• Cұхбаттар
  • 23 Мамыр, 2024

Әлия ШОРМАНОВА, ұстаз: Баланы кәсіби бағытқа дайындау маңызды

Білім саласында оқушылар арасындағы олимпиадалық кезеңдерде және ұстаздар арасындағы байқауларда бірқатар жетістікке жетіп, мектеп абыройын асқақтату мұғалімнің ғана емес, оқушының да басты міндеті. Бұл – аталған саладағы оң өзгерістер мен оған жасалып жатқан жағдайдың жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Алматы қаласы Медеу ауданында орналасқан №172 мектеп-гимназиясында білімді, зияткер және заман талабына сай әр бағытқа тиесілі қабілетке ие креативті жеткіншектер біліктілік қоржынын толықтырып жүр. Мектеп басшысының сөзіне мән берсек, ұжым жетістігі тек бір басшыға емес, ондағы әр кадрдың сауаттылығына тікелей байланысты. Жалпы, білім саласындағы өзекті мәселелер туралы аталған білім мекемесінің басшысы Алия Шормановамен әңгімелестік.
 

– Алия Сыбанқұлқызы, кезекті оқу жылының аяқталуымен құттықтаймыз! Сіздің бұл мектепке биылғы оқу жылында келгеніңізден хабардармыз. Ұжыммен тіл табысу, ұжымдаса жұмыс істеу қиын болмады ма?
– Көп рақмет! Қалалық  білім бөлімінің шешімімен ротация бойынша Түрксіб ауданында орналасқан  №115 жалпы білім беретін мектебінен  Медеу ауданында орналасқан  №172 мектеп-гимназиясына, жаңа ортаға, жаңа ұжымға ауысып келдім.  Бұл өзгеріс маған жаңа, тың шабыт берді. Алматы қаласының Білім басқармасының басшысы Л.Жылқыбаева білім сапасын көтеру мақсатында, Алматы қаласының мектеп басшыларын іс-тәжірибе алмасу мақсатында іссапарға кезектестіріп жіберіп жатыр. Бұл  – ауқымды, келелі жұмыстардың бірі,  оң нәтижесін көрсетіп жатыр. 
Директорлық қызметтегі 22 жылдық іс-тәжірибемнің молдығы жаңа ұжыммен тез тіл табысып, ортақ жетістіктерге жетуге, нәтижелі жұмыс істеуге септігін тигізді. Мен өз жұмысымда ұжымның психологиялық ахуалын бірінші орынға қоямын. Психологиялық ахуалды қалыптастырып барып, жұмыстарды жоспар бойынша іске асырдық. Шығармашыл, еңбекқор ұжымда қалыптасқан жұмыс өз деңгейінде бірізділікпен жүргізіліп жатыр. Сондықтан ұжыммен тіл табысу қиын болмады.
Мектептің стратегиялық жоспарына сәйкес, жетістіктерге жету үшін ұжымның рөлі маңызды деп есептеймін, мектеп үлкен генератор тәрізді үнемі қозғалыс үстінде болады. Сондықтан ұжымға қолдау білдіріп, мотивация беріп, жол көрсететін директор – көшбасшы менеджер. Қазір мектепті басқару стилі де өзгерген, басшы көшбасшы болуға тиіс. Барлығын дұрыс үйлестіретін менеджер болуы керек. Басшы өзінің командасынан талап етпес бұрын, өзі сол талапқа сай болуға тиіс. Басшы өзі білімді, жан-жақты, креативті болса, ізінен ерген командасы да сондай болмақ.
– Биыл Алматыда жер жиі сілкінді. Ондай жағдайда оқушылармен қалай жұмыс істедіңіздер?
– Иә, биыл қаламызда жер жиі сілкінгені рас. Бізде арнайы бұйрық бар. Ол «Қауіпсіздік нұсқаулығы» деп аталады. Бұл құжат 2022 жылғы 30 наурызда бекітілген. Сондай-ақ бұйрық Төтенше жағдайлар министрлігімен келісілген. Бұйрықта төтенше жағдай кезінде қандай әрекет ету керегі жайлы жазылған. Яғни қандай да бір төтенше жағдай болса, кім қандай сұраққа жауап беретіні нақты көрсетілген. Мысалы, мұғалім не істей алады, эвакуация қалай жасалады, балаларға қандай көмек көрсетеді және басқа да сұрақтардың жауабы бар.
Осы алгоритм бойынша әр тоқсан сайын теориялық және практикалық оқу-жаттығу жұмысы өткізіліп тұрады. Сондай-ақ республикалық деңгейде бір апта бойы мектептерде, балабақшаларда және колледждерде практикалық жаттығу ұйымдастырамыз. Төтенше жағдай кезінде бірінші кезекте үрейленбеу керек. Азаматтарымыз шұғыл әрекет ету қызметтерінің телефондарына да хабарласа алады.
Ал Оқу-ағарту министрлігінің міндетіне, ең алдымен, оқушыны және мұғалімдерді осындай жағдайға дайындау кіреді. Осы ретте мұғалімдердің маңызды міндеті – балаға көмек көрсету және оның денсау­лығын сақтау. Ал басқа да техникалық мәселелер бойынша ТЖМ айналысады.
– Ал жер сілкінісі кезінде жергілікті тұрғындарға қандай көмек ұсындыңыз­дар?
– Жалпы, қалада барлығы 384 қабылдау пункті бар, олардың 229-ы мектептерде, 115-і балабақшаларда, қалғандары ЖОО, колледждер мен стадиондарда ашылды. Соның ішінде біздің мектеп те жер сілкінісі кезінде жергілікті тұрғындардың үйі қауіпті болғандықтан, оларға уақытша пана бола алды.
Байқағаныңыздай, мұғалімдер мен оқушылар төтенше жағдай кезінде не істеу керегін біледі. Өздеріңіз көргендей, балабақшалар мен мектептерде зардап шеккен халықты қабылдау пункттері іске қосылды. Ол жерде халыққа көмек көрсетіліп, ас-суы берілді. 
– Мамандық таңдау туралы ой-пікіріңізді айта кетсеңіз? Заман ағымына сай қай мамандықтарға сұраныс көп болады деп ойлайсыз?
– Мамандық таңдау – өмір жолыңды дұрыс таңдау. Түлектеріміз жүрек қалауындағы мамандықты таңдап, соған орай дайындалып жүр. Солардың ішінде ІТ, халықаралық  қатынастар және медицина  мамандықтарына таңдау басым болып тұр. Заман ағымына сай, осы мамандықтарға сұраныс көп болады деп ойлаймын.
Шынын айтқанда, балаларымыз 11-сыныпқа келгенде ғана мамандық таңдап жатады. Осы орайда мектепте кәсіби бағдар беру жұмыстарын дамытуымыз керек. Бұл да біздің олқы соғып тұрған тұсымыз. Меніңше, баланы мамандыққа төменгі сыныптан бастап бейімдеу жұмыстары жүйелі жүргізілуі керек. Баланы кәсіби бағытқа дайындауда  ата-ана, психолог және мұғалім арасындағы үштік одақтың жұмысы жүйеленбейінше, біз нәтижеге жете алмаймыз. Тағы бір ескеретін жайт, қазіргі қоғамда қандай мамандықтарға сұраныс жоғары, сол мамандықтарға балаларды тартуымыз керек. Соңғы жылдары елімізде техникалық, ақпараттық-технологиялық мамандықтарға сұраныс жоғары.
– Жалпы, білім беру жүйесінде қандай кемшіліктер мен жетістіктер бар? Оқушының білім деңгейін көтеру үшін нені өзгертуіміз керек?
– Білім беру жүйесінде жетістіктер көп. Оқушының білім деңгейін көтеру үшін білім беру жүйесінде жаңашылдықтар көптеп еніп жатыр. Бұл қазіргі ХХІ ғасырдың ұрпағы – өркениеттің жасампаздығын дәлелдейтін  Z-ұрпақтың, яғни өркениеттің  әлемдік өзгерістеріне, жаһандық бұрылыс кезеңдеріне бейім ұрпақтың дамуына жасалып жатқан үлкен қадам деп есептеймін. Кез келген ғылыми жетілдірілген әдіс-тәсіл мұғалімнің шығармашылық энергиясымен, дидактикалық өнерімен, педагогикалық ойы­мен, барлық оқу-тәрбие құралдарын, әдіс-тәсілдерін еркін пайдалана білу қабілетімен ұштасып барып қана жоғары нәтиже береді. Яғни оқу-тәрбие жұмысында барлығы мұғалімге байланысты. Мұғалімнің тек қана оқу материалын білуі жеткіліксіз, ол мұнымен қатар сол білімін шәкірттеріне түсінікті формада айтып жеткізе алуы шарт. Мұғалімнің жеке қасиеттерінің бірі – оның сөзі. Сөз – мұғалімнің басты құралы. Педагогикада мұғалімнің жұмыс уақытының 60 пайызы сөзге кететіні дәлелденген.
Мектепте оқып жатқан шәкірттердің бәрі бірдей ғұлама, алғыр деп тұжырым жасауға болмайды. Жекелеген шәкірттер баяу қабылдауы мүмкін. Сондықтан әрбір сыныптағы оқушылардың білім сапасы бірдей болуы мүмкін емес. Осы жағдайларды жіті қадағалап отыру қажет. Біздің мақсатымыз – білімді үздіксіз және терең меңгерту, оқушылардың қабілетін оятып, ұштап дамыту, білімдерін өз беттерімен толықтыру, оларды іс жүзінде қолдана білу икемділігін қалыптастыру, өзін-өзі басқаруға, ішкі рухани жан дүниесін, ойын реттеп отыруға, оқушылардың өзіне деген сенімін арттырып, оқуға ынталандыру. Сабақ үстінде оқушы өзінің қаншалықты түсініп, ұғып отырғанын сезгенде және өзіне-өзі іштей есеп бергенде ғана оқыту ісі жемісті болады деп ойлаймын. Біз оқушыны осындай ыждағаттылық жолына тәрбиелей алсақ, ісіміз сәтті болады. Сабақты тиімді жоспарлап, таңдап алған әдістерімізді ойластырып, түрлендіріп, жүйелі түрде пайдаланып отырсақ, шәкірттеріміз өз бетінше жұмыс істеуге тез үйренеді деп ойлаймын.
Жалпы, ұрпаққа сапалы білім беру – әрбір ұстаздың парызы. Ал білім беру жүйесі – қай кезеңде болмасын қызығы мен қиындығы мол күрделі сала. Оқушыларға жүйелі білім беріп, білікті азамат етіп шығару ұстаздар тарапынан үлкен ізденіс пен қажырлылықты талап етеді. Шәкірттерге сапалы білім беру үшін аудан мектептерінде барлық жағдай жасалған. Аудандық әдістемелік орталық арқылы мұғалімдердің шығармашылық ізденістерін дамыту, кәсіби біліктіліктерін жетілдіру, өзара тәжірибе алмасу бағытында кәсіби байқаулар, конференциялар, педагогикалық оқулар және дарынды оқушылармен жұмыстар ұйымдастыру, оларды анықтау, танымдық деңгейлерін көтеру, шығармашылық жұмыстарға баулу бағытында танымдық іс-шаралар өткізіліп, мектеп бітірушілерді ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындықты жетілдіру мақсатында әдістемелік көмек ұйымдас­тырылады. Осындай жүйелі жұмыстардың арқасында ауданда білім сапасы жылдан-жылға көтеріліп жатыр. 
– Қалай ойлайсыз, бүгінгі мектептерде педагог әйелдердің үлесі тым көп артып кеткен жоқ па? Ер мұғалімнің орны қаншалықты маңызды?
– Мектептерде педагог әйелдермен қатар,  ер мұғалімдер де қатар жұмыс атқарады. Бұл жерде оқушы тәрбиесіндегі рөлі туралы айтсақ, әрине, ер мұғалімдердің де, әйел педагогтердің де орны ерекше. Ер мұғалімдер ұл балалардың патриоттық тәрбиесіне зор ықпал етеді. Өжеттік, батылдық, азаматтық қасиеттерді оқушы бойына сіңіруде ер мұғалімдердің орны ерекше.
Қазақстанда мұғалімдердің 83 пайы­зы – әйелдер. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, еліміздің білім беру ұйымдарында 500 мыңға жуық әйел педагог еңбек етеді. «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Талдау» ұлттық зерттеулер және білімді бағалау орталығы» АҚ мәліметінше, бүгінде еліміздің білім беру ұйымдарында 469 533 әйел педагог жұмыс істейді. Оның 28 340-ы колледж, 324 596-сы мектептерде, 98 434-і мектепке дейінгі ұйымдарда. 
Білім саласында ер-азамат өте аз. Өте жақсы оқыған оқушылардың тек 5–7  па­йы­зы ғана мұғалімдік мамандықты таңдайды. Келешекте ұрпақ тәрбиесіне қатысты жұмысқа ер-азаматтарды тарту ойымыз бар. Жалпы, тәрбие мәселесінде еркектің шоқтығы биік.  Мектепте де, отбасында да. Бүгінгі балаларымыз  ақылды, білімді, дарынды. Бірақ олардың бойына еркекке тән мінезді, өжеттік пен жігер дарытпасақ, еңбегіміздің еш болғаны емес пе?
– Президент Жолдауында білім сапасын арттыруға және мұғалім мәртебесін көтеруге ерекше назар аударды. Бүгінгі мұғалімнің мәртебесі қандай?
– Ұстаз мәртебесі – астары тереңде жатқан қадірлі ұғым және қоғам жауапкершілігін анықтайтын өлшем. Мұғалімнің мәртебесі оның жұмысына адалдығынан көрінеді. Сондықтан мұғалім мектептегі басты тұлғаға айналып, оқушыға сапалы білім беруіне барлық жағдай жасалып жатқандықтан, бүгінгі мұғалімнің мәртебесі жоғары деп санаймын.
Еліміздің түкпір-түкпірінен келген 208 қарапайым мұғалім енді ешбір конкурс­тық рәсімдерсіз мектеп басшылығына таға­йындалады. Негізгі нәтижені Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың өзі қадағалайды. Себебі олар бірнеше кезеңнен тұратын «Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы» жобасын сәтті аяқтағандар.  Үздіктер 8 мың маманның арасынан топ жарып, ұзақмерзімді жоба аясында, заманауи тенденциямен білім алған. Жауаптылардың айтуынша, мұндай  тәжірибе Нидерланд, Ұлыбритания, Германия, АҚШ-та бар. Сондықтан білім саласындағы әлемдік сарапшылармен кеңесіп, елімізде осындай ұзақмерзімді жоба ашқан.
Мұғалімнің беделді болу­-болмауы өзіне байланысты. Заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаевтың бір сөзі бар. «Мұғалім өз ісінің әуейі-­фанаты болуы керек» деген. Сонымен бірге мұғалім мінезді, ортада өзін-өзі ұстай білуі керек. «Білімді мыңды жығар, білекті бірді жығар» деген бар. Қазіргі шәкірттер озық ойлы. Оларда ақпарат көп, компьютерден бәрін қарап, біліп отыр. Сондықтан мұғалім өз білімін үнемі толықтырып отырмаса, баланың алдында ұятқа қалуы мүмкін.
Педагог мамандығының беделі әрқашан биік болуға тиіс. Өйткені кез келген білім ордасының жаны – мұғалім. Ол қарапайым балабақша, мектеп, колледж не жоғарғы оқу орны болса да, ең әуелі онда жұмыс істейтін мамандар – педагог.  Оның үстіне мұғалімнің міндеті мен дәрежесіне байланысты көптеген ұлы тұлғалардың ойы, қанатты сөзі жетерлік. Соның кез келгенін жадында сақтап, өз өмірін біліммен сабақтастырған әр педагогтің берері мол, айтары таусылмас.
Жалпы, білім мен ғылым жан-жақты икемділікті, ерекше мейірімді, білімділікті талап етеді. Осы бағыттағы мамандықты таңдағандар адамды тани білуге, шеберлікті меңгеруге тиіс. Себебі әр адамның бойына білім дарытып, оны «қоғамның саналы азаматы» етіп тәрбиелеу – екінің бірінің қолынан келмейтін ұлы іс! Педагогика білім беруімен, талмай ізденіс, білімге деген құштарлық, баланы тәрбиелеу, өзгенің уақытын аялап, ғылымға құштарлығын оятуымен құнды, осылармен ардақты.
Бүгінде педагогтер дүниежүзілік білім, ақпарат, экономика кеңістігінде, қатаң бәсекеде бақ сынап, елдің ертеңі үшін аянбай тер төгеді. Осы орайда Мағжан Жұмабаевтың ұлы сөзі бар: «Алты Алаштың баласы бас қоса қалса, төрдегі орын мұғалімдікі». Әрине, сауатын ашып, әріпті үйреткен педагогтерге бас иіп, есімін ардақтау қажет.
Осы тұста мемлекетімізде де «Педагог мәртебесі туралы» Заң жобалары жасалып, бекітілді. Енді педагогтің «мәртебесі» заңмен бекітіліп, қорғалады. Бұл заңға 2019 жылғы 30 желтоқсанда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.
Жаңа заң аясында мұғалімнің өз саласында жеке дамуына, шығармашылықпен айналысуына, мол ізденісіне және оқу процесін жетілдіруге мүмкіндігі болуы керегі айтылған. Педагогтің оқыту мен тәрбиелеудің жеке авторлық әдістерін әзірлеуі және оны сабақ барысында қолдануы, білім берудегі оқу құралдары мен кез келген ақпараттық ресурсты тегін әрі қолжетімді түрде пайдалануы бойынша кәсіби құқықтары кеңейтілген.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан
Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

 

3479 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №21

30 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 13463

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 7801

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 7431

Бақытжан Сатершинов, дінтанушы: ЗАҢДЫ БІЛГЕН ЗАМАНДЫ ДА БІЛЕДІ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 6809

Елнұр Бейсенбаев, Мәжіліс депутаты: Әділетті қоғам құру – парызымыз

  • 11 Сәуір, 2024
  • 6758

Еділхан ӘМІРҒАЛИЕВ, техника ғылымының докторы, профессор: Технологиялық өркениет заманы басталды

  • 18 Сәуір, 2024
  • 6545

Алишер Сатвалдиев, Парламент Сенатының депутаты: Алпыс күн тасыған дария, алты күннен кейін қайтады

  • 02 Мамыр, 2024
  • 5320

Назипа Шанаи: Ана мектебі арқылы ұл да, қыз да дұрыс тәлім алады

  • 02 Мамыр, 2024
  • 5312

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы