• Ақпарат
  • 29 Ақпан, 2024

Қытайда Қазақстанның мәдени орталығы ашылады

Бүгінде Қазақстан мен Қытай арасындағы достық, татулық және ұзақ мерзімді стратегиялық әріптестік қарым-қатынас белсенді дамып келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР-ға ресми сапары аясында Си Цзиньпинмен кездесіп, 2022 жылы екі елге теңдей мәдени орталықтар құру туралы келісімге қол жеткізген еді. Елдер арасындағы мәдени диалогты дамытудағы бұл маңыз­ды қадам мәдениет пен өнер саласындағы ынтымақтастықты нығайтады.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Бейжіңге жұмыс сапары аясында ҚХР Мәдениет және туризм министрі Сунь Елимен кездесіп, аталған жобаны жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Орталық қызметінің негізгі бағыты музей және кітапхана ісі, музыка және кино өнері, тіл үйрету т.б. болады деп жоспарлануда. 
– Қытай мен Қазақстан – ұзақ уақыт бойы стратегиялық одақтас, сондай-ақ барлық сала бойынша тығыз қарым-қатынас орнатқан серіктес. Бүгінгі кездесу екі ел арасындағы татулықты одан әрі нығайтуға және өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға берік негіз болды. Біз өз тарапымыздан орталықтың ашылуына қатысты барлық мәселелерді жедел шешуде барынша қолдау көрсетеміз, – деді Сунь Ели.
Іссапар барысында қазақстандық тарап Қытайдағы Қазақстан орталығының мазмұндық тұжырымдамасын әзірлеп, ғимарат таңдауға қатысты ұйымдастырушылық мәселелер мен құқықтық аспектілерін пысықтады.
Сонымен қатар министрлер екі ведомствоның одан әрі байланысын арттыру мәселелерін талқылады. Екі жақ бірлескен жұмысты күшейту үшін мәдениет саласындағы келісімдерге қол қою арқылы ынтымақтас­тықты нығайту мәселесін пысықтады. Атап айтсақ, театр және концерттік ұжымдар арасындағы гастрольдер, көрмелер мен классикалық әдебиет туындыларын өзара аудару, басып шығару мәселелері және басқа да жобалар бар.
Аида Балаева Қазақстан үшін Қытайдан мұрағат материалдары мен мәдени мұраны қайтарудың маңызын атап өтіп, цирк өнері мен хореография саласындағы студенттер мен оқытушыларға арналған ҚХР мамандарының шеберлік сыныптарын өткізу, кинематография бойынша гранттар бөлу, музей ісі саласында тәжірибе алмасу және тарихи-мәдени мұраны сақтау, реставрациялау секілді мәселелер де өзекті екенін тілге тиек етті.
ҚХР радио және теледидар істері жөніндегі Мемлекеттік басқарма басшысы Цао Шуминмен кездесу де маңызды болды.
– Біздің Мемлекет басшыларының арқасында Қазақстан-Қытай серіктес­тігі барлық салаларда жақсы қарқынмен дамып келеді. Екі елдің телеарналары бірқатар бірлескен жобаларды жүзеге асырды. Біз жаңа форматта контент жасау арқылы микросериалдар мен елдер туралы бейнероликтер түсіріп, оларды теледидарға тарату бағытындағы жұмысты күшейтуді ұсынамыз, – деді Цао Шумин. 
Аида Балаева ҚХР телеарналарында көркем, деректі, анимациялық фильмдердің ротациялануына қолдау сұрады, сонымен қатар бірлескен сериал түсіруге, Қазақстанның көрікті жерлері мен мәдени нысандары туралы роликтер түсіруге көмектесуге әзір екенін айтты.
Сондай-ақ министр хабар тарату ауқымы бойынша әлемдегі ең ірі БАҚ-та көрсетілетін Қытайдың телевизиялық шоуларына отандық мәдениет өкілдерінің қатысуына ерекше қызығушылық танытатынын атап өтті.
Айта кетейік, екі жақ БАҚ және ақпарат, теле және радио хабарларын тарату мен аудиовизуал өнім мәселелері бойынша өзара байланыс туралы келісім жобаларын қарастырады.
Министр ҚХР «Global China Media Corporation» ірі медиа корпорациясының бас директоры Шэнь Хайсюнмен кездесу барысында, қытайлық тарап екі елдің мәдени мұрасы мен мәдени құндылықтарын насихаттауға бағытталған деректі фильмдер шығару туралы келісім жасауды ұсынды.
Наурыз мейрамы қарсаңында қытайлық радиостансаларда күйлер ротацияланатын болады.
ҚХР Ұлттар істері жөніндегі Мемлекеттік комитет төрағасы Пан Юэмен кездесуде Аида Балаева Қазақстан тарихында алғаш рет көпұлтты «Бірлік» ән-би ансамблі құрылғанын сөз етті.
Тәжірибе алмасу мақсатында министр ансамбльдің Бейжіңге гастрольдік сапарын ұйымдастыру, сондай-ақ ҚХР Мемлекеттік комитеті жанында жұмыс істейтін түрлі ұлттар мен аз ұлттар ансамблдері көркемдік жетекшілерінің мастер-кластарын өткізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Министр Бейжіңге жұмыс сапарының соңында Қытай Үлкен театрының директоры Ван Нинмен кездесті, тараптар екі елдің театр өнерін дамыту мәселелерін талқылады. Театрда қазақстандық делегация «Қызыл сарайдағы түс» пьесасын тамашалап, биік эстетикалық деңгейде қойылған би драмасынан ерекше әсер алды.

Э.ЫБЫРАЙҚЫЗЫ

598 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы