• Ақпарат
  • 23 Мамыр, 2024

ҮМІТІ ҮЛКЕН ҮШ РОМАН

Жақында жарық көрген үш романды бір жетіде оқып шықтым. Үшеуінің де көлемі 200 беттің төңірегінде, мұқаба түстері де ұқсас. Үш роман да «Алқа» баспасынан шыққан. Үшеуі де «Жас қалам – жаңа роман» жобасы аясындағы аламаннан топ жарған дүниелер. Әрине, бұлар сыртқы ұқсастықтар. Ал әрбірін өнер дүниесі ретінде танып, ішкі әлеміне үңілсек, әңгіме басқа. Әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар, әттеген-ай дегізер тұстары да жоқ емес. 
Бірден айтуымыз керек, бұл әдеби-сын талдау емес. Көркем шығарманы, әсіресе сөз өнерінің бас жанры романды кәсіби талдау үшін, ұлы әңгімені сіңіріп, пайымдау үшін едәуір уақыт қажет. Мақаланы жазуға кететін уақыт емес әрине, әдеби, ғылыми үдерістің уақыты. Ол жылдармен өлшенеді. Кемі бір-екі жыл, бәлкім бес-он, елу жыл... Ал таяуда ғана шыққан туындыларға қатысты туған бұл жазбаны оқырманның алғашқы әсерін бөлісуі десек дәл болар. Сол себепті алғашқы әсерге қатысты базалық дүниелерді ғана сөз етеміз. «Шығарма қалай оқылады, формалық үйлесімі қалай, сенімді ме,  шынайы ма, жасандылықтан ада ма» деген тәрізді тақырыптарды сөз етеміз.

 

Ағыраптағы аты жоқ адам

Алғаш оқығаным – «Ағыраптағы аты жоқ адам». Әуелде оқырман кітаптың атымен танысады ғой. Романның аты сәтті қойылған екен, бірден елең еткізіп оқуға шақырып тұр («Ағыраптың» бір мәнісі болар, «аты жоқ адамы» қызық екен, атсыз кісінің көрген күні қалай болмақ?! «Сонда бұл аты жоқ адамның тағдыры жайлы роман екен ғой» деген ойлар қылаң береді). Шындығында, роман аты жоқ адамның ауыр тағдыры туралы. Романда кейіпкер де, оқиға да көп емес. Оқиғаның бәрі аты жоқ адамның ойы арқылы берілген. Баяндауы күрделі емес, оқуға жеп-жеңіл. Оқырманға керегі де осы ғой. «Абақтыдан босай сала алып-ұшып Мыңқыстақ вокзалына жеттім» деп басталғаннан «Астында көп санды телефон нөмірі мен мекенжайы көрсетілген...» деген соңғы сөйлемге дейін аты жоқ адаммен бірге боласыз. Бірге қайғырып, бірге ойға шомасыз. Бас кейіпкермен бірге болған соң оқиғаның тізгіні де өз қолыңызда. Тақырыптан тыс қалуға, не ұзын сонар авторлық суреттеулерден жалығуға жол жоқ. Кітап сонысымен қызықты. Автор сонысымен ұтқан.
Әрине, идея түрінде бәрін осылай бірінші жақтан берсем, сөйтіп, бір адамның жан жарасын өмірдің өзіндей етіп өзінің аузынан сөйлетсем, сол арқылы қоғамның азып-тозған тақырыптарын да жігін білдірмей жазып шықсам деп ойлау оңай. (Бәрі солай бола қалса, қанеки? Күлліміз жазушы болып кетпейміз бе...) Ал сол шығармашылық ниетіңді қағаз бетіне түсіріп, басы бүтін дүние етіп беру азаптың азабы. Ол – шын қаламгердің ғана қолынан келетін дүние. Анна Ахматова «Қаһармансыз поэмасы» туралы: «Ол тап қазіргі күйіндегідей  бірден басы бүтін көз алдыма келді, естідім оны, бірақ соны поэма етіп шығару үшін жиырма жылым кетті», – депті. Сол айтқандай, бұл оңай дүние емес. Біз сөз етіп отырған кітап авторы сол үдеден шыққан. Роман оқырманын (өзімді айтамын) жалықтырмайды. Романда аты жоқ адамды қазақпен синонимдес деуге болады. Өз елінде тұрып өзінің тіліне, жеріне, жетімдеріне, діліне, дініне ие емес. Проблемасы шаш етектен. 22 жастағы аты жоқ жігіт 14 жылға түрмеге кесілді. Не үшін? Өз жерін, баспанасын қорғағаны үшін. Мұндағы ең трагикомедиялық сұрақ: Кімнен? Сыртқы жаудан емес. Сол жермен, баспанамен қамтамасыз етуге тиіс өз мемлекетінен. Шындығы сол, бұл ауыр ақиқатты қазақтың ана тілі мен барша ұлттық мәдени құндылықтарына қатысты да айтуға болады. Роман сондай күрделі саяси, идеологиялық салмағы бар тақырыпты көтерген. Соны өнерге айналдыруға тырысқан. 
Әрине, романды оқу барысында әттеген-ай деген тұстар болды (мазмұнға қатысты емес, құрылымдық детальдарға қатысты). Көбіне бұл бір оқиғадан екіншісіне ауысулар барысында байқалады. Абақтыдан босай сала бәріміз сол аты жоқ адаммен бірге келе жатырмыз ғой. Біз деп оқырмандарды айтамын да. Сол аты жоқ жігітіміз бір детальды көрсе, ойға беріліп басқа оқиғаға ауысып кетеді. Сол ауысулардың кейбірі сәтсіз шыққан. Өзі түрмеден шыққан жігіт, өзін барар жерінде кім не күтіп тұрғаны да белгісіз. Ол ойшыл болмағанда кім ойшыл болсын дейсіз ғой. Дегенмен сол ойшылдықтың көптігінен кейде негізгі оқиғаның желісін таппай қаласыз. Мұны романның басты баяндау тәсілі екенін де ұғып отырмыз. Сол арқылы автор көп дүниені синтездеп берген. Бірақ біз мұнда сол ауысулардың шынайылығын сөз етіп отырмыз. Вагонда отырғанда апа мұны әке-шешең бар ма, қолыңда ма, зейнетте ме деп сұрайды. Осыдан кейіпкеріміз маған қазақтың тергеушілік мінезі ұнамайды деп түрмедегі азапты тергеуді баяндап кетеді. Екі тергеуде қандай ұқсастық бар? Жалпы, жеке алғанда романдағы түрме кезеңі әрі шынайы, сенімді өте шебер суреттелген (автордың көп еңбектенгені көрініп тұр). Бірақ әлгіндей қисынсыз ауысулар соған көлеңке түсіріп кетеді. Аты жоқ адам вокзалда Әлия атты көрікті келіншекпен ұшырасып, бірден етене жақын болып кетеді (бұл жері де маған сенімсіз көрінді). Ауысулардың көбіне-көп сенімсіз шығуы осы екеуінің арасындағы диалогтерде кезігеді. Мәселен:
«Ойын қызды. Әлия жеңсе – шаттанып, жеңілсе – мұңайып қалатынын байқадым. Әлияны қуанту үшін әдейі жеңілем. 
– Картаның бәрін жатқа білетін қабілетіңіз қайда кетті? – дейді бәрін ұтқан Әлия қолын шапалақтап. 
– Қателестім, – деймін мен өкінген болып.
– Бүгін құлағыма жындар сыбырламай отыр деңіз..
– Иығымдағы періштелерді бездіріп жібердіңіз, – деймін мен.
– Ақшаға ойнасақ, бәріңізді ұтар едім, – дейді Әлия еліріп.
– Ол ақшаңызды мен ұрлап кетер едім...
«Ақшаңызды ұрлаймын» деген сөз аузыма қайдан сап етіп, ілінгенін түсінбей қалдым. 
Біз Тоқсан апаның ұрасында тұрғанда жағдайымыз жаман болған жоқ» деп осы жерден бұрын пәтер жалдап тұрғанда болған ақша жоғалуға қатысты оқиға баяндалып кетеді. Оқырман да «ақшаңызды ұрлаймын» тіркесі арқылы еріксіз келесі оқиғаға ауысып кетеді. 
Роман бастан-аяқ осындай бір сөз арқылы, бір зат не мотив арқылы  келесі тақырыпқа ауысулардан тұрады. Оның бәрін сәтсіз дей алмаймыз. Керісінше, жаңа тарау алдындағы ауысулар сәтті шыққан. 
Бұдан бөлек «ай осы жерлерінің қажеті бар ма еді» деген жерлерім болды. Роман басталысымен бас кейіпкеріміз вокзалда отырғанда ойға беріліп: «Бүлінген ештеңе жоқ. Он төрт жылды зонаға бергенім болмаса, қалғаны жай әншейін болмашы дүниелер», – дейді. Он төрт жыл түрмеде отыруға қатысты сабырлы пайымы өзіме біртүрлі қызық көрінді. Адамның ішкі ой арпалысында мұндай пайымдар болмайды емес, дегенмен шынайылықтан алшақ секілді. Соның артынша вагондағы сапарлас кісі бірде әжей, бірде апай, бірде апа деп берілген. Жаңа көрген кісі болған соң дөп басып тани алмады ма, әлде басқалай мақсат болды ма – неге үш түрлі анықтама қолданғанын ұға алмадым. Және сол кісіні алғаш көргенде кейіпкеріміз «Апай қасын түгел жұлып, орнын қап-қара бояумен түгел сызып тастаған екен. Апаның сұлуланбақ болған реңі көзіме қораш көрінді. Мен бостандықта жүргенде әйелдер қауымы жаппай қас жұлмайтын. Алпыстан асқандардың басынан жаулығы түспейтін» деген тұстары да көңілге сенімсіздік ұялатады. Бұған қоса бас кейіпкердің әншілік мотивтері де негізгі оқиға желісіне үйлеспей тұрғандай көрінді. Ал романдағы қала, аудан, көше атауларына (Ағырап, Нұршық, Қазақбай т.б.) қатысты әңгіме тіпті бөлек. Әрбірінің символикалық мәні бар екені анық. Бірақ ол мәндер астыртын болса да жұмыс істеп тұр ма, әлде ол жұмыс оқырманға ысыра салынған ба? Қазақ үшін қасіретті тақырып астарынан мүлде бейхабар оқырман сол атаулардың сарказмдық мәніне бойлай ала ма? Тіпті тақырып астарын түсінетін оқырманның көзімен қарағанның өзінде де, меніңше, сол атауларда көп қайшылық бар секілді... 
Қалай дегенде де  ең бастысы романның идеялық негізі мықты, авторлық іргетасы мығым. Бұл – қаламгер үшін баға жетпес байлық. Тілдік әлеміне де мін таға алмайсыз. Тек құрылымдық үйлесім тұрғысынан шыңдай түсетін тұстары баршылық. Бұл енді әлгі айтқан оқиғалар жымдастығына қатысты. Және кейіпкерлер болмысына тереңдей түсу де артық етпес еді. Іргетас мықты болса, небір ғажайып құрылыс тұрғызуға болады. Ол – уақыттың еншісіндегі дүние. «Ағыраптағы аты жоқ адамнан» алған алғашқы әсер осылай болды. Бастысы, әдебиетіміз қазақ үшін әлеуметтік, стратегиялық мәні бар жаңа көркем туындымен толықты. Бұл – үлкен олжа.

Абыл мен Қабыл

Атынан ат үркетін романды қолға алысымен «бұл не деген пафос атау, әбден мезі болған тақырып емес пе», «қазір бәрі осындай «крупный» тақырыптарға әуес, ә» деген ой келді. Ал романды оқып бітірер-бітірмес әлеуметтік желіге сүйіншілеп салдым. Мұны алғашқы әсер не әдеби үдерістің бір көрінісі деуге де болар. 
«Абыл мен Қабыл» атауы бір есептен ойыңды тек бір арнаға шоғырландырып қояды екен. Әсілінде шығарма атының жалқы есімдерден болуы оқырман назарын құрсаулап тастайды. Оқиға тек солар туралы болар дегендей («Бовари ханым», «Тынық дон», «Абай жолы» т.б.). Тіпті қанша жерден символдық атау дегенмен, сонау киелі кітаптардан бастау алатын оқиға бірден ойыңа оралады. Соған еріп оқиға желісін өзің құрап алуға асығасың. Мұның бәрі – шығарманың межелі ниетіне қосымша салмақ, кедергі. Шығарманың аты оның жарты тағдыры деген сықылды ғой. 
Қалай десек те, «Абыл мен Қабыл» романы – оқырманның алғашқы қабылдау сынынан, табалдырықтан сүрінбей өтті. Роман ә дегеннен өз әлеміне тартып әкетті. Суреттеудегі шынайылық пен дәлдік оқырманның сыншылдық сүзгісін ойыннан тыс қалдырып, еріксіз қызығу мен таным әлеміне жетелей жөнелді. 
Романның қысқаша сюжеті былай: Бекторы есімді студент қыз тағдырдың жазуымен тылсым жағдайда жүкті болып, тәндері кеуде тұсынан қосақталған сиам егізін өмірге әкеледі. Мұндай құбыжық жайтты бастапқыда тек дәрігер мен пәтер иесі ғана біледі. Перзентханадан кейінгі Бекторының жайы беймәлім. Әрі қарай дәрігерлер атын қойған сиам егізі Абыл мен Қабылдың өмірі суреттеледі. Мемлекет қарауына өткен ерекше жаратылыс иелерінің басынан түрлі жағдайлар өтеді. Балалар үйіндегі қорлығы өз алдына бір дүние. Есейе келе жатақхана беріледі. Әкімшіліктен арнайы көмекші бекітіледі. Әкімшілік пен мәдениет министрлігі бұл ерекше жаратылыс иелерін өз мүдделеріне қолданады. Негізінен, мәдениет министрлігі бұларды ертелі-кеш шоу ретінде кездесулерге сүйрелейді. Кітап соңында тіпті президент қатысуымен өтетін бас партияның жиынында мемлекет басшысын мақтатып сөйлетеді. Өзіміз де көріп, бүгінде етіміз үйренісіп келе жатқан таныс, жиіркенішті көрініс­тер. Сөйтіп, осындай шағын оқиғалар арқылы бір елдің білдей мәдениет министрінің деңгейінен сол мемлекеттің рухани азғындық деңгейін көрсетеді. Соңында құпия жағдайда Абыл мен Қабыл өз бөлмесінде қайтыс болады. Бір оқығанда есте қалған жайттар – осы. Бұдан бөлек, қара қарға мен Дәруіш шалдың тылсым әрекеттері, 1986 жылғы оқиға, қоғамдық, әлеуметтік, философиялық, тұрмыстық т.б. штрихтар бар.
Осының бәрі бір-бірімен шынайы үйлесім тапқан. Барша адамзатқа ортақ қиссаны символдық негіз етіп қазіргі әлемнің айықпас дертін сәтті берген. Бекторының бейнесі, Құйын іспетті бас пайдасымен өмір сүретін шенеу­ніктердің мінезі, қазіргі қоғамның жылтыр келбеті бәрі-бәрі күнделікті көз алдымыздан өтіп жатқан таныс суреттер. Кітап «Таңсәрі», «Талтүс», «Алагеуім» және «Түн қараңғысы» деген төрт бөлімнен тұрады. Әр бөлімде Абыл мен Қабылдың өмірі бір бөлек, Бекторының жайы бір бөлек хикая ретінде баяндалып отырады. Соңғы бөлім барлық баянның шешімі һәм жұмбағындай әсер қалдырады. Роман соңына қарай Абылдың пайымы беріледі. «Ізгілік дегеніміз не» деп ойланып жатыр. Сол ізгіліктің дәнін сеуіп, мына әлемге кеңінен тарататындардың жан арпалысы қандай болуы мүмкін. Ол әрі-бері ойланып, ізгілік таратуға шамасы жетпейтін адам ең болмағанда сол ізгілікті аяғына таптайтындармен күресу арқылы жеңіске жетуге тиіс деп түйіндеді. Абыл өзін ізгілік жаршысы ретінде есептемесе де, соның жолында құрбан болуға әзір жандардың қатарынан табылуды армандап кетті...» 
«Абыл мен Қабылдың» бір ерекшелігі қайта оқуға шақырып тұратыны ма дедім. Сиам егізінің өмірінде кезіккен тылсымдардың мәніне бойлағың келеді. Сол тұрғыдан роман әрі қарапайым, әрі күрделі. Кейбір тарауларының жұмбағы екінші, үшінші қайтара оқығанда ашылатындай. Оқырманын түсініксіз бір текетіреске жетелейтіндей әсер қалдырады. 
Бұдан бөлек, Қара қарғаның әрекеттері, сиам егізіне қатысты медициналық заңдылықтар, желтоқсан алаңындағы Бекторының зорлануы, Қабылдың тән құмарлығына бой алдыр­уы секілді детальдар санаңнан кетпей жатталып қалады. Көркем әдебиеттің өнер ретіндегі күші деген осы емес пе?!
Тілінде, әсіресе соңғы бөлімде күрделі орамдар көптеп кездеседі. Мазмұндық, идеялық тереңдік тұрғысынан да шыңдай түсетін тұстары жоқ емес. Роман соңы асығыс аяқталғандай әсер қалдырады. Әсіресе романның пәлсапалық астарын, автордың өзімен, оқырманмен күрделі диалог құруға талпынған. Дегенмен сол мақсаттың орындалған-орындалмағанын дөп басып айту қиын. Бір қарағанда романның идея­лық желісінде бір ыдыраңқылық бар секілді көрінеді. Бірақ оны романның құрылымдық бүтіндігі әсте білдірмей кетеді. Бәлкім, кәсібилік деген осы шығар. Шын мықтыға тұсау жоқ дей ме.. Ол жағын маман-сыншылар тәптіштеп талдай жатар. Ал біздікі, жоғарыда айт­қанымыздай, оқырман көзімен берілген бастапқы шолу пікір ғана. 

Мұтылған

Мақаламыздың атын «Үш роман туралы» дегеніміз әбестік болыпты. Екеуі роман да үшіншісі метароман екен. Яғни романның өзі емес, романның түрі, тіпті кейбір зерттеушілер мұны романның түрінің түрі деп те жатады. Бірақ ол жағын кім білген енді. Біз кітап сериясы бойынша елітіп, сүңгіп кеттік қой. Кітап айдарында «Жас қалам – жаңа роман» деп таңбаланған. Кітап аннотациясында «Есімі елге мәлім жазушы-драматург, әдебиеттанушы-ғалым, сыншы, аудармашы Әлібек Байболдың «Мұтылған» романына бүгінгі қоғамның қилы-қилы ахуалдары, жанға батқан жағдаяттары арқау болып, жан-жақты көрініс тапқан» деп тайға таңба басқандай жазылған. Ал мұқабадан соңғы келетін ішкі титул бетте метароман деп беріліпті. Хош дедік. Бұрынырақта роман ішіндегі роман тұжырымымен таныстығымыз бар еді. Соған тәуекел етіп, «Мұтылғанды» оқуға бел будық.
 Кез келген мәтіннің бағы оқырманмен арадағы диалогте жанады ғой. Өнер дүниесін, оның ішіндегі романды Ахмет Байтұрсынұлы ұлы әңгіме дейді. Ол жан азығы, ол ақылың мен қиялыңды қозғайды, көңіліңді тербетеді дейді. Әлгі оқырманмен диалогтің өзі сан қатпарлы қарым-қатынас диалог қой.  Ашығын айту керек, «Мұтылғанмен» арамыздағы диалог әу бастан кері кетті. Әдебиет емес, әдеби эксперимент, роман емес, романның түрінің түрі, өнер емес, өнерге сәтсіз пародия секілді әсер қалдырды. Туындыны роман ішіндегі роман болды ғой деп те, қанша дегенмен метароманның болмысы романның белгілерінен тұрады ғой деп те оқып көрдім. Болмады, үмітім ақталмады. Әрине, оқырман талғамы әрқалай, бәлкім, әбден дәстүрлі танымның шеңберінен шыға алмай қалған болармын. Әбден мүмкін. Барлық оқырманның білім-білігі екібастан бірдей емес. Мүмкін, бұл зерттеушілік көзбен қарайтын, түрлі кодтарға толы мәтін болар. Жоққа шығармаймыз. Кәсіби талдаудың нысанына түскенде уақытымен көптеген қазыналы қырлары ашыла жатар. Ал оқырман ретіндегі алғашқы әсерім осылай болды. 
«Мұтылған» метароманын оқу өзіме оңай соқпады. Алғашқы бөлігінен екі не үш бет, бәлкім, одан да көп сілтемелер бар. Кітап ортасына қарай қазіргі ақын-жазушылардың шығармашылығынан кесек-кесек үзінділер берілген. Осылардың арасынан «Мұтылған» метароманын іздеумен болдым. Ұққаным – Мұрат есімді ойлы жігіт (Шәкәрім қажының өлеңдерін жатқа жиі айтқаннан ел Мұтылған атап кеткен) қоғамдағы түрлі қисық-қыңыр жағдайларға қатысты өз пайымын бөліседі, моральдық төрелігін айтады. Метароманда жүздеген шағын тарауша бар десек, барлығының құрылымы солай. Бірінші бір мәселе айтылады, сосын реті келсе, кішігірім сипаттама кетеді, содан бел ортасына қарай Мұтылғанның ақылды па­йымдары беріледі. Кітаптағы фрагментті тараушалардың барлығы сондай, ортақ пазл құрастырамын деп әлекке түсудің қажеті шамалы. Көркемдік бүтіндік туралы армандаудың өзі қисынсыз ба дедім. Шыны керек, соңына жете алмадым. 
Өз басым романды өнердің өзімен егіз көремін. Солай қабылдап алған соң ба – көркем шығармадан (романнан) айналаңды, өзіңді іздейсің, өлмес тақырыптардың басқаша тәпсірін іздейсің, қай жерінен оқысаң да, ұғынатын қым-қуат тіршілік орамдарын іздейсің, өміріме сабақ боларлық ой-тұжырымдар көшін, ғұмыры көз алдыңда өткен, туыстай болып кеткен кейіпкерлерді іздейсің т.с.с. Бәлкім, мұным қате шығар. Романның бәрінің төрт құбыласы /тілдік, мазмұндық, эстетикалық, құрылымдық/ түгел бола бермейді ғой. Романның бәрі мәңгілік тақырыптарды қозғап, толғауы шарт та емес қой. Олай болса біз білетін тарихи, сатиралық, лирикалық, ғұмырнамалық т.б. түр, теле роман, фотороман т.б. түрлері болмас еді ғой дейді бір ойым. Бастапқы ойым тағы килігіп, сол үшін олар роман емес, романның түрлері ғой дейді. Жалпы, қалай болғанда да (эксперимент депті алғы сөзде), «Мұтылған» эксперимент болған секілді. Мүмкін, қайыра оқығанда басқа қырынан танырмын. Әзіргі пайымым осы болды.
Байқасаңыз, осы мақала пікіріміздің өне бойында үш туындының авторлары туралы бірауыз айтылмапты. Соның өзі қажетсіз дүние. Үш романға жазылған шығарма басындағы алғы сөз де кәсіби әдеби үдеріске болмаса, оқырманның назарына кедергі мәтін. Оқырманның  ешбір делдалсыз-ақ өнер дүниесімен сырласуға мүмкіндігі болу керек қой. 
Бұл мақала да солай сырласу диа­логі еді. Сол себепті авторларға тоқталмадық. Қаламгерлердің барлық шығармасы шедевр болуы шарт емес. Бір туындысына қарап ұлы ету де, жарамсыз ету де шолақ пайым. Басты құндылық  – оқырманның риясыз пікірі. Бұл – бастап­қы қадам. Зерттеу, талдау, ғылыми айналымға ену, мектеп, бағыт болып қалыптасу одан кейін бола беретін кезеңдер. Егер автор туралы осында пікір білдірсек, олардың шығармашылығына теліп емес, осы аталған, таяуда ғана баспа бетін көрген шығармасына қатыс­ты ойымызды ортаға салдық. Өнерден түйген ұлы сезімдердің  барлығы әдірем қалмасы үшін суреткер оны өмірімен көрсетуі керек деген бар ғой. Сондықтан туындыгер атаулының оқырманның жайлы-жайсыз сын-пікіріне алаңдауы қажетсіз іс. Туындыгер туындыгерлік мұратына адал болса болғаны. Қалғанының бәрі – бос шаруа. 
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні үш романымыздың алғашқы екеуі өсу жолындағы, соңғысы үйрену жолындағы дүние екен. Ендігі кезекте бергенінен берері көп прозашы азаматтардан толысу, кемелдену деңгейіндегі туындыларды сабырмен күтеміз.

Ұлан ЕРКІНБАЙ,
Ахмет Байтұрсынұлы
Білім академиясының 
директоры

2066 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

17 Сәуір, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы