• Ақпарат
  • 16 Мамыр, 2024

Жат жұрттағы жәдігерлер Қазақстанға қашан қайтарылады?

Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ,

«Ana tili»

Ұлттық мұражай – белгілі бір халықтың тарихын, мәдениеті мен дәстүрін сақтау мен жеткізуде маңызды рөл атқарады. Мемлекеттен тысқары жерлерде ұлттық жәдігерлерді табу және кері қайтару халықтың тарихын, мәдениеті мен мұрасын сақтауда үлкен рөл ойнайды. Зергерлік бұйымдар, киім-кешек, қару-жарақ немесе құжат болсын – әрбір зат халықтың тарихи мұрасы мен ұжымдық жадының ажырамас бөлігі. Тарихтың әртүрлі кезеңінде шетелге шығарылған тарихи маңызы бар ұлттық жәдігерлерді қадағалау және оны қайтару маңызды. Бұл көне мұралардың Қазақстандағы Ұлттық музейге қайтарылуы оларды тек сақтап қана қоймай, шығу тарихын зерттеуге, көрмеге қоюға және әлемге өзімізді таныстыруға жақсы мүмкіндік береді. Бұл елдің мәдени мұрасын сақтауға және ілгерілетуге, сондай-ақ халықтар арасында ұлттық сана мен байланысты нығайтуға ықпал етеді. Ал қазақ еліне, мәдениетіне тиесілі жәдігерлер әлемнің қандай музейлерінде тұр? Біз осы сауалға қатысты бірнеше сарапшының пікірін білдік.
 

 

Гүлмира Жұмай, «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының аға ғылыми қызметкері: 

 

Елге әкелсек, тарихи олжа болар еді

 

Алдымен, әңгімені АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында орналасқан Метрополитен музейінен бастайық. Метрополитен – әлемдегі зиярат жасаушылары жөнінен төртінші орында тұрған атақты музей. Бүгінде музей топтамасында 2 миллионнан астам өнер туындысы бар, соның ішінде біздің тарихымызға қатысты мол дүниені де көруге болады. Тікелей қазаққа қатысты болмаса да, бабаларымыздың тәбәріктері мен ұлттық нышандарын байқауға болады. Сақ, ғұн, қыпшақ, Алтын орда хандығы кезеңі, мәмлүктерден қалған мұралар осы музейде әлі күнге сақтаулы тұр.
Осылардың ішіндегі ең құндысы – Алтын орданың билеушісі Жәнібек ханның дулығасы. Заманында бұл дулығаны еуропалық саяхатшылар Тибеттен әкеліпті. XVII–XVIII ғасырларда қазақ даласына жоңғарлардың көз алартқанын білеміз. Осы кездегі қанды шайқастардың бірінде жоңғарлар ханның дулығасын қолды қылып, Далай Ламаға сыйға тартқан. Бірақ бұл – дәлелденбеген дерек, болжам ғана.
Тибеттен кейін дулыға Артур Окс Цульз­бергер деген америкалық коллекционердің қолына түскен. 2007 жылы Цульзбергер Жәнібек ханның дулығасын Метрополитен музейіне тапсырған. Дулығаны XIV ғасырда ордалық шеберлер жасаған. Негізін болаттан құйып, сыртын күміспен көмкерген. Биіктігі – 20–23 см, диаметрі – 22 см. Үшкір төбесі өткір қырлы болып келеді. Төменгі жиегінде араб қаріптерімен «Құрметті, қайырымды, ұлық, жеңімпаз, сұлтан Махмұд Жәнібек» деген күміс жалатыла ойып бедерленген жазу бар. Айтпақшы, Жәнібек хан туралы айтқанда мынаны білу керек, бұл дулыға Алтын орданың ханы Жәнібек Өзбекұлына тиесілі. Жәнібек хан – Шыңғыстың ұлы Батудың ұрпағы. Жерленген жері –Сарайшық. Сол себептен оны Қазақ хандығының негізін қалаған Жәнібек Барақұлымен шатыстырып алмаған жөн. 
Метрополитен музейінде сақталған тағы бір құнды жәдігер – қыпшақтан шыққан мәмлүктердің 18-әміршісі Қайтбай сұлтанның тостағаны. Биіктігі – 12,7 см, диамет­рі – 36,8 см. Тостаған 1468 жылы жезден жасалған, күміс жалатылған. Бастапқыда тостаған қыпшақ сәулеті бойынша жасалған, 1517 жылы оны түріктер қолды қылып, аздап өрнектерін өзгертіп, өңдеген көрінеді. Бұл жәдігерді Артур Мур деген коллекционер сақтап келіпті. Ол жәдігерді 1891 жылы Метрополитен музейіне өткізген. 
Ал Қайтбай сұлтан қыпшақтың (қазақтың) шеркеш руынан шыққан. Бейбарыс бабамыз секілді, Қайтбай да жиырма жасында мысырлық саудагерге сатылған. Кейін әскери қимылдарымен көзге түсіп, сарай күзетінің мүшесі, мәмлүктердің мыңбасысына дейін көтерілді. 1468 жылы сұлтан тағына отырып, 1496 жылға дейін Мысыр мен Шамды (Сирия) билеген. Метрополитеннен басқа да музейлерде Қайтбайға қатысты жәдігерлер көп сақталған. Түркияның Топқапы сарайында Қайтбай сұлтанның сауыты бар. Ал Вашингтон музейінде сұлтанның кілемшесі тұр. 
Атақты Британ музейінде де қазаққа қатысы бар жәдігерлер жетерлік. Соның ең негізгісі – Бейбарыс сұлтанның алтыннан жасатқан динарлары. Әр жылдары, әртүрлі пішінде шыққан динарлар музейдің тиындар қорында сақтаулы тұр. Ал Британ кітапханасында Бейбарыс сұлтан жасатқан көне Құран бар.
Ресейдің Петербор қаласындағы І Петр атындағы Антропология және этнография музейі (Кунсткамера) қазақтың қолөнер бұйымдары мен тұрмыстық заттарына бай. Музей қорындағы фотомұрағаттың өзі бір төбе. Әсіресе суретшілер А.Померанцев (1851) пен Павел Кошаревтің (1856) салған суреттері, генерал-адьюдант Константин Фон Кауфман құрастырған «Түркістан альбомы» (1871–1872), этнографтар Самуил Дудин (1899) мен Клавдий Щенниковтің (1908) фотоколлекцияларында қазақтың тарихы тұнып тұр. Осылардың түпнұсқасын болмаса да, сапалы көшірмесін елге әкелсек, тарихымыз үшін мол олжа болар еді.
Бұл музейде қазақ тұлғаларының жәдігерлері де жетерлік. Музейге орыс коллекционерлерінен бөлек, әр жылдары Шыңғыс Уәлиханов (Ақмола облысы), Лайықжан Беркімбаев (Торғай облысы), Хасан Имамбаев (Торғай облысы), Расул Мұхаммедов (Маңғыстау облысы), Борис Балмұқанов (Алматы облысы), Нұржақып Нұрсейітов (Ақмола облысы), Нұрила Шаханова, Қабиден Жайбосынов секілді қазақ коллекционерлері өздері жинаған жәдігерлерді өткізіп отырған. Соның бірі – Шоқанның әкесі Шыңғыс Уәлихановтың пышағының қыны. Жалпы ұзындығы – 42 см, пышағының ұзындығы – 26 см. Соған қарағанда, пышағы да бар болуы керек. Өкінішке қарай, сақталмаған. 
Академик Әлкей Марғұланның жазуына қарағанда, Шыңғыс қазақ даласынан көптеген этнографиялық экспонат жинапты. Онысын Мәскеу өнеркәсіп көрмесіне ұсынған. Кейін профессор В.В. Григорьевтің өтінішімен бұлардың біразын Петербор, Мәскеу музейлеріне алып қалған. Петерборда өткен «Үшінші халықаралық шығыс­танушылар конгресі» көрмесіне арнап Шыңғыс Абылай мен Уәли хандарға тиесілі бірқатар жеке бұйымдарын жіберген. Олардың арасында ең сапалы ер, тастан қашалған көне бұйымдар, білтелі мылтық, алтынмен әдіптелген, күміс, асыл тастармен көмкерілген қорамсақ, күміспен жиектелген былғары қынды алмас қылыш болған. Бұл экспонаттарды сол кезде П.П. Семенов-Тяньшанский жоғары бағалаған екен. Өкінішке қарай, солардан сақталғаны осы пышақ қыны ғана. Кім біледі, бәлкім, ниет қойып іздесек, басқа музейлерден табылып қалуы да мүмкін.
Лайықжан Беркімбаев пен Хасан Имамбаев музей қорына жүздеген жәдігер өткізген. Сол коллекциялардың арасында сапалы етіп жасалған кісе белдік бар. Белдіктің анықтамасында «Жинаушының берген мәліметіне сенсек, бұл белдік сұлтан Кенесарының ағасына тиесілі болған» деген жазу бар екен. Соған қарағанда, кісе белдік Саржан сұлтанның меншігі болуы әбден мүмкін. 
Тағы бір айтатын мәселе, Ресейдегі Омбы мемлекеттік тарихи-өлкетану музейінде Кенесарының мылтығы сақталған. Мылтықтың бұл музейде тұрғанына ендігі ғасырға жуықтады. Оны Кенесарының қайтқанына 35 жыл толған 1882 жылы М.Дүсентаев деген қазақ генерал-губернатор Г.Колпаковскийге сыйға тартыпты. Колпаковский сұлтанның мылтығын Императорлық орыс географиялық қоғамының Батыс-Сібір бөліміне тапсырған. Сол жерден Омбы музейіне қойылған. 
Ал Кенесарының бас сүйегі әлі еш жерден табылмай тұр. Ел аузында бас сүйектің Эрмитажда, Кунсткамерада, ҒЗИ мұрағатында сақталғаны айтылғанымен, әлі күнге дейін бір хабары жоқ. Тарихшы Сұлтан Хан Аққұлы Ресей Федералды қауіпсіздік қызметі мұрағатындағы Андрей Палашенковтің жеке қорынан сарғайып кеткен қағаздарды тапқанын сүйіншілей жазған еді. Міне, осы қағазда «Уақыттан сарғайып кеткен адамның қатты бас сүйегі, оның маңдайында қазыналық мөр бастырылған. Бұл – Абылай ханның немересі, сұлтан Кенесары Қасымұлының бас сүйегі…» деген жазу бар екен. Соған қарағанда, бас сүйек орыс музейлерінің бірінде жатқаны сөзсіз. Осыдан біраз уақыт бұрын ҒА Музейлер қорының бұрынғы директоры Юрий Хорошилов та: «Кенесарының басы кеңестік кезеңде КСРО-ның Гохранасында (Федералды қазыналық мекеме) сақталып жатқан, ал қазір Ресейдің Гохранасында сақталуда» деген әңгіменің шетін шығарды. Алайда Гохрана қорындағы экспонаттар арасынан да бас сүйек табылмай тұр.

 

Тәттігүл Қартаева, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің оқытушысы, этнограф-ғалым:

 

Кунскамера қорында мол мұра бар

 

Шетел музейлеріне қазақтың ұлттық мұралары бірнеше жолмен түскен. Атап айтар болсақ, саяхатшылар арқылы, ХІХ ғасырдың екінші жартысы ХХ ғасырдың басында Ресей патшалығының отар иеліктегі халықтардың мәдениетін көрсету мақсатында ЕХРО халықаралық көрмесіне қатысып, одан кейін экспонаттардың қазақ жеріне қайтпай Еуропа, Ресей музейлерінде қалып қойған. 
Отаршылдық кезеңдегі Ресей әскерилері, зерттеушілердің және жергілікті билеушілердің жинауы арқылы Ресей музейлеріне түскен. Сонымен қатар алғашқы ауыл шаруашылығы санағы кезінде статистердің дерек жинауы кезінде және шетелге қоныс аударып, тұрақтап қалған қазақтардың мемлекет музейіне жәдігерлерді өткізуі де әбден мүмкін. Мұнымен қатар шекараның бекітілуі кезінде көршілес елде қалған қазақтар қолындағы кейбір ұлттық құндылықтарды тапсыруы да ықтимал. 

Самарқанттағы қазақ экспозициясы

Самарқант қаласында орналасқан Өзбекстан халықтары тарихы мен мәдениеті музейіндегі қазақтың киіз үйі, Түркістан облысынан алынған балбал, қазақ әйелдерінің киімі, ұлттық зергерлік бұйымдар қазақ халқының сәндік қолданбалы өнерінің озық үлгілері, Р.К. Зоммердің, Н.Н. Каразиннің қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін картиналары музейге келген туристердің назарын еріксіз аударып тұр.

 
Монғолия музейіндегі ұлттық мұра

 

Монғолия музейлеріндегі қазақ халқының тарихи-мәдени мұралары Монғолия Ұлттық тарихи музейі мен Баян-Өлгей тарихи-өлкетану музейінде экспозицияланған. Керей тымақ, кестелі кимешек, кестелі тақия, жарғақ тон, сеңсең тон, жарғақ шалбар, қалыңдық киімі, қос етек көйлек, қамзол сияқты киімдердің дәстүрлі ерекше құнды үлгілері шын мәнінде көздің жауын алады. Баян-Өлгей тарихи-өлкетану музейі экспозициясында қойылған ұста, зергердің көрігі, зергерлік қалыптар, зергерлік құрал-жабдықтар, өрмек байырғы қолөнер шеберлерінің көзіндей өзіне тартады. Баян-Өлгей музейінен қазіргі кезде өте сирек кездесетін тері бөстек, откиіз, кесте көрпешенің көне үлгілерін де көруге болады. 
Қайыңның қабығына бізбен өрнек салып, діңінің ішін ұңғып, бүтін ойған кесеқап өзіне ерекше назар аудартады. Маусымдық қонысқа көшіп-қонғанда көзешілер жасаған қыш кеселерді сындырмай тасымалдауда қорғаныштық қызмет атқарған бұл кесеқап табиғатты дәстүрлі игерудің бір айғағы екені ақиқат.

 

Санкт-Петербургте қазаққа қатысты құжаттар жетерлік 

 

Қазақтың мәдени мұрасы қорының мол жинағы Санкт-Петербургтегі Ұлы Петр атындағы Антропология және этнография музейі (Кунскамера) екені анық. Киіз үйдің ішкі жабдықтары, қазақ жиһаздары, киіз және тоқыма бұйымдары, қазақ киімдерінің ең бай және сәнді үлгілері, қару-жарақ түрлері, шаруашылық бұйымдары, қазақ балаларының ойыншықтары, қазақ қыздарының қуыршақтары Кунскамераның шедеврлері десек артық болмайды. 
Қазақ халқының шетел музейлерінде сақталған мұраларының қатарында фотокамераға түсірілген фотосуреттердің маңызы өте ерекше. Қазақ жеріне фотоапаратты ХІХ ғасырдың 50–60-жылдарынан бастап саяхатшылар мен әскери шығыстанушылар зерттеу нысанынан фотофиксация жасау мақсатында алып келген. Осылайша, фотоаппарат адамзат өмірінің барлық қырын қамтып, тарихи кезеңдердің шынайы болмысынан дерекқор қалыптастырды. Бұл сол кезеңнің ғылымы үшін үлкен жетістік болды. Болып жатқан оқиғаны, заман кейіпкерлерін қас қағым сәтте түсіріп алып, мәңгі есте қалдыруға мүмкіндік туды. Олардың кейбір нұсқалары өткеннің қайтарымсыз жойылып кеткен аспектілерін ашу және тарихи жазба деректерде көрсетілмеген жайттарды анықтау мақсатында өте құнды. 
Тарихи кезеңдерде түсірілген кез келген фотосуреттер сол дәуірдің болмысын дәлме-дәл бере алады және ол эпизод мәңгілікке сақталады. Уақыт керуені алға жылжыған сайын олардың тарихи-мәдени құндылығы арта түседі. Әсіресе қазіргі кезеңде жойылған, қолданыстан шыққан дәстүр, байырғы тіршілік қарекеттері, атап айтқанда, маусымдық қонысқа көшу, керуен жолдарында кіре тарту, шеберлердің дүкен ұстауы, қос тігу, шығыр, атпа орнату, түйе, өгізді жұмысқа жегу, сал ағызу, қайықпен жүк өткізу, дәстүрлі қыстық баспаналар жертөле, жеркепе, қоржын там, тоқал там тұрғызу, қолданыстан шыққан дәстүрлер (ұзатылған қызды атқа мінгізіп аттандыру, өлікті түйемен апарып жерлеу, бейіт басына жылқының бас сүйегін қою, бақсылардың дерт көшіруі т.б.) сияқты халықтың тарихи этнографиясын бейнелейтін факторларды осы фотодеректерден табамыз. 
Кунскамераның иллюстрациялық коллекцияларын жинақтау жұмысы XIX ғасырдың аяғы – XX ғасырдың басында қарқынды жүрген. Музейдің директоры, академик В.В. Радлов Орта Азия мен Қазақстан халықтарының этнографиясы бойынша коллекция­ларды жүйелі жинау мақсатында экспедициялар ұйымдастырған. 1880 жылдары Кунсткамераға И.С. Поляков, Н.К. Зейдлиц, Н.А. Ермолин «Қазақтар» фотоколлекциясын сыйға тартқан. 1894 жылы фотограф Н.Ордэрден Орта Азиядағы жергілікті халықтар фотографиясы коллекциясын сатып алған. Музейге 1897–1898 жылдары Лепсі уезінің бастығы К.Н. де Лазари Жетісу облысының Лепсі уезі мен Ақмола облысының Көкшетау уезі қазақтарының тұрмысы мен мәдениеті жөніндегі фотоматериалдардың жинақталуына үлкен үлес қосқан. Кунскамерадағы қазақ халқы фотоколлекциясының тарихы саяхатшы-фотограф С.М. Дудиннің (1863–1929) қызметіне байланысты. 
М.С. Дудин, К.Н. де Лазари, И.С. Поляков тағы басқалар түсірген экспонат-фотолар коллекциясы 1898 жылы Кунскамера директоры В.В. Радловтың «Дала генерал-губернаторлығы қазақтарының тұрмысына қатысты этнографиялық бұйымдарды жинау» туралы жарлығымен толыға түскен. И.С. Поляковтың 1877–1880 жылдар аралығында Семей мен Жетісу өңірінен түсірген фотоколлекциясының жергілікті қазақтардың күнделікті өмірінен берер ақпараты зор.
Қазақ халқының мәдениеті, өнері, тұрмысы мен шаруашылығы тағы басқа салаларға қатысты М.Хордет, А.С.Муренко, П.Лейбин, А.Г. Багаев, Л.П. Полтарацкая, Н.С. Нехорошев, С.М. Дудин фотосуреттері коллекциясы музейлер мен архивтерде сақталып, ғылыми деректік фотоқұжаттар қатарын құрап отыр. С.М. Дудин қазақ арасында түсірген фотоларын 1899 жылы Парижде ұйымдастырылған Орталық Азия көрмесінде көрсетсе, Любовь Полтарацкая 1880 жылы Сібір экспедициясы құрамында жүріп қазаққа қатысты түсірген 50 фото-деректерден «Виды и типы Западной Сибири» атты альбом құрастырып, бұл еңбегі үшін Ресей патшасының «Үлкен күміс» медалімен марапатталған.
Дәстүрлі тұрмыс ерекшеліктерін сақтаған қазақтың көшпелі өміріне жерімізге келген зерттеушілер, саяхатшылар, қызметкерлер үлкен қызығушылық танытқан. Қазақ жерінде 1898 жылдан жүргізілген ауыл шаруашылығы санағына қатысқан статистер, губернаторлықта жұмыс істеген әскери шығыстанушылар, экспедициялық мақсатта келген зерттеушілер жинаған фотодеректер қатарының да маңызы ерекше, олардың қатарында В.Оливецкий, А.Л. Кун, А.Фишер, В.Ю. фон Бранка, С.Неуструев, Ф.А. Фильс­трупты атауға болады.
Кунскамераның XIX ғасырдың аяғы – XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ халқының этнографиясы мен тарихы туралы иллюс­трациялық жинағы қатарында В.Пельцтің Қызылқұм қазақтары және А.Круковский, А.А. Воронина-Уткина, К.В. Щенниковтің фотоколлекцияларын айтуға болады. 
Кунскамерада сақталған Түркістан генерал-губернаторы болған Константин фон Кауфман (1818–1882) тапсырмасымен құрастырылған «Түркістан альбомындағы» фотоқұжаттар – қазақтың дәстүрлі мәдениетін қамтыған құндылық. К.П. фон Кауфман Түркістан өлкесінің бүкіл болмысын фотоқұжатқа түсіруді мақсат етіп қойып, оны жинақтау жұмысы 1853–1871 жылдары жүргізілді. Әскери шенеуніктер, зерттеушілер қатысқан бұл жұмыстың нәтижесінде фотоқұжаттарды қамтыған 6 альбом жасалған. Альбом «Түркістан өлкесі археологиясы», «Түркістан өлкесі этнографиясы», «Түркістан өлкесінің тарихы», «Түркістан өлкесінің өндірістік, кәсіптік мәдениеті», «Орта Азияға жол ашқан орыс әскерилері, орыс қозғалыстары» атты тақырыптарды қамтиды.
Түркістан өлкесінің археологиясын қамтыған 1-томына өлкедегі мешіт, медресе, кесене, сәулет өнерінің, ескерткіштерінің, ежелгі қала орындарының суреттері, сызба көріністері – жалпы саны 312 фото жапсырылған 118 картон, 47 қолдан сызылған сурет берілген 24 картон енді. Альбомнан Қорқыт Ата мазары, Сауран қаласының көрінісі, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің сол кезеңдегі қалпын көруге болады. 
 «Түркістан өлкесінің тарихы» деп аталатын 2-томында қалалар көрінісі салынған 13 картон, бекіністер, оларды орыс әскерилерінің алуы, шайқастар түсірілген 190 фото жапсырылған 69 картонды қамтып, оған Ұзынағаш, Ақмешіт, Шымкент, Әулиеата, Перовск, Жөлек, Қазалы, Жаңақорған, Ұратөбе сияқты қала, елді мекендердің көрінісі енген.
«Түркістан өлкесі халықтарының этнографиясы» деп аталатын альбомның 3-томы да 2 альбомнан тұрады. Альбом Орта Азияда тұратын жергілікті халықтардың дәстүрлі тұрмыстық баспанасынан, тұрмыс­тық бұ­йымдарынан, киім-кешектерінен, әдет-ғұрыптарынан, халық тығыздау орналасқан аймақтардан мәлімет береді. 478 фото жапсырылған 176 картонды қамтыған. Альбомға сол кезеңдегі қазақтар бет-бейнесі берілген фотолар олардың тек антропологиялық типін ғана емес, өлке халқының этностық құрамын анықтауға да маңызды дерек береді. «Халық тығыз орналасқан аймақтар» деп аталатын альбомда Әулиеата, Түркістан, Шымкент тағы басқа қаладағы халықтың дәстүрлі тұрмысын көрсетеді. Әсіресе Сырдария және Арыс бойы, Сырдария облысы деген бөлімдер көшпелі және отырықшы қазақтардың тұрмыс-тіршілігінің бітім-болмысын береді.
«Кәсіпшіліктер мен өндірістер мәдениеті» деп аталатын 4-томы үй кәсіпшіліктері мен майда өндіріс орындарынан, шеберхана жұмыстарынан мәлімет береді. 222 фото жапсырылған 47 картонды құрайды. Шұға өндірісі, жібек өндірісі, ұсталық, зергерлік, диірмендер, арба өндірісі, тері өңдеу ісі, қыш-құмыра өндірісі, шөп шабу, қолөнер деген тақырыптардың қазақтардың атакәсібінен маңызды мәліметтер берері мол. Альбомның археологиялық және этнографиялық бөлімін – А.Л. Кун, кәсіпшіліктерге қатысты томын – М.И. Бродовский, тарихи бөлімін М.А. Терентьев жасақтаған. Осы альбомға енген А.Л. Кунның (1840–1888) түсірген фотоларының этнографиялық маңызы мен құндылығы ерекше, әсіресе өткелден жүк өткізу, шарықта жіп иіру, қамшы өру, арқан есу, наубайханада ұн тарту, арық суына атпа қондыру сияқты фотоларының этностық реконструкцияда алатын орны ерекше. Қазақтардың этномәдени болмысы жөнінде жан-жақты танымдық, ғылыми мәлімет беретін альбомның құндылығы мен маңызы уақыт өткен сайын арта түседі. Фотоавторлар Түркістан өлкесінің тынысын фотолармен дәлелдеп, негіздеп отыруды мақсат тұтты. 
Этнографиялық альбомға жалпы саны 1 200 фото енген. Альбом 6 дана етіп жасалып, 1-данасы император ІІ Александрға, 2-шісі оның ұлы княз Владимир Александровичке, 3-шісі Императорлық Ғылым академиясына, 4-шісі Императорлық Көпшілік кітапханасына, 5-шісі Императорлық Орыс Географиялық қоғамына тапсырылған. Алтыншысы губернатор К.П. фон Кауфманның өзіне қалдырылып, бұл данасы қазір Өзбекстан республикасының Ә.Науаи атындағы Ұлттық кітапханасының сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар бөлімінде тұр. Ал фотонегативтері кезінде Императорлық көпшілік кітапханасына өткен. Кунскамера қорына «Түркістан альбомының» патшалық нұсқалары өткен. Бұл күндегі Қазақстандағы ғылыми айналымдағы «Түркістан альбомының» көшірме нұсқалары альбомның толық нұсқасын бермейді. 
Орта Азия халықтарының этномәдени болмысы, тарихи болмыстың шынайылығы жөнінде жан-жақты танымдық, ғылыми мәлімет беретін «Түркістан альбомының» құндылығы мен маңызы уақыт өткен сайын артып жатыр.

1132 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №36

12 Қыркүйек, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы