- Ақпарат
- 09 Мамыр, 2024
Бір ауылдан аттанған боздақтар
Берік БЕЙСЕНҰЛЫ,
«Ana tili»
Екінші Дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 79 жыл уақыт болса да, ерлік ісі ешқашан ұмытылмайды. Қанша ұрпақ ауысса да, қайта санада жаңғырып тұра береді. Рас, сұм соғыс әр отбасыға салмақ болып тиді. Майданнан оралмаған боздақтар да бар, хабарсыз кеткендер де жетерлік. Десек те, бүгінгі жас буын оларды ұмытпайды.
Екінші Дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл уақыт болса да, ерлік ісі ешқашан ұмытылмайды. Қанша ұрпақ ауысса да, қайта санада жаңғырып тұра береді. Рас, сұм соғыс әр отбасыға салмақ болып тиді. Майданнан оралмаған боздақтар да бар, хабарсыз кеткендер де жетерлік. Десек те, бүгінгі жас буын оларды ұмытпайды.
Сыр өңіріндегі Жаңақорған ауданы Төменарық ауылынан да Екінші Дүниежүзілік соғысқа 300-ден аса азамат аттанды. Қан майданнан оралмағаны да жетерлік, біздің қолымыздағы дерек бойынша Төменарық ауылынан 1930 жылдардың аяғындағы фин және 1941 жылғы басталған Екінші Дүниежүзілік соғысқа ауылдан аттанған 200-дей азамат қаза тапты. 100- ден аса азамат жаралы болып, елге оралған. Бұл мәліметтер әлі де толық емес. Оны толықтыру – алдағы іс. Өйткені олардың ішінде хабарсыз кеткендері де жетерлік. Олардың қай жерде қаза тапқаны, қайда жерленгені де белгісіз. Бірақ ерлік істер ешқашан ұмытылмайды. Ал соғыс ардагерлерінің арасында даңққа бөленгендері де аз емес (суретте: соғыс ардагерлері). Олардың ішінен артиллерист, екі рет «Даңқ», «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері атанған Мұратбек Бекжановты, ұшқыш-атқыш, фин және Екінші Дүниежүзілік соғысқа қатысқан Абыдын Мұсабаевты, Рейхстаг түбінен қайтқан, Мәскеу және Берлин операцияларының жауынгері Айдар Әлиевті атап өтпеске болмайды.
Әрине, бүгінде Төменарық ауылында соғыс ардагерлерінің бірі де жоқ. Бәрі де өмірден өтті. Бірақ олардың ерлігі қағаз бетіне түсті. Ауылдағы №53 мектептегі музейде бірсыпырасының ерлік істері жазылып, хатталып тұр. Соғыс ардагерлерінің бірі Мажит Шадиковтің сол ауыр жылдардың оқиғасын былай деп еске алғаны бар.
«Мен, Мұстапаев Тілеубай, Камалов Әзиз және Шілманов Молдабек – төртеуіміз майданда бірге аттандық. Майданда әр жерде болғанымызбен, бір мезгілде жараланыппыз. Бәріміз бір уақытта, бір госпитальға түсіппіз. Азғын, жүдеуміз. Азған адамның денесін қотыр баспай ма? Жараланғанымыз аздай, бірімізден кейін біріміз қотыр бола бастадық. Ақыры, сәбіз ұрлап әкеліп, бір-бірімізді тамақтандырып, өзімізді сөйтіп аман алып қалдық. Соғыс бітіп, ауылда кездескенде, балаларымызды «қотыр сәбіздің балалары» деп атап жүретінбіз».
Тағы бір мысал, Төменарық ауылынан соғысқа аттанған Александр Дмитриевич Романов Жеңіс күніне жақын қалғанда ерлікпен қаза тапты. Оған ерлігі үшін Кеңес одағының батыры атағы берілді. Александр Дмитриевич Романов 1922 жылы Төменарық ауылында теміржол жұмысшысының отбасында дүниеге келді. Соғыстың басталған алғашқы күндерінде Александр әскери училищені бітіріп, майданға аттанды. Ал 1942 жылдың маусым айынан бастап қан майданға араласты. Кеңес офицері жаумен шайқаса отырып, Еділден Эльбаға дейін жетті. Бірінші Украин майданындағы 3-гвардияшы танк армиясына қарасты Қызыл тулы Суворов орденді 70-механикаландырылған Проскуров бригадасының 1-мотоатқыштар батальонында рота командирі болды. Лейтенант Александр Романов 1945 жылдың көктемін Берлиннің іргесінде, Нейсе өзенінің жағасында қарсы алды. Берлинге шабуыл жасаған күндері офицер Александр Романовтың командирлік ерлігі барынша айқын көрінді. 23 сәуірде Романовтың ротасы күші басым жаудың алты бірдей қарсылығын тойтарды. Пулемет пен минометтен қарша бораған оққа қарамастан, Тельтов каналын кешіп өтіп, жау плацдармын қолға түсірді. Сөйтіп, соңынан жеткен әскерлердің каналдан өтуін қамтамасыз етті. 27 сәуір күні Романовтың ротасы көшеде қиямет-қайым ұрыс ортасында болды. Басқыншылардың шабуылы тойтарылды, бірақ осы шайқаста Сыр бойының түлегі, төменарықтық жауынгер Александр Романов жау оғынан қаза тапты. Отанға шексіз берілгендігі, ерлігі мен батылдығы, сондай-ақ командованиенің жауынгерлік тапсырмаларын мүлтіксіз орындағаны үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1945 жылғы 27 маусымдағы Жарлығымен Александр Дмитриевич Романовқа қаза тапқаннан кейін Кеңес одағының Батыры атағы берілді. Оның есімі мәңгі ел есінде қалды. Ол оқыған Төменарық поселкесіндегі №53 орта мектеп қазір Александр Дмитриевич Романовтың есімімен аталады. Мектеп музейінде батырға арналған бөлме бар.
Халықтың жадында өшпес жара қалдырған сол сұм соғысқа екі рет барған азаматтар да бар. Сондай майдангердің бірі 1923 жылдың қаңтар айында дүниеге келген Тілеубай Мұстапаұлы еді. Ол алты жасында анасынан айырылды. Ашаршылық кезеңді басынан өткізіп, тағдырдың ауыр сынағынан сүрінбей өткенде соғыс басталды. Ол 1942 жылғы 6 маусымда Жаңақорған аудандық әскери комиссариаты арқылы соғысқа алынды. №84 атқыштар полкінде болды. Арнайы мергендер дайындайтын жаттығудан өтіп, соғысқа жіберілді. Курск шайқасына қатысты. 1943 жылдың 17 желтоқсанында жарақат алғаннан кейін елге оралды. 1944 жылдың көктемінде оны соғысқа қатысып келген жауынгер ретінде 4 айлық жеделдетілген прокурор көмекшісінің оқуына жіберуге ұйғарым жасайды. Әскери комиссариат өкілімен бірге кешкісін Тілеубайдың әкесі Мұстапаға келеді. Өкіл жағдайды түсіндіреді. «Ер-азаматтардың барлығы соғыста, балаңызды осы оқуға жіберсек, елде қалады, болмаса қайта соғысқа алып кетеді», – дейді. Мұстапа үнсіз қалады. Ертесіне әкесі Мұстапа түс көріп, түсінде баласы соғысқа кетіп, аман-есен оралыпты. Артында кішкентай қапшығы бар екен. «Нан алып келдім», – депті. Әкесі қапшығында кішкентай бір түйір нан бар деп ойлапты. Қапшықтың аузын ашқанда ішінен көп нан шығып жатыр екен. Әкесі қуанып жатып оянып кеткен көрінеді. Сөйтіп, 1944 жылдың көктемінде соғысқа қайта аттанады. Ол 1945 жылдың 11 мамыр күні Берлиндегі жеңісті Кеңес әскері қатарында тойлағанның бірі. 1946 жылдың қыркүйек айына дейін сол қалада әскери борышын өтейді. Бұл туралы толық мағлұмат, құжаттар Төменарық ауылындағы №53 орта мектебінің музейінде сақталған.
1946 жылдың күзінде елге келіп, отбасын құрып, 2 ұл, 4 қыз тәрбиеледі. Еңбек жолы алғашқыда Қызыл отауда жұмыс істеуден басталса, кейін қаржы агентінде, аудандық мал бордақылау мекемесінде жалғасты. Ұжымға, елге сыйлы азамат болды. 1984 жылғы 10 қыркүйекте Қызылорда облыстық халық депутаттар кеңесінің шешімімен «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. 1988 жылы дүние салды. Майдангер Тілеубай Мұстапаұлы соғыстағы ерлігі үшін бірнеше медальмен марапатталған. Олардың арасында «1941–1945 жылғы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалі, «Жеңістің 20 жылдығы» және Жеңістің 30–40 жылдықтың медалі, 1967 жылғы 26 желтоқсанда «КСРО Қарулы күштеріне 50 жыл» медалімен марапатталғаны бүгінгі ұрпаққа мақтаныш, үлгі, абырой десек өте орынды.
Рас, бүгінгі күні Төменарық ауылында көзі тірі соғыс ардагері қалған жоқ. Бәрі де өмірден өтті. Алайда олардың жарқын бейнесі ұмытылмайды.Ұрпақ арасындағы сабақтастық, аға буын ақсақалдардың ерлік ісі бүгінгі жас буынға сабақ. Жас ұрпақ олардың ерлігін мақтан етті және соларға ұқсап өсті. Осы жерде мына бір оқиғаны айтпай кетуге болмайтын шығар. 1994 жылы дүниеге келген Төменарық ауылының түлегі Нұрасыл Мүбәраков 2013 жылы әскер қатарына шақырылып, Алматыдағы №7552 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеді. Өмір мен өлім арпалысқан сол күнгі оқиға оның тағдырына үлкен бетбұрыс жасады. 2013 жылдың 5 желтоқсаны жас сарбаз Нұрасыл Мүбәраковтің есінде мәңгі сақталып қалды. Алматыдан Семейге бағыт алған пойыз құрамындағы сотталғандар тиелген арнайы вагонда тосыннан төтенше оқиға орын алды. Дәретханаға баруды сылтау қылған сотталушының бірі вагон дәлізінің тарлығын пайдаланып, сарбаз Мүбәраковке тұтқиылдан шабуыл жасап, оның тапаншасын тартып алып, өзіне оқ жұмсады. Қатерлі сәтте қарауыл басшысының көмекшісі, сержант Жандос Баянбаев көмекке келіп үлгерді. Бірақ кәнігі қылмыскер оған да тапаншадан оқ атты. Жараланғанына қарамастан, қос сарбаз қылмыскермен алысып, оның қашып кетуіне бөгет жасады. Соның арасында қосымша көмек келіп үлгерді. Қос жауынгердің ерлігі ескерусіз қалған жоқ. Кіші сержант Жандос Баянбаев Президент Жарлығымен ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, күзетші-ефрейтор Нұрасыл Мүбәраков «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Иә, ерлікке қай жерде де орын бар, өйткені ерлік тек соғыста ғана жасалмайды.
Бүгін Төменарық ауылында Жеңіс саябағы бар. Соғыс ардагерлерінің ерлік даңқын баян етіп, еске алатын жас буын Жеңіс күні осы жерге келіп, ерлікке бас иеді. Ардагерлердің қаһармандығын баян етеді. Іс-шара өткізеді. Ардагерлерді еске алу, майдангерлерді құрметтеу, олардың есімін ұлықтау осылай бүгінгі жас ұрпақтың басты парызына айналып барады.
707 рет
көрсетілді0
пікір