• Ақпарат
  • 23 Мамыр, 2024

ОРТАҚ ӘЛІПБИДІҢ ОРНЫ БӨЛЕК

Дағжан Белдеубай,

«Ana tili»

Жақында Әзербайжан астанасы Баку қаласында ортақ түркі әліпбиі бойынша құрылған Комиссияның екінші жиылысы өткізілді. Кезекті жиынды халықаралық Түркі академиясының басшысы, профессор Шахин Мұстафаев жүргізді. Жиынға Әзербайжан, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан мен Қазақстаннан келген ғалымдар қатысқан. Түркі лингвистері қоғамының жетекшісі, профессор Осман Мерттің мәлімдеуінше, жиында түркі әлеміне ортақ әліпбиге көшу жоспарына қоса, осы бағыттағы іс-шараларға ғылыми, мәдени тұрғыда баға беріліп, ортақ терминологияның зерттелу барысы талқыланған.
Ғалымдардың пайымдауынша, түркі жұртына ортақ әліпби жасау қажеттілігі күн өткен сайын артып келеді. 2026 жылы түркітанушылардың Тұңғыш құрылтайының өткеніне 100 жыл толады. Осы атаулы жылда ортақ әліпби жасау ісін аяқтау жоспарда тұр. Алайда түркі текті алты республиканың төртеуі Түркия, Әзербайжан, Түрікменстан, Өзбекстан елдері латын қарпіне көшкенімен, Қазақстан мен Қырғызстан қалыс қалып келеді. Ол, әрине, аталған ортақ игі іс-шараны кешеуілдетуі мүмкін.

 

Айтылыммен жазу

Ортақ әліпби мәселесін өткенге үңіле отырып талқыласақ, «тарих қайталанады» деген сөз рас болса керек. Жиырмасыншы ғасырдың басында көтерілген латын әліпбиіне көшу мәселесі, Қазақстан тәуелсіздігін қайта қалпына келтірген заманда қайта алдымыздан шықты. Латын әліпбиін тұтынуды біздің ғалымдар да сол тоқсаныншы жылдары ұсынды. Оның артықшылығы, отарсыздандыруға жасайтын ықпалы сан қайта айтылды. Сонымен қатар күдік-күмән да аз болған жоқ. Әсіресе зиялы қауымның мұндай жауапты мәселеге келгенде он ойланып, жүз толғануы әбден орынды. Себебі «аузы күйген үрлеп ішеді».
«Тарих қайталанады» дегенді неге айтып отырмыз? Ол заманда да Қазақстан өзге түркі елдеріне қарағанда латынға көшу ісін кеш бастапты. Дәл қазіргідей қазақтың қай дыбысын қандай таңбамен белгілейміз деп бас қатырыпты. Тіпті «латынға көшеміз бе, жоқ па» деп 1924 жылдан 1927 жылға дейін айтысып-тартысыпты, яғни бұл даудың басталғанының өзіне аттай жүз жыл толыпты. 
Латынға көшу ісінің кешеуілдеу себебі Ахмет Байтұрсынұлындай ғұламаның араб әліпбиін қазақ тіліне икемдеп, ғылыми тұрғыда өте оңтайлы әліпби жасағанына және сол әліпбимен халықты сауаттандыру ісі өте нәтижелі жүргізілгеніне байланысты болатын. Яғни «Ана тілін түрлендірген Ахаң» деп Мұхтар Әуезов тамсанса тамсанғандай еді. 
Әлгі айтыс-тартыс жай ғана баспасөз бетіндегі дау-дамай емес, Орталық Азия елдері түркітанушыларының әлденеше құрылтайы мен мәслихаттарының басты тақырыбы болыпты. Яғни пікірлері жанаспайтын жақтас топтардың өзара ию-қию әңгімесінен биік, түркі халықтарының білікті маман-ғалымдарының арасында өткен ойласу-ақылдасу деңгейіне көтерілген деуге келеді. Нәтижесі де жоқ дей алмаймыз. Қазақ әліпбиіне өзге түркілердің әліпбилерінен ә, у (ү), ө таңбалары енгізілген. Ал ортақ түркі әліпбиіне жақындату үшін j (и), i, ç (ж) әріптерінің дыбыстық мәні өзгертіліпті. Сөйтіп, бұл мәселеге айрықша маңыз беріліп, үкіметтің жарлығымен 1927 жылы Жаңа қазақ әліпбиінің орталық комитеті деген комитет құрылыпты. Аталған комитет қазақ үшін қаралы 1937 жылға дейін үздіксіз жұмыс істеген. 
Әрине, әліпби секілді күрделі мәселені ғалымдар шешуге тиіс. Араб графикасынан Ахмет Байтұрсынұлы 19 әріпті өзгертпей, бес әріпті қазақ тілінің ерекшелігіне сәйкестендіріп алған. Латын әліпбиінде жағдай басқашалау. Онда 15 әріпті өзгертпей қолданып, жеті әріпті біздің тілімізге бейімдеу қажет болған. Ең басты қиындық (қазір де) – тілімізге ғана тән әріптер латында мүлде жоқ. Бұл орайда Ахмет Байтұрсынұлы: «Латын графикасының құрамы 25–30 пайыз түркі тілдерінің естілу қажеттіліктерін қанағаттандырмайды», – деген екен. Демек, дыбысталу мен таңбалауда күрделі мәселе туындауы заңды. 
Араб графикасын соңына дейін қолдап күрескендердің басында, әрине, Ахмет Байтұрсынұлы тұрды. Дегенмен ғұлама түркілердің ортақ әліпбиі мәселесіне келгенде ойланғаны анық. Бірақ ол үшін тілге реформа қажеттілігін айтқан. Латын қарпінің артықшылығын дәлелдеп, ол әліпбиді қолдаған Телжан Шонанов секілді азаматтар да болғаны мәлім. Олардың да нақты уәждері жоқ емес еді. Төте жазу атанып кеткен әліпбидің кейбір әріптері сөз басында, ортасында, аяғында түрліше қолданылуы, әріптердің өзара тым ұқсастығы, диакритикалық белгілерді қолдануы, оңнан солға қарай жазылуы, музыкалық ноталарды, түрлі ғылыми формулаларды жазу мүмкіндігінің жоқтығы секілді дәлелдер келтірген. Оған қоса саяси жағынан араб әлемі мен КСРО-ның қарым-қатынасы тым салқын болуы, атеистік қоғам құрып жатқан елдің көсемдеріне әліпбидің ислам дінімен астасуы ұнамағаны аңғарылады.
Дегенмен ұзақ пікірталастан кейін, 1928 жылғы 12 желтоқсанда, сол кездегі Қазақстан астанасы Қызылорда қаласында өткен латын әліпбиін қолдаушылардың жиынынан кейін, іле-шала 14 желтоқсанда Қазақ АКСР Орталық атқару комитеті жаңа әліпбиді енгізу туралы шешім қабылдапты. Сөйтіп, 1940 жылы кирилл әліпбиіне көшкенге дейін он бір, он екі жыл бойы Қазақстанда латын қарпі қолданылды. 
Енді аталған жылдарда қазіргі өзіміз пайдаланып жүрген кирилл әріптерімен салыстырғанда, латынның қай қарпін қалай қолданғанына көз жүгіртіп көрейік (түсінуге жеңіл болуы үшін алдымен қазіргі әліпбиді жаздық!): 
Аа–Aa, Бб–Bb, Вв–Vv, Гг–Gg, Дд–Dd, Ее–Ee, Зз–Zz, Ии (Йй)–Ii, Кк–Kk, Лл–Ll, Мм–Mm, Нн–Nn, Оо–Oo, Пп–Pp, Рр–Rr, Сс–Ss, Тт–Tt, Уу–Uu, Фф–Ff, Хх–Xx, Шш–Cc, Ыы–Ьь, Іі–Jj, Ққ–Qq, Һһ–Hh. Мұнан нені байқаймыз? Осындағы латын қаріптері біздің қазіргі тұтынып отырған компьютеріміздің перне тақтасында бар таңбалар. 
Ең қызығы, жалпы, латын символдарында болғанымен, сіз бен біздің компьютеріміздің латынша перне тақтасында жоқ мынандай қаріптер қолданылыпты: Жж–Çç, Ғғ–Ƣƣ, Үү–Уȳ, Уу–Ūū. Бұларға қоса ілкіде айтылған Өө–Өө, Әә–Әә әріптері енгізіліпті. Сондай-ақ кірме сөздер үшін ц, ч, щ, э, ю, я, ь, ъ секілді сегіз таңба қосылған. Сөйтіп, ұзын саны қырық бір қаріпке жетіпті.
Ал, енді осы әліпбиді қолданған тәжірибені көру үшін, Алматыдағы Ұлттық кітапхананың 
сирек кітаптар, қолжазбалар бөліміне бас сұқтық. Кезінде Ғаббас Тоғжанов басқарған «Satsьjaldь QAZAƢЬSTAN», яғни «Социалды Қазақстан» газетінің 1932 жылғы сандарының электрон нұсқасын көрудің сәті түсті. Газет материалдарын ақтармай-ақ, жоғарыдағы атының өзі қалай жазылғанынан-ақ аталған әліпбидің қолданысы көрініп тұр. Латыншадағы атауды қазіргішелеп жазсақ, «Сатсыйалды ҚАЗАҒЫСТАН» болады. Қазақстан деп қазіргідей қатаң дыбыстармен емес, Қазағыстан деп ұяң дыбыс­тармен, ең назар аударарлығы – айтылыммен (орфоэфиямен) жазғаны. Газеттегі әрбір сөз сол заманда қазақ қалай сөйлесе солай, айтылымға негізделген. Ал латын нұсқасынан байқалғаны – ы әрпінің орнына жіңішкелік белгісін (ь) және, ілкіде айтқанымыздай, ғ әрпіне перне тақтада жоқ ƣ таңбасын қолданғаны.
 Кітапхана қорындағы Сәкен Сейфуллиннің 1934 жылы шыққан «Айша» атты әңгімелер жинағын да парақтаудың реті келді. Мұқабасында SӘКЕN SEJPULLA ULЬ «AJCA» деп тұрған кітаптың ішкі бетінде автордың BUL ÇЬJNAQ TUVRALЬ, яғни «Бұл жинақ туралы» деген сөйлемдегі, туралы сөзі де айтылыммен жазылып тұр. Айтылыммен жазылғандықтан, Ұлттық кітапхана мамандарының айтуынша, латынның осы нұсқасымен тез оқып, жазып төселіп кетуге болады екен. Бұл саланы зерттеп жүрген ғалымдар мұны да ескеруі керек деп ойлаймыз.

Ұлттың жадын өшіру әдісі 

Әліпбиден тағы бір аңғарғанымыз – а, е, к, о, х, ө, ә, ц, ч, щ, э, ю, я, ь, ъ секілді бақандай он бес әріп қазіргі өзіміз тұтынып отырған кирилден алыныпты. Мұның өзі 1940 жылы кирилл әліпбиіне өтуге дайындық болғанын байқаймыз. Бұл тәсілдің астарынан кеңестік сұрқия саясат менмұндалап тұр. Оны айтып отырған себебіміз – Қазақстанды 1925–1933 жылдары Ф.И. Голощёкин басқарғаны белгілі. Төте жазудан латынға өткен 1928 жылы қазақ билігінің тізгінін Голощёкин ұстап отырды. Ол өзінің атышулы қазақты аштықтан қынадай қырған «Кіші октябрь» саясатына қоса, «уничтожить оставщуюся интеллигенцию», «еще раз изменит қазахский алфавить таким образом подрастаю­щее поколение не будет иметь возможности читать историю своего народа. У них больше нет собственной историй кроме Советской» деп келетін «өте құпия» белгісі соғылған хатын қазір әлемжеліден де оқуға болады. 
Голощёкин орнынан алынғанмен, Кеңес үкіметі осы жоспарды аяғына дейін орындады. Газет оқырмандары ортасында орысша онша білмейтін қандастарымыз да бар екенін ескеріп, жаңағы орысша мәтіннің мағынасына да аз-кем тоқталайық. Мәтінде көрсетілгендей, «қалған зиялыларды түгелімен құрту» ісі де қапысыз жүргізілді. Олай дейтініміз, отызыншы жылдардың басында-ақ (Голощёкин Қазақстанға келмей тұрып) Шәкәрім Құдайбердіұлы, Жүсіпбек Аймауытов және басқалар атылып кетті. Бірақ мүйізі қарағайдай Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы бастаған ұлттың тіректері аман болатын. «Әліпбиді қайта-қайта өзгертіп, жас ұрпақты Кеңес тарихынан басқа өз халқының өткенін мүлде білмейтін ету», яғни ұлттың жадын өшіру бағдарламасы да мүлтіксіз іске асырылды. Он жыл сайын әліпби ауысуы оңай тимеді. Біршама кешіксе де, Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясын оқығанда кейіпкерлерінің қазақ екеніне әрең сендік. «Бізде де осындай батырлар болып па еді?» дестік. Яғни сол саясаттың салқынын қатты сезіндік. Өйткені Абылай мен Кенесарыдан гөрі бірінші Петрді жақсы білетін едік.

Өзбек әліпбиі

Енді ортақ әліпби мәселесіне қайта оралсақ. Әліпби ісінде әр халықтың өзінің тілдік ерекшелігі басты назарда болады. Тілдік тұрғыдан оғыздар тобына жататын түрік, әзербайжан, түрікмен халықтарының бір мәмілеге келуі оңайырақ болуы мүмкін, алайда, ғалымдар айтып жүргендей, түрікмен тілінің фонетикасындағы өзгешелік ойлантары анық. Олардан гөрі бізге өзбек тіліндегі латын қаріптері оңтайлылау болар деген оймен сол әліпбиге үңіліп көрдік.
Aa–Аа, Бб–Bb, Һһ–Cһ, Дд–Dd, Ee–Ее, Фф–Ff, Гг–Gg, Хх–Hh, Ии–Ii, Жж–Jj, Кк–Kk, Ққ–Qq, Лл–Ll, Мм–Mm, Нн–Nn, Оо–Oo, Пп–Pp, Рр–Rr, Сс–Ss, Тт–Tt, Уу–Uu, Вв–Vv, Хх–Xx, Йй–Yy, Зз–Zz. Мінеки, алдымен кирилл қарпін жазып барып, соңына латынды жалғаған өзбек ағайынның қазіргі латыншасынан біз алабөтен өзгешелік көрмедік. Осы тізілген жиырма бес қаріпті біз де осылай тұтына берер едік. Тіпті қазірдің өзінде әредік қолданып жүрміз десек болады. Олай дейтініміз, компьютер тақтасында біз де осылай жазамыз. 
Бірақ олар төрт қаріпті қазіргі компьютер перне тақтасында жоқ, жалпы символдардан алып, өздері құрастырыпты, олар: Ғғ–Ɠģ, Ңң–Ng, Шш–Sh қаріптері және төртіншісі өзбек тілінің дыбысталу ерекшелігін білдіретін о дыбысын үстіне апостроф (төңкерілген үтір, яғни дәйекше) қойып түрлентіпті. Бізге ол қажет бола қоймас, алайда қазақ пен қырғыз тілдерінің ерекшеліктерін көрсететін ң және ш дыбыстарының, ілкіде көрсетілген (Ңң–Ng, Шш–Sh) осы өзбек әліпбиіндегі нұсқасын алған жөн бе деп ойладық. Әліпбиде й әрпі Yy түрінде көрсетілгендіктен, ё, я, ю әріптерін yo, ya, yu деп қолданулары да орынды.

Әліпбидің атасы…

Ал Қазақстанда латын әліпбиіне көшу ісі аз сөз болған жоқ. 2012 жылдан бастап билік шындап іске кіріскендей көрінген. Тіпті ең жоғарыдан шыққан жарлық та болды. Атап айтсақ, 2017 жылы 26 қазанда жарияланған «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» бұрынғы Президенттің қолы қойылған құжат бар. Ол бойынша 2022 жылы бастауыш сынып оқушылары латынша әліпбимен сауат ашуы керек болатын. 2025 жылға дейін ісқағаздар, мерзімді басылымдар, оқулықтар латын қарпіне көшкенін көреміз деген мақсат-міндеттер қойылған. Ешқайсысы орындалмады, тіпті ондай жарлық шыққанын ұмытып та кеттік десек болады. 
Ең қызығы – содан кейін-ақ әліпби түзушілер көбейіп кетті. Шамасы, бұрынғы Президенттен бастап барлығы Байтұрсынұлы секілді әліпбидің атасы атанғысы келгендей құбылыс байқалды. Ол, шын мәнінде, игі қадам, дұрыс талпыныс. Өйткені мемлекет болғасын теңдессіз стратегия­лық мақсаттар болады, олардың жолында әркім қолынан келгенін жасауға барын салып талпынып жатса, оның бәлендей сөкеттігі жоқ. Ал әліпби – қазақтың рухани тәуелсіздігіне апаратын негізгі жол. Сондықтан жүздеген нұсқа ұсынылса да, бәлендей артық болмаса керек. Тек содан бір не бірнеше нұсқаны таңдап ала білу қажет. 
Бір байқалғаны – өз нұсқаларын ұсынғандардың қатарында тілші-ғалымдармен қоса, IT мамандар да болды. Дегенмен біз ғалымдарға көбірек иек артқанымыз жөн. Осы ретте марқұм Әлімхан Жүнісбековтің нұсқасы көбірек ұнағаны бар. Ғалымның көрсетуінше, қазақ тілінде а, ә, б, ғ (-г), д, е, ж, з, й, қ (-к), л, м, н, ң, о, ө, п, р, с, т, у (w), ұ, ү, ш, ы, і деп келетін 26 (28) дыбыс бар. «Былық сол ғасырдың елуінші жылдарының ортасында қазақтың төл сөздерінің құрамында и, у, я, ю, щ таңбаларын жазу керек деген зорлықтан басталды» деген сөзі де рас. Орыс тілінің «игі ықпалының» арқасында біз дыбыстық жүйесі де бұзылған ұлтпыз. 
Сонымен, ғалым аталған 26 дыбысты былай таңбалауды ұсынған:
Аа–Aa, Әә–Әә, Бб–Bb, Ғғ (Гг)–Ğğ (Gg), Дд–Dd, Ее–Ee, Жж–Jj, Зз–Zz, Йй–Yy, Ққ (Кк)–Qq (Kk), Лл–Ll, Мм–Mm, Нн–Nn, Ңң–Ņŋ, Оо–Oo, Пп–Pp, Рр–Rr, Сс–Ss, Тт–Tt, Уу–Ww, Ұұ–Uu, Үү–Ьь, Шш–Şş//Šš, Ыы–Iɪ, Іі–İi. 
Әрине, мұнда да дәйекше қойылған әріптерді перне тақтада жоқ болғандықтан символдардан алғанын көрдік. Негізі, «дәйекше (әріптердің бас-аяғына қойылған үтір, нүкте секілді белгілер) қойылған әріптерді кейде компьютер оқымай, сол сөз бойынша іздегеніңді әлемжеліден таба алмай қаласың» деген де пікір бар. Оны да ескеру қажет секілді. Себебі ілкіде біз талдаған өзбек ағайындардың әліпбиінде дәйекше аз қолданылған.
Марқұм Әлімхан Жүнісбековтің нұсқасын сөз еткенде, біз ол кісінің күні кеше о дүниелік болғанша осы саладағы басты мамандардың бірі болғанын ескергеніміз деп түсіну керек. Әрі Байтұрсынұлы бастаған дәстүрмен айтылыммен жазуды ұсынғаны дұрыс деп көреміз. Қайталап айтамыз, біздің дыбыстау жүйеміз де бұзылған ұлтпыз. Оны әліпби ауыстыру барысында қалпына келтіруге тырысу керек. Жүнісбековтің нұсқасына да өзгерту, толықтыру қажет шығар, дегенмен компьютер тақтасында қалыптасқан, өзгертуді онша қажет етпейтін әріптердің саны аз емес. Тек г, ғ, й, ң, ө, у, ұ, ү, ш, ы, і, ә секілді қаріптерге қандай таңбалар қолданған дұрыс, көп болып мамандар ақылдасқан жөн секілді. Өйткені тіліміздің табиғатын бұзбай, кирилл қарпін қолданған кезде бұзылғанын қалпына келтіру, жазу, оқу, оқыту барысында, компьютермен жұмыс кезінде қиындықтар болмауы қажет. 

Не бары 4 пайыз 

Қысқасы, орыс әлемінен сәл де болса іргемізді бөліп, туысқан түркі халықтарына жақындай түсу үшін бұл сөз жоқ қажет қадам. Иә, осы жылдар ішінде «түркілердің төл руника жазуына көшейік», «Шығыс Түркістандағы қазақтар күні бүгін қолданып отырған төте жазуды жаңғыртайық», тіпті «кирилде қала берейік» деген де пікірлер болғаны бізге мәлім. «Кирилде қала берейік-ті» жақтаған жазушылар да болды, ол сөз соңғы жылдарда халқымыз кітап оқымайтын ұлтқа айналғанына алаңдаудан шықты. Оны да түсінуге болады, себебі, жоғарыда айтқанымыз­дай, кеңестік жүйе қайта-қайта әліпби ауыстырып, қазақ кім екенін ұмыта жаздаған заман да есте. Әрі кирилмен басылған ұлан-ғайыр әдеби, ғылыми мұраларды латынға көшіру оңай шаруа болмасы анық. Оған қаржы-қаражаттың сыртында біршама уақыт қажет болады. 
Десе де латынға ұмтылғаннан басқа өрке­ниетті жолды көріп тұрған жоқпыз. Әлем халқының бүгінде 36 пайызы латын әліпбиін, қытай (ханзу) секілді көп халықтар өз иероглифін (17 пайыз) қолданады деген мәліметтердің ішінде, кирилді тұтынатындар не бары 4 пайыз екен. Латын әліпбиінің ар жағында әлем ақпаратының 90 пайызы таратылатын ағылшын тілі тұр. Дамыған елдер, атап айтсақ, Америка, Англия, Франция, Германия, Италия, Швеция, Швейцария – бәрі осы әліпбиді тұтынады. «Дүниежүзіндегі сексеннен астам мемлекет латын негізді әліпби қолданады» деген де дерек бар. 
Латын әліпбиіне өтуге дайындық та жоқ емес, жастар, мектеп оқушылары компьютер мен қалтафондағы латын қаріптерін жатқа біледі. Оларға «сенің әліпбиің мынау» деп көрсетсеңіз болды, бір қарап, алып кетейін деп тұр. Латын әліпбиінің қазақ тіліне оңтайландырылған ондаған нұсқасы жасалды. Бұрынғы Президенттің тұсында бірнеше нұсқа ұсынылып, талқыланып барып аяқсыз қалды. Қазіргі билік тарапынан да түпкілікті саяси шешім шығарына сенеміз. Бәлкім, енді тек бір топ ғалымның ғылыми түрде жан-жақты пысықталған жалғыз нұсқасы мәселені шешеді. Сондықтан тілші-ғалымдар ортақ мәмілеге келгені жөн шығар.

1042 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №5

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы