• Ақпарат
  • 04 Сәуір, 2024

«ТОПАН СУДАН ТОРЫҚҚАН БІР ҮН ШЫҚТЫ...»

Биылғы көктем талай өңірге қызыл судың қаупін ала келді. Бірнеше аймақты су басып, адамдарды құтқару жұмысы басталды. Су басқан ауылдың кейбір тұрғыны мал-жанына қарайлап, «аралдағы ауылда» қалуға мәжбүр болып отыр. Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов елде су тасқыны жағдайы тұрақты, бірақ күрделі екенін мәлімдегелі де біраз уақыт өтті. Су басу аймағында 5 облыс бар, әкімдіктер жергілікті ауқымдағы 20 төтенше жағдай жариялады. Күні кеше ғана Президент кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Берік Уәли әлеуметтік желісіндегі парақшасына: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 4 сәуір күні су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің біріне жұмыс сапарымен барады. Сапар туралы қосымша ақпарат кейінірек хабарланады», – деп жазады. Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бірқатар өңірінде болған су тасқыны салдарынан туындаған төтенше жағдайға байланысты шұғыл кеңес өткізген еді.

 

Абдырап қалған әкімдіктер

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және қарғын су жүру кезеңінің салдарын жою жөніндегі респуб­ликалық штабтың отырысы өтті. «Биылғы қарғын су ауқымы жағынан соңғы 30 жылдағы ең ірі су тасқыны саналған 2012 және 2017 жылдардағы деңгейден асып кетті. Бұл нені білдіреді? Болжам мүлде жасалмаған. Салалық мамандардың тапшылығынан осындай жағдайға тап болып отырмыз. Әкімдіктер жыл сайын су тасқынына қарсы жоспарланған барлық іс-шараны тиісті деңгейде жүзеге асырғанда, ауа райы жағдайын ескергеннің өзінде, апаттың салдары мен ауқымы мұншалықты болмас еді. Соған қарағанда, әкімдіктер бұл жұмыспен айналыспаған», – деді Президент.
Қ.Тоқаевтың айтуынша, қазір су тасқынынан төнетін қауіп сейілді деуге келмейді. Сондықтан Ішкі істер министрлігінің, Ұлттық ұланның, Қарулы күштердің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің барлық күші мен құралын, оның ішінде кадрлық және техникалық ресурсын барынша жұмылдыру қажет. Сонымен қатар еріктілерді, жәрдем бергісі келетін азаматтарды тарту керек.
Президенттің айтуынша, «Ахуал кез келген сәтте ушығып кетуі мүмкін. Қазіргі басты міндет – адам шығынына жол бермеу. Бұл орайда жіберілген қателіктер мен олқылықтарды ескеруіміз қажет».
Президент су басқан аймақтарда әлеуметтік маңызы бар қызметтер мен азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеу мәселесіне үкімет назарын аударды.
 «Дағдарыс жағдайларын болжаудың нақты тетігі өте қажет. Цифрлық даму министрлігі Экология, Су ресурстары және Төтенше жағдайлар министрліктерімен бірлесіп, жыл соңына дейін барлық ықтимал төтенше жағдайды (су тасқыны, өрт және т.б.) модельдеуге, тиісті болжамдар, ұсынымдар мен іс-қимыл жоспарын жасауға мүмкіндік беретін ақпараттық жүйе әзірлеуге тиіс. Айтпақшы, үкімет пен жергілікті атқарушы органдар, ең алдымен, облыстардың әкімі жазғы маусымға да дайын болуы қажет. Өрт немесе басқа да табиғи апаттардың болуы әбден мүмкін. Қазіргідей қамсыз отырмай, алдын ала әрекет ету керек. Су тасқынын көргенде, көктен түскендей абдырап қалдыңыздар. Осы ретте еліміздің шығыс өңірлеріндегі су тасқынын модельдеу жөніндегі ТЖМ мен «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясының бірлескен жұмыс тәжірибесін қолдануға болады, – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент қарғын суды ауыл шаруа­шылығы қажетіне жарату үшін жоспар әзірлеу және пәрменді шаралар қабылдауды тапсырды. Оның айтуынша, әкімдіктер еріген қар суын елді мекендердің өзен арналарына немесе тоғандарға бұру жұмысын жүргізуі керек.
Айтқандай, синоптиктер су тасқыны болуы мүмкін аймақтар туралы ақпаратты қыста берген. Мұны үкіметте «Қазгидромет» РМК бас директоры Данара Әлім­баева мәлімдеді. «Желтоқсаннан бастап су басу қау­пі бар өңірлер болатынын айтып жатырмыз, бұл Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Абай облыстары. Бұл аймақтарда су тас­қыны қаупі жоғары. Осы ақпарат жергілікті атқарушы органдарға жолданды. Оның үстіне, наурыздан бері 100-ден аса ауа райы туралы ескерту жасалды», – деді ол.

Су басқан өңірлер

Қазір өңірлерде авариялық-құтқару жұмысы жалғасып жатыр. Су тасқыны басталғалы бері 15 786 адам эвакуацияланған, оның ішінде 6 187 бала (Ақтөбе, Қостанай, БҚО, Ұлытау, Абай, Ақмола, Атырау, Қарағанды, СҚО, Түркістан, Алматы, Павлодар) бар. Уақытша орналастыру пункттерінде 4 113 адам, оның ішінде 1 911 бала (Ақтөбе, БҚО, Ақмола, Атырау, Қостанай) орналастырылған. Оларға барлық қажетті жағдай жасалған.
Қызыл су арнадан асқанда халық өзін-өзі құтқаруға жанталасты. Өз қайратына сүйенді. Су тасқыны болса да, құрғақшылық, жер сілкінісі болса да, қандай да бір табиғи апатта да «халықтың қуаты бірлікте» екенін жұрт ұмытпағаны байқалады. Су басқан ауылдардың жай-күйінен ең алғаш болып хабар берген де жергілікті тұрғындар еді. Қанша жерден «тілсіз жау» десек те көктем туа сай-саланы су басып, айналаға жайылу қаупі бары ұдайы есте тұру қажеттілігі осындайда тағы бір мәрте ел жадында жаңғыра түскендей. 
Әрине, су басқан өңірлерге жедел құтқару тобы барынша уақтылы жетуге тырысты. Елдің бірқатар өңірін су басып жатқанда, құтқару жұмыстары түнде де тоқтамады. ТЖМ басшылығы тәулік бойы құтқару жұмысын, жеке құрам мен техника маневрлерін үйлестірді. Облыс әкімдерімен, ҚМ, ІІМ және ҰҚК бірінші басшыларымен тікелей байланыс орнатылды. Бас прокуратурада су тасқыны жағдайы бойынша барлық мүдделі органды тарту арқылы ведомствоаралық жедел кеңес өтті. Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілі жағдайды баяндады. Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, сондай-ақ Абай, Ұлытау облыстарындағы жағдай қиындай түсті. Ауа райының нөсерлі жаңбыр, күннің ысуынан құбылатынын ескерсек, су басу қаупі әлі де алаңдатады. Сондықтан кеңесте гидротехникалық құрылыстардың жай-күйі, елді мекендерді, жолдар мен көпірлерді инженерлік қорғау, тұрғындарды уақтылы эвакуациялау, эвакуациялау пункттерін дайындау, алғашқы медициналық-әлеуметтік көмек көрсету мәселелері де талқыланды.
Кеңесте халықты ескерту жүйелерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету қажеттілігіне ерекше назар аударылды. Полиция органдары тасқынды жою жұмысы кезінде қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге кірісті. Кеңес жұмысында тұрғындардың хал-ахуалына барынша ден қою керегі назарға алынды және су тасқынынан зардап шеккен адамдарға көмек көрсету үшін жедел шаралар қабылдау қажеттігі айтылды.
Сонымен, оқиға қалай өрбіп еді? 
Алдымен, Орал қаласын қызыл су басып, жергілікті ауқымдағы, табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Облыс орталығында 20 тұрғын үй, үш әлеуметтік нысан мен көпқабатты бес үйдің жертөлесін су басты. Кейінгі күндері жергілікті байланыс орталықтарына мыңнан аса қоңырау түскен екен. Авариялық-құтқару жұмысын жүргізуге жәрдемдесу үшін Батыс Қазақстан облысына Маңғыстау облысы ТЖД күштері мен құралдары жіберілді. Қарулы күштердің әскери қыз­метшілері де Оралға көмекке келді. Яғни Батыс Қазақстан облысында аумақтық қорғаныс бригадасының жүзден аса әскери қызметшісі су басуға қарсы күресу үшін Орал қаласына жетті. Өңірде су тасқынына қарсы жүргізілген алдын алу шараларына қарамастан, қардың еруі мен нөсерлі жаңбыр салдарынан облыс орталығының бірқатар ауданын су басу қаупі сейілмеген еді.
Осы мерзімде су басып жатқан Қос­танай облысының Арқалық қаласына авариялық-құтқару жұмысын жүргізуге жәрдемдесу үшін Шығыс Қазақстан облысы ТЖД күштері мен құралдары жіберілді. Құтқарушылардың жедел тобы жүзу құралдарымен, сүңгуірлік жабдықтармен, су өткізбейтін костюмдермен, құтқару кеудешелерімен, радиостансалармен, «Шерп» роверімен, сондай-ақ «Вахта» Камаз автокөлігімен жабдықталған. Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, Қостанай облысы Арқалық қаласының маңындағы қыстақ тұрғындары эвакуацияланды. Оларды елді мекеннен шығару үшін ҰҚК авиациялық қызметіне жүгінуге тура келген. Арқалық қаласының маңындағы қыстақ тұрғындарын ТЖМ-гі ҰҚК авиациялық қызметінің көмегімен эвакуациялаған. Облыс орталығының әуежайынан ҰҚК МИ-8 борт экипажы Сарыбас қыстағы тұрғындарын құтқару жұмысын жалғастырды. Республикалық жедел штабының үйлестіруімен Жаңақала, Екідін, Қызылжұлдыз ауылдарының және Қостанай облысының 9 қыстағының тұрғындарын эвакуациялау бойынша құтқару операциясы жүргізілді. Қорғаныс министрлігінің әуе кемелерімен 150-ден аса жергілікті азамат құтқарылды, олардың 63-і кәмелеттік жасқа толмағандар еді. Тікұшақтардағы адамдар Арқалық қаласының эвакуациялық пункттеріне жеткізілді.
Бұл кезде су ортасында қалған Ақтөбе өңірінде де құтқару жұмысы толастаған жоқ. ТЖМ күшімен Ақтөбе әуежайының жұмысы қалпына келтірілді. Күні бойы әуе айлағының аумағында Ақтөбе өңірінің құтқарушылары су айдау жұмысын жүргізді. Балама айналма жол болғандықтан, жергілікті атқарушы органдар облыстық маңызы бар автожол учаскесін жасанды түрде жарды. Бұл жиналып қалған суды ағызуға мүмкіндік берді. Қазір жол байланысы ішінара қалпына келтірілді.
Ал Атырау облысында Ойыл өзенінің арнасынан асқан тасқын судың қаупі әлі сейілмей тұр. Қызылқоға ауданындағы Көздіқара аулынан 30-дан астам тұрғын эвакуацияланған. «Тасқын су Қызылқоға ауданының орталығы – Миялы аулынан шығатын айналма жолды шайып кетті. Қазір жол қозғалысы тоқтады. Су полициясының қызметкерлері ауданға келген гуманитарлық көмекті моторлы қайықпен жеткізуге атсалысып жатыр. 1 сәуірден бері тасқын су басқан Тайсойған аулынан 100-ден аса тұрғын моторлы қайықпен эвакуацияланды. 2 сәуірде таңғы сағат 07:00-ден бері Көздіқара елді мекенінен 30-ға жуық тұрғынды эвакуациялау басталды», – дейді облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Күннің күрт жылынуы, қардың жылдам еруі салдарынан еліміздің орталығындағы облыстарда да гидрологиялық ахуал 25 нау­рыздан бері күрделенген. Қазір жағдай толық бақылауға алынған. Жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдайлар департаменті, полиция қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік атқарып, қауіптің алдын алып жатыр. 

 «Аралдағы ауылдар»

Су тасқынына қарсы іс-шаралар шеңберінде ТЖМ, ҚМ және ІІМ Ұлттық ұланның 20-дан астам әуе кемесі жұмылдырылды. Құтқару жұмыстары Ұлытау, Қостанай, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Павлодар, Ақмола және Абай облыстарында белсенді жүргізіліп жатыр. Қазір 1 660 адам, оның ішінде 425 бала эвакуацияланып, 30 тоннадан аса гуманитарлық жүк тасымалданған. 
Өңірлер бойынша жекеленген ақпараттарға назар аударсақ, Батыс Қазақстан облысында су тасқынына қарсы жұмыстарға ТЖД, жергілікті атқарушы органдардың 953 адамы, 411 техникасы жұмылдырылды. Облыс бойынша 351 мың текше метр еріген қар суы сорылып, 21 440 дана инертті материал бар қаптар төселді. Соңғы деректерге сенсек, 455 тұрғын үй, 5 көпқабатты тұрғын үйдің жертөле, үй-жайы, 17 әлеуметтік нысан су астында қалды. Қорғаныс министрлігінің екі тікұшағы Қаратөбе ауданында құтқару жұмысына кірісті. Қазір Қоржын ауылындағы ауылдық мектепке 350 адам, Ақсу кентіндегі 46 үйден 150 адам эвакуацияланған. 
Ал Абай облысының Ақсуат және Аягөз аудандарында су тасқыны жағдайын бағалау мақсатында Қазавиақұтқару МИ-8 тікұшағы аэровизуалды ұшу-барлау жұмысын жүргізді. Әкімнің орынбасары, облыстың ТЖД бастығы және аудан әкімі аудандардың аумағын, Боғас және Аягөз өзендерінің арнасын және Тарбағатай жотасының тау бөктерін зерттеді. Тауларда әлі де қар еріп, Боғаз, Аягөз өзендерінің тасығаны, сондай-ақ автокөлік жолдары бойында еріген қар суының жиналғаны осы аэровизуалды зерттеу арқылы байқалды. Қазавиақұтқару тік­ұшағымен Кіндікті ауылының тұрғындарына арнап азық-түлік, бірінші кезектегі қажетті заттар мен дәрі-дәрмектер жеткізілді, Кіндікті аулынан Ақсуат аулына 25 адам, оның ішінде 4 бала тасымалданды. 
Тасқын су салдарынан Қазақстанның 7 өңіріндегі 26 елді мекенде көлік қатынасы тоқтатылды. Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында 439 жеке тұрғын үй, 334 аула аумағы және 75 саяжай су астында қалған. Осылайша, еліміздің жеті облысында, атап айтқанда, Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Абай, Ұлытау және Ақмола облыстарының әкімдігі жергілікті ауқымда төтенше жағдай режімін жариялады.

Ағын, қайда барасың?

«Ақпан айында Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді, оны іске асырудың кешенді жоспары бар. Еріген қар суын ауыл шаруашылығында пайдалану жоспарын шұғыл әзірлеу қажет. Су тасқыны кезеңі аяқталғаннан кейін барлық су қоймасы 100% толуы керек, бірақ су жинау кезеңі су шаруашылығы құрылыстарына зиян келтірмейтіндей өтуге тиіс», – дейді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Министр жергілікті атқарушы органдармен және басқа да ведомстволармен су тасқыны кезінде ғана емес, жыл бойы тығыз байланыста болуы керек екенін айтып келе жатқаныны атап өтті. 
Су ресурстары және ирригация министрінің мәліметінше, еліміздегі респуб­ликалық меншіктегі 94 су қоймасына тағы 2 млн текше шақырымнан аса су сыяды. Оңтүстіктегі 17 ірі су қоймасы орта есеппен 87% су жинаған, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 8%-ға артық. Ал солтүстік өңірдегі 11 ірі су қоймасының су жинау көрсеткіші орта есеппен 84%-ды құрайды, бұл өткен жылғы деңгейден 5%-ға жоғары. Батыстағы 7 ірі су қоймасының орташа су жинау деңгейі 68%, бұл былтырғыдан 7%-ға аз. Шығыстағы 3 ірі су қоймасына өткен жылғы деңгейде, яғни 65% су жиналды. Орталық Қазақстанның 4 ірі су қоймасы 90%-ға толы, бұл былтырғы көрсеткіштен 20%-ға артық. 
«1 наурызда су тасқынын қабылдау және оны өткізу үшін су қоймалары орта есеппен 60% бос орын болды. Қазгидрометтің болжамды деректерін ескере отырып, наурыздың соңына қарай су қоймаларынан 400 млн текше метрден аса су ағыздық. Ақтөбе және Қарғалы су қоймаларында су ағынының көтерілу қаупін бағалау үшін Елек және Қарғалы өзендерінің бассейндеріне жоғарыдан тексеру жұмысы жүргізілді», – дейді ол. 
Министрлік 2030 жылға дейін 9 облыста 20 жаңа су қоймасын салуды жоспарлап отыр. Қазір 9 нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Бұл 137 мыңнан астам тұрғыны бар 70 ауылдық елді мекенді су басу қаупін азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ еліміз бойынша қолданыстағы 15 су қоймасы реконструкциядан өтеді.
Бұл – енді қауіп болғаннан кейінгі қолға алынып жатқан іс-шаралар. Ал тасқын су ел экономикасына қандай зиян шектірді? Президент атап өткендей, ең бастысы адам өмірін сақтап қалу дегенімізбен де, хабар-
ошарсыз кеткен адамдардың бары, өкінішке қарай, рас болып отыр. 
Одан бөлек, бір ғана Ақтөбе өңірінде 3 мыңға жуық малдың тасқынға шыдас бермей сумен қоса ағып кеткені, сонымен бірге суда қалғаны анықталған. «300-ге жуық жылқы, 600 ірі қара, 2 мыңнан аса ұсақ мал, 7 түйе жоқ. Ойыл және Қобда аудандарында мал шығыны көп тіркелді. Малшылардың үйі, қорасының құлау деректері де жинастырылып жатыр», – дейді Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Панабек Бимұратов.
Ал Көлік министрі Марат Қарабаев Үкімет отырысында тасқын болып жатқан өңірлердегі теміржолдардың жағдайы туралы баяндап: «Теміржолда ұлттық оператор тасқынға қарсы 45 пойыз жасақтады. Ақтөбе және Қарағанды облыстарында қауіпті учаскелер мен көпірлерде қозғалыс жылдамдығына сағатына 25 шақырымдық шектеу енгізілді. Қазір теміржолдарда жағдай тұрақты, су басу және бұзылу қаупі жоқ», – дейді. Министрдің сөзінше, теміржолдардан жоғары орналасқан 83 су қоймасы мен бөгеттің жағдайы тексерілген. Тексеру қорытындысы бойынша, 3 556 көпір, 6 356 құбыр, 2 024 шақырымдық кювет пен 550 шақырымдық арық тазартылған.

Ағайынға көмек

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов 2025–2029 жылдарға арналған су тасқынының алдын алу жоспарын әзірлеуді тапсырды. «Әкімдіктер Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында болған су тасқынына назар аудара отырып, еліміздің солтүстік, шығыс және орталық өңірлерін су басып кетпеуі үшін нақты шаралар қабылдасын. Қателіктерден сабақ алып, жұмысты жаңадан тиімді етіп ұйымдастыру қажет. Бұл ретте жүргізіліп жатқан іс-шаралар туралы халықты дер кезінде хабардар етіп отыру маңызды. Ауқымды су тасқынына алып келген себептерді анықтап, оларды жою жөнінде ұсыныстармен бірге қалыптасқан жағдайға толық талдау жүргізу қажет. Әрбір өңір географиялық және ауа райының ерекшеліктерін ескере отырып, іс-шаралар жоспарын қайта қарауы керек. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, 2025–2029 жылдарға арналған су тасқынының алдын алу жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Бұл жұмысқа тәжірибелі салалық сарапшыларды тарту керек. Әкімдіктер жергілікті жерлерде зардап шеккен тұрғындарды шығынды өтеу алгоритмі және үй салу үшін көрсетілетін көмек туралы атаулы түрде хабардар етуге тиіс. Зардап шеккендердің ешқайсысы назардан тыс қалмайды. Бәріне көмек берілетін болады», – деді ол.
Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов тасқын салдарынан бүлінген үйлердің жаңа орнын арнайы комиссия анықтайтынын айтты. «Бірде-бір адам назардан тыс қалмайды. Осы комиссия мен жұмыс тобы ақылдаса отырып, сараптай отырып жаңа үйлер қай жерге салынатынын шешеді. Біздің пайымдауымызша, ол үйлер, әрине, қауіпсіз тұстарда салынуы керек», – дейді ол.
Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардан зардап шеккендерге келтірілген зиянды өтеуге қаражат жергілікті атқарушы органдар резервінде көзделгенін баяндады. Залалдың алдын ала мөлшерін жергілікті атқарушы орган, өнеркәсіп және құрылыс, сондай-ақ төтенше жағдайлар министрліктері анықтайды.
Қосымша қажеттілік туындаған жағдайда қаржыландыру үкіметтің резервінен қарастырылады.
Іс-әрекет алгоритмі:
1. Материалдық зардап шеккендер ТЖ туындаған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде жергілікті атқарушы органға материалдық залалды өтеу туралы өтініш береді.
2. Жергілікті атқарушы органға өтініш тіркелген күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде келтірілген залалдың мөлшерін бағалауды ұйымдастырады.
Тұрғын үйі қауіпті деп танылған зардап шеккен азаматтардың тізімін жергілікті әкімдіктер қалыптастыратын болады.
Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны кезеңінің зардаптарын жою жөніндегі республикалық штаб апаттан зардап шеккен өңірлердегі халыққа медициналық көмек көрсету мәселесін ерекше бақылауда ұстайды.
Денсаулық сақтау министрлігінде жағдайдың күнделікті мониторингі жүргізіліп отыр. Су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің тұрғындарына арнап медициналық және психологиялық көмектің қосымша бригадаларын ашу көзделген. Халықты уақытша жинау пункттерінде тәулік бойғы медициналық посттардың жұмысы қамтамасыз етілді, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың қажет қоры дайындалды. Барлық өңірде санитариялық-эпидемиологиялық ахуалды бақылау және мониторинг күшейтілді. Сонымен қатар жергілікті жерлерде денсаулық сақтау мәселелері бойынша байланыс орталықтарының жұмысы бірыңғай алгоритммен тәулік бойы жұмыс істеу режіміне ауыстырылды.

Су тасқынынан зардап шеккен өңірлер тұрғындары денсаулық сақтау басқармаларының Call-орталықтары бойынша мына нөмірлерге жүгіне алады:

Ақтөбе облысы – +7 (7132) 41 02 13;
Қостанай облысы – +7 (7142) 52 40 70;
БҚО – +7 (7112) 24 00 06;
Қарағанды облысы – +7 (7212) 95 55 59;
Абай облысы – +7 (7222) 56 64 50;
Ұлытау облысы – +7(7102) 99 95 09;
Ақмола облысы – 109. 

1675 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №40

10 Қазан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы