• Ақпарат
  • 02 Мамыр, 2024

Құралайдың салқыны

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ,

«Ana tili»
 

Қыс мезгілі аяқталып, халық қалың киімін тастап, күн жылыған көктемде ауа райының қайта суытатыны бар. 14–27 мамыр аралығына тұспа-тұс келетін бұл кезеңді қазақ «құралайдың салқыны» деп атаған. Құралай – киіктің лағы. Халық ұғымында «Құралайдың салқыны» – мамыр айының екінші жартысынан басталып, оншақты күнге созылатын дауылды қара суық, құбылмалы күндер. Адамға да, малға да жайсыз қара суық түсіп, ызғырық жел соғып, тіпті кей жерде қар жауады. Қазақтың есепшілері текебұрқылдақ амалы – текелердің сүретін кезіне қарап, құралайдың салқыны амалының уақытын дәл анықтап отырған. 
Құралайдың салқыны аталатын себебі – бұл кезде киік төлдеп, құралайының кіндігі түседі. Әрі киік төлдер кезде желге қарсы жүгіріп, төлдеуге қабілетті болады екен. Бұған табиғаттың тылсым күшімен соққан қатты суық жел жәрдемдеседі. Бір қызығы, даланы кезген барлық киік осы екі-үш күннің ішінде төлдеп үлгереді. Енесі жанында болмаған кезде құралай тапжылмастан жата береді екен. 

 

Құралайдың салқыны мен Бесқонақ

Үлкендердің айтуынша, аналық киік кез келген құралайды емізіп, бауырына ала береді. Жаздың ыстығы түскенде құралайдың далада жетім қалмайтыны осыдан. Киік лағын осы мерзімде өргізеді. Яғни құралайдың салқынында жел тұрып, жаңа туған лақ желге қарсы жүгіріп, тынысын ашып, тез аяқтанып кететін көрінеді. 
Этнограф Серік Ерғалидің айтуынша, «құралайдың салқыны» мен «бесқонақ» – қатар келетін, көктемнің мың құбылатын ауа райының бір бөлігі. 
«Құралай мезгілі елдің орталығы мен солтүстігінде мамырдың 20-сына қарай, батыста 25-іне қарай 1 аптаға созылады. «Бесқонақ» қазақ күнтізбесінен туындайды. Бірақ бұл ұғым ежелгі, 6 мың жылдық адамзат күнтізбесінде бар. Жылдың 12 айы 30 күннен болып, 5 күн кетік болады, осыны «бесқонақ» атайды қазақ. Ежелгі Мысырда бесқонақты құдайлар ретінде Осирис, Гор, Сет, Исида және Нефтида деп атап өтеді. Мұны парсылар тамыз-қыркүйек айларында атайды, ал қазақта жаңа жылдың басында наурыздың 16–17-сінен бастап 5 күн санайды.  Бірақ оның мезгілі әр өңірде түрліше аталып жүр. Ақтөбеде сәуірдің 13-інен бастап 5 күнді, қосымша тағы 5 күн қосып атайды.  «Құралайдың салқыны» кезінде қазақ ұғымында «киік лағын өргізеді» деп есептейді. Киіктің ешкілері бас-аяғы 2–3 күнде лақтап үлгереді де, тағы 2–3 күн ішінде киік лағы аяқтанып болады. Ол жаяуға жеткізбейді. 1 аптада аттыға да жеткізе қоймайтындай аяқтанып кетеді. Осы кезде қасқырдың да етке тәбеті болмай қалады деген сенім бар.
Қазақ халқының жұлдызшылары мен ауа райын болжаушылары көбіне айдың тууы мен Үркер шоқжұлдызына қатысты және өткен жылғы, қысқы ауа райын ескеріп болжайды. Бұған арнайы білім мен дағдыдан басқа, қасиет те керек болады», –  дейді Серік Ерғали. 
Біз осы орайда Қазақстанның Ұлттық гидрометеорологиялық қызметінің баспасөз бөлімі мамандарымен байланыстық. Сондағы мәселеміз – «Мамыр айына ауа райы қалай болжанып отыр, «құралай салқыны» амалында күн райы қалай құбылуы мүмкін» деген сұраққа жауап іздедік. Мамандардың айтуынша, бір айға арналған ауа райы болжамы консультативтік ретінде пайдаланылуы керек, кейін синоптикалық жағдайдың өзгеруіне қарай түзету енгізіледі және онкүндікке арналған ауа райы болжамымен нақтыланады.
«Мамыр айында жазғы атмосфералық процестерге көшу жүзеге асады. Көпжылдық мәліметтерге сәйкес, оңтүстік аймақтарда үсік айдың бірінші жартысында, ал солтүстік аймақтарда айдың соңына қарай аяқталады, бірақ кей жылдары ең соңғы үсік айдың соңында, тіпті маусым айында болуы мүмкін.
Ауа райының тұрақсыз сипаты жаңбыр мен найзағай, екпінді жел – ай бойы, ал кей күндері бұршақ жаууы мүмкін.
Айдың көп бөлігінде жоғары температура көрсеткіші басым болады деп күтіледі: респуб­ликамыздың солтүстік жартысында күндіз ауа +25 – +35°C дейін ысуы мүмкін; оңтүстік жартысында +30 – +40°C дейін.
Суық толқын әсерінен ауа температурасы төмендейді: солтүстік, шығыс және орталық аймақтарда, сондай-ақ елдің оңтүстік-шығысындағы таулы аймақтарда түнде -5+5°C де­йін, күндіз +10+15°C дейін; еліміздің батысында және оңтүстік жартысында  түнде +5 – +15°C дейін, күндіз +16 – +26°C дейін.
Мамыр айында республиканың басым бөлігінде орташа айлық ауа температурасы нормадан 1–2° жоғары, батыс аймақтарда қалыпты деп күтіледі.
Мамыр айында жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде қалыпты шамада, елдің қиыр батысында қалыптыдан жоғары, Қазақстанның оңтүстік, орталық өңірлерінде қалыптыдан аз болады деп болжанады» делінген Қазгидромет берген жауапта. 

Қазақ әдебиетіндегі көрінісі

«Түсті шықтар шөптерге, 
Жауатындай қар, түрі. 
Соғады әр жыл көктемде, 
Құралайдың салқыны. 
Баяғы сол тәртібі – келеді жел арқылы, 
Лағы боп киіктің құралайдың салқыны».
Қазақтың ақыны Сырбай Мәуленов осылай деп жырлаған. Ауыз әдебиетінде киікке байланысты аңыз-әңгіме көп сақталған. Ақын-жазушылар да жанары үлкен, қара көзді аруларды құралайға, аққұбаша әдемі бойжеткенді ақбөкенге теңеген. Сәкен Сейфуллин «Жәндіктің киік деген баласы бар» деп жырласа, Әсет Найманбайұлы: «Көрсем де құралайды атқаным жоқ, Ұқсаттым Мақпал жанға шын жүректен», – деп жазған. Аңызда Жерұйықты іздеген Асан қайғы бір жерге «Қырында киік жайлаған, суында балық ойнаған» деген баға беріпті. Халық аузында айтылатын діни қиссалардың бірінде Адам ата жерге түскен кезде пейіштен інжірдің бес жапырағын алып түскені айтылады. Жапырақтың бірін бал арасы, екіншісін жібек құрты, енді бірін киік жеген делінеді. Қалған екеуін Адам ата жерге егіпті. Содан бері киік пейіштің жемісін жеген киелі аңға айналыпты.

 

Ал жазушы Нұрлан Қамидың айтуынша, байырғы қазақ халқы табиғатпен етене өмір сүрген. Негізінен, мал шаруашылығымен айналысқандықтан, жыл маусымдарына тәуелді халық табиғат құбылыстары мен өзгерістерін ұдайы назарда ұстап отырған. Қазіргідей ақпарат тасқыны жоқ, адамның миы тұнық кезде өмір сүргендіктен болар, әлде Құдайдың өзі айрықша зерделі қылып жаратты ма, әйтеуір, халқымыздың көргені мен естігенін жадында сақтау қабілеті ерекше болған. 
«Оған дәлел ретінде ауыз әдебиетінің қарыштап дамуы мен музыканың, әсіресе күй өнерінің деңгейі аса жоғары болғанын, осыдан мың жыл бұрын шығарылған күйлердің осы уақытқа дейін сол күйі жетуін (өнер туындысынан заман тынысы есіп тұрады, оны аңдауға болады, әйтпесе әлгі күйлердің әу баста қандай болғанын ешкім біле алмайды, әрине, тырнақ астынан кір іздеушілерге айтқаным ғой) келтіруге болады. Ұлан-ғайыр даланы еркін жайлаған халқымызда диалекті болмауының өзі еліміздің бір шеті мен екінші шетінде тұратын адамдардың тығыз араласып жатқанын көрсетеді. Сондықтан бір жерде болған оқиға, ашылған жаңалық, табылған қазына туралы жұрттың бәрі хабардар болып отырған. 
Сәуір айында жылына бастаған күн райы айдың соңына таман қайта суытып, кейде қар ұшқындап, жаңбыр жауады. Осы кезді қазақ «бес қонақ» немесе «от амалы» деп атайды. Бес қонақ дейтіні – бұл өзгеріс ұзаққа созылмай, бес күннен аспайтын болғандықтан айтылса керек. Келген қонақ көп ұзамай кетеді ғой, сол сияқты. Ал «от амалы» дейтін себебі – қазақ шөпті от деп те атайды, осы салқыннан кейін шөп дүр етіп өсіп, тез шығады да дала жап-жасыл болып құлпырып сала береді. Ал «амал» деген – табиғат құбылыстарының атауы, өзгеріс, процесс.  
«Құралайдың салқыны» деп киіктің төлдейтін кезінде күннің кенет салқындап кетуін айтады. Бұл мамыр айының бас жағына тұспа-тұс келеді. Құдайдың құдіреті – киік сол кезде жаппай төлдейді, бірақ жыртқыш аңдар мен қыран құстар киікке шаппайды.
Табиғат құбылысы болғандықтан, бұл амалдар әдебиетімізде біраз суреттелген болуы керек. Менің білетінім – Тобық Жармағамбетовтің «Отамалы» деген хикаяты бар, бала кезімізде оқып едік. Оразбек Сәрсенбаевтың «Құралайдың салқыны» деген әңгімесі бар», – дейді жазушы Нұрлан Қами. 
Жазушының айтуынша, тумысынан зерек халқымыз қоршаған ортаны, тау-­тас, өзен-көл, орман-тоғай,  сай-сала, жан-жануар, ұшқан құс пен судағы балық, өсімдіктер әлемі, қысқасы, бүкіл табиғат пен оның құбылыстарын бақылай жүріп, оның заңдылықтарын ұғынуға тырысқан, өмір бойы зерттеп өткен. Сөйтіп, ауа ра­йын болжауды меңгерген. Халық арасында айтқаны дәл келетін ондай адамдарды есепші деп атаған. 
«Алдағыны болжайтын сәуегей немесе көріпкел емес, нақты бақылау нәтижесінде жазғы күннің құбылыстарына қарап қыстың осы күнге сай келетін күні қандай болатынын білу үшін нақты есеп жүргізетін мамандар. Жыл наурыздан басталады. 1988 жылдан бастап Үкімет бекітіп берген, ресми ғылымда күн мен түннің теңелуі деп саналатын 22 наурыздан емес, 14 наурыздан басталады және бұл тек батыс аймақтарда емес, еліміздің барлық аймағында солай. Кейін біраз жерлерде ұмытылып қалған, егер дұрыстап сұрау салып, зерттеу жүргізсе, бәрі анықталар еді. Есепшілер сол кезден бастап іске кіріседі: жылдың басталуы қалай болды, одан кейінгі күндер, ай мен жұлдыздардың тоғысуы, судың тасуы мен қайтуы, жан-жануарлардың мінез-құлқы сияқты, басқа да толып жатқан деректерге қарап, қазіргі кезбен тұспа-тұс келетін алдағы маусымның күні қандай болатынын біліп отырған. Еуропа ғылымын алға салып, одан басқаның бәрін ескіліктің қалдығы деп білген отаршылар сан ғасырлардан бері мүлтіксіз қызмет етіп келе жатқан халықтық ғылымның қай-қай түрін де жоқ қылып жіберді. Енді оны қалпына келтіру қолдан келмеуі мүмкін. Дегенмен осыдан бес-алты жыл бұрын ғана өмірден өткен Назарбек деген есепшімізді өзіміз елемесек те, әлемнің талай елі оның болжамдарына сүйеніп тұрған ғой, сол сияқты таланттар әлі де туатын шығар деген үмітіміз де бар», – дейді Нұрлан Қами. 

Киікті ату керек пе?

 

Былтыр Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі киік санын реттеу мақсатында оларды ату туралы шешім қабылдаған болатын. Бұл мәселеде қоғамның пікірі екіге жарылып, киікті атуға қарсы болғандар да көп болды.
Этнограф Серік Ерғали мұндай мәселе табиғат пен адамның арақатынасынан туындап отыр және жерді жекеменшікке бөліп тастаудың кесірі деген көзқарасын жасырмады. 
«Киіктің көбеюінен жерді сақтауға қатысты шыққан киік ату науқаны жасанды әрі қарабайыр шешім. Мұндай мәселе табиғат пен адамның арақатынасынан туындап отыр және жерді жекеменшікке бөліп тастаудың кесірі. Мұны шешу үшін табиғат пен адамның арақатынасын, содан туындайтын мәселені барынша терең әрі түбегейлі қарастыру керек. Адамның кез келген орашолақ шешімі бәрібір басқаша орын алатын табиғат апаттарына ұласып, әлгі шешімнің жарамсыздығы алдан шығып отырады. Сондықтан бұған кісілік пен ғылыми кірісім қажет», – дейді этнограф Серік Ерғали. 
Ал жазушы Нұрлан Қами киік жайыл­маса, далаға шөп шықпайды, олардың тұяғы жерді қопсытып, тезегі топырақты тыңайтып отыратынын айтты. Оның айтуынша, малдың жайылымы бөлек, киіктің жайылымы бөлек болады.
«Киікті ату – жабайылықтың асқынған түрі. Кеңес өкіметінің кезінде еліміздегі киіктердің саны 20 миллионнан асқан дейді. Ол кездегі малдың саны қанша еді, қазір қанша? Ол кездегі егістік пен жайылымның ауқымы да қазіргіден әлденеше есе артық болатын. Мәселе адамның пейілінде. Пейіліміз тарылып, арам пиғылға айналды, сосын көбейіп кетті деп киікті қырдық. Киікті бұрын да ататын, бірақ кім болса сол емес, кәнігі аңшылар ғана аулайтын. Олар қайсысын атып, қайсысына тимеу керегін жақсы білетін. Киіктің текесін, онда да кәрісін ғана ататын, өйткені олар қуаты қайтса да, күші басылмаған, жас текелерге өздігінен орын босатуды білмейтін, іштарлыққа бейім қызғаншақ жануар. 
Киік жайылмаса, далаға шөп шықпайды, олардың тұяғы жерді қопсытып, тезегі топырақты тыңайтып отырады. Малдың жайылымы бөлек, киіктің жайылымы бөлек болады. Кәнігі малшылар киіктің жайылымына ешқашан мал айдамайды. 
Ал біздің басшылар не біледі? Киікке қоса, өрісте жүрген малды қырып тастамағанына шүкір. Одан басқасын да жетістіріп жүргені шамалы, киіктің табиғатқа пайдасы қандай екенін қайдан білсін олар, білгісі де келмейтін шығар. 
Бір ғана мысал. Біз құрғақшылыққа бе­йім аймақта тұрамыз. Алла Тағала мейірімі түсіп су беріп жатыр, біз  одан қорғанып әлекпіз. Қорғана да алмадық қой! Тұтас министрлік аштық, ештеңе білмейтін, ештеңеге құзыры жүрмейтін ондай министрліктің не керегі бар? Бір ақыл айтайын оларға, соны тыңдаса да жетеді – осы жерді су басады-ау деген аймақтардан Арал мен Каспийге қарай диаметрі 3 метрлік пластик құбыр тартыңдар. Әр ауданнан шаруашылық үшін қажетті маусымдық су қоймаларын дайындауға бастарың жеткен екен, содан артылғанын әлгі құбырмен теңізге жібересіңдер. Әйтпесе келесі жылы тағы да көктем келеді, қар ериді, су тасиды, жаңбыр жауады. Ал сендер тағы да дайын болмай қалуларың мүмкін», – дейді жазушы Нұрлан Қами. 

2537 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №20

23 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 10630

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 5448

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 5099

Бақытжан Сатершинов, дінтанушы: ЗАҢДЫ БІЛГЕН ЗАМАНДЫ ДА БІЛЕДІ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4459

Елнұр Бейсенбаев, Мәжіліс депутаты: Әділетті қоғам құру – парызымыз

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4426

Еділхан ӘМІРҒАЛИЕВ, техника ғылымының докторы, профессор: Технологиялық өркениет заманы басталды

  • 18 Сәуір, 2024
  • 4241

Алишер Сатвалдиев, Парламент Сенатының депутаты: Алпыс күн тасыған дария, алты күннен кейін қайтады

  • 02 Мамыр, 2024
  • 3014

Назипа Шанаи: Ана мектебі арқылы ұл да, қыз да дұрыс тәлім алады

  • 02 Мамыр, 2024
  • 2968

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы