• Ақпарат
  • 02 Мамыр, 2024

Өлместің отын жаққан...

Қарагөз СІМӘДІЛ,

«Ana tili»
 

Қызылорданың байырғы бір атауы – Қамысқала болған деседі. Сырбаз Сырдың бойындағы шаһардың қазақ тағдырындағы рөлі орасан зор. Бәрін айтпай, біреуіне ғана тоқталайық: 1925 жылдың 15 сәуірінде сол уақыт Ақмешіт атанған қалада Қазақ АССР Кеңес­терінің V съезі ашылады. Бес күнге созылған съездің мақсаты «қыр­ғыз» халқының тарихи дұрыс атауын қалпына келтіру еді. Кеңестердің V съезі «қырғыз» деп келген атауын «қазақ» деп өзгертуге қаулы қабылдатып, «Қырғыз Республикасын» «Қазақ Респуб­ликасы» деп өзгертуге шешім шығарған еді. 
Одан бері ғасырға жуық уақыт өтті. Қазақтың маңдайалды азаматтары бас қосқан сол жиыннан соң сырбаз Сырға барып, олар да сәлем берген шығар-ау! Біз де сөйттік. Қызылордаға табанымыз тиіп тұрып, Сырдарияның амандығын, ең алдымен, білген дұрыс деп ойладық. Кәрі дария жағасын жайлаған сан жұрттың мұңын да, сырын да, жырын да, сән-салтанатын да кең арнасына сыйғызып-ақ тұрғандай... 

 

 

Қобыз тербеген дала

Негізгі бағытымыз – Қармақшы ауданы аумағындағы Қорқыт ата кешені. Қызылордадан шыға бере ақ сексеуіл мен тораңғы, жыңғыл өскен даланың ақшаңқан келбетіне көз тастадық. «Ағарып жатқан далаға қарап, жер жағдайын білмейтін жұрт қысы-жазы қар жататын дала екен деп ойлайтын көрінеді. Ағарып жатқан – тұз ғой. Қадірін білгенге тұздың да пайдасы мол, білмегенге тұздан асқан сор бар ма?» – дейді жолбасшымыз. Қызылордадан шыға бере төрт жолақты Батыс Қытай – Батыс Еуропа тас жолына түстік. Тақтайдай жолдың үстімен зырғып келе жатып қуарып жатқан даланың көңілсіз келбетінің өзінде жүректі жылытатын сурет барын түсінесің. Жел тербеген бұтағы желбірей түскен сексеуіл де, жапырағы көгере бастаған тораңғы да, қызғылт бұтасы көзді баураған жыңғыл да, қамыс пен құрақ та, кенезесі кепкен жерде басы ғана қылтиып көріне бастаған көк шөп те «жаңбыр бір бүркіп өтсе болғаны, осы даланы жасыл желекке бөлейміз» деп тұрғандай. «Осы жолды әрі қарай созып, облыс орталықтарына жететін жол салынып жатыр. Бұл да ел арасын жалғайтын, ауыл арасын жақындататын бір мүмкіндік» екенін айтады жолбасшымыз. 
Әңгіме жол қысқартады деген рас. Қызылорда облысының тарихы мен бүгінін сөз ете отырып, Қорқыт ата кешеніне жылдам жеткенімізге таңғалысып жаттық. Көліктен түсе сала төрт тарапқа бірдей соққан жел қойны-қонышымызға еніп, шашымызды сипап, маңдайымыздан өбе бастады. Қорқыт ата мемориалдық кешеніне ағылған туристер қарасы жылдың қай мезгілінде де көп екен. 
Қорқыттың қобызы күңіреніп тұрған кешенде қобызды бейнелейтін төрт элементтен тұратын стелла тұр. Қордай тасынан дайындалған стелланың әрқайсысы әр тарапқа қаратып тұрғызылған құлпытасқа әрі қобызға ұқсайды. Стеллалар ішіндегі 40 металл түтік жел соққанда қобыз сарынына ұқсас дыбыс шығарады. Оңаша тілек тілейтін жерасты мінәжат үйі – қылуетке кіріп, тілек тілеуге ағылған жан да көп екен. Айналаны басқан ағын судан ел аман болуын тілеп, Сыр жеріне жаңбыр тамып, жер көгеруін тілеп қабыр­ғаларына шырағдан қойылатын шағын қуыстары бар қара көлеңке бөлмеде біз де біраз аялдадық. Кешендегі амфитеатрда жыршылардың халықаралық өнер кеші ұйымдастырылып тұрады екен. Кешеннің іші мәңгілік өмір сырын іздеп, желмаясына мініп, әлемді шарлаған Қорқыт атаның ізін бейнелейтін «түйе табан» өрнегімен безендірілген. Одан бөлек шеңберлі алаңда қанатты қошқар мүсіні орнатылған. 
Одан әрі музейге бас сұқтық. Бір қабатты ғимарат бірнеше экспозициялық залдан тұрады. Қорқыт ата өмірінен, сол кезеңнің тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін мыңға жуық жәдігер сақтаулы тұр.
Музей қызметкері Айгүл Боранбекқызы Қорқыт ата ғұмыр кешкен уақытта бұл маңда тұз өндірісімен айналысқандар, кілем тоқушылар көп болған Оғыз мемлекетінің астанасы Жанкент қаласы болғанын айтады. Осы маңдағы қалашықтардың қазба жұмысы кезінде табылған, оғыз кезеңіне жататын төл туындылар Қорқыт ата мемориалды кешеніндегі музейде сақтаулы. Оғыздардың тотемі болған қошқар бейнесі таңбаланған мүсіндер де музейде тұр. Әрине, музейдегі ең бас­ты жәдігер – қобыз. Қобыздың бірнеше түрі мен олардың сын-сипатын музей қызметкерлері арнайы дәріс қылып та, туристерге танымдық ақпарат ретінде де айтып бере алады. Жырауларға арналған арнайы экспозицияда көзімізге түскен ерекше жәдігердің тағы бірі – радиотілші Ахат Жанаевтың дыбыс жазу аппараты. Дәл осы дыбыс жазу құрылғысына радиотілші Қызылорда өңіріндегі бірқатар жыршының қобызбен, домбырамен жырлаған құнды мұрасын түсірген. 
Дәл іргеде Байқоңыр ғарыш айлағы Қорқыт атадан қалған көне аңызды жадта жаңғыртады:
«Қорқыт ата бір күні түсінде өзіне көр қазып жатқан адамдарды көреді. Оянғаннан кейін өлімнен қашып құтылмақ болады. Дегенмен қайда барса да, алдынан қазылған көр шыға береді. Дүниенің төрт бұрышын шарлаған баба Сырдың жағасына қайта келеді. Оған «Жер ортасы – Сыр жағасы екен» деген аян беріледі». 
Байқоңырды жер кіндігі деп те жүрміз ғой. Оны бізден әлдеқашан заман бұрын «Өлместің отын жаққан» Қорқыт ата айтып кеткені де бар. 
«Осы бір қуаң далаға қарап заманында бұл өлкеде адам қалай тіршілік етті екен деп ойлайтындар көп. Бұл өлке ол заманда дәл осылай қуарып жатқан жоқ еді ғой. Сыр­дарияның ол уақытта қан тамыры тарылмаған, сан саласы осы бір даланы көгертіп, көктетіп, шұратқа айналдырған-ды. Суы тарылмаған өлкенің тіршілігі де сан салалы еді. Бірі су табанынан тұз алды, енді бірі егін екті, тағы бірі бояу алып (Қармақшы ауданының орталығы – Жосалы аталады. Жоса – бояу, сол бояумен кілемді де, жүнді де сан түрлі түске бояуға болатын), кілем тоқыды. Сол сән-салтанаттың жырын жеткізіп тұрған қазір жел ғана», – дейді музей қызметкері. 
Бұл өлкеде желдің ұйытқи соғуының сыры көп. Көкке зымыран ұшқанда ауа ағысы бұзылатын болуы керек, жел қатты соға бастайды екен. Оған жергілікті халықтың еті үйренген сыңайлы. Екіншісі – табиғи жел. Шынында да, өткеннің сырын бүгінге жеткізгісі келіп жұлқына ма – жел шашыңды да жұлмалап өтеді, қойны-қонышыңды да аралап кетеді. Құлақ түбінде ызыңдап, Қорқыттың күйін төгеді, дәл қасыңда ысқырынып, айналаның шежіресін жыр қылып айтады...

 «Топырағыңнан айналдым...»

Топырақ демекші, Қармақшының топырағы бірыңғай қуаң, ағараңдаған құмдауыт емес. Сұр, сұрғылт, құмайтты сұр, тақыр және тақыр тәріздес, құмайтты сұр, бозғылт сұр, батпақты топырақ бірінен соң бірі алмасып отырады. Кең далаға шықсаң, боз жусанның иісі мұрынды жаратын мезгіл. Бұйырғын, көкпек ши, сексеуіл, қамыс, құрақ, жиде, жыңғыл, шеңгел осы топырақтан тамыр тартып, шөлдің аздаған жан-жануарына пана, шөлейтті өңірдің тіршілігіне тағылған тана іспетті. 
Бағытымыз – дүр жыршы шыққан Тұрмағамбет ауылы. Ешнияз сал, Кете Жүсіп, Тұрмағамбет, Шораяқтың Омары, Жиенбай жырау т.б. жыршылардың кіндік қаны тамған ауыл. Фердаусидің 30 жыл жазған «Шаһнамасын» 11 айда 11 буынмен аударып жазып шыққан Тұрмағамбет ша­йыр есімін алған ауылдың негізгі тіршілік көзі – мал шаруашылығы мен егіншілік. 
Бұл ауылда әрі Социалистік Еңбек Ері әрі «Батыр ана» атанған Сәлима Жұмабекова еңбек еткен. «Тұрмағамбет» шаруашылығының басшысы Нұржан Айдарбекұлы: «Өзі Социалистік Еңбек Ері, өзі «Батыр ана» атағын алған үш ананың бірі Сырдың даңқты күрішшісі, 11 баланың анасы Сәлима Жұмабекқызы болатын. Міне, сол анамыз Тұрмағамбет ауылы туралы әңгіме болса ұдайы: «Топырағыңнан айналайын. Сыр сүлейлерінің соқпағы қалған Тұрмағамбет ауылының киелі топырағынан айналайын», – деп отыратын. Расымен, бұл өлкенің топырағы да қастерлі», – дейді. 
Нұржан Айдарбекұлы басшылық ететін шаруашылық күріш егумен, макарон өнімдерін шығарумен, сүт өнімдерінен айран, қаймақ, құрт алумен айналысады. Қырманында күріш егу үшін дәнді дәрілеу, яғни түрлі аурулардың алдын алу ісін бастап кеткен.
Агроном Ғабит Тұңғышбаев – күріш егудің қыр-сырын жетік білетін тәжірибелі маман, еңбектің қазанында қайнаған жан. «Қазір «Лидер» күрішін егеміз. Қырманда егу үшін дәрілеп жатқан күрішіміз – «Маршалл». «Лидер» 130 күнде, «Маршалл» 115 күнде піседі. Осы күні суда аз тұрып, тез пісетін күріш сортын алып, соны өсіру ісін қолға алуды жақтап жүрген ғалымдар бар. Оларды қостаймыз. Бірақ ол сорттардың да кемшілігін назарға алсақ деп ойлаймын. Мәселен, отандық «Сыр сұлуы», «Ақмаржан» күріштері 90–100 күнде піседі. Яғни суда аз тұрады. Бірақ екеуінің де өз кемшілігі бар. Мәселен, «Сыр сұлуы» өнімді аз береді. «Ақмаржан» өнімді көп береді, бірақ аурушаң. Күріштің прикелероз деген ауруы бар. «Ақмаржан» сол ауруға шалдыққыш. Иә, біз егетін «Лидер» де осы ауруға шалдығады. Бірақ «Ақмаржан» прикелерозға шалдықса, күллі танаптағы дән ауырады. Ал «Лидер» прикелерозға шалдықса, ауру ошақ қалпында, яғни белгілі бір жерде ғана қалып, күллі егістікке таралмайды. Күріш көп жағдайда бас алардың алдында ауыра бастайды. Ондай кезде егістікті аралап, міндетті түрде ауру себебін анықтап, күрішті емдеуге тырысамыз. Күріш еккенде өнімі да жақсы болса дейсің. Мәселен, «Лидер» күріші тәтті, өнімі де жақсы. Сол үшін қазір, негізінен, «Лидер» сортын өсіріп жатырмыз», – дейді. 
Иә, экологиялық мақсатта әрі отандық өнімді қолдау үшін ғалымдарымыз сұрыптап шығарған күріш сорттарын егу, оларды өсіру аса маңызды. Сол үшін Қызылордадағы күрішті зерттейтін ғалымдармен ауылдардағы еңбекші диқандар байланысын үзбеуге тырысады. Кейде егістікте ауру шықса не болмаса күріш мол өнім бермесе, ғалымдарды егіс алқабына шақырып, мән-жайды ерте бастан білуге тырысатын көрінеді. Диқандардың бір мәселесі – су болса, екіншісі – арамшөп. 
«Күріш – диқанның күтіп-баптайтын перзенті. Біз арамшөп дегенімізбен, күрмек – жердің өз баласы. Сондықтан күрмек күріш алқаптарында көп өседі. Күрмектің тұқымы қырық жылға дейін өлмейді, күрмекті ғана өлтіретін дәрі бар. Оны сепкенде бір-екі жыл шықпай қалғанымен немесе аздап қана шыққанымен, кейін қайта қаулайды. Күріштің арасында күрмек, қоға, қамыс өседі. Оны да арнайы ұшақ жалдап, күрішке зиянсыз, осы арамшөптерге зиянды дәрі шашамыз.
Ауа райына қарай күрішті әртүрлі уақытта еге бастаймыз. Өткен жылы ерте көктемде ектік. Биыл сәуір соңында егістікке кетпен апара бастадық. Сәуір соңында еккен күрішімізді қыркүйектің ортасына таман орып, жинаймыз. Орақ саламыз дегенде жиырма күн бұрын суды аламыз. Күрішті орып әкелеміз де қырманға саламыз. Комбайнмен тазалаймыз. Яғни күріш егу – бейнеті көп еңбек. Жазда салқын болмауы керек. Өте ыстық ауа райы да керек емес. Күріш гүлдеп тұрғанда жаңбыр жаумаса дейміз. Соншама еңбек еткенде күрішіміз мол әрі тәтті өнім берсе, әрине, қатты қуанамыз. Өнім мол болса, барлық еңбек ақталады», – дейді Ғ.Тұңғышбаев. 
Сыр жағалай қонған ел дарияның тамыры тарылмауын тілейді. 
«Күріш екпесе, жер тұзданып, ештеңе шықпайтын болып қалады. Сондықтан біздің өлкенің жері толық тұзданып кетпеуі үшін күріш егіп отыруымыз керек. Жерді күріштен демалдырған кезде оның орнына жоңышқа, бидай, мақсары егеміз. Оны «ақ егіс» дейміз. Иә, Сырдарияға тәуелдіміз. Осы ұлы өзеннің арнасы тарылмауын, суы құрғамауын тілейміз. Сыр – талай өркениеттердің жандануына үлес қосқан ұлы су ғой. Сыр қазіргі күні де қуаң даланың кенезесі кеппеуі үшін ағып жатқан алып су. Сыр – еңбекшілердің де тіршілігіне қан жүгіртетін нәр», – дейді агроном Ғ.Тұңғышбаев. 
Қызылорда облысында суармалы су тапшылығына байланысты ылғал көп қажет ететін дақылдардың егісі қысқаратынын өңір басшысы Нұрлыбек Нәлібаев айтып, 2024 жылы күріш дақылдарын 5,1 мың гектарға қысқарту жоспарланғанын жеткізген. «Өсімдік шаруашылығын әртараптандыру мақсатында биыл күріш алқаптарын 5 мың 100 гектарға қысқарту, жемшөп, көкөніс және бақша дақылдарының көлемін ұлғайту жоспарланып жатыр. 2028 жылға қарай күріш көлемі 72 мың 200 гектарға дейін оңтайландырылатын болады, су үнемдеу технологиясы бо­йынша өсірілетін жемшөп және жүгері, көкөніс, бақша дақылдарының көлемі 47 мың 300 гектарға ұлғаяды», – деген еді Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев. Алайда күріштің егістік алқаптарының қысқаруына қарамастан, агротехнология­ларды қатаң сақтау, минералды тыңайтқыштарды пайдалану, тұқым сапасын жақсарту, өндіріске жаңа сұрыптарды енгізу есебінен өнімділікті 20–25%-ға арттыруға мүмкіндік бар екенін де атап өткен еді.
 «Тұрмағамбет» шаруашылығының басшысы Нұржан Айдарбекұлы Сыр суының тартыла бастауы еңбек адамдарын да алаңдататынын жасырмады. Сондықтан қазір күріш егуде суды барынша үнемдеу­дің жолын пайдалануды назарға алған.
«Қазір көрші Ресейдің диқандары бір гектардан 110–120 центнер күріш алады. Баяғыда біздің күрішші диқандарымыз осындай жетістікке жетіп, Социалистік Еңбек Ері атанған. Оларды «Дала академиктері» деп атауымыз тегін емес. Демек, олар осынша өнім алуға болатынын білген, соның жолында еңбек еткен. Осыдан 15 жыл бұрын сол Ресей диқандары бір гектардан 70–80 центнер өнім алса, таңғалатынбыз. Біз ол кезде бір гектардан 30–35 центнер өнім алғанымызды місе тұтатын едік. Бір гектардан 50 центнер өнім алған еңбеккерлерге арнайы сыйақы беретінбіз. Қазір бір гектардан 70–80 центнер өнім алатын жағдайға жеттік. Болашақта біздің де диқандар бір гектардан 110–120 центнер өнім алатын уақыт та келеді деп сенемін. 
Қазір Сыр-Ана мен Жер-Ананың жағдайына алаңдаймыз. Сол үшін Сыр­дың суын барынша үнемдеудің жолын таңдаймыз. Мәселен, күріш егетін жерді лазерьмен тегістейміз. Бұрындары жер тегіс болмағандықтан, ойпаң жерге су толуы үшін су көп кететін. Қазір күрішке су бір деңгейде барады, бұл Сырдың суын үнемдейді. Бұрын он шелек су кететін жерге қазір екі шелек су кетеді», – дейді Нұржан Айдарбекұлы. 
Дауылкөл ауылдық округінің әкімі Мұрат Алдамұратов Тұрмағамбет ауылында 362 үй бар екенін айтады. Ауыл халқының тіршілік көзі – күріш және мал шаруа­шылығы. Бұрындары, Сыр арнасында су мол кезде қауын, қарбыз өсірген. Қауын мен қарбыз қазір де аз-аздап өседі. Алайда Жетіасарға бара жатқан жолда бұрыннан қалған қауындықтардың атызын көріп, Сыр арнасы қайта толысса, қауын мен қарбыздың көптеп егіліп, молынан сатылатын жері екен деп ойлап қойдық. 

Сексеуіл тоғай 
жасырған сыр

Бұл өлкедегі иір-иір құмда, иір-иір өркешті түйе маң-маң басады, иір-иір сексеуіл шоқ-шоқ тоғай болып өседі. Не құрылыс материалдарын жасауға келмейтін, тұрмыста отыннан басқа қажетке жарамайтын сексеуіл бұл далада бір қарағанда қадірсіз болып көрінуі де мүмкін. Иір-иір құмда және құмдауыт далада сексеуілден артық дарақ таппайсыз. Бұл ағаштың қадірінің өтетіні құмды өлкенің тепе-теңдігін сақтап тұруда ерекше рөл атқарады. Жұлқыма желмен көшкен топырақ тасқынын тоқтатады. Саясында құмды даланың тіршілік иелері дамыл табады. 
Сұрғылт далада сексеуілден пана іздеп бара жатқан бір тасбақаны біз де абайлап қолға алдық. Тасбақа тістеген мәриям шөбін байқамасақ та, тасбақа аңызына құлақ түрдік. 
«Шөл даланың аңызы көп қой. Соның бірі – тасбақаға қатысты. Тасбақаның қарғысы қатты болады екен. Бірде осы өлкенің бір азаматы қуаң далада кетіп бара жатқан тасбақаны көреді. Асықпай қолға алады да, не шайтан түрткенін кім білсін, алысқа бар күшімен лақтырып жіберіпті. Бұл маңда құм әлі көме қоймаған, шыңырау терең құдықтар да көп. Міне, тасбақаңыз сол құдықтың бірінің ең түбіне барып құлапты. Сол кезде тасбақаның жан дауысы шығып, шыңғырыпты-мыс. «Адамның дауысындай осыншама азалы, тұла бойыңды тітіренткен айғайды бұрын-соңды естімедім-ау. Сол тасбақаның қарғысына ұшырадым», – деп күйінеді екен әлгі кісі кейін бозөкпе уақыттың жаза басқан ісіне өкініп. Сол тасбақаның қарғысы ма, әйтеуір, сол кісінің кіндігінен ұрпақ өрбімепті...» 
Сексеуіл тоғайы көп шөл даланың жолы да иір-иір. Бір жолы екіншісінен айнымады. Жер жайын, топырақ реңкін білетін адам болмаса, адасып кетуіңіз ғажап емес. Ақ сексеуілдің балапан бұталары қуаң далада қылтып, әлі-ақ сексеуіл тоғайға айналарынан хабар береді. Көгереңдеп байқалатын сексеуіл тоғай алыстан ит тұмсығы өтпес ну орман секілді. Жанына барсаң, кісі бойындай ғана ағаштың қалың тоғайға айналғанын байқап, таңғаласың. 
Біз бағыт алған жер – қаңлылардың ежелгі мекені Алтынасар. Қуаңдария өзенінің ескі арнасының бойындағы қаланың тіршілігі жаугершілік заманға төтеп бере алмай тоқтаған-мыс. Алғаш 1948 жылы Хорезм археологиялық экспедициясы зерттеген екен. Сырдарияның төменгі ағысында орналасқан Жеті­асар мәдениетінің адамзат мәдениетіне қосқан үлесі көп. Бірін ғана мысалға алсақ: Жетіасар мәдениетінен домбыраның ататегі деп саналатын көне қоссаз аспабы табылған. 
Бұл жер де көне шұрақ орны. Көне қала қонысының мыңдаған тұрғыны өз тіршілігін жалғаған. Егін еккен, мал баққан. Сырды емген дәл қазіргі ел-жұрт секілді, олар да Сыр мен Жердің қабағын баққан, жағдайын жасаған. 
Қазба жұмыстары Алтын асардың І–ІV ғасырларға жататын төменгі, ІV–VІІ ғасырларға жататын жоғарғы мәдени қабаттарға бөлінетінін нақтылаған. 
Сыр бойында сақтардың да, оғыз­дардың да, қаңлылардың да естелігі көп. Әрқайсысының дәуірлеген шақтағы сән-салтанатын құм басқаны болмаса, әлі де барып, тауып, ең болмаса сол шақтың сезімін көңіліңмен тап басып, көріп қайтуға ештеңе кедергі емес. 
Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекеті» дәл осы сары даладағы оқиғаны суреттейді. Пойыздар шығыстан батысқа, батыстан шығысқа жүйткіп жататын табиғаты қатаң даланың аңызы өміршең, сыры тереңде, жыры тіптен ерекше. 
Көмекейден ағылған жыр, осы өлкедегі желдің екпініндей, тұла бойыңды тітірентіп өтеді. Ол енді басқа әңгіменің желісі... 

1685 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №20

23 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 10627

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 5446

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 5095

Бақытжан Сатершинов, дінтанушы: ЗАҢДЫ БІЛГЕН ЗАМАНДЫ ДА БІЛЕДІ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4455

Елнұр Бейсенбаев, Мәжіліс депутаты: Әділетті қоғам құру – парызымыз

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4424

Еділхан ӘМІРҒАЛИЕВ, техника ғылымының докторы, профессор: Технологиялық өркениет заманы басталды

  • 18 Сәуір, 2024
  • 4238

Алишер Сатвалдиев, Парламент Сенатының депутаты: Алпыс күн тасыған дария, алты күннен кейін қайтады

  • 02 Мамыр, 2024
  • 3011

Назипа Шанаи: Ана мектебі арқылы ұл да, қыз да дұрыс тәлім алады

  • 02 Мамыр, 2024
  • 2966

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы