- Cұхбаттар
- 07 Наурыз, 2024
Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ
Отандық дәстүрлі ән өнерін насихаттаушы әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Сәуле Жанпейісова қазақ ұлтына киелі өнердің құдіретін танытып келе жатыр. Жезтаңдай әншінің орындауындағы ұлтымыздың қайталанбас тұнық сазды әуені әр қазақтың жүрегін қозғайды. Дәстүрлі ән өнерінің жампозы әншілік пен ұстаздық жолын қатар алып жүріп, халқымыздың асыл қазынасына, фольклордың музыкалық саласына өлшеусіз үлес қосып келе жатыр.
– Қасиетті өнер әлеміне келу жолыңыз туралы баяндап берсеңіз. Бұл бала арманыңыз ба?
– Иә, сегіз жасымда ән айтып, сахнаға шықтым. Ең алғаш шыққан сахнам көз алдымда қалып қойды. Жаңа жылдық кеш еді.
«Қиялы емес, қиналмайтын ақынның,
Ұшып бара, ұшып бара жатырмын.
«Қош» деді де, қошеметтеп қалды жер,
Құшағында жиырмасыншы ғасырдың», – деп басталатын ән кімдікі екенін білмеймін. Қайдан, кімнен үйренгенім де есімде жоқ. Зал толы халық бірден көтеріп әкетіп, «тағы, тағы» деп айғайлады. Қол шапалақтан құлағым тұнып қалды. Ал екіншісінде «Алматым жүрегімде» дейтін әнді айттым.
«Шықшы дос, Алатаудың қар басына,
Көз салшы арман толы арнасына.
Өмірдің от жалыны алау шашып,
Күліп тұр күн сәулесі Алматыда» деп, сол кезде-ақ аузыма Алла салған болуы керек, бала күнімнен Алматыны армандадым. Арманым алдамады. «Алматы – арман қала» деп бекер айтылмаған ғой. Алматыда бала күнгі арманыма жеттім десем де болады.
– Ал ұстаздан жолыңыз болды ма? Сол тұлғалардың үлгі-өнегесі өміріңізде зор болған шығар.
– Иә, менің 1-сыныптан бастап ұстаздан жолым болды. Орта мектепте оқытқан ұстаздарымның әрқайсысының жылы жүзі мен мейірімді үні менің есімде қалды. Әкем Стаханшыл қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берді. Әкемнің тәрбиесі болар, көркем әдебиетті сүйіп оқитын едім. Кейін балалар жазушысы, ұстазымыз Пернебай Дүйсенбиннің тәлімін алдық. Он екі жасымда әкем аудан орталығындағы Ықылас Дүкенұлы атындағы музыка мектебіне берді. Менің бағыма дәл сол жылы Алматыдан Ғарифолла Құрманғалиевтің класынан бітіріп, ауылымызға келін болып келген Анюша Сатқынова апайымнан дәріс алдым. Музыка мектебі ауылымыздан он шақырым еді. Жаңбырға, қарға, боранға қарамай, музыка мектебіне домбыраға баратын едім. Келесі жылы ауылымыздың орталығы Жайылмадан филиалы ашылып, сол мектептің №1-үздік аттестатын алдым. 1983 жылы Ленин атындағы, қазіргі Әйтеке би атындағы орта мектепті бітіріп, Алматыдағы Республикалық эстрада-цирк өнері студиясына Қазақ ССР-інің халық әртісі, ХХ ғасырдың аңыз әншісі Ғарифолла Құрманғалиевтің класына оқуға қабылдандым. Міне, осы кезден бастап, өнер атты алып мұхиттың айдынында жүзіп келем. Өнер айдынында жүзуді үйреткен менің қымбатты да аяулы ұстаздарым. Өкінішке қарай, ол кезде дәстүрлі ән-жырдан жоғары білім алатын оқу орны болмады. Сол себепті мен жоғары білімді бүгінгі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетінен алдым. «Өнер – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» деп бекер айтылмаған екен. Сол өнер мен білімнің арқасында арманыма жеттім. Ал арманыма жетуіме ықпал еткен Зейнолла Қабдолов, Тұрсынбек Кәкішев, Алма Қыраубаева, Жанғара Дәдебаев, Жансейіт Түймебаев, Қансейіт Әбдезұлы сияқты әдебиеттегі ұстаздарым болса, Ғарифолла Құрманғалиев, Қалыбек Ақтаев, Жәнібек Кәрменов, Құбыш Мұхитов, Набат Темірханова сияқты өнер әлеміндегі ұстаздарыма да шексіз қарыздармын.
– Ал халық өмірінің көркем шежіресіндей көнеден келе жатқан дәстүрлі әннің бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай?
– Жоғарыда айтып өткенімдей, музыкалық жоғары білім алудың Кеңес дәуірінде мүмкіндігі болмады. Ешқандай жоғарғы оқу орынында «Дәстүрлі ән-жыр» мамандығы оқытылмады. Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияда «Халық әні» кафедрасы 1988 жылы ғана ашылған еді. 1991 жылы әл-Фараби атындағы Ұлттық университетінде оқып жүрген мені консерваторияға ұстаздық қызметке шақырды. «Өзім оқуды армандап жүрген консерваторияға оқытушы боласың» дегенде қатты таңғалдым. Сол кездегі консерватория ректоры Дүйсен Қорабайұлы Қасейіновтен бастап, кафедра меңгерушісі Жәнібек Кәрменов, домбыра кафедрасының профессорлары Айтқали Жайымов, Қаршыға Ахмедияров, Құбыш Мұхитов, сол кездегі халық аспаптары факультетінің деканы Тмат Мерғалиев ағаларым: «Айналайын, сені оқытатын адам жоқ, Ғарекеңнен үйренген әндеріңді жүйелеп, бес жылға бағдарлама жасап әкел», – деді. Алғашында сенбедім. Себебі ол кезде консерваторияда оқу жеті жыл болатын. Мені Қаршыға Ахмедияров консерваторияға оқуға шақырғанда әкем мен әжем: «Айналайын-ау, жеті жыл оқу деген немене? Сен дайын әнші емессің бе? Ондай оқуды оқытатын жағдай жоқ», – деп жібермеген. Сөйтіп, арман болған консерваторияға бірден ұстаздық қызметке келдім. Міне, содан бері отыз жылдан асыпты. Осы уақыт аралығында қаншама ұстаз еңбек етті, қаншама шәкірт тәрбиеледік. Еліміз тәуелсіздігін алғаннан бастап, күні бүгінге дейін сол елімізбен бірге қиындығы мен қызығын бірге көріп келеміз. Дәстүрлі ән мен жырымызда халықтың жаны, арман-мақсаты, тарихы мен тағдыры жатыр. Кешегі Кеңес дәуірінде көрген теперіші аз болмады. Соның орнын толтыру оңай болған жоқ. Әлі де соның зардабын тартып келеміз.
– Дәстүрлі әнді қалай дәріптеу керек?
– Ол үшін арнайы бағдарлама болуға тиіс. Кезінде «Мәңгілік мұра», «Рухани жаңғыру» сияқты жобалар болды. «Астана арқау» сияқты дәстүрлі музыка фестивалі өтіп тұратын еді. Жамбыл облыстық филармониясында басшылық қызметте жүргенімде «Қаратау сарыны» атты халықаралық фестиваль ұйымдастырдық. 1 000 әншімен орталық алаңда қазақтың халық әндерін шырқадық. Дәл сондай 1 000 күйші Атырауда, басқа өңірлерде 1 000 биші «Қара жорғаны» билеп жатты. Өкінішке қарай, бәрі аяқсыз қалды. Мен Таразда «Қаратау сарынын» үш жыл қатарынан өткіздім. Ол да басшылық тарапынан қолдау таппады. 2015 жылғы фестивальге Түркиядан бір топ өнер адамдары қатысты. Түркияның Ескішехир қаласынан келген делегация осының алдында ғана бір жылда 400 фестиваль өткізіп, «Түркияның бас мәдени қаласы» деген атақты жеңіп алған екен. «Соншама фестиваль өткізгенімізде, дәл мұндай фестиваль көрмедік. Келер жылы осы фестивальді Түркияда өткізсек, қалай қарайсыз?» – деді қонақтар. «Егер әкімдеріңіз қаржылай қолдау білдіре алмаса, барлық қаржысын өзіміз көтереміз», – деген еді. Өкінішке қарай, Жамбылдың әкімдігі мен Мәдениет басқармасы келер жылы мені еңбек демалысымда жүрген жерімде жұмысымнан босатып жіберіп, үш жарым жыл бұрын «Сыбайлас жемқорлықпен» жұмыстан қуылған адамды қайтадан орныма отырғызды. Бізде әлі күнге дейін тек қана жоғары жақ не айтса, сонымен жүру үрдіске айналған. Ал жоғары мен төменнің, яғни қара халық пен үкіметтің арасы алшақ, менеджерлік сала дамымай отыр. Кезінде концертімізді ұйымдастыру үшін өзің менеджер, өзің администратор, өзің әнші, өзің жүргізуші, өзің сценарист, өзің режиссер болатынсың. Әлі де солай. Жазушылар мен ақындар кітаптарын жазып, оны қалай сатқан болса, біз де өнерімізді солай саттық. Өкінішке қарай, оның бағасын бірі білсе, бірі білмеді. Қазір де дәстүрлі өнеріміз бағаланып жатыр деп айта алмаймын. Дәстүрлі әнші-жыршыларды топтап дайындап, шығарып жатырмыз. Олардың да баратын жері жоқ. Жастарды жұмыспен қамту қарастырылмаған. Соншама жыл оқып, соңында тойда әнші боп жүрген шәкірттеріміз қаншама? Ал осыдан кейін біз қалай өсеміз?
– Сіз әнші, ұстаз ғана емес, ұлттық қазынамызды зерттеу саласына да үлес қосып жүрсіз. Қазақ музыкасының олқы түсер тұсы бар ма?
– Қазақта «Білгенің бір тоғыз, білмегенің тоқсан тоғыз» деген сөз бар. Сол айтқандай, өнер саласында жасалғаны бір тоғыз, жасалмағаны тоқсан тоғыз. Кейде бәрін тастап, есікті тарс жауып алып, жазуға отырғың келеді. «Мұхиттың шаруаменен жұмысы жоқ, Күнде той, жүрген жері күнде жиын», – деп Мұхит баба шырқағандай, бізде де күнде той, күнде жиын. Қол босамайды. Уақытыңды жеткізе алмайсың. Соңғы кездері халық әндеріне автор тауып беру белең алды. Біздің халық – ақын халық, әнші халық. Композиторлыққа аса көңіл бөлмеген. Әннің әуені мен жырдың мақамдарын көбіне ортақ санап, бұрыннан бар әуендерге салып, айтысып, жырын жырлай берген. Авторлық, яғни композиторлық өнерге ХХ ғасырда ғана мән берілген. Осы кезеңде Ақан, Біржан, Мұхит, Балуан Шолақ, Әсет, Естай, Кенен сияқты мықты композиторлар шықты. Жырда да солай. Жырда сөз кімдікі болса, шығарма соның атымен аталатын. Мәселен, Бұқар жыраудың термесі, Махамбеттің термесі, Базар жыраудың толғауы, Шернияздың термесі, Нұртуғанның термесі, Кердері Әбубәкірдің толғауы, Қашағанның термесі т.с.с. Қазір көне терме-толғаулардың әуен-сазына да, халық әндері болып келген шығармаларға да автор тауып беріп, халықты адастыру жүріп жатыр. Осындай қатарға Солтүстік Қазақстан облысының Гүлтөбе-Маманай дейтін жерінен шыққан Сегіз сері бастаған сал-серілер тобы жатады. Халық әні болып келген «Аққұмның» өзі біресе Ахмет Байтұрсынұлынікі, біресе Ақан серінің әні болып жүр. Бәріміз бала күнімізден шырқап келе жатқан «Сырдың Қараторғайы» аталатын әнді кейбір зерттеушілер Үкілі Ыбырайдікі десе, енді бір топ әнді орындаушы Шолпан Жанболатқызына телиді. Айта берсеңіз, осындай дүдәмал, екіұшты пікірлер қаптап кетті. Кезінде ұстазымыз Ғарифолла Құрманғалиев халық әні деп үйреткен Қадыр Мырза-Әлі ағамыздың сөзіне жазылған «Ақжайық» әнін бірі Нұрғиса Тілендиевтікі десе, бірі Пішән Жәлмендеұлынікі деді. «Қазақстан» Ұлттық арнасында «Бұл әнді білесіз бе?» атты бағдарлама жүргізгенім бар. Сол кезде осы «Ақжайық» әніне зерттеу жүргізіп, «Қыз Жібек» фильмінде осы әнді орындаған Жақсылық Зәкіров ағамызды тауып алып, әнді қалай әкелгенін, бұрынғы мәтініне дейін қаныққанбыз. Мен өзім білім алып шыққан әл-Фараби атындағы Ұлттық университеттен «Қазақ прозасындағы әнші-ақындар бейнесі» тақырыбында кандидаттық диссертациямды қорғадым. Сал-серілердің көркем әдебиеттегі жазушы қиялымен дамытқан кейбір сәттерін тарихи тағдырымен шатастырады. Оған Кеңес дәуіріндегі саяси идеологияның да ықпалы бар. Өнертану саласында академик Ахмет Жұбанов, Александр Затаевич, Борис Ерзакович, Ақселеу Сейдімбеков, Илья Жақанов тағы басқалар салған сара жолды бүгінде жалғастырып жүрген зерттеушілеріміз жоқ емес, бар. Батыс Қазақстан аймағының ән өнерін зерттеп жүрген Бақыт Тұрмағанбетова, Арқа сал-серілерінің өмірі мен шығармашылығын зерттеуге бар күші мен білімін сарқып жүрген Ерлан Төлеутай, әншілікпен қатар ұстаздықты, зерттеушілікті қатар ұштастырып жүрген Еркін Шүкіманның және тағы басқа әріптестеріміздің еңбектері айтуға тұрарлық. Дәстүрлі ән-жырымызды оқыту саласында білім беру әдістемелері әлі күнге жоқтың қасы. Сондай олқылықтың орнын толтыру мақсатында қазақтың орындаушылық өнер тарихы туралы еңбек жазып жатырмын. Ол – мұхиттан балық аулағанмен бірдей жұмыс.
– Сіздің орындауыңыздағы талай ән тыңдаушының жүрегіне жетті. Әр сөзінің астарында терең ой жатқан халық әндерін былай қойғанда, «Әдемі қыз», «Ақсұңқар», «Шымыр» сияқты әндер мәтіннің мән-мағынасына жіті қарайтыныңызды көрсетеді. Қазір қандай авторлармен жұмыс істеп жүрсіз?
– Халық әндері – халқымыздың бойтұмары. Қазақ әнсіз ғұмыр кешпеген. Сондықтан халық әндері телегей-теңіз. Біз оны әлі игеріп біткен жоқпыз. Шүкір, репертуарымда 500-ден астам ән бар. Осыншама ән байлығын игере жүріп, өз жанымнан да әндер жаза бастадым. Бүгінде 50-дің үстінде авторлық әнім бар. Қазір сол авторлық әндерімді жинақтап, биыл бір концерт берсем деп жоспарлап жүрмін. Мен әнді сөзге жазамын. Кеудемді кернеген бір сәтте ақындардың сөзінен жаныма жақынын тауып аламын, соған әуен келеді. Көптеген ақындардың сөздеріне ән жаздым. Менің жаныма жақын ақындар: Төлеген Айбергенов, Мұқағали Мақатаев, Фариза Оңғарсынова, Ақұштап Бақтыгереева, Тынышбай Рақым, Серік Томанов, Бауыржан Үсенов, Бауыржан Жақып, Маралтай Райымбекұлы, Гүлзада Ниетқалиева, Фатима Жүнісова, Ерлан Жүніс және басқалар. Таразда жүргенімде көптеген тараздық ақындардың сөзіне ән жаздым. Арғынбай Бекбосын ағамыздың Пушкин мен Есениннің аудармалары қандай?! Тіпті бір түнде ағамыздың үш аудармасына ән жазғаным бар. Оған біреу сеніп, біреу сенбес. Жақында ғана өз шығармашылығыма мүлдем көңіл бөлмейтінімді сезіп, әндеріме обал жасап жүр екенмін деген ой келді. Сондықтан өз әндерімді бір жинақтап қоюды қолға алып жатырмын.
– Сәуле апай, өзіңіз жас өнерпаздарды қолдау мақсатында түрлі шара ұйымдастырып жүресіз. Мәселен, 2021 жылы «Домбырамен ән айту» атты тегін курсыңыз да болды.
– 2016 жылы Тараздағы қызметімнен кеткеннен кейін Астана мен Алматыда «Аманат» деп аталатын жеке өнер орталығын аштым. 2017 жылы Алматыда тұңғыш «AMANAT music» атты Халықаралық дәстүрлі музыка фестивалін өткіздім. Оған бес мемлекеттен 150-ден астам өнерпаз қатысты. 2019 жылы сол фестивальді қайта жалғастырып, алдымен барлық облыс орталықтарында, содан ерекше көзге түскен жас таланттарды Алматыға шақырып, «Алатау» дәстүрлі өнер театрында республикалық сайыс өткіздік. Артынша «Шет мемлекеттердегі жас өнерпаздардың халі қалай екен?» деген мақсатта Франция, Германия, Түркиядағы қандастарымызға бардым. Ыстамбұлда жеке концертімді бердім. Германияның Кельн қаласында қазақ жастарын жинап, шеберлік сабақтарын өткіздім. Түркияда да талантты жастарды көріп, елге шақырдым. Өкінішке қарай, 2020 жылы пандемия басталып кетті де, халықаралық кезеңіміз өтпей қалды. Керемет жобаға мемлекетімізден де қолдау болмады. Концерт залдары бірнеше миллион ақша сұрады. Қазақстанның барлық облысын, тіпті бірнеше шет мемлекеттерді өз күшіммен, жеке қаражатыма араладым. «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» деп халқымыз бекер айтпаған ғой, «арқа етім арша, борбай етім борша» болып, ел аралап, өнердегі таланттарды қолдайын деген көп жобаларым солай аяқсыз қалды. «Туған жерге туың тік!» деген ұранмен «Ғасырлар үні» атты Республикалық жоба бастадым. Оны тек өзімнің туған жерім қолдап, Жамбыл облысының Сарысу ауданында өткізе алдым. Үш сағатқа созылған тамаша өнер фестивалінде сол өңірден шыққан ақын Маралтай Райымбекұлы, қобызшы Саян Ақмолда, әнші Ардақ Исатаева жас өнерпаздармен бірге өнер көрсетіп, халықтың ерекше ықыласына бөленді. Әсіресе өнердің өрінде жүрген аға-апаларымен бірге сахна төрінде өнер көрсету бақытына ие болған жас бүлдіршіндердің жүзі бал-бұл жанды. Былтыр мектеп бітіргеніміздің 40 жылдығына орай, туған ауылымда Сарысу аудандық әкімдігінің қолдауымен «Айналайын» атты балалар сайысын ұйымдастырдым. Өкініштісі, әлі күнге дейін өзім түлеп ұшқан ауданымдағы музыка мектептерінде «Дәстүрлі ән» сыныбы жоқ. «Қайран сөзім қор болды-ау, Тобықтының езіне» деп Абай атамыз айтқандай, қанша айтсам да, ауыса беретін аудан басшылығы сыдыртпа жауаппен шығарып салады. Ұлттық тәрбие тал бесіктен басталмай ма? Егер жастарымызды жасынан өнерге баулысақ, ән-жырдың құнарынан сусындатып өсірсек, нағыз ұлтжанды патриоттар өсіп шықпай ма? Сондықтан жастар тәрбиесі басты назарда болуға тиіс.
– Сұқбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен
Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ
5650 рет
көрсетілді0
пікір