• Ақпарат
  • 23 Мамыр, 2024

АТТАНДЫҚ САПАРҒА, КӨҢІЛДЕ МОЛ АРМАН...

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ,

«Ana tili»

Биылғы оқу жылы аяқталуға жақын. Соңғы қоңырау да соғылады. Енді оқушылар емтиханнан соң, үш айлық каникулға кетеді. Бірқатар оқушы сауықтыру орындарында демалады. Ал бірсыпырасы мектеп бітіріп, өмір жолына қанат қағады. Арман аласармайды. Алдына мақсат қойып, жоғары оқу орнына түсетіндер де көп. Олардың өмір жолында бәрінің сәтті басталғанына не жетсін?!

 

Ал биылғы оқу жылының ерекшелігі не? Қанша бала оқу жылын аяқтады? Балалардың жазда еркін демалуына бар жағдай жасалған ба? Ашығын айтсақ,  оқу жылының сәтті аяқталуы, балалардың жазғы демалысы мен сауықтыру шарасын сапалы ұйымдастыру, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – министрліктің басты міндеттерінің бірі екені айдан анық. 
Қысқасы, биылғы оқу жылын 3,8 млн оқушы аяқтайды. Оның ішінде бастауыш сыныпты – 374 мың, негізгі мектепті – 341 мың бала бітіреді. Ал 186 мың бала мектеп қабырғасынан түлеп ұшады. «Алтын белгіге» үміткерлердің саны 7 704 болып отыр. 
Министр Ғани Бейсембаевтың айтуынша, биылғы оқу жылын «Білімім – Отаныма» атты бірыңғай сынып сағаттарын өткізумен аяқтау жоспарланып отыр. Сонымен қатар 25 мамырда мектеп түлектеріне арналған «Мектебім, саған мың алғыс!» атты іс-шарасы өткізілмек. Аттестаттарды тапсыру рәсімі 12–15 маусымға белгіленді. Ал 9 және 11-сынып түлектерінің қорытынды емтиханы 29 мамыр – 11 маусымға дейін өткізіледі.
Аяқталғалы отырған оқу жылының тағы бір ерекшелігі бар. Атап айтар болсақ, биыл алғаш рет 5–8, 10-сыныптарда қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау мақсатында қазақ және басқа да оқыту тілдері бар мектептер үшін қазақ тілі бойынша аралық емтихан өткізіледі. Расында, біз мемлекеттік тіл туралы жиі мәселе қозғаймыз. Бірақ қазақ тіліне деген құрметтің іргетасы мектептен басталады емес пе? Сондықтан осы мәселені негізге ала отырып, биыл жоғарыда аталған сынып оқушылары қазақ тілінен емтихан тапсырады. Бұл, әрине, мемлекеттік тілдің деңгейінің артуына септігін тигізеді деген сенімдеміз. Біз қазақ ғана емес, еліміздегі басқа диаспора өкілдерінің балалары да білім ордасынан қазақ тілін біліп шықса дейміз.
Министр Ғ.Бейсембаевтың айтуынша, табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялануына байланысты Атырау, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан облыстарының 3 581 оқушысы аралық және қорытынды емтиханнан босатылады. Қорытынды баға оларға жылдық баға негізінде қойылады. Әрине, су тасқынына байланысты қиын жағдай орнағанын бәріміз білеміз. Үкімет, атқарушы билік көмегін беріп, қолдау көрсетіп жатыр. Сондықтан су тасқынынан зардап шеккен, қашықтан оқыған 2 622 мектептің 832 мың оқушысы үшін 27–31 мамыр аралығында «Жазғы мектеп» жұмысы ұйымдастырылады. Мұндағы мақсат – оқушы біліміндегі олқылықтардың орнын толтыру арқылы білім сапасын арттыру.
Рас, су тасқынынан зардап шеккен аймақтағы балалардың демалысына ерекше назар аударылып отыр. Бұған дейін 614 оқушы демалыста болды, 628 бала қазір демалыста жүр. Жақын арада 3 883 бала сауықтыру орталықтарына жіберіледі. Жазғы демалысты мазмұнды ұйымдастыру мақсатында 120 мың педагог арнайы даярлықтан өтті. Оған қосымша 12 мыңнан астам студент пен ерікті тартылады. Балалардың жазғы демалысы 9 мемлекеттік органның бірлескен жоспары шеңберінде ұйымдас­тырылады.  
– Қазақстан халқына» қорының қолдауымен «QH Жаздық жолдама» жобасы шеңберінде 20 мың бала тегін демалуға мүмкіндік алады. Еліміз бойынша барлығы 2,9 млн бала жазғы демалысын 10 743 демалыс орталығында өткізеді. Сондай-ақ сауықтыру орталықтары,  қала сырты мен мектеп жанындағы орталықтар, шатырлы және киіз үй лагерьлері демалыс орындары ретінде қарастырылып отыр.
Министрдің айтуынша, 182 демалыс орталығының 150-і маусымның 1–10 аралығында іске қосылады. Қалған 32 нысан 15 маусымнан басталады. Олардың ішінде 7 нысан су тасқыны болған өңірлерде және 25 нысан конкурстық рәсімдер әлі аяқталмаған аймақтарда орналасқан. 
– Өңірлерде жазғы демалысты ұйым­дастыру бойынша бірегей жобалар бар. Олар: «Ұлы Дала кереметі», «Jas galym», «Гастро туризм», «Бір күн қалада», «Қонақжай отбасы» т.б. Егер өңірлердегі әріптестер үздік тәжірибелерді тиімді пайдаланса, бұл жазғы демалысты мазмұнды етуге мүмкіндік береді, –  деді Оқу-ағарту министрі  Ғ.Бейсембаев.
Оқушылар үшін жағымды жаңалық көп. Оқу-ағарту министрлігі білім сапасын қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Майра Мелдебекованың дерегіне сенсек, бүгінгі таңда мектеп оқулықтарын цифрлық форматқа көшіру процесі 100 пайызға орындалған. Барлық оқу материалдары мемлекеттік сараптамадан сәтті өтіп, оқу-әдістемелік кешендер тізіміне енгізілген. Цифрлық оқулықтар елдің 13 баспасы ұсынған 11 платформада әзірленген көрінеді. Сонымен қатар робот техникасы, STEM, химия, физика және биология бойынша 1 345 заманауи кабинет ашу жұмысы жалғасып жатыр. Биылғы жылдың соңына дейін еліміздің 20 өңіріндегі 1 072 мектеп заманауи кабинеттермен жабдықталатын болады.
Қуанышты жаңалық, жылдан-жылға ҰБТ-ны қазақ тілінде тапсыратындардың қатары көбейіп келеді.  Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығының директоры Болатбек Әбдірәсілов биыл 181 мың талапкер ҰБТ-ға қатысуға өтініш бергенін айтты. Оның ішінде тапсырушылардың 75 пайызы – қазақ тілінде, 24,9 пайызы – орыс тілінде, 221 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтуге өтініш білдірген.
Біз мемекеттік тілдің мәртебесі көтерілсе, басқа диаспора өкілдері қазақша сөйлесе, білсе, түсінсе, тілге құрметпен қараса дейміз. Биыл алғаш рет қазақ тілінен өткізілгелі отырған аралық емтихан  көкірегінде көзі бар, «Қазақстанды Отаным» деп ұғатын талай ата-ананың санасына ой салар деген үміттеміз.  
Кезінде мектеп бітіргенде алтын ұямызды қимай, «Аттандық сапарға, Көңілде мол арман» деп ән шырқадық. Биыл да мектеп бітірген жас түлектер өмірге қанат қағады. Оларға ҰБТ-да ұпайы түгел, арманы орындалсын дейміз.

 

1555 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №21

30 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 13458

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 7796

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 7426

Бақытжан Сатершинов, дінтанушы: ЗАҢДЫ БІЛГЕН ЗАМАНДЫ ДА БІЛЕДІ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 6804

Елнұр Бейсенбаев, Мәжіліс депутаты: Әділетті қоғам құру – парызымыз

  • 11 Сәуір, 2024
  • 6753

Еділхан ӘМІРҒАЛИЕВ, техника ғылымының докторы, профессор: Технологиялық өркениет заманы басталды

  • 18 Сәуір, 2024
  • 6540

Алишер Сатвалдиев, Парламент Сенатының депутаты: Алпыс күн тасыған дария, алты күннен кейін қайтады

  • 02 Мамыр, 2024
  • 5315

Назипа Шанаи: Ана мектебі арқылы ұл да, қыз да дұрыс тәлім алады

  • 02 Мамыр, 2024
  • 5307

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы