• Ақпарат
  • 16 Мамыр, 2024

Дегдар дүние дидары

Ерлан ЖҮНІС,

«Ana tili»

Өткен ғасырдың ортасынан басталған отарсыздандыру идеясы азат әлемге оқадай жараса қалған. Дүние елінің көбі ендігіде империя болуға ұмтылмайды. Екінші Дүниежүзілік соғыс ес жидырған. Осы тұста дат елінің мысалы ұнамды. Алып әрі бақытсыз мемлекет болғанша, кішкентай әрі бақытты ел болу абзал. Дүние­нің қазіргі дүлдүл жұрттары осыған ден қойды.
 

Африкада, өркениет көшінде өз үлесін лайықты алып үлгермеген өзге де елдерде азаттық шеруі алпысыншы жылдары атой салса да, толық отарсыздандырудың халықтар жанындағы бояуы уақыт өте келе ғана қаныға бастады. Соның бірі – мәдени реституция. 
Музей уақыт бір сәтке мызғып кеткен мекендей әсер береді. Адамзат жады жаңғырығып тұрған мекендей. Мыңжылдықтар бір ғана мезет болып сөйлейтіндей. Отарсыздандыру әуелі ойда басталса, жалғасар тұсы – кітапхана мен музей. «Кітапхана – мәңгілік парасаттың ең киелі ғимараты» (Ә.Кекілбайұлы) аталса, музей – адамзат жадының алтын мұнарасы. Мамонт сүйегінен майшамға дейін, қыш құмырадан арба доңғалағына дейін, ағаш тарақтан алтын білезікке дейін дала мен халық тарихы даңғайыр жыраудай жырлайды, ұзандай ұзақ ғасырларды толғайды. 
Көшпелі жұрттың көркем тарихы көздің жауын алардай. Алматыдағы Орталық музейде үш жүз мың экспонат бар. Ал даңқты Луврде де үш жүз мың бұйым бар екен. 
Алып империя құрған әлемнің алпауыт елдерінің бәрі де Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін бодан елдерден өз бұғауын ала бастады. Уақыт пен тарих алдындағы ұлы ақталу ұзаққа созылды. Холокост жылдарында қолды болған рухани құндылықтарды, мәдени мұраны қайтару елу бес жылдан кейін ғана, 1998 жылғы әлемнің қырық төрт елі қол қойған Вашингтон конференциясынан кейін ғана мүмкін болды. Бірақ бұл соғыс жылдарының сұмдығы ғана еді. Ал шынайы отарсыздандыру, яғни мәдени реституция туралы әңгіме екі мың оныншы жылдан кейін ғана айтыла бастады. Және оның дүние мәдениетінің дүрия орталығы саналып отырған Парижде айтылуы да ғажап еді.
«Мұны тарихи тұрғыда түсіндіруге болады, бірақ ақтауға болмайды», – деді Франция президенті. Африка халықтарының мәдени мұралары мыңдаған шақырым жерде – жеке адамдар қоры мен Еуропа музейлерінде тұруы тарихи әділетсіздік болар еді. Таңғажайып мұралар тарихи мекеніне оралуы керегін қазір Еуропа көшбасшылары қайта-қайта айтады. Себебі халық мұрасы – таңсық дүние емес, тарихи дүние. 
Жекелеген пікір көшбасшыларының көзқарасы – «кішкентай ғана қадам» болуы мүмкін, бірақ «адамзат баласы үшін алып бастама». Бұл – жер бетін мекен ететін екі жүзден астам мемлекет пен мыңдаған ұлт-ұлыс үшін адамзат деңгейінде диалогке келуінің басы. Ондаған соғыста да опа бермеген отарлаудың соңы да осы болар ма еді?..
Франция тарапының бастамасымен «Африка мұрасының реституциясы» тұжырымдамасы да әзірленді. Бірақ осы құбылыс өзге де мемлекеттер мен жеке адамдар тарапынан толық қолдау таба алмай отыр. 
Әр адам әртүрлі себептерге сүйене отырып, ақтау мен ақталуға әрдайым әзір. Бұл біздің санамыздың әлі де отаршылық кезеңнің құрсауынан шыға алмай отырғанын көрсетеді. Әлем музейлерінің даңқты залдарында тұрған жәдігерлерді көргенде, өзімізді неге әлі күнге жайсыз сезінеміз?!. Осы жайсыздық сезімі жаңа тұрпатты дүниеге деген ынтызарлық па екен? Әлем бір күні шынында өзгерер ме екен?
Осы тұста сұңғыла Сұлтанмахмұттың өлеңі еске түседі:

«Бір үйде жиюлы екен қазына мал, 
Көрсетті бәрін бізге ақсақал шал: 
«Бұрынғы атамызға сыйға берген, 
Біздерде мынадай бар, мынадай бар!..» 

Ол рас, аталарың шенге алыпты, 
Арзан ғып, қымбат емес, кемге алыпты. 
Апыр-ай, қалай бұлдаған сатқандарын, 
Оқа, түйме, сылдырлақ, теңге алыпты! 

Суреттер және көрдім жүзі жарқын, 
Ойладым: «Оңдырған-ау, баққан халқын». 
Соншама құны толық бұлды түйме, 
Артында қалдырмас па жақсы даңқын. 

Дедім мен: «Құтты болсын шекпеніңіз, 
Артқыға қандай егін еккеніңіз? 
Жусақ та денемізден кетер емес, 
Сондағы тұқым шашып сепкеніңіз». 

Көргенде күміс кесе, алтын аяқ, 
Бір сөзді тамағыма қойдым таяп. 
«Қай момынның малы бар бұл аяқта?» 
Демейінше болмады, қарап жай-ақ. 

Отырдым, көрсем жекіп тастар ма деп, 
Шал айтты: «Көріңіздер, жасқанба!» – деп. 
Кесені қолыма алып қарай бердім, 
Ішінде нақақ көзден жас бар ма деп».

2062 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

24 Сәуір, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы