- Cұхбаттар
- 23 Мамыр, 2024
Адал еңбек пен іс-әрекет жетістікке жетелейді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда қоғамдық құндылықтарды жаңғырту үшін маңызды қадам жасалып, жаңару мен жаңғырудың жақсылыққа жол ашатынын айтып, келелі мәселелерге тоқталғаны белгілі. Президент шын мәнінде озық ұлт болу үшін жақсылыққа ұмтылумен қатар, еліміздің өсіп-өркендеуіне кедергі болатын жаман әдет, жағымсыз қылық және қауіпті кеселден құтылуымыз керек екенін, бұл – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру жолындағы өте маңызды қадам екенін басты назарға алды. Президент сөзін негізге ала отырып, кәсіпкер, Жетісу облыстық мәслихатының депутаты Думан Нағашыбекұлымен болған шағын сұқбатты ұсынамыз.
– Кәсіпкерсіз, облыстық мәслихаттың депутатысыз, ел-жұрттың арасында көп жүресіз, сіздің ойыңызша, жақсылыққа жетуіміз үшін не істеуіміз керек?
– Жақсылыққа жету үшін құр сөзден арылып, іс-әрекетке көшу керек. Іс-әрекет – жақсылыққа жетелеуші. Біз бәріміз оқымыстымыз, бәріміз білгішпіз, бәрін түсінеміз, бірақ ештеңе істемейміз. Бүгінгі таңдағы қазақтың негізгі проблемасының түп тамыры осында жатқан сияқты, бұл – менің осы күнге дейінгі көрген-білгенімнен туындаған ой.
Адам жетістікке жетсе, ол білім мен таланттың, талап пен терең ойдың арқасында ғана емес, іс-әрекеттің нәтижесі дер едім. Мысалы, қандай да бір игіліктерге қол жеткізсем, ол әкемнің берген тәрбиесі. Әкем үнемі «бірінші жаса, содан кейін көреміз» дейтін. Әрекет пен табандылық керек, ал ойыңа алған нәтижеңе жетпей қалған күннің өзінде әрі қарай талпына берсең, көздеген мақсатыңа жетпей қоймайсың. Бос қиялға ерік беріп, қиялдағаннан түк те шықпайды. Тыңдап отырсаң, кейбіреулер бәрін біледі, «неге істемейді екен» деп ойлайсың. Жауабы біреу-ақ: ештеңе істегісі, ешқандай әрекет жасағысы келмейді. Егер құр сөзден нақты іс-әрекетке көшетін болсақ, жақсылықтың барлық бастауы – сол. Иә, шешен сөйлейтін халықтың ұрпағымыз, бойында ондай қасиеті бар адамдарды мен де бағалаймын. Бірақ дәл қазіргі өтпелі кезеңде бос сөз бізді алысқа апармайды, сөз бен іс-әрекет қабыса кеткені жөн. Мысалы, ауыл шаруашылығын алайық. Ауыл шаруашылығы өте маңызды екені айтылады, ал іс-әрекет қандай? Ауыл шаруашылығын көтеру үшін не істеуіміз керек? Сөз жүзінде маңыздылығы айтылғанымен, іс жүзінде нақты іс-әрекет жоқ. Әңгіме көп, әрекет өте аз. Сондықтан бос сөйлеп, уақытыңды кетіргенше, іс-әрекетіңмен көрсеткен дұрыс.
– Шағын кәсіп бастап, орта жолға келгенде «сынып» кететіндер кездеседі. Оның себебі не деп ойлайсыз? Бұл біздегі ұлттық идеологияның дұрыс жолға қойылмағанының белгісі дейтін пікір де бар?
– Ең алдымен, іс-әрекет керек дедік. Іс-әрекеттің барлығы бірдей жеңіске, жетістікке апара бермейді. Шырғалаңы мол, қиыншылығы көп, бұралаң жолдан өтуің үшін төзімділік те қажет. Әр жетістіктің арғы жағында көзге көрінбейтін қаншама еңбек, төгілген тер, күш-қуат, тәуекел жатыр. Кәсіпкердің табысты болуының себебі – жүз адам іс-әрекетке бара алмай, әрекет жасай алмай, тәуекел ете алмай тұрған кезде олар белін бекем буып, ауыр жүкті арқалап, тәуекел етті. Бүгінгі тірлігі – сол еңбегінің қайтарымы. Сырт қараған адамға бәрі оңай келген сияқты көрінеді. Шын мәнінде, табысқа жету жолындағы қиындықты төзімділікпен еңсеріп, сағы сынбай, «әрекеттің түбі берекет» қағидасын ұстанып, еңбек ете берсе, еңбегінің нәтижесін көреді, жемісін жейді.
– Адал еңбек бақытты өмір, шат тұрмысқа жетелейді дейсіз ғой?
– Әрине. Бастысы, өз салаңның алды бол. Өкінішке қарай, қазір біздің қоғамда әрекет ететін адам тапшы. Біз психологиялық тұрғыдан түсініксіз жағдайға түсіп қалған сияқтымыз, қатты шатасып жүрміз. Бәрі адамның өзіне, еңбегіне байланысты екенін жете түсіне бермейміз. «Біреу берсе, біреу көмектесіп жіберсе» деген масылдық психологияда жүрміз. Мысалы, жұмысшылар, малшылар, айта берсеңіз көп, өздігінен іс-әрекет ете алмайтын күйге енген. «Қашан үй бересіңдер, азық-түлікті қашан арзандатасыңдар» дейді. «Үкімет үй берсе, азық-түлік арзандатса, бәрі қымбат» дейді. Бұл түсініктен құтылмай, алға жылжи алмаймыз. Үкімет үй беруге міндетті емес қазір. «Ауруын жасырған өледі» деген сөз бар қазақта. «Халық шуламасын, көңіліне келмесін, жүрегіне ауыр тимесін» деп жауырды жаба тоқып, жүре беруге болмайды, ешкімге салмақ салмай, әркім өзінің мәселесін өзі шешіп үйренуі керек. Егер адам әрекет етпесе, мысалы, қияр егіп, картоп отырғызып, сиыр ұстап, сауғысы келмесе, азық-түлік қалай арзандайды? Белоруссиядан келген сүтті кім арзанға сатады? Белорустар сүтті сауып әкеп береді, «сүт ішіңдер» дейді, ал біз оны арзанға сатып алғымыз келеді...
Ұзын сөздің қысқасы, жоғарыда да айтылды, бізде әрекет ететін адам тапшы болып тұр. Мысалы, сен әрекет етіп үйренсең, жаныңда өздері әрекет ете алмайтын, бірақ ақыл айтатын 15–20 шақты адам жүреді. Яғни олар сенсіз жұмыс істей алмайтынын біледі, бәрібір саған тәуелді, сенің ісіңнің жүріп тұрғанына олар да тәуелді болады. Себебі олар «істеп жатырмыз» деп уәде беруі мүмкін, ал шын мәнінде оны істеп жатқан сен боласың. Сондықтан іс-әрекет етіп үйренген адам бүгінгі күні бағалы екенін түсінуі, сөзден іске көшуі, кәсіп меңгеруі керек.
Тағы бір мысал айтайын, әркім өзіне керегін алар. Көрші өзбек елінен келген ағайынға қарасаңыз, істеген ісінің бәрі – әрекет. «Білесің бе, жасай аласың ба?» десе, «жасаймын» дейді. Іс жүзінде білмейді, бірақ «жасаймын» дейді. Бір рет қателеседі, ұрыс естиді, бірақ істей береді, үйреніп, тәжірибе жинайды, ертеңінде басқа жерге барғанда бәрін біліп тұрады. Сол сияқты қытай елі де «машина жасап көрген жоқпыз, білмейміз» деп отырған жоқ, жасай береді, ақырында нәтиже шығарады. Бізге де реформа керек. Оқу, білім дұрыс, бірақ әрекет ету керек. Әрине, әрекет етудің өзіндік қиындықтары бар. Моральдық, психологиялық, ең бастысы физикалық қиындық. «Қанша тырыссам да, бәрібір, болмайды» деп, өзін қинағысы келмей, физикалық қиындыққа тап келгенде көбісі тайқып қалады. Бұл дұрыс емес, сәл шыдамдылық танытса, әрекетін орта жолдан тастамай, ілгерілей берсе, өзі күткен нәтижеге қол жеткізеді. Әр жетістіктің артында адал еңбек пен іс-әрекет тұрады. Адам қаласа тау қопарады. Алла тағала қазаққа барлық байлықты, мүмкіндікті беріп қойған, тек еңбек етіп, іс-әрекет істеңіз, сіз күткен нәтиже көп күттірмей, қуантатыны сөзсіз.
– Сұқбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен
Бағдагүл Балаубаева
10076 рет
көрсетілді0
пікір