- Ақпарат
- 23 Мамыр, 2024
181 мың түлек – 181 мың тілек
Элеонора ӘЗІРЖАНОВА,
«Ana tili»
Елімізде биыл 181 мың түлек мектеп бітірмек. Олардың ҰБТ-ға дайындығы қалай? Бірыңғай тестілеу қашан басталады? Су тасқынынан зардап шеккен өңір түлектеріне жеңілдіктер қарастырыла ма? Осы және өзге де маңызды мәселелер жөнінде Ұлттық тестілеу орталығына хабарласып көрген едік.
Биылғы түлектерге жеңілдік бар
Жалпы, биылғы ҰБТ 16 мамырда республикамыздың 14 аймағында басталды, шілденің 5-іне дейін жүргізіледі. Ал тасқыннан зардап шеккен алты облыс – Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстанда тіркелу уақыты мамырдың 20-сына дейін созылған. Бұл өңірлерде ҰБТ 25 мамыр мен 12 шілде аралығында өткізіледі деп жоспарланып отыр.
«Биылғы түлектерге ерекше жеңілдік» деп талапкердің ҰБТ-ны екі мәрте тапсырып, қайсысынан жоғары балл жинаса, сол нәтижемен грант конкурсына қатыса алуын айта аламыз. Бұл шешімді Ғылым және жоғары білім министрлігі ұсынып отыр.
Қолда бар деректерге сүйенсек, қазір 181 мың талапкер тестілеуге қатысуға өтініш білдірген. Оның ішінде 7 мың-нан астамы – «Алтын белгі» аттестатына үміткер. Тестілеуден өтушілердің 75 пайызы қазақ тілінде, 24,9 пайызы орыс тілінде, 221-і ағылшын тілінде тапсыруды таңдаған.
Ұлттық тестілеу орталығының хабарлауынша, талапкерлер тестілеу күнін, уақытын және пунктті өздері таңдайды. Осыған орай олар екі мүмкіндік үшін бейіндік пәндердің бір ғана комбинациясын белгілейді. Комбинацияларға келетін болсақ, қазіргі таңда талапкерлердің 16 пайызы – «математика-физика», 16 пайызы – «биология-химия», 13 пайызы – «шығармашылық», 11 пайызы «математика-информатика» пәндерін таңдағаны белгілі.
«Ал тест тапсыру үлгісінде өзгерістер жоқ. Қатысушылар үш міндетті және таңдау бойынша екі пәннен тестке қатысады. «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» міндетті пәндерінен тапсырмалар саны 5 сұраққа қысқарған. Бұл бейіндік пәндер бойынша сұрақтар санын 40-қа дейін арттыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар бейіндік пәндерде берілген тізімнен сәйкестікті анықтауға арналған 5 тапсырма қосылды. Осылайша, ҰБТ тапсырмалар саны өзгеріссіз қалады, жалпы 120 сұрақ. Оның ішінде «Қазақстан тарихынан» 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығынан» 10 тапсырма, «Математикалық сауаттылықтан» 10 тапсырма және екі бейіндік пән бойынша 40 тапсырма. Жоғары балл – 140, ол да өзгеріссіз қалды», – дейді Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілі.
Сондай-ақ министрлік өкілінің айтуынша, тестілеудің жалпы уақыты – 4 сағат (240 минут). Сонымен қатар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қосымша 40 минут уақыты сақталады, ал көру қабілеті бұзылған балалардың ыңғайы үшін сызба және диаграммаларсыз сұрақтар әзірленіпті.
Академиялық адалдықты қамтамасыз ету мақсатында тест нұсқалары таңбаланғанын атап өткен жөн. Яғни ҰБТ-ға қатысушылардың әрқайсысының жеке тест нұсқасы болады. Сонымен қатар калькулятор, химиялық элементтердің периодтық жүйесі мен тұздардың ерігіштік кестесі компьютер экранында қолжетімді. Талапкерлердің пікірі мен қалауын ескере отырып, оларға кестелердің қағаз нұсқасы беріледі.
Тест тапсырушылар тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады. Сертификат аппеляциялық комиссияның шешімінен кейін талапкердің жеке кабинетінде қолжетімді болады.
«Талапкерлердің негізгі ҰБТ-ға дайындығын жақсарту мақсатында осыған дейін әр пән бойынша жеке тақырыптық талдау енгізілді. Яғни әр ҰБТ-дан кейін (қаңтар, наурыз) түлектерге жеке тақырыптар бойынша білімдерін арттыру ұсынылады. Сонымен қатар бірінші мүмкіндікті тапсырғаннан кейін олар екінші мүмкіндікке дейін дайындықтарын жақсарта алады. Одан бөлек, онлайн байқау сынақтары іске қосылған. Білім беру орталықтарымен бірлесіп ұйымдастырылған тегін онлайн сабақтар жалғасып жатыр. Ал оқу жылының басында ҰТО сайтында тест тапсырмалары құрастырылған оқулықтар тізімі мен тест жоспары; «Қазақстан тарихы» және «Дүниежүзі тарихы» пәндері бойынша 100 тарихи дата тізімі, «Информатика» пәнінен терминдер тізімі, «Қазақ әдебиеті» және «Орыс әдебиеті» бойынша әдеби шығармалар тізімі жарияланды. Осылайша, талапкерлер ҰБТ-ға дайындығын жақсарта алады», – деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Болатбек Әбдірәсілов.
Ұлттық тестілеу орталығының сайтында жоғары білім берудің барлық деңгейі бойынша 2024–2025 оқу жылына арналған білім беру гранттарын бөлу тізімі жарияланды. Биыл жоғары оқу орындарында оқу үшін 112 мың грант, оның ішінде 79 мыңға жуық грант бакалавриатқа, 13 мыңға жуық грант магистратураға, 1 900-ден астам грант докторантураға бөлінген.
«Гранттардың басым бөлігі «инженерлік, өңдеу, құрылыс салалары» білім беру бағдарлама топтарына бөлінді, олардың саны 19 344 грантты құрайды. Ал «Педагогикалық ғылымдарға» – 13 735 грант, «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» саласына – 10 903 грант, «Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика» бағытына 8 288 грант тиесілі. Биыл алғаш рет ішінара оқу ақысы бар сараланған гранттар енгізілді. «Педагогикалық ғылымдар» және «Әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат» БББТ бойынша 150 сараланған гранттан бөлінген. Сондай-ақ «Серпін» бағдарламасы арқылы түсушілерге 3 903 грант бар. Гранттар тізімінде 5 000 халық тығыз қоныстанған және батыс өңірлердің жастарын жетекші жоғары оқу орындарында оқыту үшін мақсатты білім беру гранты бар, оның ішінде гранттар Атырау және Маңғыстау облысы түлектеріне арналған», – деп атап өтті Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілі.
Айта кету керек, биыл шекті балл өзгермеген: «Құқық» және «Педагогикалық ғылымдар» білім беру салаларына түсуге – 75 балл, «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз етуге (медицина)» шекті деңгей – 70 балл, «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Мал дәрігерлігіне» – 60 балл (ұлттық ЖОО үшін), Ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін, жоқ дегенде, 65 балл, басқа жоғары оқу орындарына түсуге ең азы 50 балл жинау керегі ескертіледі.
«Тестілеуге кіргізу кезінде қол және рамалық металл іздегіштер пайдаланылады. Бұл талапкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ережелерді бұзу мен тыйым салынған заттарды (ұялы телефон, шпаргалка т.б.) алып өтудің алдын алу үшін қажет.
Тестілеу барысында аудиторияның және бейнебақылаудың ауданына байланысты рұқсат етілген магниттік толқындар шегінде ұтқыр және радиоэлектрондық байланыс сигналдарын басатын құрылғылар қолданылады.
Сонымен қатар 2024 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда түсушінің ҰБТ нәтижеcі жойылатынын хабарлады» Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі.
Мақсат айқын – арман алдамайды
Ал біз, өз кезегімізде, келесі тараптармен тілдесіп көруді жөн көрдік. Осы ретте А.Қарсақпаев атындағы орта мектептің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі, 11-сынып жетекшісі Айгерім Даумбакова: «Қазір менің сыныбымда 19 оқушы бар. Ұлттық бірыңғай тестілеуге барлығының дайындығы жақсы. Сабақтан тыс онлайн әзірлік жұмыстары да жалғасты. Сыныбымдағы қыздардың басым бөлігі мұғалімдікті, ұлдарым әскери мамандықты таңдап отыр. Екі оқушым алдын ала тапсыруға қатысып келді. Біреуі – 73 балл, біреуі шығармашылықтан 30 балл алды», – дейді. Аталған мектептің биылғы түлегі, 11 «В» сынып оқушысы Аяна Сүлейменова да өзінің дайындығы туралы айтты. «Мен болашақта қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болғым келеді. Сол бойынша қазір үлкен дайындық жасап жатырмын. Жалпы, ҰБТ-ға дайындықты өткен тамыз айында бастаған болатынмын, қазір жақындаған сайын одан да күшейттім. Әдебиет пәніне қатты басымдық берудемін десем болады. Ресми түрдегі сынама тестілеуге қатыспадым. Бірақ мектепшілік дайындық тестілеуін жібермеуге тырысамын. Оған екі рет қатысып, біріншісінде – 84 балл, екі айдан кейінгі екінші сынамада 113 балл жинадым. Дайындыққа уақыт бөлуім әр кезде әртүрлі. Сабаққа дейін немесе сабақтан келген соң, мектептегі дайындықтан тыс, күніне 4 сағатымды арнауға тырысамын. Кейде ерте тұрып дайындаламын, кейде шаршап ұйқымнан ояна алмай қалатын кездер де болады. Алла сәтін салса, Абай атындағы педогогикалық университетіне оқуға түскім келеді. Ал ҰБТ-ның өту тәртібін өте жақсы ойластырған. Оған қатысу уақытын талапкер өзі таңдайды. Мысалы, мен біріншісін, шілде айының 3-іне, сағат түскі 14:30-ға, екіншісін де сол айдың 25-іне, түс уақытына белгіледім. Қанша дегенмен болашаққа қадам болғасын уайымдаймын. Сол кезде ата-анам «Уайымдай берме, бұйырса, бәрін дұрыс алып шығасың. Оқып жатсың, еңбегің ақталар» деп айтып отырады. Осы орайда жақындарыма үлкен алғысымды білдіремін». Ал Аянаның анасы Айымгүл Нұрабаева: «Аяна үнемі дайындықтан қалмайды, сабағын қарайды, уақытымен жүреді. Ол өзіне нақты мақсат қойып отыр. Ал біз ниетіне жетуіне тілекшіміз. Өмірде не түрлі жағдайлар болады ғой. «Қанша балл алып, не жағдай болса да, біз сені әрі қарай оқытамыз. Төмен балл алып қалсаң да, бәрібір, сені оқуға түсіреміз, қолдаймыз. Не болса да, мойыма» дейміз. Жиі әңгімелесеміз, болашағын талқылаймыз. Арманы – мұғалім болу. Өзінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен беретін апайын айтып, «Мен Әйгерім апай сияқты, мұғалім болғым келеді» дейді. Өзінің арман-мақсатын бөліседі. Біз де қолдап, көтермелеп отырамыз. Үй жұмысына мүлде араластырмаймыз. Өзіміз істеп, оған ешнәрсе жасатпаймыз, қас-қабағына қараймыз. Не айтады, сол дұрыс болып отыр (күліп). Қыз болғаннан кейін үйдің жұмысына салып, «ананы істе, мынаны істе» демеймін. Бұрын біз ауылда мектепке барып тапсыра салушы едік қой. Қазір бұлар өздері тіркеледі екен. Алдында естіп таңғалдым, ҰБТ-ны екі рет тапсырады. Екеуіне де өзі тіркеліп қойды. Бұл да жақсы. Біреуінен болмаса, екіншісінен жоғары балл алар. Енді Алла қаласа, қасында боламыз, жанынан табыламыз», – деп қызына қалай қолдау көрсететінін айтты.
Ал біз өз тарапымыздан барлығына сәттілік тілейміз. Әрбір талапкер мен ата-ана тілегіне жетіп, қуанышқа бөленсін. 181 мың түлек өз саласында мықты маман болып, еліміздің айбынын асқақтатсын дегіміз келеді.
1191 рет
көрсетілді0
пікір