• Ақпарат
  • 02 Сәуір, 2024

Спорт алаңы салынды

Алып шаһарымыздың Наурызбай ауданында №188 мектеп-гимназиясының жаңа спорт алаңы ашылды. Заман талабына сәйкес жасалған спорттық алаң екі мыңға жуық оқушыға арнайы әзірленген.

Қалалық Білім басқармасының ұсынысымен, жергілікті бюджеттен қаражат бөлінген болатын. Жалпы көлемі 3200 шаршы метрді құрайтын алаңда шағын футбол, волейбол және баскетбол алаңдарымен қатар, түрлі жаттығу құрылғылары орнатылған. Спорт алаңында оқушылардың баскетбол, волейбол, футбол, тоғызқұмалақ, шахмат, үстел теннисі, бесасық, асық ату, жеңіл атлетика және тағы да басқа спорт үйірмелері тегін жұмыс жасауда.

Спорттық алаңның ашылуына аудан әкімдігі, ата-аналар, белгілі спортшылар мен ұстаздар қатысты. Балалардың салауатты өмір салтын ұстауға септігін тигізетін алаң боларына қонақтар сенім білдірді. Осы орайда, Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары Мирас Нысаналиев оқушыларды құттықтап, олардан үлкен үміт күтетінін атап өтті.

«Бұл мектеп ауданымыздағы ең киелі білім ордаларының бірі. Осы жерден  қаншама білімді де, талантты жастарымыздың шығарына сенімдіміз. Барлығымыз білетіндей, спорт – денсаулық кепілі. Болашақта денсаулығы мықты ұрпақ қаласақ, дәл осындай спорттық алаңдар арқылы көңіл бөлгеніміз жөн болар»,  – деді М.Нысаналиев.
Ата-аналар тарапынан да ризашылығын білдіргендердің қарасы көп болды. Алдағы уақытта, балаларын мектептегі тегін үйірмеге беретіндерін айтты.  Белгілі ақын Ақберен Елгезектің қызы да дәл осы мектепте білім алады екен. Ол да өзінің жылы лебізін білдіріп, өз пікірімен бөліскен болатын.
«Бұл мектепті мен қатты жақсы көремін. Себебі, менің қызым да осы мектепті ұнатады. Өте үлкен, әрі әдемі спорттық алаң ашылып отыр екен. Ендігі жерде мектепте салауатты өмір салтын ұстанатын оқушылар көбейері анық. Болашақта дәл осы мектептен, дәл осы алаңда өтетін спорттық үйірмелердің арқасында чемпиондарымыз шығып қалары анық. Балалардың арасында спортты насихаттау, оларды спортқа баулу өте маңызды», – деді ақын А.Елгезек.

Ал оқушылардың қуанышында шек жоқ. Енді олар, өздеріне ұнайтын спорт түрлерімен жаңа алаңда шұғылдана алады. Тіпті қаласа тегін үйірмелерге қатысып, уақыттарын тиімді пайдалана алады.

 – Мектебімізде бұрын-соңды мұндай үлкен спорттық алаң болған емес. Оқушылардың бәрі дән риза. Себебі, қалаған спорт түрлерімен айналыса алады. Тіпті, араларында болашақ әлем чемпионы боламын деп отырғандар да аз емес. Осындай спорттық алаң салып бергені үшін бәріне алғысымды айтамын,  –  деді мектеп түлегі Алимнұр Қадырбай.

Сурет: Самат Құсайынов

297 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы