• Ақпарат
  • 23 Мамыр, 2024

Бердібектің қарындасы

Бірде жолымыз түсіп, Алматы облысы Кеген ауданының Саты ауылына барған едік. Ауылдағы Базаркүл Нәсірқызы: «0сында көрнекті балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың Рая Сатылғанова деген қарындасы тұрады. Күйеуінің аты – Жетібай Айтжанов, 1936 жылғы. Ауылда көп жыл механизатор болып жұмыс істеген еңбек ардагері», – деді. Бұған біз де елең еттік. Үй арасы онша алыс емес екен. Үлкен кісіге амандасуға бардық. Апайға жөнімізді айттық.

«Бердібектің соғысқа кеткен Сатылған деген ағасының қызымын. Әкем Екінші Дүниежүзілік соғыстың 1942 жылының аяғында майданға аттанып бара жатқанда дүниеге келіппін. Атымды әкем қойып, майданға аттанған. Соғыста Сталинград майданына түскен. Ұрыстың қатты жүріп жатқан кезі болса керек. Өзінің бір хатында «150 әскердің командирімін» деп жазыпты. Тағы бір хатында «Соғыстан тірі шығамын ба, жоқ па – бір Алла біледі» деп хат келген. Бұл әкемнің соңғы хаты болыпты. Содан кейін хабар келмеді. Сатылған – Бердібектің ағасы, інісі Тұрлыбек – бәрі ағайынды. Тұрлыбек дүниеге келгенде шешесі өмірден өтіпті. Менің әкем мен Смағұл механизатор болған. Темірден түйін түйген шебер, ұсталығы барын ел айтады. Бердібектің әкесі Ыдырыс пен Смағұл ағайынды. Олардың әкесі – Аманбай, шешесі – Зейнеп. Смағұлдың әйелінің аты – Анархан. Ал Бердібектің өз шешесі ол мектепке бармай тұрып, қайтыс болып кеткен екен. Смағұл Аманбаев болып жазылады. Ал Бердібектің соғысқа жасы жетпегендіктен, ФЗО-ға жіберген. Одан қайтып келіп, Алматыдағы КазПИ-ге түседі. Оқуды бітіріп, әйелі Бәшен екеуі Нарынқолда мұғалім болып екі жылдай жұмыс істеді. Олардың Самал деген қызы бар. Бұдан кейін Бердібек «мұғалім болмаймын» деп Алматыға кетті. Әйелі Бәшен қазір тірі, 95 жаста. Араласып тұрамыз. Самалдың екі баласы бар.
Ал Бердібектің екінші әйе­лінің аты – Бибігүл. Қаланың қызы, шешесі татар. Одан Әлнұр, Мұхтар деген екі бала дүниеге келген. Әлнұр политехникалық (қазіргі Қ.Сәтбаев атындағы) университетті бітіріп, үйленген. Бір баласы бар. Қалада жұмыс істеп жүріп, газ жарылысында қайтыс болды. Мұхтар да политехникалық институтты тамамдаған. Үйленбеген. Шешесі Бибігүл емханада медбике болып жұмыс істейтін. Бердібек 1961 жылы Төлеби мен Желтоқсан көшесінің қиылысындағы үйдің екінші қабатынан екі бөлмелі пәтер алғанда үйлерінде болдым. Сонда Мәскеуден КСРО-ның Бас хатшысы Хрущев Алматыға келді. Біз ол кісіні көру үшін балалармен алаңға бардық. Ел көп жиналған еді. Бердібек балаларын жақсы көретін. Баласы Әлнұрдың атын өзі жақсы сыйласқан Нарынқол ауданының «Советтік шекара» газетінің бас редакторы, майдангер, журналист-жазушы Әлнұр Мейірбековтің есіміне сәйкес­тендіріп қойған. Ол кісінің әйелі Әнек – Бердібекке жақын туыс, беснайзаның (руы) қызы еді. 
Мұхтар Әлнұрдан үш жас кіші. Бір байқағаным, Бердібек қолына қалам алып, сіріңкенің бір тал шырпысын тістеп отырып жазатын. Ағамыз тік мінезді. Бердібектің тау жақта саяжайы болды. Оған да барып тұратын.
1966 жылдың қарашасында Бердібек қасында белгілі жазушы Сапар Байжанов және тағы бір адам үшеуі Кегендегі аудандық газет редакциясының машинасымен Жалаңағашқа келіпті. Ол жылдары біздің жақтың жолы қиын болғандықтан, тек қарағай таситын машина жүретін. Сол машинаның үстіне отырып, мені іздеп Сатыға келді. Онда менің Ерланым бес жаста. Бәріміз қуа­нып қалдық. Өткен жылдарды еске алып, әкем туралы әңгіме қозғалды. Үйге қонып кетті.
Ал Бердібектің қайтыс болғанын газеттен оқыдық. Онда мен 61 жаста едім, аяғым сынып бара алмадым. Қазір 76-дамын.
Ағамыздың 90 жылдық мерей­тойы Нарынқолда өтті. Самалға ел-жұрты көлік мінгізді. Тойға Мұхтар да барыпты. Амал не, Мұхтардың Бердібектің баласы екенін көпшілік білмеген. Жазушы ағамыздың немересі де бар, – дейді Рая апай.
Біз апаймен қоштасып, сырт­қа беттедік. Есімізге жазушының «Балалық шаққа саяхат» атты кітабындағы Сатылған ағасы туралы жазғаны түсті.
 «Бірге туған ағайым Сатылғанның жасы жиырмаға жаңа ілінген. Азды-көпті оқуы бар, жаңалыққа бейім интеллигентпіз. Мінезі жұмсақ, майда жүріп, майда тұрады. Ешкіммен қақ-соғы болмайды. Аз уақыттан бері қарай Сатылған ауыл советте секратарь болып істейді. Сатылған жиырма тоғызыншы жылдан бері комсомол мүшесі, қолынан газет-журналы түспейді. Күнде кешқұрым сығырайған бөтелке шамның түбінде тесіліп, кітап оқып отырады», – деп, ағасынан көп нәрсе үйренгенін жазған. «Сатылғанды мен сүйетін едім. Ол мен үшін алдымдағы өнеге болатын. Ылғи да жақсы мінез-құлыққа тәрбие­лейтін: өтірік айтпау, біреудің бірдеңесін ұрламау, жақсы оқу, темекі тартпау т.б. Менің білімге, адамгершілікке тәрбиелейтін түздегі ұстазым Сағатбай болғанда, үйдегі ұстазым Сатылған еді. Сатылған Отан соғысынан оралмады» деген жолдар бар. 
Жалпы, жол түсіп, Нарынқолға жиі барамын. Ауылға кіретін үлкен жол тура жазушы атындағы орта мектепке барып тіреледі. Мектеп ауласында қаламгердің бюсті бар. Оқу орнының екінші қабатынан Бердібектің шағын музейін көруге болады. Музей өте қарапайым. Жазушының киген киімі, жазу машинкасы, біраз суреттері оның өмірінен сыр шертеді. Білім іргесінің жанында Кеңес заманындағы Октябрьдың 40 жылдығы атындағы колхоздың кеңесі және ескі клуб бар. Клуб 1950 жылдары кілең бөрене ағаштан салынған екен. 1960 жылдардың ортасында оқушы кезімде осы клубта болғанмын. Содан бері қанша жыл өтті. Сол клуб 2021 жылға дейін тұрды. Кеңес өкіметі келмеске кеткен соң ғимарат керексіз болып қалған. Қараусыз қалған клубтың қасында Лениннің ескерткішінің орны да болғанын байқау қиын емес. Тұғырының орны ғана қалыпты. Оған таяу жерде соғысқа қатысқан майдангерлерге арналған төрт қырлы қызыл қоңыр гранит ескерткіш тұр. Ескерткіш-тақтада майданда қаза тап­қан Сатылған Соқпақбаев есімі жазылған, бұл – Рая апайдың әкесі, Бердібектің ағасы. Ескерткіш күтімсіз қалыпты. Кейін «ол жаңадан салынған Мәдениет үйінің қасына орналасады» деген әңгімені естіп қуанып қалдым. 
 Нарынқол – жазушы Бердібек Соқпақбаев үшін аса қымбат, шығармашылығының бастау алған жері. Осындағы мектепте оқыған жылдары бірқатар туындыларына арқау болған. «Нарынқолда алтыншыда оқып жүріп, комсомолға кірдім. Комсомолға ол кезде он төрт жастан қабылдайтын. Он төртке толсам, комсомол болсам деп, арман етпейтін бала жоқ. Мен де соның біреуімін» деп жазғаны бар.
Жалпы, жазушының «Балалық шаққа саяхат» атты кітабында Рая апай айтқан әкелері мен бауырлары туралы деректер өте көп. 

Жексен Алпартегі
Суретті түсірген автор

1263 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

17 Сәуір, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы