• Ақпарат
  • 09 Мамыр, 2024

ЕЛДІ ҚОРҒАУ – АЗАМАТТЫҚ БОРЫШ

Уақыт пен құндылық өзгерген сайын ер-азаматтарымыз әскерге барып-келуді қажеттілік ретінде қалыптастырып келеді. Себебі Қазақстанның әр азаматы үшін әскеріміздің әлеуеті маңызды. Ендеше 7 мамыр Отан қорғаушылар күніне орай әскерге барып, қырағылықтың қыр-сырын қалыптастырған екі дәуірдің азаматынан пікір алудың сәті түсті. Бірі – өткен ғасырдың Отан қорғаушысы болса, енді бірі – жаңа заманның жасы...

 

Мұхамбетжан Әбдібеков, Қазақстан қарулы күштерінің ардагері, әскери заңгер, полковник:

– 7 мамыр Қазақстан Қарулы күштері құрылған, яғни Отан қорғау­шылар күні. Сіз үшін бұл күннің мәні мен мазмұны қандай?  
– 1992 жылғы 7 мамырда Кеңес әскерлерінің елімізде шоғырланған құрамы негізінде Қазақстанның Қарулы күштері құрылды. Бұл күн елімізде мемлекеттік мереке және  демалыс күні болып саналады. Өйткені Отан қорғау  – әр халықтың қасиетті парызы. Отан – үлкен ұғым. Сол жүрекпен, сол тілекпен Отаныңды қорғайсың. Мен де бұл саланы бала кезімнен армандап, қарым-қабілетіме қарай таңдаған едім. Міне, содан бері жа­уапкершілігі жоғары қасиетті мамандықты таңдағаныма бір күн де өкінген емеспін. Ал қазір жағдай қандай? Көп жағдайда ата-­ана балаcын аяп, әскерден алып қалып жатады. Шын мәнісінде, ер жігіт шыңдалу үшін, нағыз азаматтық мінез қалыптастыру үшін әскерге барғаны абзал. Меніңше, әр ата-ана бұл мәселені ұлттық деңгейде ойлауы керек.
Азамат Бекмаханбет, әскери кафедра түлегі: 
– Халық бұл күнді ер-­азаматтар мерекесімен ғана байланыстырып жатады. Шын мәнісінде, елім деген әрбір ер үшін Отан қорғау­шылар күні жыл он екі айдағы ең қасиетті күнмен бірдей болуы керек. Өзім ата-ананың, бауырдың, туған-туыстың қадірін әскерде жүріп түсіндім. Бірақ үлкен құлшыныспен бардым. Әскерді саналы түрде қабылдау психологияға тікелей байланыс­ты. «Мен бәрін жеңемін», «төземін» деп барса, бәрі ойдағыдай болады. Мен еркелік мінезді қалдырып, жігітке тән салқынқандылық, сабырлы мінезді қалыптастырдым. Ата-анам да әскерге аттануыма қарсы болмады. Бірден құптап, қолпаштады. Меніңше, әр азамат әскердің қиындығы мен қызығын көруге тиіс.

Мұхамбетжан Әбдібеков: 

– Әскерде көрген қызығыңызбен қатар, қиындығыңызды бөліссеңіз. 
– Қазақстан азаматына Отанын сырт­қы және ішкі қауіптен қорғау – азаматтық парызы мен міндеті. Мұны халқымыз «Отан үшін күрес – ерге тиген үлес» деген нақылмен түсіндірген. Батырлықтың рәмізі болған Б.Момышұлының «Отан үшін отқа түс – күймейсің» деген жалынды сөзі талай жастың жігерін жанып, намысын оятқан, оятады да. «Бабалар сөзі – тәрбиенің көзі» демекші, менің әскер жасына жеткен кезімде Ауғанстанда соғыстың қайнап жатқан тұсы еді. Ол жастардың арасында мен де бар едім. Бірақ әскери комиссариат қызметкерлері «кімнің мектеп бітірген атестаттарының балы жоғары болса, кейін соғысқа офицер болып барады» деп, мені жоғары әскери оқу орынына жіберді. Мен әскери оқуды тамамдағанша, ауған соғысы да  аяқталды. 
Ол кезде менің қатарластарымның көбі Отан қорғаушы, ғарышкер, ұшқыш, офицер боламыз деп армандайтын. Сол арманымыздың желеуімен жеті жыл әскери қызметімді өткердім. Кейін еліміз Тәуелсіздік алған соң,  28 жыл Отанымызды қорғау саласында  қызмет еттім. «Отанымызды тек әскерде жүріп қана қорғауға болады» деп ойлау дұрыс емес, азаматтық өмірде де жүріп  қорғауға болады. Ол үшін еліміздің экономикалық тұрғыда дамуына сапалы еңбегімен үлес қосса, мемлекет мығым болады. 

Азамат Бекмаханбет: 

– Әскердің, әрине, өзіндік қиындықтары болады. Алғаш қолға қару ұстағанда бойымды қорқыныш сезімі кернейтін. Қаталдықты да, қамқорлықты да көрдік. Алайда көп кешікпей бұған да үйрендім. Жүйелілік, бірреттілікті қалыптастырдым. Бұл – менің өмір жолымдағы ең үлкен жетістігім. Себебі бойыма ұлтжандылық, отансүйгіштік сезімін қалыптастырдым. Ал болашақта немере-шөберелеріме әскерге барғанымды үлкен мақтанышпен айтып отыратыным сөзсіз.
Мұхамбетжан Әбдібеков:
– Ата Заңымыздың 36-бабында «Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті» деп бекітілген.  «Азаматтық парызды өтеу – борыш. Отан алдындағы борыш – ең қасиетті парыз. Отанды сүю – міндетің, Отанды қорғау – парызың» дейді қазақ даналығы. Жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеуде, ең алдымен, өткен ғасырдың басында қазақ халқының елдігін, мемлекеттілігін сақтап қалу жолында жан қиған Алаш арыстары, Екінші Дүниежүзілік соғыс жылдарында отаншылдықтың озық үлгісін танытып, өзге ұлттардың алдында еңсесі биік тұрған қазақ сарбаздары мен сардарлары, ауған соғысы майданының алғы шебінен табылған қайсарлығы қанында бар қазақ жігіттері, еліміздің азаттығы үшін күрескен ата-бабалардың жолын қуған ұлтымыздың желтоқсаншы батыр қыздары мен ұлдары секілді ұлы тұлғаларымыздың ісі мен өнегесін, артына қалдырған бай мұраларын жан-жақты әрі терең насихаттай білуіміз керек. Қазақ халқы қашанда ер баланы отбасының тірегі, елдің қорғаны болуға тәрбиелеген. Ал әскерге барып, азаматтық парызын өтеп келгендер қашан да абыройлы саналады.
Сондықтан бүгінгі Қазақстан Қарулы Күштерінің Отан қорғау жолындағы іс-әрекеттері зор, әскерімізді қажетті жауынгерлік деңгейде қалыптастыру жұмысы қарқынды жүруде, әскеріміздің Отанымызды қорғау қабілеті биік.

Азамат Бекмаханбет:

«Әскер дегеніміз – нағыз өмір, намыс, ерлік, ержүректік, батылдық және тәртіп, таза және сенімді отаншылдық мектебі. Демек, еліміздің азаматтары заңда белгіленген тәртіппен қарулы күштердің түрлері бойынша әскери қызметін атқару барысында бір ғана мақсатты көздеуге тиіс: мемлекеттік қызметтің түбегейлі қағидалары ретінде саналатын қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылыққа, бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық дамуға, қазақстандық отаншылдыққа адал қызмет ету қағидасы. 
Өз Отанын қорғау, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, барынша нығайту, Қарулы күштердің жауынгерлік әзірлігін  жоғары деңгейде ұстау – әскери парыз. Онда Қазақстан Қарулы күштерінің отаншылдық және бітімгершілік маңызды тапсырмасы қамтылған. Отанды қорғау барлық уақытта біздің халықта биік мұрат, қасиетті парыз болып саналған. Ол қазақ батырларының барлық ұрпағының ержүректілігі және айбындылығының қайнар көзі болған.
Қазақ – ықылым замандардан бері жауынгер халық. Жаугершілік кездері «аттан» деген ұран шыққанда үйде отырып қалу олар үшін өліммен тең болған. Ал елімізде жыл сайын 37–38 мың азамат әскерге шақырту алады. Бірақ олардың 20 мыңдайы ғана әскерге барып, өзіндік қиындығы мен қызығын қатар көреді. Бірақ осы 20 мың азамат әскерде болып,  Отанға деген ұлы сүйіспеншілікпен қайтады. Сондықтан тәуелсіз еліміздің қорғаныс қабілеті жоғары екеніне бек сенімдімін.

Ақгүл Айдарбекқызы

944 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 9322

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7386

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 5128

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4510

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4474

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4433

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4170

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 4162

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы