• Ақпарат
  • 09 Мамыр, 2024

«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: ҚОҚЫС ПЕН ҚАЛДЫҚ ҚАЛМАСЫН ДЕСЕК...

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ,

«Ana tili»

Биыл Мемлекет басшысының ұсынысымен «Таза Қазақстан» экология­лық акциясы ұйымдастырылды. Қала, аудан, ауылдық округ тұрғындары, ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері өз аула аумақтары мен аулаларын, ұйымдар мен кәсіпорындарының төңірегін тазалады. Аталған науқан бес аптаға созылды. Әр аптаның өзіндік атауы мен нақты мақсаты бар. Біріншісі – «Таза өлке» апталығы, елді мекендердің тұрғындары, қоғам қайраткерлері, ұйымдардың қызметкерлері өз аумағындағы ауланы тазалады. Екіншісі – «Киелі мекен» апталығы, бұл апта тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыруға арналды. Үшіншісі – «Жасыл аймақ» апталығы, көшет отырғызу, ағаштарды әктеу жұмыстары жүргізілді. Төртіншісі – «Өнегелі ұрпақ» апталығы, бұл аптада ардагерлердің аулалары мен қарттар үйінің аумағын тазалау, абаттандыру жұмысы жүрсе, бесіншісі – «Мөлдір бұлақ» апталығы, өзендер мен көлдер қоқыстан тазартылды.

 

Атсалысқан аймақ көп

Еліміздің оңтүстік және батыс өңірлерінде Наурыз мерекесі аясында  «Таза эстафетасы» экологиялық акциясы өтті. Іс-шара Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Атырау облыстарында, Жетісу облысында және Алматы қаласында жалғасты. Акцияға барлығы 90 мыңнан аса адам қатысты. Акция қорытындысы бойынша, 18 мың тоннадан аса қоқыс жиналып, 600-ден аса жасыл желек отырғызылды.
20 сәуірде Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстарында, Жетісу облысында, Абай және Шымкент, Алматы қалаларында бүкілқазақстандық ағаш егу күні өтті. Акцияға барлығы 25 мың адам қатысып, 100 мыңға жуық ағаш егілді.
Осы жылғы 23–26 сәуір аралығында Қазақстанның барлық өңірінде (Қостанай, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарын қоспағанда) Экология департаменттері жергілікті атқарушы органдар мен БАҚ-тың қатысуымен рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою мәселесі бо­йын­ша баспасөз турын өткізді. 27 сәуірде республиканың барлық өңірінде (Қостанай, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарын қоспағанда) «Таза Қазақстан» респуб­ликалық акциясы өтті. Акция аясында сенбіліктер ұйымдастырылып, жасыл желек отыр­ғызылды. Іс-шараға 230 мыңнан астам адам қатысты, оның ішінде 30 мыңнан астам экоактивистер мен еріктілер, кәсіпорындар мен қоғамдық ұйымдардың 130 мың қызметкері, 70 мың мемлекеттік қызметші қатысты.
Акция қорытындысы бойынша, рес­публика көлемінде 40 мың тоннадан астам қоқыс жиналып, 100 мыңға жуық жасыл желек отырғызылды.
Шығыс Қазақстан, Түркістан облыс­тары мен Жетісу облысының әкімдіктері 6–27 сәуір аралығында «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ» экологиялық акциясын ұйымдастырды, олардың шеңберінде аула учаскелері, ескерткіштер, скверлер мен рекреация­лық аймақтар жиналды. Акцияға 81 мыңнан аса адам қатысып, 8,3 мың тоннадан аса қоқыс жиналды, 232 мыңға жуық ағаш көшеті отырғызылды.
Алматы қаласында аталған іс-шара «Алматы – біздің ортақ үйіміз» жалпықалалық науқаны аясында өтті. Игі бастама аясында қазақстандықтарға тату өмірді дәріптейтін, қоғамдық сана қалыптастырып, жауапкершілікті арттыруды насихаттайтын қайырымдылық және мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды.
Жамбыл облысының Байзақ ауданының жұртшылығы да өз үлесін қосып, тазалық жұмыстарына белсене кірісті. Байзақ ауданының орталығындағы Дендросаябақ аумағында еріктілердің қатысуымен тазалық жұмыстарын жүргізу, сәндік көшеттерді отырғызу іс-шарасы ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты – аудан тұрғындары арасында қоғамдық мәдениет деңгейін арттыру арқылы республикалық деңгейдегі акцияға қолдау көрсету. Аталған іс-шараға 200-ге жуық ерікті жұмылдырылды. 100-ден аса сәндік ағашы егіліп, саябақтың іші тазартылды. Бір шақырымға жуық каналдар мен арықтар тазаланып, 5 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.
Өткен айдың 20 күнінде атқарылған науқанға 1 миллионнан аса адам қатысып, 5 мыңнан аса іс-шара ұйымдастырылды. Акцияның аты айтып тұрғандай, оның мақсаты – азаматтарды өз қаласы мен ауылын, ауласын таза ұстап, көшет отырғызуға үндеу. «Таза Қазақстан» акциясына отандастарымыздан бөлек, әлем футболының жұлдыздары да қатысты. Астанадағы акцияда ағылшын футболының, әсіресе лондондық «Арсеналдың» өз заманындағы айтулы аяқдопшыларының бірі – ивуралық футболшы Коло Туре бой көрсетті. Әлем футболында із қалдырған Коло Туренің енді Астанада да айрықша қолтаңбасы бар. 
«Таза Қазақстан» – тамаша идея. Астанаға келгеніме бірнеше күн болды. Мұнда тазалық апталығы өтіп жатқанын естіп, қатысуға ниет білдірдім. Күнделікті өмірде адамдар өзін бақытты сезінудің бір шарты – тазалық. Сондықтан мемлекет көлемінде ұйым­дастырылған акцияға қатысу, Қазақстанның көркеюіне қосқан тамшыдай болсын үлесім деп білемін», – дейді футболшы Коло Туре.
«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген нақыл сөзді ескерген астаналықтар бір миллионнан аса жасыл желек, ал жасыл белдеу аймағында 200 мың түп көшет отырғызды. 
Туған жердің тазалығы әр адамға парыз болса, «Таза Қазақстан» акциясы соның алғышартын қалыптастыратын дәстүрге айналмақ. Оны Астана тұрғындарымен келіп, көшет отырғызған Президенттің сөзінен аңғаруға болады. «Шын мәнінде, елімізді көгалдандыру, абаттандыру – үлкен мемлекеттік маңызы бар іс. Бұл бүгін шығып, ертең ұмытып кететін бірреттік науқан емес. Аталған жұмыс тұрақты түрде жүргізіледі. Туған жерімізді таза ұстауымыз керек. Бұл – жалпыұлттық мәселе», – деген еді Мемлекет басшысы өз сөзінде. 
Ал «Таза ел үшін» экологиялық қозға­лысының негізін қалаушы Шасәлім Шағалимовтің айтуынша, «Таза Қазақстан» туралы айтқаннан кейін таяқ­тың екінші ұшы бар екенін де ұмытпағанымыз абзал. 2023 жылғы мәліметтерге сүйенсек, бір ғана елорданың іргесінде дәл осындай заңсыз қоқысты төгетін 550-ден аса орын бар екен. 
«Өкінішке қарай, заңсыз қоқыс орындары жаңбырдан кейінгі көктей қаптап барады. Бұған тосқауыл қоюға әкімдіктің шамасы келмейді. Бүкіл қалаға жауап беретін экологиялық полицейлердің саны бесеу-ақ. Күніне жүздеген КАМАЗ қоқыс төгеді, оның қайсыбіріне тосқауыл бола болады? Заң қатал емес. Ұсталғандарға алғашқыда ескерту беріледі. Айыппұлға келсек, бізде темекі тұқылын көшеге тастағаны үшін салынатын айыппұл сомасы далаға 5–6 тонна қоқыс төккеннен көп. 2014 жылдан бері қала тазалығына жаны ашитындардың басын қосып, сенбілік ұйымдастырдық. Алайда соңғы 5–6 жылда заңсыз қоқысты төгу күш алып кетті, қоқыстың  90 пайызы – құрылыс қалдықтары. 500 пәтерлік бір үй салынса, кемі 100 тонна қалдық шығарылады. Мәселенің шешімі – мердігерлерге жазаны қатаңдатып, қадағалауды күшейту», – дейді «Таза ел үшін» экологиялық қозғалысының негізін қалаушы Шасәлім Шағалимов. 

Көп қоқыстан арылу жолы

Белсенді Шасәлім Шағалимовтің  орынды мәселе көтеріп отырғаны рас. Елімізде жыл сайын қоқыс полигондарына төгілетін 100 мың тонна пластиктің тек 3,5 мың тоннасы ғана қайта өңделеді екен. Қалған 96,5 мың тоннасы қайда кететіні белгісіз. Ал, шындығында, осы қалдықтарды ұқсата білсе, қомақты табыс тауып, қайта өңдеу саласын экономикалық айналымға шығаруға болады. Әрі экологияға да пайдалы.
Биылдан бастап 3 жыл мерзімге қайта өңдеу саласына 200 млрд теңге бөлініп отыр. Жыл сайын еліміздің полигондарында шамамен 4,5–5 млн тонна қатты тұрмыстық қалдықтар жиналады екен. Соларды сұрыптау және қайта өңдеу әзірге 24  пайыз шамасында ғана болып тұр. Үкімет болса «2030 жылға дейінгі жасыл экономикаға көшу концепциясына» сәйкес, осындағы үлесті 40 пайызға дейін жеткіземіз деген мақсат қойып отыр.
Жуырда осындай мәселелер «Қазақстанда қайталама шикізатты қайта өңдеу: даму проблемалары мен перс­пективалары» тақырыбында Астанада өткен гибрид форматтағы халық­аралық конференцияда талқыланды. Аталған конференцияны «Қазақстанның қайталама шикізатты қайта өңдеу­шілер қауымдастығы» ЗТБ басқарма төрағасы, «KazakhExport» ЭСК» АҚ қоғамдық кеңесінің төрағасы Батырбек Әубәкіров ұйымдастырған. Оның айтуынша, еліміздің қоқыс полигондарына төгілетін 100 мың тонна плас­тиктің тек 3,5 мың тоннасы ғана қайта өңделеді. «Ал қалған 96,5 мың тоннасы қайда?» деген сұрақты алға тартып отыр.
– Сыртқа әкетілсе, құжаты болуы керек қой. Жерге көмілсе, онда Экологиялық кодекске қайшы. Бұл заңнама  толық жұмыс істемей тұрғанын көрсетпей ме? Сол себепті біз ұзақ жылдардан бері Үкіметке МЖӘ тетігін күшейту арқылы  полигондар мен отандық қайта өңдеушілердің арасында орнықты байланыс орнату, салықтар мен несие­лер бойынша преференциялар беру, Қазақстанның барлық қаласында отандық қайта өңдеушілердің қатысуымен қоқыс сұрыптау желілерін іске қосу, тіпті осы саладағы мәселелердің барлығын қамтитын Жол картасын әзірлеу жөнінде мәселе көтердік.
Осы ретте бүгінде оң шешімдер бар, мысалы, «EcoQolday» бағдарламасы жақсы нәтиже көрсетіп жатыр. Наурыз айында «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы «жасыл» жобаларға жылдық 3 пайызбен несие беру туралы үкімет қау­лысы күшіне енді. Соның аясында Экология министрлігі 2024–2026 жылдарға арналған бағдарлама дайындап, «Жасыл даму» арқылы саланың дамуы үшін 200 млрд теңге субсидия бөліп отыр. Бұл – Қазақстан тарихында болмаған нәрсе.Соның негізінде бүгінгі таңда аймақтар бойынша 94 жобадан тұратын пулл жасақталды. Оның 37-сі алдын ала мақұлдаудан өтті. Десе де бұл қаржы тек қана «жасыл» жобаларға қарастырылғанын баса атап өткім келеді.
Биыл бұл жұмыстар жандана түс­пек. «Жасыл даму» оның операторы болмақ. «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-мен тығыз жұмыс жүргізіліп жатыр. Бірінші кезекте жергілікті атқарушы билікпен қажетті инфрақұрылымдарды құру және «РОП» тетігі шеңберінде құрал-жабдықтарды дамыту бойынша жұмыс жүргізілмек. Ендеше, біз қайта өңдеушілермен әріптестікке дайынбыз, – дейді Батырбек Әубәкіров.
Елімізде қалдықтарды қайта өңдеу­мен айналысатын компанияның бірі – «Еврокристалл» ЖШС. 2011 жылы Шымкент қаласында шыны құю зауытын сала бастаған олар 2014 жылы бірінші желісін іске қосқан болса, 2016 жылдан бері толық қуатында жұмыс істейді. Қазір онда екі пеш пен екі линия жұмыс істеп тұр. Өндірістік қуаты жылына 210 миллион шартты бірлік бұйым шығаруға жетеді. Пайдалану аясы кең, түрлі пішіндегі жоғары сапалы шөлмек ыдыстар шығарады. Көлемі – 200 миллилитр мен 3 литр аралығы. Заманауи жабдықтармен жұмыс істейді. Өздерінің зертханасы бар. Әрине, проблемалары да жоқ емес. 
– Зауыт құрылғалы толық қуатына шығып кете алып отырған жоқ. Негізгі кедергі – қалдық шөлмек сынықтарының қат екені. Мәселен, бізге өндіріске 30 пайыз шөлмек сынығы керек. Оны өз күшімізбен жинауға тырысамыз. Бірақ, қалай болғанда да, 10 пайызын жинап, тапсырушылардан аламыз. Әйтсе де, «Оператор РОП» мекемесі жұмысын тоқтатқалы олардың да ісі саябырсып қалды. «Жасыл даму» АҚ-ға шөлмек сынықтарын қайта өңдеушілерді субсидиялау тетігін қайта іске қосуға қол жеткізгені үшін алғыс айтқым келеді. Бұл – бізге үлкен қолдау. Жұмыс көлемі артатын болады.
Екінші мәселе – газ бағасының өсуі. Бұл бізге қатты әсерін тигізіп отыр. Соның кесірінен нарықта бәсекеге қабілеттілігімізді әлсіретіп алдық. Әсіресе экспортқа шыға алмай қалдық. Теміржол тарифтерінің өзгеруі де өнімнің бағасына қатты әсер етіп отыр.
Шикізат мәселесіне келер болсақ, құм мен мәрмәр тасты ғана біз жергілікті жерден аламыз. Қалғаны сырттан келеді.Санкцияның салқыны бұл салаға да тиіп жатыр. Мәселен, бізге шпатл, доломит, сода сынды тағы да басқа өнімдер керек. Сондықтан ол өнімдерді Қазақстанда да өндіруге мүмкіндіктер қарастыру қажет, сонда ғана шетелге тәуелділіктен арылар едік», – дейді «Еврокристалл» ЖШС коммерциялық директоры Елена Журавлева.    
Сондықтан қоқысты қайта өңдеу саласындағы бүгінде жолға түспей тұрған  мәселенің бірі – сұрыптап жинаумен айналысатын компаниялардың жұмысын жандандыру маңызды болып тұр.

1476 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №20

23 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 10626

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 5445

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 5094

Бақытжан Сатершинов, дінтанушы: ЗАҢДЫ БІЛГЕН ЗАМАНДЫ ДА БІЛЕДІ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4454

Елнұр Бейсенбаев, Мәжіліс депутаты: Әділетті қоғам құру – парызымыз

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4423

Еділхан ӘМІРҒАЛИЕВ, техника ғылымының докторы, профессор: Технологиялық өркениет заманы басталды

  • 18 Сәуір, 2024
  • 4237

Алишер Сатвалдиев, Парламент Сенатының депутаты: Алпыс күн тасыған дария, алты күннен кейін қайтады

  • 02 Мамыр, 2024
  • 3010

Назипа Шанаи: Ана мектебі арқылы ұл да, қыз да дұрыс тәлім алады

  • 02 Мамыр, 2024
  • 2965

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы