- Cұхбаттар
- 30 Мамыр, 2024
Анар Бурашева, альпинист: Жеті шыңның бәріне шыққым келеді
Эверест биігінен табылған қазақ қызы Анар Бурашева аз ғана уақыттың ішінде көпшілікке таныла түсті. Альпинистер «өлім аймағы» деп атайтын биіктікті бағындырған нәзік те қайсар қыз физикалық және психологиялық күшін салып, шыңға көтерілді.
Жапон альпинисі Дзюнко Табэи 1975 жылы әлемнің ең биік нүктесіне жетіп, Эверестке шыққан алғашқы әйел атанған. Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген Екатерина Иванова 1990 жылы Кеңес – Қытай – Америка экспедициясының құрамында Эверестке шығып, алғашқы кеңестік әйел ретінде тарихта есімі қалды. Ал Қазақстан атынан Людмила Савина 1997 жылы тұңғыш рет ең биік шыңға шыққаны белгілі.
Биыл 6 сәуірде қазақ қызы Анар Бурашева «Kazakh Everest Team» командасының құрамында Непалға аттанды. Анар Бурашева – скайраннер. Ол бірнеше марафон мен ультрамарафонда жеңіс тұғырынан көрінген. 10 жылға жуық қаржы саласында, банк ісінде қызмет етіп, өзі қалаған салаға бір-ақ сәтте ауысып кетеді. Өйткені Анар ұзақ жыл скайраннингімен, яғни таулы аймақта жүгірумен айналысқан еді. Енді, міне, Эверестттің де биігіне шықты. Біз альпинистердің Эверест сапарынан оралуын ұзақ күтіп, сұқбатты алдын ала жоспарладық. Көптен күткен сол сәттің орайы келіп, спортшыны әңгімеге тарттық.
– Анар, 2 сәуірден бастап бүкіл ел сіздердің Эверестке сапарларыңызды бақылады. Басынан бастайықшы, бұл сапарға сіз қалай қосылдыңыз?
– «Everest Development» компаниясына жұмысқа орналасуға келгенде бос уақытымда скайраннингімен айналысатынымды айттым және осы сирек кездесетін спорт түрі бойынша жаттықтырушы болатыныма компанияның қарсылығы бар-жоғын сұрадым. Компания менің қызығушылығымды қолдады, нәтижесінде тіпті Африканың ең биік шыңы Килиманджароға (5 895 м) шығу бойынша компанияның экспедиция мүшесі болдым. Шыңға сәтті шығуымызбен бір-бірімізді құттықтап жатып, «Келесі жолы қайда? Бәлкім, бұдан да биігіне Эверестке шығып, компанияның атын ұлықтармыз?» дестік. Сол сәтте Мақсұт, Альмир үшеуміз бір-бірімізге қарап, оны еңсере алатынымызды түсіндік! Алматыға оралған соң кеңседе компаниямыздың басшылығымен сөйлестік, оған Альмир екеуміз Мақсұт Жұмаевты да шақырдық. Экспедицияны ұйымдастыру айтарлықтай шығынды талап еткенімен, басшылар идеямызды бірден қолдады. Осыдан кейін дайындықты бастап кеттік. Эверестке экспедицияны басқарған тәжірибелі тәлімгер әрі жаттықтырушы Мақсұт Жұмаевты бұрыннан танитынмын. Тауларда бір-бірімізді көріп жүргенімізбен, жақын араласпаған едік. Бізді бір арман бір жолға тоғыстырды.
– Құбылмалы ауа райына қарамастан, әлемдегі ең биік шыңға өрмеледіңіздер. Биылғы маусымда ең биікке көтерілген алғашқы альпинистердің бірісіз. Жолда қандай қиындықтар мен ерекше оқиғалар болды?
– Біріншіден, феликалдарға байланысты жағдайды бастан өткердік. Гипоксия күйімен де күрестік, ол – биіктікте барлық қалпына келтіру процесі тоқтап, ағза жай ғана қорлармен өмір сүретін процесс. Яғни тауда бұрын байқалмаған аурулар сыр беруі мүмкін. Тауда ағзаның қалпына келу процесі тоқтайтынын айттым, сондықтан кез келген аурудың өршуі үшін аз ғана уақыт жетеді. Екіншіден, екі ай бойы жалғыз болғандықтан, моральдық көңіл күй де нашарлайды.
Екі ай физикалық шектеулер болғандықтан, тәбет те төмендейді, айнала суық, душқа тек лагерьде түсе аласың, бұл да кедергінің бірі. Сондықтан физикалық, моральдық қиындықтарға кезігетініңіз анық, екінші жағынан, шыдамың шыңдалады әрі мақсатымызға жеткіміз келді, оған қоса барлық қазақстандықтың бізге сәт-сапар тілегені мотивация сыйлады.
Шынында, басқа елдерден келген қатысушылардың арасында шыңға жетпей, лагерьге (8 000 м биіктіктен соң) кері қайтқандары да болды. Команда өз мүмкіндіктерін бағалай келе және барлық тәуекелді ескере отырып, алғашқы «ауа райы терезесін» пайдаланды – бұл муссондар қарсаңындағы салыстырмалы түрде қолайлы ауа райы орнап, тауға шығу мүмкін болатын күндер. Эверестте «ауа райы терезесі» жылына екі рет – мамырдың ортасында және қарашада орнайды. Бірақ барлығы біз күткендей және біз жоспарлағандай бола бермейді. Мысалы, осы жолы «ауа райы терезесіне» қарамастан, күн өте қолайсыз болды. Жорық басталар күннің қарсаңында түнде қар жауып, бағыттың кейбір қауіпті бөлігін жасырып қалды, бұл альпинистерге қосымша қауіп төндірді. Алысты көру мүмкіндігі шектелді. Биікте оттегі маскасын тағу керек, өйткені биіктегі ауада атмосферада болатын және адамның қалыпты өмір сүруі үшін қажет оттегінің үштен бір бөлігі ғана бар. Бірақ жетекшінің зор тәжірибесі мен дұрыс таңдалған құрал-жабдықтар бізді айтарлықтай қорғады.
– Альпинистер «өлім аймағы» атайтын биіктікте өзіңізді қалай сезіндіңіз? Қыз баласы үшін бұл сапар қорқыныш тудырмады ма?
– Біз бұл үлкен сапарға шықпас бұрын толықтай медициналық тексерістен өттік. Денсаулығымызда ешқандай қарсы көрсетілім белгісі болған жоқ. Ал дайындыққа келсек, жаттығуларым 10 жыл бұрын, мен ультра қашықтықтағы скайраннингіні бастаған кезде басталды. Өйткені өрмелеу үшін ең алдымен төзімділік керек, ал егер төзімді болмасаңыз, кедергілерге кезіге бересіз. Сондықтан әлемнің ең биік шыңын еңсеру үшін моральдық және психологиялық тұрғыдан толықтай дайын болдым.
Қорқыныш бойды билегені рас, әрине, әсіресе альпинизмнің не екенін білетіндер қауіптің де барын түсінеді. Осы кезге дейін мен шыққан максималды биіктік 5 000 м болғанын ескерсек, ішкі және сыртқы күйімнің одан да биіктік нүктеде қалай болатынын болжау да өте қиын еді. Бірақ, шынымды айтсам, осы қорқыныштарға қарамастан, бәрін жеңіп шықтым, бұл қорқыныштар менің санамның шамамен 10 пайыз, ал сенім санамның 90 пайызын жаулап алған еді.
Бұл ең жақсы маусымның бірі болды. Менің ойымша, физикалық дайын адам ол жерге бара алады. Бұл, әрине, акклиматизация жаттығуына да байланысты. Біз 6 000 метр биіктікте денеміздің өзін қалай ұстайтынын көргіміз келді. Бұл мақсатқа да жеткеніміз үлкен қуаныш әрі жетістік. Әрине, мен бірден дайын болдым, «шыдаймын, моральдық қиындықтарға төземін, өзімді көрсетемін» деп алға ұмтылдым. Біріншіден, мен сол жаққа көтерілген әйелдердің оқиғасынан, тұлғасынан мотивация алдым, екіншіден, көптеген әдебиет оқыдым. Яғни өзімді іштей де, сырттай да әбден дайындадым.
– Скайраннингімен қашаннан бері айналысасыз? Бұл жолға қалай келдіңіз?
– Өмірді таусыз елестете алмаймын. Шығыс Қазақстан облысында туғанмын, ұзақ жыл ата-анаммен Риддер қаласында тұрдым. Өскемен қаласында жоғары білім алып, бакалавр, магистратура оқыдым. Алматыға 2015 жылы көшіп келдім. Өмірге келген, тұрған қалаларымның бәрі таулы аймақтар, таусыз өзімді де, өмірімді де елестету қиын. «Skyraining» – тауда жүгіретін спорт түрі. Ертеден осымен айналыстым.
Есіңізде болса, 2020 жылы Алматы тауларының бірінде турист жоғалып кетіп, көпшілік оны бірігіп іздеген болатын. Мен сол кезде, өзімді тау қызы сияқты сезіндім, көптеген сұрақтар мазалады. Осы кезден бастап тауда ұдайы көмек беру үшін альпинизм негіздерін білгім келді. Кем дегенде, маршруттарды түсінесіз, барлық тау терминдерін қалай пайдалану керегін білесіз деген сияқты негізгі білімді игергім келді. Осылайша, альпинизм мектебіне келдім. Өкінішке қарай, бізде бұл ресми мойындалмаған, ал шетелдерде өте сұранысқа ие болып, кең тараған спорт түрі.
Қалада тұрамын, сондықтан көбіне кешкі жаттығуларды адамдар жүретін жерлерде жасаймын. Өйткені қалада қыз баласы үшін әрқашан қауіпсіз емес. Оңаша жүгіру де қиындау. Ал таңертеңгілік жаттығуларды жалғыз жасай аламын, өйткені тауда өзімді қауіпсіз сезінемін. Таудағы жаттығулар жеке жоспарға орай құрылады. Ал менің жоспарым халықаралық жарыстар немесе кейбір халықаралық альпинизмдерге орай құбылады. Сондықтан тау жаттығуларын жалғыз жасай беремін.
– Осы орайда жаттықтырушыңыз туралы айта кетсеңіз?
– Иә, бұған дейін бірнеше жаттықтырушым болды. Бірінші, Максим Тен. Ол – өте мықты альпинист, техникалық дайындығы тастай, бірнеше мәрте биікке алғаш шығатын альпинистерді алып жүрген. Тауларға өз маршрутымен шыққан алғашқы альпинистердің бірі. Игорь деген жаттықтырушыма да алғысым зор. Оның жол бастауымен Талғар тауына көтерілдік.
Мақсұт Жұмаевпен бірге жүріп альпинизмге қатысты көптеген олқылықтарымның орнын толтырған шығармын. Былайша айтқанда, менің арманымның қолдау тапқанына және оны жүзеге асыруға мүмкіндігім болғанына қуанамын.
Техникалық альпинизм биік тауға шығумен ерекшеленеді. Биік таулы альпинизмде өте жоғары биіктікте, гипоксиялық жағдайда жұмыс істейтіндіктен, кейбір механикалық әрекеттерді дамыту керек. Өйткені биікте ойға салмақ түседі, яғни биік таулы альпинизмде бәріне төтеп беруге тура келеді, физикалық шектеулер болатынын да ескеру қажет. Мақсұт осы қиындықтардың барлығына төзуді үйретті, ол – өте сабырлы адам.
– Гендерлік теңдікті альпинизмде де дамыту қажет екенін және әйелдер ерлермен тең дәрежеде әлемнің ең биік шыңдарына көтеріле алатынын дәлелдедіңіз. Мұндай қиын және қауіпті жорықтарға әйелдердің қатысуы қаншалықты қиын әрі маңызды?
– Шынымды айтсам, бұған дейін де мен әсіресе қазақ қоғамына әйелдердің ерлермен тең дәрежеде барлығын жасай алатынын дәлелдеу керек деген оймен жүрдім. Ал альпинизм мен үшін сол жетістіктердің бірі болды. Яғни осы сапарымда арманымның мәнін түсіндім, тиісінше, тауға бәрі бірдей шыға алады деген үмітімді ақтадым. Халықаралық альпинизмде гендерлік теңдік өте маңызды. Бұл спорт түрінде қыздар аз. Үлкен базалық лагерь бар делік, ол шағын қала сияқты және ол жерде әйелдер 5 пайыз болса, ерлер – 95 пайыз. Айтпақшы, 12 мамырда менімен бірге бірінші словак әйелі Эверестке көтерілді. Словениядан келген оның да негізгі тақырыбы гендерлік теңдік болды. Білесіз бе, қандай да бір жарақаты бар адамдар үлкен мақсаттарға қол жеткізе алады. Олай дейтінім, сол словак әйел ерте жасында зорлық-зомбылықты бастан өткерген. Ол бізге осы альпинизм арқылы кейбір психологиялық мәселелерді жеңе алғанын және күрескерлік табиғатын шыңдағанын айтып берді. Яғни ол әрі қарай өмір сүру үшін, өзін ынталандыру үшін осындай жаһандық мақсаттарға қол жеткізіді.
– Эверест – ең қатерлі шыңдардың бірі. Бұған дейін қандай спорттық жетістіктеріңіз бар? Ал алда қандай мақсат-жоспарларыңыз бар?
– Жүгіру, скайраннингіге келетін болсақ, мен барлық жергілікті жарыста жеңіске жеттім және халықаралық жарыстарға қатыса бастадым, Еуропада үшінші орын алдым. Негізінен, жергілікті жарыстардың түгелге жуығында жеңіске жеттім. Әрине, бұл жетістікпен тоқтап қалғым келмейді. Елге орала салысыммен басшыларыма: «Биікті бағындыруды жалғастыру керек!» – деп айтып, оларды қатты таңғалдырған сияқтымын (күледі). «7 шың» бағдарламасына қатысып, барлық құрлықтың ең биік тауына көтерілгім келеді. Оның үстіне, қоржынымда африкалық Килиманджаро және Еуразия мен бүкіл планетаның ең биік шыңы – Эверест бар!
– Эверест сапарынан кейін «жұлдыз» болып ояну қалай әсер етті? Күнделікті кездесулер мен сұқбаттар, тығыз кесте... Сіз мұндайға дайын болдыңыз ба?
– Шынымды айтсам, мен мұны күткен жоқпын және оған әлі дайын емеспін. Осы уақытқа дейін не істегенімізді аңғарып та үлгермедік. Біз робот сияқты қозғаламыз. Ал оралғанымызға бір апта ғана өтті. Жақсылап ұйықтауға немесе не болғанын елеп-екшеуге уақыт аз болып тұр, тіпті отбасымызбен әдеттегідей кездесуге де уақыт тапшы. Қазір, әрине, өте жаңа, өте қызықты кезеңді бастан өткеріп жатырмын. Қазір ғана бір мектепке кездесуге бардық. Кішкентай оқушылардың қызығушылығы, спортқа деген ынтасы мен көзіндегі отты көріп қайттым. Сол оқушылармен кездесуден кейін мен жастарға мотивация бола алғаныма шын қуандым.
Білесіз бе, мен кәсіби спортшы емес, әуесқоймын. Сондықтан міндетім – мүмкіндігінше спортпен шұғылдану. Өйткені халықаралық жарыстарда, біздің қазақстандық жарыстарда 60, 65 жастағы көптеген әйелдерді көріп жүрмін, маған да әлі көп еңбектену керек.
– Қазір тренер-коуч дегендер трендте ғой. Сізге де жастарға мотиватор-коуч бол деген ұсыныс түссе қайтер едіңіз?
– Әрине, спортты таңдаймын деп ойлаймын, себебі әркім өз ісімен айналысуы керек. Жай ғана спортшымын, әрине, кездесу арқылы басқаларды да спортқа белсене қатысуға ынталандырсам, қуанамын. Бірақ мотиватор бола алмаймын, өйткені мұны қалай істеу керегін білмеймін.
Өкінішке қарай, Қазақстанда альпинизм де, скайраннинг те соншалықты кең дамымаған. Бізде, әрине, кәсіби альпинистер жетерлік, бірақ, шынымды айтсам, олардың барлығының қолданбалы кәсіптері бар. Өйткені, өкінішке қарай, Қазақстанда скайраннинг те, альпинизм де тікелей табыс әкелетін кәсіп емес. Өзімде ондай біліктілік әлі жоқ деп есептеймін. Болашақта кәсіби альпинист болуым мүмкін, бірақ ол үшін көп оқып, көп жаттығу керек. Әзірге мен тауға өзім бара алатын әуесқоймын, бірақ әлі ешкімді қасыма ерте алмаймын. Ендігі ойым мен арманым – жеті шыңның бәріне шығу.
– Бұл салада қандай кемшіліктер мен қажеттіліктер бар деп ойлайсыз?
– Кейбір жеке компаниялар AVD
сияқты бастаманы көрсетсе, жақсы болар еді. Ең болмаса жүйріктерге арналған жабық стадион Алматыда салынар еді. Себебі біз әлі күнге қыста сыртта жүгіреміз, бірде-бір жабық стадион жоқ. Бір ғана шағын, 200 метрлік стадион бар, ол барлық алматылыққа жетпейді.
Қазір кейбір дарынды спортшылардың Олимпиада ойындарына бару үшін қаражаты мен ақшасы жетпейтін жағдайға жиі куә боламын. Адамдар қандай да бір спортшыны жаттығуға жіберу үшін ақша жинаған бірнеше оқиғаны айтып жүрміз ғой. Сол сияқты жас спортшыларға арнап жабық стадион салар едік, өйткені ол біздің болашағымыз. Құдайға шүкір, бізде жаңалық көп, көп сала «Everest Development» сияқты дамып келеді, ал жаңа стадиондар жаңа есімдерді табуға және оларға инвестиция салуға ынталандырар еді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан
Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ
9771 рет
көрсетілді0
пікір