- Ақпарат
- 09 Мамыр, 2024
Веронадан Түркістанға дейін

Түркістан музыкалық драма театрында «Ромео мен Джульетта» спектаклінің премьерасы өтті. Қойылым режиссері Дина Жұмабаева сахнадағы декорация минимализмге құрылғанын атап өтті. Уильям Шекспирдің әйгілі туындысын режиссер Түркістанда алғаш рет, ал елімізде 4-ші рет сахналап отыр.
– «Ромео мен Джульетта» спектаклін еліміздің әртүрлі театрында сахналадым. Ол спектакльдер бір-біріне ұқсамайды, бірақ тақырыбы бір – мәңгілік махаббат. Түркістан музыкалық драма театры сахнасындағы Ромео мен Джульеттаның өз ерекшелігі бар. Сахнада декорация жоқтың қасы, бірақ біз одан ұтылмаймыз. Қайта кейіпкер пен көрермен арасындағы байланысты арттыра түсуге ықпалын тигізеді, – дейді ол.
Актер Мақсат Айтжанов: «Әйгілі Шекспирдің сан ғасырдан бері сахналанып келе жатқан танымал шығармасының режиссерлік және көркемдік шешімі көз арбағанымен, асығыстау қойылған туындының бір қайнауы кем болғандай көрінді. Әсіресе шарықтау шегіне келгенде көмескі тартқан көріністер қосыла алмай кеткен қос ғашықтың трагедиялық тағдырымен тұла бойымызды түршіктіре қоймады. Дегенмен сәтті шыққан сахналар мен образын бағындыра алған кәсіби мамандар баршылық. Амангелді Мұқан, Анар Еркебай сынды айтулы театртанушылардың құнды пікірін есепке алып, кедір-бұдыр жерлерін кестелеп жіберсе, алдағы болатын бәйгелерде үздік үштіктің сапынан көрінеді деген сенімдемін, – дейді.
Спектакльде басты кейіпкерлер махаббатты бәрінен биік қойып, өздерін сол жолда құрбан етеді. Пірәдар қос ғашықтың сезімін қорғаймын деп әлекке түсті. Екі әулет арасындағы қастастық та екі жастың өлімінен соң тоқтайды. Оларға сабақ болған бұл оқиға ел аузында аңызға айналады. Шығарманы Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев аударған соң да ақ өлеңнің иірімі жанға майдай жағады. Қойылымның ерекшелігі – енді ғана үш жыл болған театрдың жас актерлері басты рөлдерді сомдады. Ромео – Данияс Нұрқабден, Мұзафар Ғалымжанұлы, Джульетта – Ақбөпе Жеңісбек, Нұрай Сайлаубаева. Қойылымда елімізге белгілі театр артистері де өнер көрсетті. Мысалы: Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Қонысбек Бегайдаров, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Медғат Өмірәлиев, Мәдениет қайраткері Зәмзәгүл Бегайдарова, танымал театр және кино актері Кенжебек Башаров.
Баспасөз жиынында Медғат Өмірәлиев: «Өзге өңірлік театрға шақыртумен келген алғашқы жұмысым. Бұл маған үлкен тәжірибе болды. Бұл театрдың үлкен бір ерекшелігі балет труппасы екен. Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрында біз де балет труппасын ашсақ деген ұсыныс жасағым келіп отыр», – деді ол.
Қойылымның қоюшы суретшісі – Айнұр Есболатова, композиторы – Нұрсұлтан Төреәли, хореграфы – Мадина Мұратпекова, гримм бойынша суретші – Адэль Нұрқасымова. Театрдың жаңа көркемдік жетекшісі Шынар Омарова қойылымның басты ерекшелігі экперименталды театрда 3 жыл шыңдалған жас актерлерді басты рөлге салғанын үлкен жетістік деп санайтынын жеткізді.
Қойылымға арнайы шақыртумен келген белгілі театр сыншысы Амангелді Мұқан: «Жаңа үлгідегі «Ромео мен Джульеттаны» Түркістан музыкалық драма театрының сахнасында қойылғанын көріп қуанып отырмыз. Дина Жұмабай – жаңаша ізденіспен жүрген режиссер. Талай халықаралық фестивальдарда топ жарып жүр. Әрине, бұл дәстүрлі қойылым емес, заманауи режиссура. Қойылым өз көрерменіне бағытталған, яғни жастарға арналған. Қойылымда неге ортағасырлық заман костюмі жоқ, неге декорация жоқ деп ойлауы мүмкін. Қойылымда екі жастың махаббаты, трагедиялық жағдайға алып келген оқиғалар мен жастардың қайғылы халі алдыңғы орынға шыққан. Жалпы, бүгінгі көрерменге ой салатын әдемі спектакль, мәңгілік классика. Декорацияға минимализм арқылы әдемі шешім тапқан. Жеке фотоларды, қойылым оқиғасындағы бүкіл түйінді ірі планмен екі лэд экранға шығаруы бүгінде режиссурада бар шешім. Қойылымның көңілімнен шықпаған тұстары да бар. Соған қарамастан, режиссер заманауи қолтаңбамен көрерменге жаңаша спектакль ұсынып отырғанына разымын. Режиссер заманауи сценография мен хореографиялық композицияларды ұтымды қолданғаны көрініп тұр. Көркем туындыны қысқаша «жаңа театр» стилінде деп айтуға болады», – деп пікір білдірді.
Ромео мен Джульетта оқиғасы Верона қаласында өтетіні белгілі. Ал Түркістандағы Ромео мен Джульетта ғашықтық дастанның заманауи сахнадағы көрінісі деуге де болатындай.
Тұрсынай ШАМЕТОВА
Түркістан

714 рет
көрсетілді0
пікір