• Ақпарат
  • 28 Наурыз, 2024

Аталар сөзі – ақылдың көзі

Мемлекет басшысының  «Ұлттың жаңа болмысын, жаңа сапасын қалыптастыру үшін ең бірінші ғасырдан-ғасырға келе жатқан ұлттық санамыз бен ұлттық әдет-ғұрпымызды қалпына келтіріп, жастардың бойына сіңіруіміз керек» деген сөзі баршамызды ойландырады. Олай болса, жас ұрпақты ұлттық құндылықтар дәстүрінде тәрбиелеу – басты міндетіміз. Ал оның қайнар бұлағы – халықтық педагогикада.  

Халық мұрасының танымдық-тәрбиелік мәні ұлан-ғайыр дүние. Ол тұтастай алғанда, жас ұрпақ үшін ғана емес, адам өмірінің барлық кезеңінде мәнді, адамзаттық рухани-эстетикалық қуатының қайнары. Міне, сондықтан халықтың тілін, салтын, дәстүрін бойына сіңірген ұрпақ тәрбиелеу біздің міндетіміз. 
Халық педагогикасы дегеніміз не? Халық педагогикасы – ертегілер, жырлар, аңыздар, мақал-мәтелдер, халықтық ойындар, рәсімдер, адамгершілікке бай үлгі-өнегелер. Ендеше, оқу процесін халықтық педагогика негізінде ұйымдастырудың тәрбиелік мәні ұлан-ғайыр. Ұрпақ тәрбиесі қазіргі кезеңде көкейкесті мәселелердің бірі болып отыр. Сондықтан халықтық педагогиканы оқу-тәрбие жұмысына негіз етіп алу – бүгінгі күннің талабы. 
Оқушыларға тәрбиені тек сабақ үстінде ғана емес, сонымен қатар сабақтан тыс сағатта да барынша ұғындыруға тырыстық. Біз өз колледжімізде «Атамекен» бағдарламасының «Сөнбес жұлдыздар» бағыты бойынша қазақ халқының көрнекті қоғамдық-саяси, өнер мен мәдениет, халық ағарту қайраткерлерімен кездесу кешін ұйымдастырдық. Олар халық артис­тері Бикен Римова, Шахан Мусин, Мүлік Сүртібаев, Хабиба Елебекова (арамызда жоқ). Осы орайда «ұлы адамдардың есімін көзі тірі кезінде неге сыныпқа бермеске» деп көп ойландым. Бұл туралы кезінде халық ақыны марқұм Ғафу ағамен ақылдасқанымда, «Одан артық не бақыт бар, сыныбыңа есімімді беріп жатсаңдар, қуаныштымын» деген. 
«Алматыда ауыл бар,
Ғафу – оның есімі.
Қарсы алады бауырлар,
Ашық оның есігі.
Әдемі екен сән екен,
Секілді ылғи қыр гүлі.
Бәрі сәби бала екен,
Ол – ауылдың тұрғыны.
Кетті көзден жас шығып,
Тұрды асылып кірпікте.
Жақсы екен ғой жақсылық,
Көрсем оны тірлікте», – деп Ғафу ағамыз көзіне жас алып, «еңбегімнің өлмейтініне енді толық сенемін,  осындай ұрпақтарым тұрғанда арманым жоқ, – деп алғысын айтты. 
Міне, осы ой мені де мазалап, «өнер қайраткерлерінің есімін қойып, кездесу кешін өткізсем, халқымыздың асыл мұрасын жеткізсем» деген ізгі ниетпен колледжде «Әдеп», «Қарыз бен парыз» клубы дүниеге келді. «Халық даналығы – ата мұра, асыл қазына» тақырыбымен барлық топта тәрбие сағатын өткіздік. колледж бойынша «Ерулік», «Атамекен», «Жақсы дәстүр жан семіртеді», «Қыз әдебі», «Менің Қазақстаным», «Ана тілің – арың бұл», «Қыз сыны», «Достық кілті – бірлікте», «Бірлікпен еске алу кеші» сияқты іс-шаралар бүкіл республикаға газет, теле-радио арқылы таратылды. 
Көшпелі дала тұрғындары өздерінің сан ғасырлар бойы үлкен тарихында жас ұрпаққа тәрбие берудің бай тәжірибесін жинақтап, өзіндік салт-сана мен әдет-ғұрып, дәстүр рәсімдерін туғызды. Мәселен, қазақ «Сәлем – сөздің анасы» деп амандасуға үлкен мән берген. Сондықтан үйге кіргенде, бір-біріне «Ассалаумағалейкум», яғни «Сізге Алланың нұры жаусын», «Уағалайкумассалам» – «Алланың нұры сізге де жаусын» деп ерлер жағы қол алысып, әйелдер бір-бірімен құшақтасып, келіндер үлкенге иіліп сәлем етіп, қыз балалар тізе бүгіп сәлем берген. Ағайындар қыста, жазда бір-бірін шақырып сыбаға беру, ауылдас болып қонған үйге ерулік беру, ата-енесі жол жүріп кеткенде ағайын-туыстарына бастаңғы деп тамақ беру әдет-ғұрпы да болған. Ондағы мақсат – жолға шыққан адамның аман-есендігін және сапарының сәтті болуын тілеу. Аққуды, құндызды аулатпаған, атқызбаған. Аққу – кұс төресі, сұлулық пен махаббаттың белгісі. Сондықтан қазақ сұлу қыз­дарды «Аққудың көгілдіріндей», «Аққудай періште екен» деп сипаттаған. «Анадан өнеге көрмеген қыз жаман, атадан тағылым алмаған ұл жаман...», «Менмен, тәкаппар адамды тәңірі сүймейді», «Ақылсыз балаға ата дәулетінен қайран жоқ» деген даналық сөздерді біздің жастарымыз әлі де жете түсінсе дейміз. 
Қыздарға арналған «Әдеп», ұлдарға «Қарыз пен парыз» клубында «Қыз әдебі», «Ұлың өссе, ұлы жақсымен, қызың өссе, қызы жақсымен ауылдас бол», «Қызға қырық үйден тыю», «Жақсы мінез – өмір бойғы байлығың» сияқты әдептілікке арналған дөңгелек үстел, кездесу, диспуттар өткізілді. «Қыз сыны», «Ибалы қыз, инабатты ұл», «Отаудың алтын қазығы кім?» тақырыбы төңірегінде пікірталас ортаға салынды. «Біз биік адамгершіліктің, әдептіліктің кілті әрбір адамның өзін-өзі тәрбиелеуінде» деген қорытындыға келдік. 
Дәстүр-салтымызды жақсы ұғынуымыз үшін жастарымыз ана тілін жақсы білуі керек. Ана тілімізді жақсы меңгермей, тарихымызды, салт-дәстүрімізді оқып-үйрене алмаймыз. Оқушыларға «Тіл қай ұлтта, қай елде болса да, қастерлі, құдіретті екенін, ол әрбір адамға ана сүтімен еніп, қалыптасатынын, тіл байлығы әрбір елдің ұлттық мақтанышы екенін, ана тілін сүю деген сөз – туған жерді, елді, Отанды, атамекенді сүйе білу деген сөз екенін түсіндіру керек.

Рая Жалғасова, 
Ағарту саласының үздігі, 
Алтынсарин медалінің иегері,  
ардагер ұстаз 

613 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы