• Ақпарат
  • 26 Мамыр, 2024

Сағадат Нұрмағамбетовтың ескерткіш-мүсіні ашылды

Биыл халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтің туғанына 100 жыл толды. Осыған орай Ақмола облысы, Ақкөл ауданында батырдың құрметіне ескерткіш ашылды.

 Айтулы іс-шараға Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, батырдың қызы Айсұлу Нұрмағамбетова, Қарулы күштердің ардагерлері, Халық Қаһарманы, отставкадағы армия генералы Мұхтар Алтынбаев, Халық Қаһарманы, отставкадағы генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, отставкадағы авиация генерал-майоры Тоқтар Әубәкіров, елордадағы әскери колледждің курсанттары, Ақмола гарнизонының әскери қызметшілері, Сағадат Нұрмағамбетовтің жақындары және қала тұрғындары қатысты.

Ал Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев қатысып, ескерткіш-мүсіннің шымылдығын түсірді.

Іс-шараға қатысушылар әскерилер ротасының құрмет қарауылының және Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталық оркестрінің сүйемелдеуімен даңқты батырдың ескерткішіне гүл шоғын қойып, рухына тағзым етті.

Салтанатты рәсімде Мәулен Әшімбаев жұртшылыққа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.

«Қазақстанның алғашқы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов бүкіл саналы ғұмырын әскери қызмет саласына арнады. Мемлекетіміздің тұңғыш Қорғаныс министрі ретінде айбынды армиямызды құруға және оны нығайтуға зор үлес қосты. Ол өзінің болмыс-бітімімен, өмірлік ұстанымымен және ақыл-парасатымен қазақ генералының нағыз үлгісіне айналды. Батырдың ескерткіші – халықтың қаһарман ұлына ыстық ықыласының, Отанға қорғауға өмірін арнаған барша азаматқа шынайы құрметінің белгісі. Сағадат Нұрмағамбетовтің «Бейбіт күнді қырағы күзетіңдер!» деген сөзі бар. Бұл – тек сарбаздарға емес, әр отандасымызға жүктелген аманат. Оны орындау – бәріміздің перзенттік парызымыз», – делінген ел Президентінің құттықтау хатында.

Ал Сенат Спикері Нұрмағамбетовтың ерлігі мен елге сіңірген еселі еңбегі жайынды сыр шертіп, халықтың жадында сақталатынын тілге тиек етті.

Батырдың қызы Айсұлу Нұрмағамбетова әкесі бүкіл ғұмырын Отанға қызмет етуге арнағанын айтып, естеліктерімен бөлісті. Сонымен бірге ол игілікті іске ұйытқы болған азаматтарға және ескерткіштің авторы Айдос Бүркітбаевқа алғысын білдірді.
Жас сарбаздар даңқты қолбасшыға құрмет көрсетіп, әскери оркестрдің сүйемелдеуімен ескерткіш алдынан сап түзеп өтті.

Айта кетейік, қазақ халқының қадірлі ұлы Сағадат Нұрмағамбетов 1924 жылғы 25 мамырда Ақмола облысының Еңбек ауылында дүниеге келген. Ол – әскери колледждің курсантынан армия генералына дейін, пулеметшілер взводының командирінен тәуелсіз Қазақстанның Қорғаныс министріне дейінгі жолды жүріп өткен бірегей тұлға. Сағадат Қожахметұлының ерен ерлігі мен қайсарлығы КСРО-ның, Қазақстан Республикасының және тағы басқа мемлекеттердің 16 орденімен және 30 медальмен марапатталды.

762 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

17 Сәуір, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы