• Ақпарат
  • 23 Мамыр, 2024

Мемлекеттік тілдегі мультфильмдер неге аз?

Қазақ «бала тілі – бал» дейді. Бірақ, өкінішке қарай, бал тілді балаларымыздың тілі  кейде жат тілде шыққанына жанымыз ауыратыны рас. Мұның себебі неде? Бәлкім, қазақ тілінде татымды мультфильм, төл драмалық қойылым, ойлы көркем фильм жоқ шығар. Мүмкін, бәрі тәрбиеге келіп тірелер?!  Ал аталған мәселеге қатысты мамандардың пікірін алған едік.

Гулбанум Мурадуллаева, психолог:

– Маман ретінде де, немере тәрбиелеп отырған әже ретінде де «қазақ балалары не оқып, не көріп жүр» деп жиі ойланамын. Қазір балалар үрей туғызатын мультфильмдер көруге құмар. Өткенде қызық жағдай болды. Көлікпен тауға бара жатқанбыз. Сөйтсем, немерем: «Әке, қарсы келе жатқан көлікті соғып кетші», – дейді. Содан-ақ баланың өмір мен мультфильмді ажырата алмай жатқанын ұғындым. Жалпы, бала 7 жастан 12 жасқа дейін қоғамды, айналасына жіті қарап, түсіне бастайды. Махаббатқа көзқарасы қалыптасады, физикалық тұрғыдан дамиды, әлемді таниды. Бұл кезде ата-ана ақылын айтып, қоршаған ортаны тануға күш салуы керек. Алайда ата-ана таңнан қара кешке дейін жұмыста болады. Баланы мультфильмдер, ойындар мен кинолар тәрбиелейді. Олар, әрине, отандық мультипликациялық фильмдер емес екені анық. Ал мультфильмдерді бізде сүзгіден өткізетін қандай да бір кеңес жоқ. Нәтижесінде не болады? Балалар кіммен қалай сөйлесуді, қоршаған ортада өзін қалай ұстауды білмей қалады. Сондықтан бізге ата-ана жұмыста болғанда «балам не көріп отыр екен» деп алаңдамайтындай отандық, қазақтілді мультфильмдердің  санын арттыру керек. 


Асхат Шүленбаев, қазақаниматоры: 

– Қазақтілді мультфильмдерді әзірлейтін мамандар өте көп. Олар жалдамалы және жеке тапсырысты орындаумен айналысады. Олардың қазақ анимациясын көтеруге құлшынысы таудай. Бірақ қазір анимация үшін төлейтін қаражат көлемі өте аз. Қаржы министрлігі шамамен 1 минуттық анимацияға 140 000 теңгедей төлейді. Ал бір минуттық анимацияны әзірлеудің өзі үлкен еңбекті талап етеді. Бір аниматор 1 минуттық анимацияны 1 ай әзірлесе, енді біреу­лері бір апта әзірлеуі мүмкін. Қалай дегенмен бұл уақытты алатын жұмыс. Меніңше, мемлекет мультфильмдердің бағын тендерге байлап қойғаны дұрыс емес секілді. Бағытты өзгерту керек. Мүмкіншілік пен қолдау жоқ. Анимация мамандарының жалақысын көтеру қажет. Қазақ анимациясына қанша жыл еңбегімді сіңірсем де, қаражаттың жоқтығынан көңіл қалып, бұл саладан кеттім. Тиын-тебенге отбасымызды асырай алмаймыз. Мысалы, мен анимация әзірлейтін бір қарындасымызды танимын. Ол ресейлік киноларға анимациялық тизерлер әзірлейді. Өзінің барлық білімін өзге ұлтқа жұмсап жатыр. Ал елімізде бұл салада қолдау болса, балаларымыздың тілі орыс не ағылшын тілінде шықпас еді. Тағы бір мәселе, бізде мамандар бар, бірақ сапалы мультфильмдер жоқтың қасы. «Балапан» телеарнасы шама-шарқы келгенше қазақтілді мультфильмдерді көрсетеді. Бірақ олар баға жағынан сапасыз анимацияларды сатып алып, аударады. Оның өзінде тек тарих, мәдениет жағын қарастырады. Бізге заманауи, фантастикалық мультфильмдерге де құлаш сермеу керек емес пе?! Біз неге еліміздегі «Hollywood-тың» және «Disney-дің» деңгейіндегі мультфильмдер әзірлейтін мамандарды шетелге жалтақтатып қоямыз? Сұрақ көп, жауап жоқ...

Айгүл Айтбекқызы, әлеуметтанушы:

– Әрине, өзге тілді білгені жақсы. Бірақ өз тілін қанына сіңірмей жатып, бірінші жат тілді үйренуге талпынуының себебі неде? Меніңше, біріншіден, қазақ балабақшасында қазақ тілі пән ретінде оқытылмайды. Есесіне, орыс тілі бар. Ал орыс топтарында «Қазақ тілі» пәні жоқ. Нағыз парадокс дерсіз.
Екіншіден, балалардың көретіні – шетелдік мультфильмдер. Өзімнің қызым да «Маша мен аю», «Настя», «Эльзаларды» көреді. Әйт­песе үйде қазақша сөйлесеміз, ана тілінде ертегі оқып беремін, қазақ балабақшасына барады. Сонда да тілі орыс және ағылшын тілінде шықты. Мұны кімнен көремін? Әлдекімді кінәлауға болмас, десе де ең әуелгі әсер етуші фактор мультфильм екені айдан анық. Ара-тұра «Балапан» телеарнасын да қарап тұрамыз. Бірақ одан бала тез жалығады. Себебі анимациялары көздің жауын алатындай деңгейде емес, әрі күнұзаққа 5–6 мультфильм қайталанып тұрады. Жалпы, бізге жақсы ұлт жанашырлары, сюжет, сценарий әрі мықты аниматорлар керек. Сонда ғана ұзақ уақытқа созылған түйіткілді мәселенің шешімі табылады деп ойлаймын.

Ақгүл АЙДАРБЕКҚЫЗЫ

 

1519 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №21

30 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 13464

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 7802

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 7432

Бақытжан Сатершинов, дінтанушы: ЗАҢДЫ БІЛГЕН ЗАМАНДЫ ДА БІЛЕДІ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 6810

Елнұр Бейсенбаев, Мәжіліс депутаты: Әділетті қоғам құру – парызымыз

  • 11 Сәуір, 2024
  • 6759

Еділхан ӘМІРҒАЛИЕВ, техника ғылымының докторы, профессор: Технологиялық өркениет заманы басталды

  • 18 Сәуір, 2024
  • 6546

Алишер Сатвалдиев, Парламент Сенатының депутаты: Алпыс күн тасыған дария, алты күннен кейін қайтады

  • 02 Мамыр, 2024
  • 5321

Назипа Шанаи: Ана мектебі арқылы ұл да, қыз да дұрыс тәлім алады

  • 02 Мамыр, 2024
  • 5313

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы