- Тұлға
- 16 Мамыр, 2024
АБАЙ МЕН АҚАН СЕРІ

«Абай мен «Ақан сопы болып дүние кешеді: 1843 жылы туып, 1913 жылы қайтыс болады. Ақан Шоқанның туысқандарымен ауылдас, олармен таныс болады. Шоқан Петрбордан келіп, 1860–1863 жылдары ауылда жатқанда, Ақан жиырмаға жаңа келген жігіт екен. Ақан Мәшһүр-Жүсіппен таныс болды: біраз уақыт екеуі бірге серілік құрады. Ақан Абайды да біледі, ақындық талантына бас иеді. Бір жағынан, мұсылманша, орысша біле тұрып, екінші жағынан, Шоқанды, Абайды, Мәшһүр-Жүсіпті, олардың шығармаларын біле тұрып, махаббат, сұлулық жыршысы болуы, сопылық жолға түсіп, тақуалық-насихат өлеңдер шығаруы Ақанның шындығын көрсетеді». Бұл – филология ғылымының докторы, профессор Бейсембай Кенжебаевтың «Ақан сері» деген ақын Айтбай Хангелдиннің «Ақан сері» тарихи поэмасын талқылаған ғылыми еңбегі.
Абай мен Ақан серінің өлеңдерін оқыған көзіқарақты оқырман екі тұлғаның бір жерден шыққан ойын, ұқсастық пен үндестігін, білімнің тереңдігі мен қиялдың ұшқырлығын аңғарады. Сондықтан алысқа кетпей, бүкіл өмірін ғылым жолына арнаған ғұламалардың еңбектеріне сүйенгеніміз жөн болар.
Ақанның қазақ жігіттеріне, жас замандастарына қарата жазған арнауында ол ақыл айтып, жақсылық жолға үндеп, өнерге баулиды. Ел мақсатын жүктеп, адал азамат болуға, ар-ұятты жоғары ұстап, кәсіп қылып, білім үйренуге шақырады. Жас уақытты босқа өткізбей, мағыналы өткізуді керек етеді. Бұл тұрғыдағы шығармалары да Абаймен үндес. Жастарды «бос селтеңнен», мәнсіздіктен, жұғымсыз мінез-құлықтан сақтандырады, – деп, Абай мен Ақан серінің шығармашылықтағы үндестігін саралаған филология ғылымының докторы Ханғали Сүйіншәлиев «Ақан сері Қорамсаұлы» атты ғылыми мақаласында («Қазақ әдебиетінің тарихы» оқулық. Ханғали Сүйіншәлиев. Алматы қаласы, «Санат», 1997, 2006 жыл. 738 бет.) былай дейді: «...Адам даусынан аспандағы құстың жаны шығады, дидарының сұлулығынан жүгірген аң жүрісінен жаңылады, халінен айырылады... Мұндай кұдіретті бейнені тек Ақан ғана жасаған. Ол – ақынның әдемілікке деген құштарлығынан туындаған образ. Бір кезде шығыс даналары: «Әдемілік – адам өмірін, түгел әлемді билер ерекше күш», – депті. Кейін Ф.Достоевский: «Әлемді сұлулық құтқарады», – депті. Ал Абай: «Махаббат – өмір көркі, ол рас», – деген-ді. Ақан сері де осылай түсінген. Ол сұлудың сымбатын Қап тауының ұшар басына орнатып, содан көз алмай қарап отыруға да бар.
«Жатқа сөз, жақсы мінез, жайдары асық,
Жағымды жан жадыратқан қайран ғашық.
Сегіз қыр, сексен сырмен шырға тартсаң,
Түсе алмас айтқаныңа кейбір жасық.
Өрнексіз жөн білмеген надандарға
Тауып ең нақыш беріп, өрнек шашып.
Қараңғы көңілімнің ай мен күні,
Жарығың азаймайды күңгірт басып.
Сөз бірге, ақыл ойлас, мінез тату
Тұрады сені көріп көңіл тасып...»
Сұлуға деген ақын жүрегі таза. Оған салса, махаббатқа ешбір кедергі, тежеу болуға тиіс емес. Ақын шығармалары жастардың махаббат еркіндігін, асқақ арманын ту етіп аспанға көтереді, бас бостандығы жоқ қазақ қыздарының көз жасына суарылған мұңы мен мүддесін бейнелейді. Ақан сері өлеңдерінде де басқа ақындарда кездесетін сүйіспеншілік сезімінің жетегіне еріп, елжірей ынтығу, тән азығына құмарту белгілі мөлшерде орын алады. Әркім білетін Абайдың мынадай сөзі бар:
«Етің етке тигенде,
Демің тынып сүйгенде.
Тән шымырлап, бой еріп.
Ішім оттай күйгенде...»
Құмарлықтың шарықтау шегіне жеткен кездегі осындай кездерін Ақан да шебер бейнелейді. Сүйіскен екі жастың дегендеріне жеткен шақтарын табиғи жырлайды.
«Қарағым, құшақтасам құмарланып,
Қосылған қос ғашықтай жұбайланып.
Жан тынып, ішімдегі жалын шықса,
Аузымнан ақ сағымдай мұнарланып...
Ми-тамыр, ақыл-ойдан арман қалмай,
Мастансам, қызуыңа тым алданып.
Көтеріп гүл-бәйшешек көңіл күліп.
Семірсе, нәпис, мұрат бір жалданып.
Қардан ақ, қаннан қызыл ет пен бетің
Иықтан қолаң шашың гүл талданып.
От сөнсе жүректегі жанып тұрған,
Сорғанда тілден ләззат мейір қанып,
Ет пен бет бір-біріне тірескенде,
Айтысқан шартқа жетсем әбден қанып...»
Әрине, бұл жолдарға қарап Ақанды қыз қуып ән құмарлығын ғана қызықтаған деп ешкім де ойламайды. Ол – өмірдің өзіне қызығып, құмартудың белгісі. Ақанның махаббат мәселесіндегі кредосы – өзіне барлық жағымен тең, ойы-бойы қатар, шын жүрегімен берілген, сертке берік адал жармен айырылмас өмір сүру. Көрінген көріктіге көз тастап, жеңілтек мінез көрсетуге мүлде қарсы.
«Сүйек тең ой орайлас, ақыл шендес,
Гауһарсың бағаң қымбат қолға тимес.
Қызығар бет табылар, ниет табылмас...
Таза жүрек, шын сөзбен беріп ем,
Нәпсіме жүрегімді сұлтан қылып...»
Абайдың махаббат лирикаларындағы негізгі пікірін Ақан өз шығармаларына арқау ететін сияқты. Бойын махаббат билеген адамның басына түсетін естінің өзін есінен адастырар құзырлы халді кемеңгер Абай:
«Ғашықтар келе жеңер бойыңды алып,
Жүдетер безгек ауру сықылданып.
Тұла бой, тоңар, суыр, үміт үзсе,
Дәмеленсе, өртенер күйіп-жанып...» – деп суреттеп, ғашықтар сырын терең түсінгені мәлім. Енді бірде ол:
«Жастықтың оты жалындап,
Жас жүректе жанған шоқ...» – деп түйеді де, «Махаббатсыз дүние бос...», «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл...» деп, махаббатқа, жүрек сезіміне байланысты өзінің жаңа адамгершіл пікірін түйіндеді. Абай көтерген асыл ойлар көңілі ашық, көреген Ақанға да әсерін тигізеді. «Жарақат оңалмайды ғашық ұрған», – деп, Ақан да ғашықтық салған «жарақаттың» ауыр дерт екенін айтады».
Ал жерлес жазушымыз, әдебиет сыншысы Айқын Нұрқатов «Ақан сері Қорамсаұлы» зерттеу жұмысында («Айқын Нұрқатов шығармалары», 2 том. Құрастырған Серік Негимов. Алматы қаласы, «Ана тілі» баспасы ЖШС, 2013 жыл. 5 бет.) «Ақанның Шығыс әдебиетімен байланысы оның шығармашылығының құнарлы бір сипатын, нәрлі тамырын танытады. Бір кезде кейбір ұшқалақ әдебиетшілер Ақан шығармаларының осы қасиетін кемітуге, мұны оның ақындық өнерінің міні, теріс бағыттылығы етіп көрсетуге тырысты. Олардың қайсыбірі тіпті ұлы Абайды да классикалық Шығыс әдебиетінің әсерінен бөле-жарып, даралап алмақ болады Бұл, әрине, ғылыми жағынан жалған, қате де ағат пікір еді. Шындығына келгенде, өткендегі қазақ ақындарының Шығыс әдебиетімен, көршілес елдер халықтары поэзиясымен байланысын, шығармашылық алмасуын елемеске, ескермеске еш болмайды. Өйткені бұл – белгілі бір тарихи кезеңде әдебиетіміздің өсу тенденциясына ерекше мол әсер еткен шығармашылық факторлардың бірі», – десе, толғана келіп: «Серілік сапарында жүрген шағында махаббаттың қызуы басылмас жалынын, жастықтың жан жадыратып, көңіл күйін келтірер қуанышын шабыттана жырлаған Ақан енді егде тартқан кезінде осылайша байсалды да салқын ақылмен лайық жар тауып ала білу керек», – деген өнеге айтады. Ол «Жаман қатын», «Жақсы қатын» атты өлеңдерін де осы мақсатта шығарған.
Бұл өлеңдерінде Ақан жақсы әйел мен жаман әйелдің әрқилы сипатын береді, олардың мінез-құлығын, білім-парасатын салыстыра суреттейді.
«...Таусылды күні-түні ет пен шай деп,
Қонақтың қыстай келген бәрін санап,
Көжені көп ішеді оңашалап,
Құрдай боп үсті-басын сары-алалап.
Бәрінен сөйлегенде қалыспайды,
Сүйреңдеп алды-артын жанасалап».
Немесе:
«Сыпырмас үйдің ішін киіз қағып,
Еш уақыт шаруа қылмас отын жағып.
Тазалық үй ішінде болмаған соң,
Байында қадір, баға қалар нағып».
Міне, Ақанның осылайша жерлеп, қазбалап, міней суреттеп отырған әйелі — Абайдың «Қатыны мен Мысықбайындағы» салақ әйелге айнымай ұқсайды, соның апасы, яки сіңлісі сияқты» деген ойды өріп, «Ғылыммен шұғылдану екінің бірінің қолынан келе беретін жеңіл-желпі іс емес екенін, бұл үшін соған лайық адам қажетін ұғынған Ақан ақындық өнерге әсіресе мол талап жүктейді. Ол поэзияның әрі идеялы, яғни үлгілі, әрі сырлы, яғни көркем болуын көздеген. Шығармашылығында дәл Абайдың эстетикасындай нәрлі де өрісті, жүйелі идеялық-көркемдік принциптер ұстанбағанымен, бұл ретте де Ақанның Абаймен тілсіз табысып, үндесіп жатқанын байқау қиын емес сияқты, – деп пайымдайды. Ақын Әбділда Тәжібаев та «Ақан сері» туындысында («Ә.Тәжібаев. «Қазақ драматургиясының дамуы мен қалыптасуы» (монография)». Алматы қаласы. «Жазушы» баспасы, 1971 жыл. 324 бет.). «Ақан осындай – мүсін, сымбат сұлулығын суреттейтін, оларға қызу, қимыл, идеал беретін өлеңдерінде Абаймен шендесіп, қатар үндесіп кетеді.
Абай бастан-аяқ шынайы суретпен көрсетіп, оқушысын өз құмарлығымен басқа сезімдерге алаңдатпайтын жерлерде, Ақан өйте алмайды. Ақан салып отырған суретіне алдымен өзі ғашық, өзі ынтық. Сондықтан кейде ғашық суретін тұтас көрсетуге қызғанғандай, әйтпесе асыққандай ыстық құшағына алады да, бөліп әкетеді», – деп екі тұлғаның еңбегін салыстыра келіп, «Әдебиет тарихында» жазған мақаласында Айқын Нұрқатов Ақанның аңшылық туралы өлеңдерінен Абайға ұқсастық табады. Абай «Қансонарда бүркітші шығады аңға» деген өлеңін:
«Мұны оқыса, жігіттер, аңшы оқысын,
Біле алмассың құс салып, дәм татпасаң», – десе, Ақан:
«Атпағандар түсінбес құр айтқанға,
Көңілінде мергендердің бәрі де анық», – депті.
Екі өлеңді салыстыра келіп, Нұрқатов «мергеннің аңды атар алдындағы қобалжыған, жүрексінген екіталай қалпын да асқан шеберлікпен, нәзік байқағыштықпен айнытпай суреттей алған» деп дұрыс таныған, – дейді А.Нұрқатовтың туындысына жіті тоқтап, жан бітіреді.
Ғылымның құдіретінде шек бар ма? Ғалымның еңбегіне сүйсінбейтін жан бар ма? Адам оқи берсе, ел естімеген мәліметтерге қол жеткізеді-ау. Оқып қана қоймай, назар аудара бергеніміз де жөн болар. Екі тұлғаның шығармашылығын салыстырумен шектелмей, ұқсастығын табу кез келгеннің қолынан келе бермейді-ау.
Абай. Ақан сері. Қазақтың мәңгі өлмес есімдері. Тарихта ұлтымызды асқақтатын аттар. Ғылым мен білімнің таусылмайтын тақырыптары. Байқаған ұқсастық – осы...
Самрат ҚҰСКЕНОВ
ҚЫЗЫЛЖАР

2151 рет
көрсетілді0
пікір