапты мамандық. Дәрігерлер – адамның қажеттіліктеріне емес, денсаулығына жауап береді. Сондықтан кішкентай ғана қателік жіберілсе, кешірім жоқ деген сөз. Менің ойымша, әр дәрігер аурухананы үлкен әлемдей көреді. Сол әлемде өзгелердің қуанышы, жүзіндегі күлкісі, бір жұтым ауасы үшін күреседі. Ол әлемде дәрігер мен науқастан өзгесі байқамайтын өмір мен өлім күресі жүріп жатады. Бірі өмірге келіп жатады, бірі кетіп жатады. Бірі табысады, бірі қоштасады. Бірі қабырға қайыстырар қайғыны бастан кешсе, енді бірі бақыттан басы айналады...
Әр науқасқа жылы қарым-қатынас, дұрыс диагноз қоя білу, кеңес бере алу, жылдамдық, науқастың түрлі мінез-құлқын көтеру, оның сеніміне ие болу әрине, оңай шаруа емес. Ибн Сина айтқандай, «Науқас адам дерт пен дәрігердің ортасында тұрады. Егер ол дәрігерді жақтаса, екеулеп дертті жеңеді. Ал егер науқас дерт жаққа шықса, ол екеуі бірігіп дәрігерді жеңеді». Сондықтан науқас дәрігерді жақтауы керек. Өйткені дәрігер түнгі ұйқысын, ас ішер уақытын, көңіл көтерер сәтін, балаларына тәрбие берер алтын уақытын науқастарға арнайды. Медицина үлкен білімділік, жылдамдық, қырағылық, мінез шыдамдылығын талап ететін жұмыс. Сондықтан дәрігерлерге психологиялық төзімділігі үшін қосымша жалақы төленеді.
Менің акушер-гинекологияда 9 жыл, репродуктологияда 7 жыл тәжірибем бар. Осы жылдар аралығында акушер-гинекологияда 20 мың, репродуктологияда 2-3 мың баланың дүниеге келуіне себепші болдым. Демек, 20 мыңнан астам отбасын қуанышқа бөледім деген сөз. Бірақ әр кез сәтті бола бермейді ғой. Мен науқасымның балалы бола алатынына сеніп, эмбрион салғанда, болмай жатса, Жаратушыдан «неге?» деп жылап сұрайтынмын. Тіпті Қадір түнінде бүкіл әйелдердің тізімін қағазға жазып алып, әрбіреуінің балалы болуын Құдайдан тілеп шығушы едім. Өйткені алдыма жылап келген қанша тағдырды қуантқым келеді. Бұл, бергі жағы ғана ғой. Мен секілді жауапкершілікті көтеріп жүрген қанша ақ халатты жандардың еңбегі өлшеусіз. Науқас ауру азабын тартқан сәтте араша болу, үміт отын жағу – дәрігерлердің еншісінде. Әр дәрігердің жұмысы өзінше қиын. Сондықтан «Жақсының жақсылығын айт» дегендей алғыс айту күнінде әріптестеріме алғысымды білдіремін. Шыдамдылықтарына басымды иіп, осы салаға деген есепсіз махаббатына таң-тамаша боламын және оларға әр науқасқа туған баласындай қарауын өтініп сұраймын.
Жұмыстарына сәттілік пен табыс, жүректеріне ақтық пен адалдық тілеймін!
Марат Сағындықов, мұнай инженерия саласында PhD:
Біз даму бағытында келе жатырмыз
–Ғылым деген қайырлы нәрсе, сондықтан ғылымда кемшілік деген ұғым жоқ десек болады. Ғылымның жетістіктері арқылы бүгінгі дамыған және көркейген қоғамда өмір сүріп отырмыз. Қазақстанның ғылым әлеуеті өте зор, әсіресе соңғы өзгерістер оған дәлел. Мысалы, министріміз Саясат Нұрбек ғылымға бөлінетін қаражатты еселеп, жоғары оқу орындардың ғылыми-зерттеу бағыттарын дамытып жатыр.
Мұнай саласы еліміздің экономикасының негізгі бөлігін құрайды. Ал мұнай өндіру және өңдеу бағыттары техника, технология, ғылым, инновация және инженерия қосылған орта десек артық болмас. Сондықтан мұнай саласының ғылымға сұранысы өте үлкен.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымға және ғалымдарға үлкен қолдау көрсетіп жатыр. Оған бір ғана дәлел, Ұлттық ғылым академиясының жұмысын қайтадан жалғастыруы. Енді идеалдық жағдайлар ешқашан болмайды, бірақ негізгісі біз даму бағытында келе жатырмыз, ғылымның материалдық техникалық базасы жылдан-жылға күшею үстінде.
Жуырда жас ғалымдар кеңесі құрылды. Жұмыс нәтижесін және тиімділігін уақыт көрсетер. Сондықтан ғылым саласын дамытуға айрықша үлесін қосын жүрген әріптестеріме алғыс айту күні ризашылығымды білдіремін.
Гүлзира Досболова, «Әйтеке би» атындағы жалпы білім беретін мектеп директорының бастауыш оқу ісі жөніндегі орынбасары:
Ұстаз, ерекше адамсыз!
–Мен 1 наурыз алғыс айту күнін пайдалана отырып, Рыскүл Әбдірейімқызы Айтова ұстазыма ризашылық сезімімді білдірмекпін. Өйткені өмірін білім саласына арнап келе жатқан адамның тұлғалық қасиеті қашан да биік болатыны рас. Сондықтан мен ақжарылқап көңілмен әрқашан жанымда болғаныңыз үшін рақмет, ұстаз дегім келеді. Сіз менің қызметте тірегім болдыңыз, қашан да қол ұшын беріп, қолдауыңызды беріп отырасыз. Өмір жолында көп нәрсені үйреттіңіз. Маған берген ақыл-кеңесіңіз ұшан-теңіз. Ұстаздық ету оңай емес. Ол үшін жұмысқа беріліп, адал қызмет ету керек. Мұндай қасиет сіздің өн бойыңыздан табылады. Шыдамдылығыңыз бен жұмысыңызға берілгендігіңіз барлық әріптестер үшін үлгі. Сіздің білімге құштарлығыңыздан-ақ үлгі алуға болады. Қашан да шәкірттеріңізге үйретуден, көмектесуден жалықпайсыз. Монтессоридің «балаға мейірбандықпен қараса, ол шыдамды болуды үйренеді», – деген ұлағатты сөзі бар. Сондықтан барлық шәкіртіңіздің атынан мейірімділік пен жанашырлығыңыз үшін алғыс айтамын.
Сіз керемет ұстазсыз. Сіздің жігеріңіз бен оң көзқарасыңыз маған барлық жерде табысқа жетуге көмектесті. Сіздің басшылығыңыз бен қолдауыңыз мақсат-мұрат пен арманыма жетуге көмектесті. Мен әрқашан да сіздің қолдауыңызды айрықша бағалаймын. Сонымен қатар ізденіс пен ілімдеріңізді алдағы уақытта да іске асыратыныма кәміл сенемін. Сіз оқушылар мен бар ұстазға үлгісіз және өмірімде барыңызға, арамыздағы керемет қарым-қатынас үшін разылығымды білдіргім келеді.
Осы сәтті пайдалана отырып, барша ұстазға қажырлы еңбектері мен үздіксіз ізденіс, талпынысы үшін алғысымды білдіремін.
Ұстаз –шәкірт үшін ең маңызды тұлғаның бірі. Ең бастысы, ұстаз тамаша дос және ақылшы. Олар қандай жағдайда болсын, әрқашан жігерлендіреді. Сондықтан бар ұстазға ерекше адамсыз, мен сіздермен бірге өткізген әрбір сәтіме разымын дегім келеді.
Түркістан облысы,
Сауран ауданы
Алина Кан,ҚХА мүшесі:
Қазаққа жақсылық жасасаң, мың есе қайтарады
Менің аты-жөнім – Алина Кан. Жасым 24-те. Алматы облысы Балқаш ауданы Бақанас ауылының тумасымын. Әкем – неміс, анам – орыс. Туғанымнан атам мен әжем тәрбиеледі. Атам ерте қайтыс болды. Жоғары оқу орынды инженер-метролог ретінде бітірдім, бірақ бұл мамандықпен бір күн де жұмыс істемедім. Қазір қазақ тілінің насихаттаушысы, қазақ тілінің оқытушысымын.
1 наурыз – Алғыс айту күні. Осы мереке тұсында қазақ халқына бар болғаны үшін алғыс айтамын. Қазақстаным, қазағым болмағанда кім болар едім? Белгісіз. Жақсылығымды асырып, жамандығымды жасырып жүрген қазағыма мың алғыс.
Қазақ тілі – өте бай және ерекше тіл. Әрбір дыбысы, буыны ерекше. Басында қазақ тілін үйрену мен үшін оңай болған жоқ. 3-4 жасымда аулаға шықсам, ары жақта менімен қатарлас екі бала ойнап отыр екен. Қазақ. Барып, сөйлессем, мен үшін бір түрлі сөйлегендей болды. Қайтейін. Мен де түсініксіз бір нәрсе айтуды жөн көрдім. Сөйтіп, қайталап кішкене үйрендім. Мектепте 11 жыл бойы орыс сыныбында оқыдым, бірақ қазақ тіліне деген қызығушылығым арта түсті. Ұстазым Гүлжан Мұхтарқызы Асанбаева тілге деген махаббатымды оятты. Алғысым шексіз сол кісіге.
Қазақ халқының мейірімі шексіз ғой, шіркін. Мейірім – адамның бойындағы ақылдың көрсеткіші деп санаймын. Ақымақ адам мейірімді бола алмайды. Қазаққа бір жақсылық жасасаң – соны мың жақсылық етіп қайтарады. Қазағым үшін суға да түсуге, отқа да күюге дайынмын.
1344 рет
көрсетілді0
пікір