• Ақпарат
  • 30 Мамыр, 2024

ЗАҢ ТІЛІ ҚАШАН ҚАЗАҚШАЛАНАДЫ?

Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен және Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ұйымдастыруымен «Тіл заңы және заң тілі» атты дөңгелек үстел өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзінде «Тәуелсіздік және отаншылдық, Бірлік және ынтымақ, Әділдік және жауапкершілік, Заң және тәртіп, Еңбекқорлық және кәсіби біліктілік, Жасампаздық және жаңашылдық» сияқ­ты қоғамдағы идеологиялық тұжырымдар мен негізгі бағыттарды тарқатып айтып берді. Соның ішінде маңызды құндылықтардың бірі ретінде «Заң мен тәртіпті» ерекше атап өтіп: «Ұлтымыз осы идеялық негіздерді басшылыққа алса, болжаусыз және қарқынды дамып келе жатқан ХХІ ғасырда лайықты орнын табады», – деген еді. Қазақстан азаматтарының заңдық сауатын арттырып, тәртіпке деген құрметін қалыптастыру мақсатында қоғам сұранысына сай ұлттық заңнаманың мемлекеттік тілде лингвистикалық тұрғыдан сауатты жазылып, тәжірибеде қолданысы айқын болуы қажет. Сол себепті тілші-ғалымдар, ресми орган өкілдері мен заңгерлер жиналып, заңдағы қазақ тілінің мәселесін талқылады.

 

Анар ФАЗЫЛЖАН, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры:

 

Ұрпақтың сауатты болуына барлығымыз жауаптымыз

 

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты – қазақ тілін зерттейтін, оның ғылыми проблемаларымен айналысатын, оның зерттеу жолдарымен, тілтанушылар арасындағы және қолданыстағы тілді қолдану мақсатында жұмыс істейтін мекеме. Сондықтан Қазақстандағы заңдардың да сауатты жазылуына, жалпы, кез келген азаматымыздың мемлекеттік тілдегі сауаты жоғары болғанына біздің де жауапкершілігіміз бар деп санаймыз. Сол себепті институтта 2020 жылдан бері тілдің қоғамдық мәселелерімен айналыссын деп тіл және әлеуметтік ғылымдардың әлеуметтік лингвистика бөлімін аштық. Сол бөлім, міне, енді ғана тәй-тәй басып келеді. Біраз мәселені зерттеуді үйреніп жатыр. Өзекті мәселе – әлеуметтік лингвистика бөлімінің тұрақты тіл және ғылым туралы ҚР Заңнамасы туралы, тіл мәселелерін талқылайтын «Тіл заңы және заң тілі» деген дөңгелек үстел өткізіп отырмыз. Тіл заңын деген терминді, кез келген тілдің әртүрлі деңгейдегі заңдылықтарын саралай отырып, заңнамалық құжаттарды жазу деген мағынада қолдандық. Ал заң тілі деген термин қазіргі Қазақстанда қолданылып жүрген заңдардың тілі қандай, мемлекеттік тілде жазуға деген заңнамамыздың өзі сол мемлекеттік тілде сөйлейтін халыққа түсінікті ме деген проблемаларды көтеруге бағытталды. 

 

Абзал ҚҰСПАН, Парламент Мәжілісінің депутаты, заңгер: 

 

Ұлттық заңнама мемлекеттік тілде жазылады

 

Парламентке келген кезден Үкіметтен қазақ тіліндегі заңнаманы талап ете бастадық. Бұған дейін бірде-бір заң жобасын қазақ тілінде дайындаған емес. Әкім Ысқақ ағамыздың қатысуымен 1997 жылы қабылданған заң бар. Сол кезде басты айтылатын мәселе – қазақ тілінде заң туралы айтатындай, сарапшы болатындай заңгер маман жоқ дейді. Мәселе заң шығару процесіне қазақтілді адамды араластырмаудан шығып отыр ғой. Біз үш күн Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы заңды қазақ тілінде жазып шықтық. Қазір Мәжіліс қарауына түсті. Заңды қазақша жазуға болатынын осылайша дәлелдеп, қазір бір емес, бірнеше заңды қолға алдық. Тамара Қасымқызы бұл мәселеге талап қоймаса, әлі де созылып жүріп алатын түрі бар. 
Екінші мәселе – ғылым. Осы мәселеде үйлеспей жатқан бір дүние бар, оны да басшылықтың алдында айтып жүрмін. Қазір заңдар сын көтермейді. Мен қылмыстық заңнаманы айтайын, 2014 жылдан, яғни қылмыстық-процестік кодекс қабылданған кезден бастап күні бүгінге дейін 2 мыңнан аса өзгеріс пен толықтыру жасалды. Бұл өте сапасыз қабылданған дүние болғандықтан солай. Неге десеңіз, ғалымдарды заң жазу ісіне тартпайды. Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық заңы 2017 жылы Қылмыстық кодекстен алынып, Әкімшілік кодекске ілінді. Биыл қайтадан Әкімшілік кодекстен Қылмыстық кодекске ауыстырылды. Бұл жерде керемет бір ғылыми зерттеулер жүргізілген жоқ. Заң шығару ісінде ғылым кенже қалып қойды. 
Заңды қазақ тілінде жазу процесі басталды, енді оған ғылым да атсалысуы керек. Қазір екі мәселені алға тартқым келіп отыр.
Біріншіден, аударма саласын дамыта береміз бе, әлде қазақ тіліндегі заңға басымдық береміз бе? Аударма саласында өрескел кемшіліктер бар. Жалпы, кез келген тілде заң қабылдағанда заңның конструкциясы немесе заңдық жүктеме деген негізгі тірек ұғымдарды назарға алу керек. Мұны қарапайым филолог-маман білмейді, оны білуге де тиіс емес. Оны заңгер қабылдайды. Ал оны аударып отырған аудармашы осындай заң шығарудың негізгі конструкциясынан бейхабар, негізінде ол кәдімгі ғылым ғой. Аудармашы оған назар аудармайды. Филолог маманы ретінде сөзбе-сөз тәржіма жасайды. 
Екіншіден, аудармашы заңның мәніне, мағынасына араласа алмайды. Қалай тұр, солай тәржімалап береді. Сол себепті аудармадан гөрі қазақ тілінде заң шығаруға басымдық беру керек. Аударманы алып тастау керек демеймін, оны да күшейту керек. 30 жыл бойы қабылдаған заңдарға  барлау жасап, қазақ тіліндегі дұрыс аудармасын реттеу керек. Ең сұмдығы, Конституциямыздан бастап қате кездеседі. Азаматтық кодексті алып қарайық, ол қаржы ма, денсаулық па – айырмашылығы жоқ, сол Азаматтық кодекстің бірінші бабының бірінші тармағының бірінші сөйлемі қате. Аяғына дейін қате тұсы көп. Сол үшін заңға ревизия жасау қажет. 
Ал тек мемлекеттік тілде заң шығарудың қандай маңызы бар? Осыған байланысты Орта Азия елдерінің заңнамаларын зерттеп шықтым. Бір ғана Өзбекстанды мысалға келтірейін, олар заң жұмысын жолға қойды. Өз ана тілімен сусындаған азамат дәстүрінен, өзінің тілінен алыстамайды. Қазақ тілін білмейтін адам, оның мәдениетін қайдан біледі? Қазақстан халқына шығарылған заң ғой, халық қолданатын заң ғой, сондықтан заң қарапайым халық түсінетін тілде жазылғаны маңызды. 

 

Қазыбек ДАУТАЛИЕВ, Президент жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дiң аға оқытушысы, заң ғылымының кандидаты: 

 

Мемлекеттік тіл – билік егемендігін іске асыру құралы

 

Бір қате түсінік бар, не нәрсені де егемендігін алған уақытқа барып тірейміз. Шын мәнінде егемендік адамдың өзіне тиесілі. Адамның өзін-өзі билеуге деген құқығының болуы. Ал мемлекеттің егемендігі дегеніміз – мемлекеттік билік орындары жұмысының негізі. Ал, енді бұған мемлекеттік тілдің қатысы қандай? Жалпы, мемлекеттік егемендіктің негізгі және негізгі емес белгілері бар. Негізгі белгілері – халқы, мемлекеттік органдардың мүшесі, әскер, салық және тағы басқа. Тағы бір негізгі белгілердің бірі – мемлекеттік тіл. Мемлекеттік тілді негізгі белгілерге қосу керек пе, жоқ па деген мәселе туындайды. Әсіресе посткеңестік елдерде осы мәселе өзекті. Сондықтан бізде мемлекеттік тілді мемлекеттік маңызды белгіге енгізейік деген ұсыныстар көтерілді. Әрине, бұл теориялық негізгі белгісі бола алмайды. Дегенмен билік қай тілде сөйлеуі керек? Мемлекеттің тілінде. Билік мемлекеттің тілінде сөйлеуі қонституциялық қоғам болмысын негіздейді. Мемлекеттік коммуникация құрудың өзін екіге бөліп қарастыруымызға болады. Бірінші – ішкі. Мемлекеттік құрылымдардың өзі тұтастай жүйе. Ол осының ішінде қолданылуға тиіс. Екінші – сыртқы. Ол – халыққа, қоғамға, барлығымызға қойылуға тиіс талап. 
Конституциялық кеңес берген түсіндірме бар, соған сәйкес қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ресми тіл есебінде қолданылады. Бірақ мемлекеттік билік органдары, жергілікті басқару жүйесі ресми тілде қалып қойды. Қазір қоғамда кез келген істі екі тілде қатар жүргізеді. Бұл Конс­титуцияның нормасына қайшы. Конституцияға сәйкес, коммуникация құралы тек мемлекеттік тіл болуға тиіс еді. Мысалы, қоғаммен сыртқы байланысқа шыққанда оған мемлекеттік тілмен қатар, ресми қолданылатын тіл де қатар жүруі керек. Әрине, Парламент осы этапқа келген кезде орыс тілінен аударып, жіберіп отыр. Жалпы, біз орыс тілінің ыңғайластырылған тіл ретіндегі болмысына келіспейміз. Мемлекеттік тілді дамытсақ, онда мемлекеттік органдар өз ішінде ісқағаздарды мемлекеттік тілде жүргізуге тиіс. 
Ал мемлекеттік тілдегі заң мәселесі, заң таза қазақ тілінде жазылуы әлі де қалыптасқан жоқ. Заңның тілін қалыптастыруды үш кезеңге бөлдім: бірінші кезең – заңның түсініксіздігі, терминдер біріздігілін сақтамағаны, буындардың әртүрлі берілуі. Конституцияның өзінде де, жасыратыны жоқ, қателер жеткілікті. Мұны түзеу үшін ауқымды жұмыс керек, ол тілші-мамандар, ғалымдар, заңгерлердің біріккен жұмысын талап етеді. Екінші – стиль мәселесі. Ғылым екінші кезеңге өту үшін алдымен бірінші кезең аяқталуы керек. Заңның тілі сөз құдіретімен тең болуы керек. Біз құқықтық мәдениетіміз ауызша қалыптасқан қоғам өкілі болғандықтан, заң тілі ерекше ұғым. Қазақ тілінде құқықтық ерекшеліктің өз стилі бар. Көшпелі халықтың іс-қимыл, белсенділік, әрекет сипаттары бізге көбірек жақын. «Кесілсін, жүзеге асырылсын» деп белгілеп көрсетеміз. Қысқа да нұсқа, қазақтың жалпақ тіліне негізделген заң тілін қалыптастыруымыз керек. Үшінші – мәдениет мәселесі. Құқықтық жүйені қалыптастыруда қазақ даласындағы мәдениет «ұят боладының» негізінде пайда болды.

 

Алмас ЖҰМАҒАЛИ, «Maqsut Narikbayev University» Қылмыстық сот төрелігі департаментінің ассистент профессоры, заң ғылымының кандидаты:

 

Мәтіндерінің теңнұсқалығы маңызды

 

Алаш орда азаматтары өздері айдауда, қолдары байлауда жүріп, 19 жылдың ішінде қыруар жұмыс істеп тастады. Ал біз 33 жылда мемлекеттік тілдегі заңды қашан қабылдаймыз деп әлі отырғанымыз біртүрлі ыңғайсыз. 
«Nullum crimen sine lege» принципі заңда көрсетілмесе, қылмыс жоқ деген сөз. Бұл принциптердің көбі құқық саласында бар. Әсіресе Азаматтық құқықта өте көп. Азаматтық құқықтың негізі – қоғам. 1992 жылғы Қылмыстық кодексте арнайы бекітілді. Төртінші бапты толық оқып шықсаңыздар, синтаксис заңын бұзып отыр. Жалпы, Қылмыстық кодексті оқысаңыз, синтаксистен хабары бар адамның өзі шатасады. 
Теңнұсқаулық дейді, яғни қазақ тіліндегі де, орыс тіліндегі де түпнұсқа деп көрсетіледі. 24-бапта қазақ және орыс тіліндегі нормативтік-құқықтық актілердің бәрінде теңнұсқалық болуға тиіс дейді, 33-бапта қазақ және орыс тілдерінің теңнұсқалығы жөнінде лингвистикалық сараптама жүргізіледі. Осы лингвистикалық сараптама мен теңнұсқалықтың маңызын жеткілікті түрде ескеріп жүрген жоқпыз. Қазіргі қолданыстағы Қылмыстық кодекстің өзінде қазақ және орыс тілдерінің сәйкес келмейтін тұстары кездеседі. 
Қолайсыз терминология деген ұғым тағы бар. Мысалы, Қылмыстық заң дегенге мән бермейміз. Қылмыс­тық деген сөз «уголовное» деген сөз деп ойлаймыз. Жоқ! Қылмыстық істі «преступная деятельность» дейміз, ал қылмыстық заң дегенді неге «Преступный закон» демейміз? «Уголовное» деген жазалау ұғымын білдіреді. Қылмыстық атқару кодексін кері оқысаңыз, «Преступный угловный кодекс» болады. Бұл қылмыстық заң емес, қылмыс заңы, яғни бұл – Қылмыс туралы заң.
Терминологияға қарап жатқан мемлекеттік органды байқамадық. Жалпы, заңға «қайшылық туған кезде қазақ тіліндегі нұсқасы басшылыққа алынсын» деген нұсқаулық керек. 

 

Бақыт ҚАЛЫМБЕТ, Алматы қаласы әкімі аппараты Тілдерді дамыту және ономистика бөлімінің басшысы: 

 

Тіл туралы заңнаманың нормаларын түсіну керек

 

Қолданыстағы Тіл туралы заңның нормаларын қате түсінетін немесе бұрмалайтын жағдайлар бар, одан қалса оның насихаты дұрыс жүргізілмей жатыр. Оған қоса «орыс тілі мемлекеттік тілмен қатар ресми қолданылады». Бұл Конституция баптарында ашық айтылып тұр. Яғни орыс тілі қазақ тілімен тең қолданылады дейді, мемлекеттік тілде іс жүргізіледі, орыс тілі қазақ тілімен тең қолданылады дейді. Бірақ іс жүзінде орыс тілі басым түскеніне куәміз. 
Заңның орыс тілін қолданатын мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдарында орыс тілі ресми тіл есебінде қазақ тілімен қатар қолданылады дейді. Яғни орыс тілінің қолданылатын жері – тек мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті басқару органдары ғана. Ал бізде ресми тіл есебінде барлық жерде қолданылады деген норма қалыптасты. Тіпті дүкенде де, кафе-ресторандарда да қолданылып жүр. 21-бапта көрсетілген тағы бір жайт бар. 2021 жылдың соңына дейін маңдайшадағы жарнамалар, тақырыптар, жазулар мемлекеттік тілде және орыс тілінде жазылады деп көрсетілген. 5-бапта мемлекеттік тілде жазылады дейді де, 21-бапта екі тілде жазу керек дейді. Осыдан кейін барлық жерде орыс тілі қазақ тілімен қатар жүруге міндетті деп түсініп алды. Себебі маңдайшаға жазылатын жазулар, көрнекіліктер мен жарнамалар тек мемлекеттік ұйымдарда ғана емес, барлық мекемеде, барлық ғимаратта бар. 
2022 жылдан бұл заңға өзгерістер енгізілді. Көрнекіліктегі ақпарат мемлекеттік тілде, қажет болған жағдайда орыс тілінде орналастырылады. Бізде сол алдыңғы редакцияның күші әлі жойылмай отыр. Жекеменшік нысандар, саудагерлік орындар, қызмет көрсету орындарында іс жүзінде баршаға ортақ орыс тілінде ғана ұсынылып, қазақ тіліндегі нұсқасына баса мән бермейді. Бізге күнде он шақты акт түсіп отырады. Соңғы кезде қызмет көрсету орындары, қоғамдық тамақтандыру, денсаулық сақтау сияқты басқа да нысандарда тіл туралы заңнаманың бұзылуына қатысты наразылықтармен жұмыс істеп келеміз. 

 

Қуаныш ЫДЫРЫСОВ, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының заңгері: 

 

Сот жүйесінде қолдану

 

Тіл туралы Заңның 4-бабында «Мемлекеттік тіл – мемлекеттегі бүкіл қоғамдық қатынастардың барлық саласындағы қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және ісқағаздарды жүргізу тілі» деп бекітілген. Сонымен қатар сот ісін жүргізудегі тіл туралы ережелер азаматтық, қылмыстық, әкімшілік және әкімшілік-құқық бұзушылық кодекстерінде реттеледі. 
Ал сот жүйесінде біркелкі сот практикасын қалыптастыру және сот ісін жүргізу тілі туралы заңнамасын қолдану аясында, Жоғарғы соттың №13 нормативтік қаулысы қабылданған. Аталған Жоғарғы соттың қаулысында сот ісін жүргізу тілі сот процесіне қатысушы адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ететін құқықтық кепілі деп бекітілген. Сол қаулының 3-тармағына сүйенсек, Азаматтық процестік кодексте сот ісін жүргізу тілі сотқа талап қою арызы берген тілге байланысты деп көрсетілген. Демек, істің жүргізу тілі ол талап қоюшының таңдауына байланысты. Ал қылмыстық процесте және әкімшілік-құқық бұзушылық кодекстерінде талап орындалуы керек. Ол жерде ісқағаз қазақ тілінде жүретіні, сот ісін жүргізуде қазақ тілімен қатар, ресми түрде орыс тілі, ал қажет болған кезде ғана басқа да тілдер мемлекеттік тілмен тең қолданылатыны көрсетілген. Яғни судьяларға заң талап қойып отыр. Қылмыстық сот ісін жүргізу, әкімшілік-құқық бұзушылық бойынша да істер қазақ тілінде жүргізілуі талап етілген. 
Судьяға, тергеушілерге, тергеу органдарына жауапты адамның сот ісі болатын тілді дұрыс меңгергенін және оны түсінетінін анықтау қажеті міндеттелген. 
Статистикаға сүйенсек, 2020 жылы республика бойынша, 712 808 іс қаралыпты, оның 209 мыңы мемлекеттік тілде. Ол 29 пайызды құрайды. Ал 2021 жылы  32 пайызды, 2022 жылы 33 пайыз болып отыр. 
Бізде тергеушілер күдіктен орысша айта сал, орысша толтыра берейік, маған солай ыңғайлы деген сияқты тапсырмамен істі орыс тілінде бастап, сотты орыс тілінде жүргізуге әрекеттенетін заң бұзушылықтар да бар. 

P.S.

Баяндамалар тыңдалып болған соң, Әділет минис­трлігі Құқықтық саясат департаменті мен ҚР Ғылым және жоғары білім министрліні Тіл саясаты комитетінің өкілдері дөңгелек үстелдің негізгі тақырыбы аясында пікір алысты. Бұл іс-шараға республикамыздың белгілі лингвистері, заңгерлері, қоғам қайраткерлері және мемлекеттік органдардан тіл саясаты мамандары, жоғары оқу орындарының оқытушылары қатысты.

660 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №36

12 Қыркүйек, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы