- Тұлға
- 23 Мамыр, 2024
АЯУЛЫ АЛАТАУЫМДЫ ТЫНЫШТЫҚ КҮЙІ ТЕРБЕЙДІ

«Қайтемін өзімді құбылтып, жалғыздық – жанымның қас жауы», – деп Ерлан Бағаев өткен ғасырдың жетпісінші жылдары өлең өлкесінде өзінің үнімен жарқ етіп көрінді. Өзі секілді өзегі таза таланттар оны қолдап, қатарына тартты. Қашанда шын талант тар болмаған, тарыдай түйілмеген. Сіңірдей сіресіп, орынсыз тіресіп, бірде олай, бірде бұлай, бірде көл, бірде шөл күй кешпеген. Жүректегі мөлдір сезімімен, көңілдің көктей кеңдігімен айналасын нұрға бөлеп жүрген. Соның бір әдемі мысалы, 1974 жылы жеті ақынның топтама өлеңдері «Қанат қақты» деген атпен бір мұқабаның ішінде шықты. Сол жеті ақынға, яғни Ш.Сариевке атақты Әбділда Тәжібаев, М.Қалдыбаевқа лирик Ғали Орманов, Е.Бағаевқа «Ақша бұлттың» авторы Әбу Сәрсенбаев, Х.Есенқараеваға айбыны бөлек Қалижан Бекхожин, Д.Стамбековке сыршыл Сырбай Мәуленов, Н.Сейітовке сөз таразышысы Мұзафар Әлімбаев, Ұ.Есдәулетовке тереңдік иесі Қадыр Мырзалиев сынды поэзия жампоздары ағынан жарылып, батасын берді, өлең өлкесінде өрісті болуларын тіледі.
Шіркін, толқын-толқын ұрпақтар арасындағы осы бір сабақтастық кейде үзіліп қалғандай көрінеді. Таланттың орнын талапкер басып, оны ажырататын алдыңғы алыптардың аузы дуалы, сөзі уәлі мықты ізбасарларын заман иірімі иіп әкеткен секілді.
Ерлан Бағаев биыл шіліңгір шілденің онында жетпіс жасқа келер еді. 2002 жылы 48 жасында, елуге екі аттам калғанда, өмірден озған-тын. Ақынның елу жасы да, алпысы да ескеріле қоймады. Енді жетпісі жетті.
«Оралдым өлеңге,
Оралдым өлеңге,
От-жалын лаулайды,
Лаулайды денемде,
Ұйқымды қашырды,
Тынышымды кетірген,
Ақындық сезімнің
Тамыры тереңде...
Байлық ол сыйлайтын
Ел – ерге,
Ер елге», – деп артынан:
«Атқұмар, сауыққұмар,
намысқұмар халқымның
бір ұлы болып қалайыншы», – деген ізгі ниетпен рухани ортаға келіп, кең тыныс алып еді.
Ерланның (кейде атын Ерұлан деп жазатын) тұңғыш жыр жинағы «Таңсәрі» 1977 жылы оқырман қолына тиіп еді. Одан кейін «Жиырма бес» (1982), «Жүрегімнің жүз жібі» (1996), өзі өмірден озған соң «біркүндік сәулеге» іңкәр ниеттен туған күн мен түнді, өмір мен өлімді, жақсылық пен жамандықты, махаббат пен ғадауатты ұштастыра жырлаған «Саумал дүние» деген толымды кітабы 2004 жылы жарық көрді. «Жүрегімнің жүз жібі» жыр жинағына 1997 жылы арнайы мақала жаздым.
Ерлан Бағаев тектінің тұяғы, жақсының ұрпағы-тын. Ең бастысы, кісілігі мол, ақ адал, өзі де, өлеңі де мөлдір еді. Тектінің тұяғы дейтініміз:
«Әкенің жасыл туын биік ұстап,
Жүрейік жақсы адамның балалары», – деп өзі айтқандай, қазақ баспасөзінің айтулы өкілі, өзі кетсе де, үлгі сөзі қалған, көзі көргендер адамдығы мен азаматтығын, білімі мен білігін, қайырымы мен қажырлы ісін, мейірімді дидарын, нұрлы жанарын әлі күнге мақтан ететін, тілі шұрайлы көсемсөзші, журналист, публицист, ат жалын ерте тартып мініп, Қызылорда, Талдықорған облыстық газеттеріне, 39 жасында «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») басылымына басшылық еткен – Ұзақ Бағаев еді.
Ақынның қай жинағын қолыңа алсаң да, әке туралы өлеңі алдыңнан шығады. Әже тәрбиесінде болғанын «Үлкен апам» атты жырында әдемі береді.
«Айтқандары жүрегімде жатталған,
Жатушы еді тілегінде тәтті арман.
Үлкен жолға он жетімде Сатыдан,
Үлкен Апам ақ жол тілеп аттанғам.
Қарайтын-ды жаңбыр күтіп аспанға
(Өмірі оның жазылмаған дастан ба?)
...Қайтыс болды мен Мәскеуде жүргенде,
Кәріліктен,
Тоқсан жастан асқанда», – дейді де қала жағалап кетіп, сол әжесінің басына бармағанын:
«...Көп жыл өтті, бейітіне бармадым,
Жатқан шығар үлкен апам өкпелеп.
Сөнгендей ме жүректегі мың алау,
Шұғыл солай аттың басын бұрам-ау.
Топырағынан иіскеп бір қайтпасам,
Үлкен Апам кешірмейтін шығар-ау...» – дейді. Бұл өлеңнен оның алақанында аялаған әжеге деген сүйіспеншілігін аңғарасың. Шіркін, қатыгезденіп бара жатқан капиталистік қоғамның қатыбастау ұрпағы осыны түсініп оқыса, жаһанданудан қатқылданған ет жүрегі жібіп, қарттар үйі азаяр ма екен?
Әже қолында өскен, ағайынға бала болған ұл – әкесін бірде әке, бірде аға деп өлең өрнектейді.
«Әке!
Мен кейбір жолдасыңа кезігемін.
Өзіңді тірідей-ақ сезінемін.
Тағы бір жолдасыңа кезігемін –
Көлеңкесі түсірер
Көзіме мұң.
Енді бір жолдасыңа кезігемін –
Сағынамын,
Жоқтаймын,
Езілемін.
Жолықпаған ойларға жолығамын,
Қанықпаған жайларға қанығамын...» – деген жолдардан қаншама бейне менмұндалап тұр десеңізші. Бірі адалдығын, екіншісі кішілігін, басқа бір пенденің «құбылаға» қарап құбылуын іштей сезінесің.
Сезінесің де, «заман-ай» деп, запыран жұтқандай боласың.
Ерлан екінші бір «Қайран, аға!» деген өлеңінде:
«Әке, Аға!
Өше қойған жоқ әлі Ерлан атым,
Ақын емес балауса –
Толған ақын.
Асхат тентек –
Ол менің сол қанатым,
Ерболатың –
Ол менің оң қанатым.
Алаңдама, кеңейді өрістерің,
Пісті (шүкір) бағыңның жемістері.
Нәзікенің өмірге алып келген,
Дәл өзіңдей бейкүнә періштені.
Бізді бүгін адам аз мол айыптар,
Көз қиығын сап жүрген халайық бар.
Сізді бүгін тірілтіп жатыр, әке,
Ұрпақтарың – ұл-қыздар, Бағаевтар!» – деп бірде аға деп аһ ұрса, одан кейін әке деп өзегі өртенеді.
Оның арғы жағында аяулы жанға деген сүйіспеншілік, ізет ілтипат жатқаны да анық. Артынан тәубесіне келеді, ұрпағының өсіп-өнгенін айтып, әке аманатына адал екенін жеткізеді. Сөйтеді де:
«Ұмытпас сені ғұлама халқым,
«Жақсы ғой – деген, – ештен кеш», – деп жүзінен мейірім төккен, жанарынан нұр шашқан аяулы әкесіне әлі де болса қарыз екенін:
«Теңеу сөзімді айта алмай келем,
Бас иген елдің пірісің.
Қайталап айтам,
Қайталай берем:
Біз үшін, аға, тірісің!
Ел үшін, аға, тірісің», – деп асыл азаматтың текті ұрпағы екенін осы өлең жолдарымен жеткізеді.
Ерлан:
«Жайлауға құмар жанымды,
Жастықтың жыры кернейді.
Аяулы Алатауымды
Тыныштық күйі тербейді», – деп Алатау баурайындағы табиғат көрінісін де келісті етіп кестелейді.
«...Туған жерім – намысым кірлетпейтін.
Суым – шекер, көл – күміс, жерім – жаннат,
Бұдан асқан жұмақ жоқ жер бетінде!
Көлсай – ару, көркімен дара шыққан.
Бір көруді армандап, ел асыққан.
Кербездікті үйренгем Қыземшектен,
Дарқандықты үйренгем Далашықтан», – дейді де Алматы, Мәскеу, қанаттандырып ұшырған Саты жайлы:
«Саты – жайлау,
Саты – нұр,
Саты көктем,
«Саты» деген сүйкімді аты неткен!
Мен анамнан туғам жоқ ақын болып,
Қасиетті Туған жер...
Ақын еткен», – деп тамылжыған табиғатқа тамсанады.
Оның әдемі көрінісін құртып бара жатқандарға «Неліктен?» деген сұрақты көлденең тартып:
«Неліктен Балқаш, Арал қашады,
Сыйлы болады адам нашары,
Кейбіреу сәуле, жарық тұрғанда
Қараңғылыққа қадам басады?
Неліктен Жағымпаз, пасық күліп тұрады,
Күліп тұрып-ақ былықтырады,
Атамекеннің –
Тау мен даланың лайланады тұнық бұлағы?» – дейді де мұның шешуіне келген де:
«Сондықтан жайнасын десек – хауыздың нұры,
Тумасын десек – жауыздың күні,
Табамыз десек – сұраққа жауап,
Алаштың керек ауыз бірлігі!» – деп байлам жасайды.
Бұл – 1987 жылы жазылған өлең. Әлі күнге осы проблеманы күн тәртібінен түсірмей келе жатқанымыз ақиқат.
Тірліктің татымсыз жолы оны Алматысынан алыстатып жіберіп, қайта оралғанда бірде әке, бірде аға дейтін бәйтерегіне мұң шағады.
«Аға,
Қайттым ауылға біржолата.
Қар бората,
Жүректен жыр бората.
Туған жерім
Сағынып шақырғанда,
Тыңдамауға хақым мен дәтім бар ма?
Аға, келдім, ауылға біржолата,
Мұң бората,
Жүректен жыр бората.
Күн батыра,
Арайлы таңды атыра,
Аға, оралдым аяулы Алматыма», – деп өзін-өзі жігерлендіреді.
Елдігімізді алған тұста ақын ерекше шабытпен жыр керуенін түзіпті.
«Жүректегі емдеп жарақаттарды,
Тулатты шарап қарақат қанды.
Тәуелсіздіктің ауасын жұтып,
Ойпырмай,
Жаным жаңа рақаттанды!» – деп шаттанады, шалқиды.
«Ел басқарған шаршамасын төрдегі ер,
Оған қазір ешкім де жоқ тең келер.
Ауытқымай, осы бағыт ұстанса,
Кемеліне жетер бір күн кеуделі ел», – дейді.
Бұл 1997 жылы жазылған өлең еді. Ол тұста елдік туды көтергенімізге алты-ақ жыл болған. Күдік пен үміт әлі де арбасып тұрған шақ. Бірақ «Қазақтың іргесін қайтсек бекітеміз, береке-бірлікті қайтсек бұзбай сақтаймыз?» деген ақын оны жырымен айшықтап айтады.
Ұлтты сүюдің, сүйгенде де күнімдік үшін емес, өмірлік сүюдің арқасында ғана мақсатымызға жететінімізді жар салып алға тартады. Ізгі ниетімізге жету жолында қара басының қамын жегендерден сақтану керегін еске салып, «ішкі есебі түгел»,
«Бірі – басшы, бірі – қосшы,
Өріп жүр, сырты жібек,
Іші кебек адамдар», – дейді де, азат елді осындайлардан сақтау жолы бірлікте екенін:
«Арқаланып келе жатыр сүйікті ел...
Отандастар,
Осы өтпелі кезенде,
Көрінейік азаматтық биіктен!» – дейді.
Тіл жайы толғандырғанда да жүрегіңді дір еткізер өлең жолдарын көлденең тартады.
«Бойымызды билеп алған салғырттық...
Түбімізге жетер ме екен мәңгүрттік?
Түбімізге жетер ме екен енжарлық,
Бос сөз бүгін татымайды таңдайға...
Ең алдымен ана тілің түземей,
Өз ұлтыңды шығармайсың ұшпаққа», – дейді. Өз тілінен жеріп, өзге тілдің құлы болғандардың қатарға қосылуы қалай болар екен деген күмәнін:
«Тілі шүлдір,
Ділі тұлдыр қазақтар,
Ұлтқа тұтқа бола алар ма?
Әй, қайдам...
Төл тарихын білмейтұғын қазақтар,
Ұлтқа
Тұтқа бола алар ма?
Әй, қайдам...
Не шығады өңеш жыртқан айғайдан,
Миллионды жинап алған бай қайдан?
Бірін-бірі көре алмайтын қазақтар,
Ұлтқа
Тұтқа бола алар ма?
Әй, қайдам...» – деп алғыр ақын айтқан осы күдік әлі де жойыла қойған жоқ. Ол қанша уақытқа дейін созыларын Тәңірім ғана білетін шығар. Көп жағдайда ұлттық істі орындамайтындар қара басының қамын жегендер мен жағымпаздар екенін, «...жағымпаздық алдында «ұяттымын», дейді де:
«Өз жүрегім өзіме неге бөтен?
Өзекті өртер өмірді өлең етем.
Алып кет деп Аллаға жалбарынсам,
Тілегіме Жаратқан не дер екен?» – деп арсыздар үшін өз өмірін қиюға әзір екенін, осы арқылы өзгені ойландыра аламын ба, әлде олар үшін менің «өлімім» күлкілі көрініп, «Е, сен өле бер. Мен өмір сүре беремін» деп жымысқы жымия ма деген ойын ортаға салып, азат елі үшін, қазақ жері үшін енді «тірі» қимыл көрсетпеу – барып тұрған сатқындық, ессіздік, қысқа өмірді шолақ оймен мәңгілік деп ұғатын пасықтық деген терең философиялық иірімдерге толы жыр жолдарын көз алдыңнан өткізеді.
Ерлан Ұзақұлының арнау өлеңдерінде де өзіне ғана тән тағылым молынан. Қазақтың Бауыржанының қазасына:
«Қайтты өмірден.
Қазақтың дүлдүлі еді...
Жүз тілегі бар еді,
Бір жүрегі.
Отыз төрт мың Бауыржан қалды артында,
Әлі қанша туарын кім біледі?
Ол өлмейді ешқашан қазақ барда –
Қарсы тұрар қазаққа жоқ құдірет», – деп ұлт рухын көтерген, ұрпақ намысын қайраған қас батырды көкке көтереді.
Ал болмысы бөлек Асқар Сүлейменовке:
«Тірлігіңде дүмшені мазақтадың...
Осалдық,
Күйкіліктен азат дарын!
...Ас-Ағаның өшпейтін отыменен,
Жаурап қалған жүректі жылытайық», – десе, жұмбақ күйде жоғалған дарынды суретші Мағауия Аманжолов туралы:
«Сыры мұңдыны ұғайық, жыры мұндыны,
Таланты ірі, Мағауия, қылығың да ірі.
Ірілікпенен жазылған кесек шығарма –
Көрегендер көп пе «Ақтабан шұбырындыны?» – деп оның бояуы қанық керемет дүниелерін келістіріп суреттейді.
Иранбек Оразбаевтың ұлы өмірден өткенде баллада арнап:
«Ақын аға!
Көп алда шығар белің,
Көкірегіңнен қайғының шығар лебін.
Өзің барда,
Дос-жаран, жарың барда,
Ешқашан да өлмейді Мұнарбегің!» – депті.
Ибрагим Исаға:
«Өмірден өтті арманда,
Елуге жетпей қанша адам.
Елуің артта қалғанда,
Бір арнау жаздым мен саған...
Ай санап тағы күн санап,
Барады достар азайып», – десе, сол елуге өзі жете алмады. Өлең арнаған Ибрагим де жоқ қазір арамызда.
Қарғадайынан қасына ерткен Әбдіраштың Жарасқаны туралы өлеңі өрнекті.
«Дарынымен оқ бойы озық көптен,
Таба алмаспыз алтынды қазып көктен.
Арман бар ма азулы ақындарда,
Соңғы өлеңін халқына жазып кеткен...
Шын ақында болмайды ақырғы өлең,
Шын ақынның жырының бәрі жаңа.
...Арман бар ма арынды ақындарда,
Соңғы өлеңі жазылса тоқсан жаста.
Бақидағы тұлғалар шақырды ерен,
Жер астында демалып жатыр денең,
Әлі сені аспанға шығарады,
Өзің жазған өлерде ақырғы өлең!..» – дейді. Осы жолдардағы терең ойдың әрі мен нәрі тең түсіп тұрғаны анық. Өлеңдегі тоқсан қайда, бірі елуге екіншісі алпысқа да жетпей аттанып кетті емес пе?
Ерлан ағаларынан кейін замандастарына, оның ішінде телқоңырдай қатар шыққан Ұлықбек (Есдәулет) досына жазған жыры да әдемі.
«Мәртебесін ақынның биіктеттің, Ұлықбек,
Жырларыңды баршаға сүйікті еттің, Ұлықбек...
Арулардың жүрегін дір еткіздік, Ұлықбек,
Талай қызық күндерді бір өткіздік, Ұлықбек.
Қастың харамдығына,
Достың адалдығына –
Өлең өріп, жыр арнап, тілек тіздік, Ұлықбек...
Ақын болдың аяулы ғасыр жүгін артатын,
Ғажабы мен азабын заманының тартатын...
Өлең-баққа гүлдерін кім екпеді, Ұлықбек,
Арамыздан әрдайым қыл өтпеді, Ұлықбек...
Қынабынан суырылған алмас едің, Ұлықбек,
Алынбаған асуың алда сенің, Ұлықбек.
Жылқы жылы туылған құрдасыңнан бір тілек –
Көрсетсінші нар ұлға Алла сенім, Ұлықбек», – деп атамекені Көлсайының тұнығындай тұнық ниетін алға оздырады.
Сол секілді 1999 жылы бір ағасына арнаған өлеңінде:
«Қадірлейік ата-баба қонысын,
Болашақта атқаратын мол ісің.
Жер-ананы саудалауға бола ма,
Күрессеңші, тірессеңші жер үшін», – деп ел мен жердің тағдырына араша түскені және бар.
Өмір өкінішсіз, жол оқтай түзу болған ба? Мұны Ерланның ойлы өлеңдерін оқып отырғанда көзің жетіп, көңілің иланады. Өзінше көрік кеуденің желі шығып, қалыпқа түседі. Арлы ақын бірде:
«Бұл өмірден менің іздеп тапқаным,
Ол өзімдік ғұмырбаян қап-қалың.
Қайда жүрсем, адалдықты сақтадым,
Мені сатып кеткендерді сатпадым...
Жастық өтті ұршықтайын зуылдап,
Бірге кетті түндерменен, таңдармен...
Жас дәуреннің мәңгілікке кеткенін,
Әйел сезіп, қария ұғар, жас ұғар.
Талай адам түзу жолда сүрінді,
Көп пенделер түсінбейді түгіңді.
Кейбіреуі ажырата алмайды,
Ұйқы басып, күнің менен түніңді», – дейді.
Осылайша ақынның артында мол мұра қалды. Ол Ерлан Ұзақұлының екінші өмірі деп білеміз.
Иә, бір кездері әке деп, аға деп өрттей жанған Ерлан енді өзі де әке болғанын өлеңінде баян етеді.
«Өлең – менің тентек ұлым,
Қазір жасы жиырма үште,
Жігіт болды.
Бірақ, бірақ... ұшырап жүр қилы іске.
Іштен шыққан шұбар жылан, енді сенен тілерім –
Бұдан былай есіңді жи,
Қайғысы мол уды ішпе!
Кім калайды қисық-қыңыр
Болғандығын ұлының,
Текті жерден шыққан мен де
Әулиенің бірімін.
Сенің әкең бұл жалғанда
Жүре бермес мәңгілік,
Оның жасын ұзартатын
Өзің ғана, құлыным!».
1993 жылы жазылған осы жолдар Ерланның бүкіл табиғатын беріп тұр. Өлеңге келген уақытын, тектінің тұяғы екенін, ес жиып, есеңгіремеу қажеттігін – бәрін жырға сыйғызған. Өлеңін ұлға, құлынға балап, ақиқатты алға тартады.
Шынында, өлең ақынның ішінен шыққан «шұбар жылан» екені рас. Онда шын таланттың бітім-болмысы жататыны да ақиқат. Қуанышын да, ренішін де, қайғысын да, қоғамдық құбылыстарды да, пенделердің арасындағы ала-құла тірлікті де, азамат дегізетін ірілікті де – бәрін де соның аясына сыйғызып: «Айтып өткен ақында арман бар ма» (Мұқағали), соны ақаусыз орындасам деп талпынады. Кейде ол жүрген жол сан тарау болып, бірде бас айналдырар бақытқа бөлесе, бірде адастырып, соңы өкіндіріп, «Әттең, дүние-ай!» дегізіп жатады. Жалпы, ақын өмірі көп жағдайда күнгей мен көлеңкеден тұрады десек, қателесе қоймаспыз.
Алда да айттық, Ерлан Бағаевтың артында мол мұра қалғанын, ол екінші өмірі екенін. Бұл жасанды сөз емес, ақиқат. Оның үстіне Ерлан Ұзақұлы – қарғадайынан танылған талант. Әкесінің демеуімен емес, өзінің дарынымен көрінген ақын. Ол енді-енді қанаттанып келе жатқанда әкесі өмірден озып, өзі емес сөзі, ізгілікке толы ісі елімен бірге жалғасып келе жатқан болатын.
Аз жазса да, артында мол мұра қалдырған дарын иесі 1954 жылдың 3 шілдесінде өмірге келіп, елуге жетпей бақиға аттанып еді.
«Айтқан тірлікті – Қасым ағалар ойласақ бүгін,
Шашың ағарар... Ақынға пәтер бермеген басшы.
Қасым ағаның қасына барар», – деп жырдың қос шынары Қасым мен Мұқағалиды ардақ тұтқан асыл затты Ерланның мұрасын алдағы уақытта жинақтап қайта бастырсақ, орыс әдебиетіндегі әдемі үрдісті жаңғыртып, туған күніне орай поэзия кешін өткізіп отырсақ, бұл кейінгі жасқа үлгі-өнеге болар еді.
«Ештен – кеш» деп пайғамбар жасынан асқан, жетпіске жеткен азаматқа арнап осы жылы аяулы Алматысында, өскен өңірі Алатаудың баурайындағы өзі емірене жырлаған Сатысында атап өтсек, есімін көшеге беріп, оқыған мектебінде шағын музей ұйымдастырсақ, нұр үстіне нұр болар еді.
Оның маржандай етіп жазған шығармалары класс жетекшісі болған Клара апайының отбасында әлі де сақтаулы тұрған шығар. Өзге де өзіндік дүниелері әкесінің ордасында, ағайын-туысының қолында да болуға тиіс. Егер біз осындай игілікті істі атқарсақ, кейінгі толқын одан сабақ алар еді, үлгі тұтып, болмаса да ұқсап бағуға ұмтылар еді.
Көзін көріп, сөзін естігендер оны іске асырмаса, арада жылдар өткеннен кейін кейінгі ұрпаққа неге атқармадың деудің өзі ағаттық болары рас. Жақсыны ардақтауды заманға теліп, уақытты көлденең тартып, сылтау іздеп арыла алмасымыз ақиқат. Сылтау басқаға жарасқанмен, мәңгілік болып есептелетін рухани құндылыққа «билігі» жүре қоймады. Дәуірлер көшіне төтеп беріп, мәңгі жасап келе жатқан сол рухани құндылықтарымыз емес пе?! Осы жерде «адам өлген күні өлмейді, ұмытылған күні өледі» деген бір данышпанның қанатты сөзі еске түсіп отыр. Ендеше, мақтан етуге тұрарлық, үлгі етіп көрсетуге болатын, отты жыр, өрнекті өлең иесі Ерлан Бағаевтың мұрасы мұнарға сіңбей, жарқырап жұрт қолына жетсе, аты әспеттеліп, рухы биіктеп жатса, абзал іс, иманды жұмыс болар еді.
Сүлеймен МӘМЕТ

1663 рет
көрсетілді0
пікір