• Ақпарат
  • 29 Ақпан, 2024

Бүкіл өңір күтіп жатыр көктемді...

Қарагөз СІМӘДІЛ,

«Ana tili»

Ауылға барсаңыз: диқан топырақтың жағдайына қарайлап жүр. Себебі, қыстай жауған қар мен ол қардың қатқан тоңы еріп, Жер-ананың бусанып, тіршілік бесігі тербеле түсер-ақ уақыт. Тал-теректің басына көктем өрмелеп, енді аз-ақ күнде айналаны көгілжім-жасыл түске бояйды.
Қалада жүрсең: келер көктемге әлі де біраз дайындық қажет екенін түсінесіз. Себебі, биік ғимараттардан күн көзі жетіп үлгермеген тар жолдар мен көшелерден күні ертең ағыл-тегіл ақтарылар судың өзі-ақ біраз кедергі тудырары анық. 

Көктем туа даланың да мәселесі алға озады. Бірақ мың қатпарлы мәселесімен қоса бұл көктеміңіз мың қатпарлы бояуына малынып, мың қатпарлы мерекесімен қуантып өтетіні рас. 
Әрине, ресми күнтізбе желтоқсанның соңында ауысты дегенімізбен де, дәл наурыз туа жер жаңарып, ел жаңарып, Шығыс күнтізбесі бойынша жаңа жыл да келіп жетпек. Демек, өткенге қайыра есеп беру, келер күнге қайыра жоспар құру күні де жақындай түсті. 
Біз үшін қадірлі де ұлық мерекелердің бірі – Наурызды Көрісу күнінен бастап тойлаймыз ба, әлде одан берірек мерекелейміз бе деген мәселені ғана емес, айнала көктеп, көгерген тұстағы жаңғыру, жаңару жағдайын да ара-тұра айтып қойған дұрыс-ақ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы Наурыз мейрамын тойлау тұжырымдамасын әзірлеп, көктем мерекесінің мазмұнын байытуды тапсырғанда «Наурыз мейрамының негізгі мақсаты – Қазақстан жерінде бейбітшілік пен дос­тықты нығайту, ұлттық бірегейлікті сақтау, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды қалыптастыру» деген сол кездегі құзырлы органдар «Наурыз мейрамының тұжырымдамасын» да әзірлеген еді. Тұжырымдамада 14 наурыз – Көрісу күні, 15 наурыз – Жайлау күні, 16 наурыз – Шежіре күні, 17 наурыз – Тарихқа тағзым күні, 18 наурыз – Игі істер күні, 19 наурыз – Шымырлық пен шеберлік күні, 20 наурыз – Зияткерлік күні, 21 наурыз – Ұлттық тағамдар күні, 22 наурыз – Ұлыстың ұлы күні, 23 наурыз – Жоралғы күні деп белгіленген-ді.
Былай қарасаңыз, ресми сипаты бар дегеніңізбен де, Наурыз мерекесіне қатысты аталып өтілетін әр күннің атауында ерекше салмақ, ерекше жақсылық бар. Тұжырымдаманың әзірленгеніне көп уақыт бола қойған жоқ, сондықтан дәл осы күндердің мән-маңызы да назарға көп алынбай отырғандай. Әйтпесе басқасы басқа, Жайлау күнінде Жайлаудың мәселесі айтылып, тар жайылым мен мал-жанның жағдайы түгенделгені де бізге керек іс қой. Әл-әзір осы атау­лы күндердің Ұлттық тағамдар күні, Ұлыстың ұлы күні сипаты басымдау болып қана тұрғандай.  
Биылғы әз Наурыздың мерекесіне арналған тұжырымдама алдағы уақытта көптің талқысына салына жатар. Не дегенмен де бұл мерекенің табиғаттың жанданар, жаңарар мезгілімен тұспа-тұс келуіне байланыс­ты тазару, айналаны аялау секілді экоқұндылықтарға да жете мән беру жайын қазірден қолға алған дұрыс болып көрінеді. 
Былтырғы Семейдегі алапат өрт жалмаған орман алаңын Наурыз мерекесі келмей-ақ қайта қалпына келтіру жұмыстарын қолға алдық. Алайда дәл осы наурызда да өрттен жалаңаштанып қалған орындардың жай күйін қайыра қарастырсақ тіптен жақсы болар еді. Неліктен? Тіршілік көктеп, көгерер әр Наурыз сайын бүршігі жарылмай қалған тал-дарақтың да, егіні шықпай қалған диқанның да, суы жетпей, кенезесі кеуіп қалған даланың да, малдан бұрын қоқысы көбейіп бара жатқан жайылымның да  мәселесі айтыла, жазыла түскені маңызды ғой. 
Иә, Наурыз тіршіліктің көктейтін мезгілі. Дәл осы ұлық мерекемізде күллі әлемнің де жай-жапсарына бір үңіліп отырып, жан-дүниеміздегі адамдық, жақсылық, адалдық, татулық дәні жайқала түсуі үшін де жанды жылытар бір қадамдар жасалса игі. 
Сағи Жиенбаевтың «Бүкіл өңір күтіп жатыр көктемді» деген жыр жолдарын тақырыпқа шығарудағы мақсатымыз да осы – бүкіл өңір күткен әр көктемде тойланар Наурыз мерекесін тойлау жөні «Ана тілінің» де оқырманына қандай ойға жетелейтінін түсіну. Хат жазыңыз: Наурыз қалай тойлансын?

1099 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

№1

03 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы