• Ақпарат
  • 30 Мамыр, 2024

ҰЛТ ҮШІН ҚҰРБАН БОЛҒАН ЕРЛЕР ЕЛ ЖАДЫНАН ШЫҚПАУҒА ТИІС

31 мамыр – тарихи қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Осы орайда біз тарихшылар Берекет Кәрібаев және Ернар Абзалұлынан тарихи қуғын-сүргін құрбандарына қатысты әлі де жарыққа шыға қоймаған жайттар мен фактілерді талқыға салып, пікір алмастық.

 

 

Берекет Кәрібаев, тарих ғылымының докторы, академик:

 

Қуғын-сүргін құрбандарын ақтау комиссиясы жұмысты жалғастырып жатыр

 

 Жалпы, XX ғасырдың 20–30-жылдарында Қазақстанда болған саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселесі, сонау өткен ғасыр­дың 90-жылдардың басынан, яғни еліміз Тәуелсіздік алған жылдардан бастап күн тәртібінде тұрған. Дегенмен кеңестік биліктің ақыр соңында, яғни 80-жылдардың соңында жекелеген тұлғалар, атап айтқанда, Бес арыс – Ш.Құдайбердіұлы, М.Дулатов, А.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы, М.Жұмабаев сынды ұлт зиялылары сол кезде құрылған арнайы комиссияның қорытындысы бойынша ақталды. Ол кезде коммунистік партия әлі үстемдік құрып тұрғанымен, әлсіреп жатқан кезі болатын. Сол тұлғаларға қатысты материалдармен танысқанда бірінші болып ақталған Шәкәрім Құдайбердіұлы екен. Оны ақтау барысында комиссия төрағасы Ш.Құдайбердіұлының ешқашан Кеңес үкіметіне, компартияға қарсы сөз айтпағанын тілге тиек еткен. Тек қана Алашқа жақын болғаны үшін ғана жазықсыз қуғынға ұшыраған. Сол кездегі арнайы комиссияның төрағасы, қазіргі кезде жасы 92-ге келген академигіміз Жабайхан Әбділдин еді. Абыз ағамыз қажетті құжаттардың барлығын дайындап, Қазақстан Компартиясының комиссиясы алдында ардақты алаш азаматын ақтап шығады. Одан кейін қалған тұлғалар да ақталады. 
Тәуелсіздік алғаннан кейін тарихи тұлғаларды ақтау процесі оң бағытта жүре бастады. Дегенмен саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау әлі де саяси мәселе болып саналды да, көп жағдайда тығырыққа тіреліп отырды. Шамамен 2000 жылға дейінгі уақытта көптеген тұлғалар ақталды. Бірақ әлі де ақталмағандардың саны жетіп-артылады. Мен сол тұста комиссияға мүше болған бірнеше ғалыммен араластым. Солардан естігенім, уақыт өте келе, неге екені белгісіз, жұмыс сиырқұйымшақтанып, 2000 жылдардан бері қарай тоқтап қалды. Президент Қ.Тоқаевтың Жарлығымен 1921–1922 жылғы аштық, 1920 жылдың соңы мен 1930 жылдардың басындағы аштық, 1937–1939 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтайтын комиссия құрылды. Оның құрамына еліміздің ірі қалалары мен облыс орталықтарындағы ғылыми мекемелердің тарихшылары, қоғамтанушылары, заңгерлері енгізіліп, республикалық комиссия құрылды, ол әлі белсенді жұмыс істеп жатыр. 
Жалпы, өткен ғасырдың 20–30-жылдары елімізде болған саяси қуғын-сүргін тек қана интеллигенцияның қаймағына айналған тұлғаларды ғана қуғынға ұшыратты десек қателесеміз. Тәуелсіздіктен кейінгі кезеңдегі материалдарға қарасақ, қуғын-сүргін жаппай жүргізілген екен. Ауылдағы қарапайым адамнан, аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі көптеген адамдар бір-біріне жала жабу, жалған ақпарат беру немесе бұрынғы істері үшін, немесе жекелеген тұлғаның билікті жамандағаны, сынағаны үшін жазаға ұшыраған. Әсіресе жаппай сипат алғаны – 1937–1939 жылдар аралығындағы саяси репрессия. Одан кейін де қуғын-сүргін тоқтап қалды деп айта алмаймыз. Соғыстан кейінгі кезеңде, яғни 1946 –1953 жылдары бұл қуғындау үдерісі тағы да жүрді. Оған филолог Қажым Жұмалиевтің, тарихшылар Ермұхан Бекмаханов, Бегежан Сүлейменовтердің талайлы тарихи тағдырын жатқызамыз. Академик Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезовтер болса Мәскеуге кетіп, содан аман қалды. Кейін Сталин өмірден өтсе де, бұл процес тоқтаған жоқ. Тек мазмұнын өзгертті, мәні қалды. Және кімде-кім Кеңес үкіметіне, оның жүргізіп отырған ішкі және сыртқы саясатына қарсы болса, күмәнмен қарап, сын айтатын болса, оларға алғашында ескерту жасалды. Тіпті оларға қарсы күштеу әрекеттері қолданылды. 
Қазір саяси қуғын-сүргін құрбандары толық, жүз пайыз ақталып болған жоқ. Бірақ құрылған Комиссия екі жылда өте қарқынды жұмыс істеді. Менің ойымша, материалдар жинақталып, том-том болып шығу керек. Біз айтып отырған ауыр кезеңдегі құжаттарды біріздендіріп, жүйелеу керек. Оның барлығын істеу оңай емес. Бұған мемлекеттің саяси билігінің ең жоғарғы тұрғысынан баға берілуі керек.

 

Ернар Абзалұлы, тарихшы:

 

Оқығанды да, зиялы қауымды да, қарапайым қазақты да аямаған заман

 

– Ернар, қуғын-сүргін құрбандарын еске алу, оларды ақтау жұмыстары қазіргі ұрпақтың бойындағы патриотизмді көтеруге үлес қоса ала ма?
– Әлбетте! Қазақ КСР-нің үкімімен атылғандар көп және Орталық биліктің, яғни КСРО-ның үкімімен атылғандар да бар. Мемлекеттілігімізді Кеңес үкіметінен кейін жалғастырып кеткендіктен, ондағы құжаттардың барлығы бізге мұраға қалды. Бүкіл архив мемлекетімізде сақталып тұр. Тәуелсіз мемлекет ретінде тәуелсіздік жолында күрескен бабаларымызды ақтау, олардың қылмыскер емес екенін айту –  тарихымыз үшін елеулі оқиға. Оларды ақтау – бір бөлек іс, одан кейін құрбандардың ісін дәріптеу тағы бір маңызды мәселе болуға тиіс. Екінші, жазықсыз «Халық жауы» деген жаламен сотты болған, ату жазасына кесілген тұлғалардың ұрпағына олардың ата-бабасы шынымен де жазықсыз болғанын айтып, соған қатысты құжаттарды зерделеуіміз керек. Ал, жалпы, әрқайсысында «мен сатқынның ұрпағы емеспін» деген түсінік болуға тиіс. Мысалы, мен нағашы апамның қолында өстім. Анамның атасы да атылып кеткен, айдауға жіберілген молда. Әлі күнге дейін нағашыларым «бабамыз ақталса, ертең арғы дүниеге олардың алдына ұялмай барсам» деп айтып отырғанын байқаймын. 
– Қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға қатысты басқа қандай жұмыстар атқарылған жөн деп ойлайсыз. 
–  Қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға қатысты комиссия құрылды. Дұрыс, арнайы комиссия ақтап, сот қаулыларымен шешім шығарып жатыр. Жоғарыда айтқанымдай, оларды ақтаудан бөлек, дәріптеу де маңызды. Қуғын-сүргінге қаншама қазақ ұшырады. Әсіресе  қоғамның негізгі тіректері – көзі ашық тұлғалар, оқығандар, ауқатты байлар жазықсыз жазалы болып кетті. Оқығандардың арасында діни сауатты тұлғалар және зайырлы тұлғалар, интеллектуалдар бар еді. Олардың барлығын сол заманның қуғын машинасы қырқып түсірді. Не қалталы байы жоқ, не оқығаны жоқ, негізгі элиталық ұлттық буржуазиясы жоқ қазақ қайта еңсесін тіктеуі керек еді. Алаш арыстарының, кейінгі заманның оқыған азаматтарының еңбектерін дәріптеу арқылы мемлекетті өз бабаларымыз құрып бергенін жақсы түсінер едік. Сондықтан ұрпаққа олардың есімін ғана емес, еңбектері мен арман-мұраттарын да жете түсіндіре алсақ деймін. Түркісібтің теміржолын Тұрар Рысқұлов пен Мұхамеджан Тынышпаев салды. Ең алғашқы кондитерлік дүкендерді Шаймерден Қосшығұлов алып келді. Автомашиналар сататын кәдімгі сауда орнын да жиырмасыншы ғасырдың басында Шаймерден Қосшығұлов жеткізді, ол  Германиядан 10 машина алдырған. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұстафа Шоқай тағы да басқа азаматтардың ойы жүзеге асқанда қазір қандай биікте жүрер едік?! Түркияда докто­рантпын. Сізге бір мысал айтайын. Түркия 1923 жылы тәуелсіздігін алды. Бірінші Дүниежүзілік соғыстан жеңіліп қалғаннан кейін бұл ел үлкен дағдарысқа түсті, жерінен айырылып қалды. Бірақ жан-жағына қарап, ұлттық арман-мұратын еске алып, соның нәтижесінде мықты ел болды. Мықты капитализм құра білді. Ол жақта атақты «Үлкер» деген әулет бар. «Албени» деген шоколад жеп жүрсіз ғой,  соны да «Үлкер» өндіреді. Түріктердің «Коч» деген компаниясы бар, кезінде кондитер өнімдерін экспорттаған, кейін келе автобус экспортымен айналысты. Бұлар 1930 жылдары құрылған компаниялар. Демек, Түркияға капитализм 1930 жылдары келді. Ал Қазақстанға кондитерлік компаниялар 1910 жылы келді, Шаймерден Қосшығұлов кондитер дүкенін ашты. Түріктер автокөлік, автосалондарды 1930–1940 жылдары алып келсе, біздің байларымыз, мәселен, Шаймерден Қосшығұлов Германияның машинасын өлкемізге жиырмасыншы ғасырдың бас кезінде жеткізген. Теміржолдар да сол кезде салына бастаған. Тәуелсіз ел болып, оқыған-тоқығандарымыз қуғын-сүргінге ұшырамай, олар аман қалғанда, ұлттық буржуазия әлдеқайда ерте дамып, Түркиядан оқ бойы озық ел болар ма едік, кім білсін?! 
Яғни осы қуғын-сүргіннің кесірінен қандай мүмкіндіктерден айырылып қалғанымызды түсінсек етті. Өткен өтті ғой. Енді ел тәуелсіздігі үшін күрескендердің еңбегін дәріптей  алуымыз керек. Қазақстан Алаш орда үкіметін жариялағанда мұсылман елдері арасында рес­публикалық ел басқару деген түсінік болмаған кез еді. Сонда біздің алашордалықтар 1917 жылғы желтоқсанда мұсылман әлемінде, түркі әлемінде бірінші болып республика формасын алып келген болатын. Ал одан кейін барып Әзербайжан 1918 жылы мамырда өз тәуелсіздігін жариялады. Содан кейін барып Түркия, әрі қарай басқа мұсылман елдері жариялай бастады. Яғни мұсылман әлеміндегі респуб­лика үлгісіндегі форманы қоғамға ең алғаш рет жариялап, республика ұғымын оятқан Алаш зиялылары еді. Алаш ардақтылары ісін жалғастыруға мүмкіндік алса, демократиялық, парламенттік жүйенің барлығын бастаған мемлекетке айналып отырар едік деп ойлаймын, бұл – менің тарихшы ретіндегі пікірім. Мүмкін, пікірім қате де шығар, бәлкім, дұрыс та болар. 
31 мамырды біз жоғары деңгейде ұлықтауымыз, Ұлттық еске алу күні етіп өткізуіміз керек. 31 мамыр басқа атаулы күндердің көлеңкесінде қалып қоймағаны маңызды. Мысалы, күні кеше 19 мамырда Түркияда Ататүрікті еске алу күні өтті. Әрбір 19 мамыр сайын Түркияның мектептерінде, әкімшіліктерінде дыбыс ұлғайтқышпен ұлттық гимн ойнайды. Гимнді есту үшін, гимн­ге құрмет ретінде жүріп бара жатқан адам, машина тоқтайды. Саябақта балалар ойнап жүрсе, аналары олардың ойынын тоқтатып, гимнді тыңдатады. Бұл – гимнге, Ататүрікке деген құрмет. Ал біз сондай дәрежеде қуғын-сүргін құрбандарын еске алып, ұлықтай алдық па? Сол күні әлеуметтік желілерге жазба жазамыз, сонымен іс бітеді. Менің ойымша, басшысынан бастап жай қарапайым адамдарға дейін 31 мамырда қуғын-сүргін құрбандарын еске алып, бір минут үнсіздік жариялап, ескерткіштерге гүл шоқтарын қойып, мешіттеріміздің барлығында намаздан кейін жаппай ел мен жер үшін, құрбан болғандар үшін дұға жасалса, құрмет көрсетудің бастамасы осы болар еді. Қырғызстанды мысалға алайықшы. 1916 жылы Амангелді Иманов көтеріліп жатқан кезде, қырғыздың да батырлары көтерілді. Олар сол 1916 жылғы идеологиясын «Үркін» оқиғасы деп атап өтеді. Президентінен бастап құрмет көрсетеді. Ата бейітке барып, сол жерде құран оқып, гүл шоқтарын қояды. Ата бейітте кімдер жатыр? Жүсіп Абдрахманов, Шыңғыс Айтматовтың әкесі – Төреқұл Айтматов жатыр, олар да алашордалықтар ғой. Алаш орданың қырғыз бөлімшесінің көсемдері. Олар сол айтулы күні қазіргі президенті бар, экс-президенті бар – барлығы бір жерге жиналып өткенді еске алады. Ал біз құрбандардың өзін қос тарапқа бөліп тастағандаймыз.
Енді қазақтың сол уақыттағы экономикалық жағдайынан мысал келтірсек. 1930 жылдардағы аштық басталмастан бұрынғы қазақтың малы 40 миллион болған. Аштық, ұжымдастырудан кейін қазақ даласында 4 миллион мал қалды. Онда да жадап-жүдеген, ақсақ-тоқсақ мал. Сонда қазақтың 90 пайыз малы қырылған. Қалғанының өзін тартып алды. Бұл – экономикалық жағдай. Ал демографиялық жағдайға келсек, жиырмасыншы ғасырдың басында  «Аз емеспіз, 6 миллион халықпыз» деген Ахаңның сөзі бар. Демек, ол уақыттағы қазақтың саны 6–7 миллионға жетіп қалған. Сол кезде мысыр халқының саны 10 миллионнан асқан екен. Мысырлықтар мен қазақтардың саны шамалас, арада 2–3 миллион ғана айырма болған. Қазір Мысыр халқының саны 90 миллионнан асып кетті. Қазақтың саны енді-енді өсіп келеді. Ұлттық интеллигенциямыз, оқыған тұлғаларымыз жазықсыз ату жазасына кесілмегенде, халық аштан қырылмағанда 70–80 миллион халқы бар, білім жүйесі мықты, республика атанғалы ғасырдан асқан тарихы бар, қуатты ел болар едік. Экономикасы жолға қойылған, тұрақты даму жолына түскен, капитализмді бастан кешкен, буржуазиясы қалыптасқан мемлекет болар ма едік?! Қуғын-сүргін құрбандары, алашордалықтардың құрғысы келген жолы осы болатын. Мысалы, мемлекеттік басқаруда, басқа да салаларымызда әлі де кадр тапшылығы бар деп айтамыз. Кейде жаңа Қазақстан құрып жатқанның өзінде ескі кадрларды алмастыра алмай отырмыз дейміз. Егер сол кездегі зиялы қауым өкілдерінен, мықты кадрлардан айырылмағанда дәл мұндай кадрлық ашығуға душар болмас па едік. Оқығандарымызды қуғынның машинасына басып берді де, «қазақтар оқымаған, оқығандарың жоқ екен» деп, КСРО-ның өзге аумақтарынан келгендерді бізге басшы қылып қойды. Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін олардың кейбірі тарихи отанына үдере көшті. Орта жолда кадрлық жетіспеушілікке тап болдық, қазір оның салдарын көріп жатырмыз. Бұл  жағдай елге қандай апат әкелгенін түсіне беріңіз. 
Мемлекеттік элитаның түгелге жуығын құртқан оқиға әлем тарихында некен-саяқ. Мысалы, Англия қанша революцияны басынан өткерсе де, мемлекеттік кадрларын әрдайым сақтайды, королі әлі билікте отыр. Парламентінде лордтар палатасы. Премьер-министр болғандарының тізімін қарасаң, ішінде тек 1–2-і ғана ағылшындардан сайланған. Қалған премьер-министрлерінің барлығы лордтардың балалары екен. Олардың көпшілігі – Оксфорд пен Кембриджді бітіргендер. Олар елдің элитасын сақтады. Ал біз сол элитадан айырылып қалғаннан кейін өзімізді әлі қалыпқа келтіре алмай жүрміз. Магистратураны Башқұртстанда, Уфада оқыдым. Башқұрт профессорларының мына сөзі есімде қалыпты. Кезінде олардың да республикасы жарияланды ғой, Орал республикасы деп аз уақыт тіршілік етті. Бірақ қазір тәуелсіз ел емес. Олар тәуелсіз атанғандарың үшін Әлихан Бөкейхановқа қарыздарсыздар дейді. Себебі Әлихан Бөкейха­нов аяғына дейін арпалысты, өзінің осы жолда құрбан болып кетерін біле тұра, қайтпай күресті. Сол күрестің арқасында қазір тәуелсіз елсіздер дейді башқұрт профессорлары. Мысалы, татарлардың лидері Аяз Мұсиахим, башқұрттардың лидері Ахмет Уәлиди, Қырым татарларының лидері Ыстанбұл асып кетті. Олар да Әлихан Бөкейхановтай табанды болып, жаны құрбан болса да елде қалса, біз де тәуелсіздік алар ма едік дейді олар.
– Өзіңіз білесіз, Міржақып туралы түсірілген киномызда қанша жастарымыз, Алаш арыстарының, күрескерлер өмірінің бір парасымен танысып, ұлттық рухты көтере түскендей болды. Ерлігі елге сіңген тағы қандай арыстарымыздың өмірін көгілдір экраннан көргіңіз келеді?
– Қазіргі уақытта тарихты кино тәсілімен ұсынған дұрыс. Кино – жұмсақ күш. Қандай да бір ұлттың тарихы киносымен өтімдірек, ойға қонымдырақ, түсініктірек болады. Мысалы, түрік тарихын, Османның, Ертұғырылдың кім екенін білетін адам көп. Себебі олар туралы түрік киносын, сериалын көрген. Бірақ Әлиханның, Тәуке ханның кім екенін білетін қазақ аз. Себебі олар туралы кино енді-енді түсіріле бастады. Кино – жұмсақ күш, мұны мойындауымыз керек. Осы тұрғыдан алғанда, Міржақып туралы кино өте керемет. Халыққа үлкен эффект сыйлады. Неге олай деп ойлайсыз? Себебі киноны мамандар жасағаны, сценарийге алаштанушылардың араласқаны көрініп тұр. Басты рөлді сомадаған адамның, алашордалықтардың жақын досының ұрпағы екені, ең бастысы, Міржақыптың рөліне ене алғаны да киноның деңгейін көтеріп жібергендей. Дәл осындай қылып Әлихан Бөкейханов туралы киноны көргім келеді. Бірақ оны сомдайтын адам, Әлиханның болмысын бойына сіңіріп, кемі 4–5 жыл дайындалуы керек деп ойлаймын. Өйткені актер сол кездегі жағдайды сезіне алмаса, оның географиялық, саяси білімі болмаса, онда басты рөлді ойнайтын адамның да, режиссердің де қолынан сәтті бір кино шықпайды. Бақтыгерей Құлманның, Халел Досмұхамедовтің де образын кинодан көргім келеді. Олардың тұлғасы толық ашылмай жатыр. Киноны адам қалай қабылдайды? Кино деген – көркем туынды. Міржақыпты сомдаған ағаларымызбен бір отырыста бас қосып қалдық. Бәріміз білетін Түріктің «Ғаламат ғасыр» немесе біз «Сүлеймен Сұлтан» деп те атап кеткен киносы бар ғой. Бақыт Қажыбаев ағамыздың «Осман тарихындағы Мұстафаны, сол кинодағы Мұстафа шаһзаданың рөлі арқылы оңай қабылдадым» деп айтқаны есімде. «Мұстафа десем, бірден оның кинодағы рөлі, онымен болған оқиғалар еске түседі» дейді. Мен де алашордалықтар туралы сондай кино көргім келеді. Кейбір актерлерге риза емеспін, ойнай алмайды. Олардан өзіне міндеттелген рөлді, яғни киноның кейіпкерін емес, жай ғана ойнаған актердің өзін, болмысын көремін. Мысалы, Әлихан туралы кино көрсем,  Әлиханды сомдаған актердің аты кім екенін ұмытып кетуім керек қой. Оны халық көшеден көріп қалғанда «О-о-о, Әлихан келе жатыр» деуі керек қой. Міржақыпты ойнаған Бақыт Қажыбаевқа қатысты осыны байқадым. Атыраудың көшелерімен жүріп келе жатқанда қаншама адамның «Міржақып, Міржақып» деп оған жүгіріп, «сізбен суретке түсуге бола ма» дегеніне куә болдық. 
 Жалпы, халықтың рухын ойнататын, ірі, Тәуелсіздік жолындағы күрескерлер туралы фильмдер керек. 
Сондықтан тарихты насихаттаудың ең жұмсақ, өтімді тәсілі кино деп білемін. Он сағат лекция айтқанда есте қалмауы мүмкін, ал кино арқылы көп дүние жадта қайта жаңғырып тұрады.
– Жақында ғана шыққан Ахмет Байтұрсынұлы туралы кино туралы пікіріңіз қандай? Барып үлгердіңіз бе?
– Ахаң ұлттың рухани ұстазы ғой. Кино айналымға енді ғана шыққандықтан, Ахмет Байтұрсынұлы туралы фильмге әлі барып үлгере қоймадым. Дегенмен Аятжан Ахметжанның кино туралы пікірін оқып қалдым. «Бәдрисафа жеңгеміздің қазақша сөйлемегені жаныма батты, ол кісі қазақша судай білген ғой» деп өз пікірін бөлісіп қойыпты. Бұл да көп дүниеден хабар берсе керек. Бірақ мен тарихшымын, кинотанушы емеспін, сондықтан кино сынын мамандары айтқаны жөн болар.
– Әңгімеңізге рақмет!

Әзірлеген 
Элеонора ӘЗІРЖАНОВА

1577 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №5

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы