• Ақпарат
  • 16 Мамыр, 2024

Сәкен Бибосынов, бокстан Токио олимпиадасының қола жүлдегері: ӨЗІММЕН КҮРЕСІП ЖҮРМІН

13–18 мамыр аралығында Астана қаласында «Elorda Сup» халықаралық бокс турнирі өтіп жатыр. Турнир қарсаңында бас бапкермен, боксшылармен сұқбаттас­тық. Құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжановты әңгімеге тартқанымызда Бибосыновтың футбол десе, ішкен асын жерге қоятынын айтты. Осы факт қызықтыр­ған соң әрі қарай қазбалап, боксшымен жақынырақ танысып, жетістік жолына үңілдік. Түсінгеніміздей, Сәкен кез келген жағдайды ақыл таразысына салатын намысқой жігіт екен. 
 

 

Жігерді жаныған жарақат

«Elorda Cup» турнирі – Олимпиада алдындағы дайындықты пысықтауға таптырмас мүмкіндік. Одан кейін екі жаттығу жиыны күтіп тұр. Аянбай еңбек ету керек. Өйткені олимпиада ойындарына санаулы күн қалды. Өзімді барынша қамшылап жүрмін. Межеге жақындаған сайын толқи түсемін. Олимпиадаға 100% да­йынмын демеймін. Осы межеге жету үшін жұмыс істеп жүрмін. Тәжірибе жағынан толықпын дей аламын. Бұл – менің екінші Олимпиадам. Қателік жібермей, физикалық тұрғыдан тәжірибемді шыңдап, дайын болып барамын. Естеріңізде болса, Токио олимпиадасында бір ғана соққы тағдырымды шешіп кетті. Үлкен мүмкіндікті уысымнан шығарып алдым. Сол үшін аса сақ қимылдауға бекіндім. Шаршы алаңдағы жылдамдықты еселеп, қас қағым сәтті де бақылауда ұстамақ керек. 
Иә, чемпион болу оңай емес. Алдыңнан қаншама қиындық пен сынақ күтіп тұрады. Жарақаттың көзге көрінетіні-көрінбейтіні бар. Осыны еңсеріп, сынбай келеміз. 2023 жыл ауыр жыл болды. Өткен жылдың басында жарақат алдым. Токио олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионы атанып жүрген кезім. Асып-тасып кеттім бе – білмедім, соған орай сынақ деп қабылдадым. Өйт­кені осы жағдайдан кейін өзімді дереу қолға алдым. Екі ай жарақатпен алысып, жаттығу жасай алмадым. Бұғанамды сындырдым, ота жасаттық. Ота Алматы қаласында өтті. Ауыр болды, темір орнатып қойды. Дәрігерім толық жазылған соң, 6–9 айдан кейін жаттығуға кірісуге рұқсат берген. Алайда екі ай өтер-өтпестен жаттығу залына қайта оралдым. Егер мұндай шешім қабылдамасам, мені қатардан сызып тастар еді. Сол үшін қарсыластармен қатар, өзіммен де күрестім. Барынша шыңдалуға, мақсатыма жетуге асықтым. Бірақ сәтсіздік болмады емес, болды. 2023 жылы Әлем чемпионатына қатысып, бірінші кездесуде ұтылдым. Азия ойындарында бақ сынап, екінші кездесуде сүріндім. Аталған турнирлердегі сәтсіздік соққы болып тиді. Оның үстіне әлеуметтік желіде «51 килодағы боксшыны ауыстыру керек», «ұлттық құраманың бас бапкері шәкіртін тарта береді» дейтін сынның астында қалдым. Содан өзімді қамшылап, «қаншама еңбегің бар, мақсатыңа бір жыл ғана қалды, оян» деп екінші тынысымды аштым. Сөйттім де, ел ішіндегі спартакиада ойындарында 51 килодағы нөмірі бірінші боксшы екенімді дәлелдеп, менімен салыстырып жүрген жігіттердің бәрін ұттым. Одан кейін лицензияға қол жеткіздім. Мұның сыртында қаншама қиындық кезікті. Оны қасымда жүрген жақындарым мен ағайын-туыс қана біледі. Бұл – спорт. Оңайлықпен ештеңеге қол жеткізбейсің. Атақ-даңқ қиындықпен бірге келеді. Алдыңдағы асудан аспай, шыңдалдым, чемпионмын деу бекер. Спорт медицинасы кенжелеп қалды деп жатамыз. Иә, жеткілікті дәрежеде дамымай тұр. Десе де алға ілгерілеп келеміз. Мысалы, Бокс федерациясы жанындағы ғылыми топ барынша ізденеді. Басқа елдің спортшыларын зерттеп, не ішіп-жейтініне дейін талдау жасайды. Қалпына келу жайын да зерделеп, рационға жаңа дәрумен түрлерін енгізіп жатыр. Себебі алдымызда Париж олимпиадасы күтіп тұрды. Жаттығу барысында боксшыларға пульс өлшейтін құрал тағып қояды. Қанша жүктеме беру керек, қашан демалу керек – барынша қадағалайды. Оқу-жаттығу жиынында дұрыс тамақтанамыз. Тамақ пен салмақ жағынан қиындық туындамайды. Бір салмақта жүргеніме он жылға таяу уақыт болды. Әрине, салмақты ұстап тұру қиын. Уақтылы жүріп-тұрып, режім ұстану керек. Демалысты да ұмытпаған абзал. Жақында Италияда лицензиялық турнир өтті. Бас-аяғы екі апта уақыт кетті. Бәйгеге қосатын жарау аттай белгіленген аралықта бар күшті сарқып, бітті деген тұста босаңсып сала бердім. Негізі, өзім жарыстан кейін екі апта немесе он күн жаттығу жасамай, демалғанды ұнатамын. Отбасыма көңіл бөліп, күш жинаймыз. Белгілі уақыт таяғанда өзің-ақ жаттығу жиынын сағынғаныңды сезесің. 

Тағдырды өзгерткен таңдау

Жарақат алғанымды айттым. Дәлірек айтқанда, бокстан алмаған жарақатымды футболдан «таптым». Жақын-жуығым футбол десе, ішкен асымды жерге қоятынымды біледі. Тәп-тәуір ойыншымын. Әңгіме ауанының футболға ауысқанын байқадыңыз. Басынан бастап баяндап берейін. Өзім Ташкент облысы Бостандық ауданында дүниеге келгенмін. Бала кезден ағамнан тәлім алдым. Ол бокстан спорт шебері еді. Үйде жүріп-ақ бокс әліппесін үйретті. Ағаммен бокс жайында, болашақ турасында әңгімелескеніміз көз алдымнан кетпейді. Маған талмай еңбектенсем, талай жетістікке жетерімді, ел көріп, жер танитынымды айтып отыратын. Ата-­анам мақтан тұтып, олардың жағдайын жасай алатынымды құлағыма құйды. Бір сөзбен айтқанда, боксқа махаббатымды оятты. Бұлай дейтінім, өзім футболды бір кісідей жақсы ойнайтынмын. Ойын мәнерімді көрген мамандар ата-анама келіп, «балаңызды футболға беріңіз, мықты ойыншы шығады» деп сан мәрте айтты. Сонда олар таңдауды өзіме қалдырып, ненің көбірек ұнайтынын шешуді өтінді. Ағам екеуміз ұзақ сөйлесіп, жетістік жолына жоспар құрдық. Футболда өзің талантты болып, командаластарың әлсіз болса, жеңіс жолдас болмайтынын ашық түсіндірді. Ал бокста талмай еңбектенсең, нәтиже көрсетерімді бағамдады. Осылайша, боксты таңдап, сол жолда маңдай терімді төгуге бекіндім. Бекіндім де «Қызылорда, қайдасың?» деп спорт мектеп-интернатына ауыстым. Одан бұрын 8-сыныпқа дейін Өзбекстанда тәлім алдым. 
Сөйтіп, 9-сыныпта Қызылорда қаласында спорт интернатына оқуға түстім. Оны бітірген соң, Шымкенттегі Әлеуметтік педагогикалық колледжге қабылдандым. Негізі, Алматы қаласында оқығым келді. Үш рет құжат тапсырғаныммен, оң жауап келмеді. Ал Шымкентте алты жыл Қуатбек Қадырбеков шаңырағында тұрып, тәлім алдым. Балаларынан бөліп-жарған жоқ. Жетістікке жетуіме себепші жандардың бірі – осы кісі. Менің шыдамды, еңбекқор, бастаған істі орта жолда қалдырмайтынымды байқап, Мырзағали Айтжановқа жетектеп апарды. 

Болмысы биік бапкер

2015 жылы Қуатбек Қадырбеков ағам жетелеп Мырзағали Айтжановқа әкеліп, табыстады. Біржан, Қайрат ағаларымызбен бірге жаттықтым. Ересектер құрамына ауысып, Қазақстан біріншілігіне қатысып, ширек финалға дейін бардым. Дегенмен ұлттық құрама сапына іліге алмадым. Осы қарқынымды көрген Мырзағали Құланұлы менен бірдеңе шығарын байқады ма – дайындыққа үзбей келуімді сұрады. Қолдауы дем беріп, тыңғылықты дайындыққа көштім. Осы аралықта «Astana Arlans» клубы сапына қабылдандым. Бапкеріммен бірге 2018 жылы ел чемпионатына қатысып, алғаш рет екінші орын алдым. Ішкі бәсекедегі екінші нөмірлі боксшы атандым. 2019 жылы Спартакиада ойындарында жеңімпаз атанып, бірінші нөмірлі боксшыға айналдым. Нәтижесінде Әлем чемпионатына жолдама алдым. 
Алғашқы байрақты бәсеке. Қобалжыдым, әрине. Бірінші айналымда монғол боксшысын 3:2 есебімен ұттым. Осы ретте бапкерімнің өз ісінің білгірі екенін алға тартамын. «Адам бірінші өз-өзін жеңбей, қарсыласын жеңе алмайды» дегені әлі күнге құлағымда тұр. Өйткені екінші айналымда Рио олимпиадасының күміс жүлдегері, Әлем чемпионатының қола жүлдегері колумбиялық боксшымен кездесетінімді естідім. Іштей абдырап қалдым. Сонда бапкерім «ол чемпион болса, 2016 жылы болған шығар. Қазір сен мықтысың, алаңға шық та көрсет кім екеніңді» деп жігерлендірді. Айтқаны күш беріп, мықты қарсыласты жарыс жолынан ығыстырдым. Жеңісім ішкі отымды маздатып, келесі кездесуде Еуропа ойындарының жүлдегері, армян боксшысымен қолғап түйістіріп, жартылай финалға жолдама алдым. Жартылай финалда Амит Пангал есімді талантты боксшыдан ұтылып, алғашқы бәсекемнен қола медальмен қайттым. Одан кейін, 2020 жылы, Азия квалификациялық турнирі күтіп тұрды. Сегіз боксшы бардық, оның жетеуі менен бұрын лицензияға ие болды. Онсыз да намыс өлтіріп бара жатқанда, жығылғанға жұдырық дегендей, ширек финалда қытай боксшысынан ұтылып қалдым. Өз-өзімді жинап, қосымша кездесуде жеңіске жеттім. Ұлттық құрама сапынан соңғы болып лицензияға қол жеткіздім. Сөйтіп жүргенде, олимпиада бір жылға шегерілді. Дегенмен дайындықтан қалмай, бапты жоғалтпауға барымды салдым. 
Көптен күткен Токио олимпиадасында алғашқы кездесуде пуэрто-рикалық боксшыны ұттым. Екінші кезеңде әлемдік рейтингіде екінші орында тұрған француз боксшысын ұттым. Бұл кездесуге барымды салдым, білемін. Өйткені екі ай бұрын есе жібергенімді естен шығарғаным жоқ. Ал ширек финалда испан боксшысын ұтып, жартылай финалға жолдама алдым. Олимпиада аурасы қысып бара жатқан шақ. Себебі жүлдеге қол созым жер қалған тұста бірге барған сегіз боксшыдан өзім ғана қалдым. Елдің сенімі, намысы қолда тұр. Жартылай финал дегеніміз кемінде қола қолда деген сөз. Бірақ біздің делегациядан ешкім алтын алмаған соң, финалға өткің келеді-ақ. Барымды салып бокстастым. Одан басым түспесем, кем түскенім жоқ. Тек бір соққы жіберіп алдым. Қателігім – сол. Төрешілер де соны байқады да, басқа тұсты елеген жоқ. Нәтижесінде жеңісті қарсыласқа жазды. Бұл медальдің мансабымдағы құны жоғары. Сол кездесуді әлі күнге мың қайтара көремін. Анализ жасаймын. Олимпиада алтынын арқалау – бала күннен арманым. Токиодан атпаған «таңды» Парижден қарсы алғым келеді. 
Бапкерім туралы айтқанда мына оқиға еске түсетіні бар. 2021 жыл, Белградтағы Әлем чемпионаты. Әр кездесу сайын коронавирусқа тест тапсырамыз. Осылайша, жартылай финалдан кейін бапкер Ермек Ертаев пен менің тест нәтижем оң болып шықты. «Оқшаулау керек, бөлмесінен шығармаңыздар, финалға қатыспайды» деген бұйрық келді. «Олимпиадада қола алдым, одан кейінгі ірі турнирлерде үшінші орыннан көріндім» деген ой жанымды жегідей жеп барады. Өйткені алтын медаль алуға тамаша мүмкіндік туып тұрған. Мырзағали аға келіп, денсаулығымды сұрап, қал-жағдайым жақсы екеніне көз жеткізді. Қайта тест тапсыруға кеңес беріп, демеді. Сөйтіп, Бокс федерациясының басшылары аэропортқа апарып, ақылы тест тапсырдық. Теріс нәтиже көрсетілген қағазды IBA-ға көрсетіп, әрең дегенге финалға қатысуға рұқсат алдық. Бапкерім асқан сабырмен шешім қабылдап, қамшыламағанда алтынсыз қалар едім. Өйткені өзімнен өзім күмәндансам да, бапкерім маған толықтай сенеді. 

Ошақ басындағы жылу

Отбасымды Өзбекстанда қалдырып, өзім Шымкентке қоныс аударғанымды айттым ғой. Сол кезде біраз қиындық басымнан өтті. Кейде «боксты қойсам ба екен» дейтін ой да мазалады. Ағам райымнан қайтарып, жігерімді жани түсті. Ақылын айтып, сынбауымды сұрады. Талай жарыста сүріндім, қайта тұрдым. Шыңға шығамын деп жүргенімде әкемнен айырылып қалдым. Осыдан кейін «қайтсем де жағдайымды түзеп, анамды қолыма аламын» деп мақсат қойдым. «Astana Arlans-тан» алатын жалақымның мұртын бұзбай жинадым. Сәті түскендей 2019 жылы Әлем біріншілігінен алған сыйақы қалауымды орындауға көмектесті. Өзбекстандағы үйді сатып, анамды елге әкелдім. Бастапқыда жер алып, үй соғатын ойым болған. Дегенмен бар тапқанымды жинап, пәтер сатып алдым. Кейін бұл пәтерді ағама табыстап, Шымкенттің орталығынан үйлі болдық. Қазір анаммен, отбасыммен бірге сол үйде тұрамыз. Қолым қалт ете қалса, отбасымның жанынан табылуға тырысамын. Олар менің мотиваторым. Қандай жағдай болса да демейтін жандар. 

Кіл жүйрікте кім жүйрік?

51 килоға дейінгі салмақта мықты былғары қолғап шебері жетерлік. Соның біразына тоқталғым келіп отыр. Байыр­ғы қарсыласым, Рио олимпиадасының чемпионы – Хасанбой Досматов. Екеуміз 2021 жылы Әлем чемпионатында кездес­тік, сол турнирде жеңіс менің жағымда болды. 2022 жылы Азия біріншілігінің финалында ұтылып қалдым. Азия ойындарында да соған есе жібердім. Өзбектер оны өзара «профессор» деп атайды екен. Боксшылардан мәнін сұрағанымда қарсыласын терең зерттеп, кездесулерін сағаттап көретінін айтты. Одан кейін француз Бенама Билал бар. Оны Токио олимпиадасындағы кездесуде ұтқанмын. Жалпы, төрт рет кездесіп, екеуінде мен, қалғанында ол жеңіске жетті. Кубаның жас боксшысын да қатарға қосқан жөн. Жас өренді өткен жылы елорда кубогінде ұттым. Үндістандық Амит Пангал мен Депак тағы бар. Екеуінің біреуі лицензия алады деп ойлаймын. Жапон боксшысы да мықты. Оларға арнайы тактика, жоспар құрып жатырмыз. Алдағы аламанда бақ пен бап қатар шапса деген тілек бар. 
Өзіме Тренс Кроуфордтың бокс мәнері, жүріп өткен жолы ұнайды. Одан бөлек, Серік Сәпиев, Бақтияр Артаев, Данияр Елеусізовті үлгі тұтамын. Болашақта кәсіпқой боксқа ауысқым келеді. Әрине, жеке бапкерімнің батасын алып, жаңа дүрмекке ілессем деймін. Саланы ақырындап зерттеп жүрмін. Кәсіпқой бокстағы аға-бауырлармен кеңесіп жатырмын. Десе де бар ойым Париж олимпиадасында. Қалғаны – уақыт еншісіндегі дүние. 

Жазып алған 
Айзат Айдарқызы

1885 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

17 Сәуір, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы