• Cұхбаттар
  • 30 Мамыр, 2024

Ғалымдар зерттеуіндегі Жошы ұлысы

Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде Жошы ұлысы құрылуының 800 жылдығына арналған «Жошы ұлысы: тарихы, мұрасы және тағылымы» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Жошы ұлысы өмір сүрген дәуір – қазақ жеріндегі мемлекеттілік дәстүрдің дамуының маңызды кезеңдерінің бірі. Қазақ этногенезі мен қазақ жеріндегі политогенез үдерістері Жошы ұлысымен (Алтын Ордамен) тығыз байланысты. Жошы ұлысы құрамында қазақ этносының негізгі бөлігінің қалыптасуы аяқталды, болашақ Қазақ хандығының саяси институттары, мемлекеттік идеологиясы айқындалды. Түптеп келгенде, қазақ халқын 300 жылдан аса уақыт билеген қазақ хандары – Жошының тікелей ұрпағы. Алтын Орданың ыдырауы тарих төріне ортағасырлық ұлттық мемлекетіміз – Қазақ хандығының тарих сахнасына шығуына жол ашты. 
Конференция туралы, оның маңызы, баяндама жасаған ғалымдар, Жошы ұлысының қазақ тарихындағы орны туралы конференция ұйымдастырушыларының бірі, Абай атындағы ҚазҰПУ Ежелгі және орта ғасыр тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымының кандидаты, профессор Нұрлан Атығаевты әңгімеге тарттық. 

 

– Нұрлан Әділбекұлы, Жошы ұлысына арналған конференция жұмысына тоқталып өтсеңіз... 
– Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде Жошы ұлысының 800 жылдығы аталып жатқаны белгілі. «Жер жүзіне Алтын Орда деген атпен танылған әйгілі Жошы ұлысы Орталық Еуразияның байтақ даласындағы ең қуатты мемлекет ретінде мойындалған. Осы ортағасыр­лық державаның геосаяси мұрасы бірқатар Еуразия мемлекетінің, соның ішінде Қазақ хандығының құрылуына негіз болды. Ұлық ұлыстың жерінде сан алуан этнос және дін өкілдері бір шаңырақтың астында өмір сүрді. Түрлі мәдениеттер өзара астасып, мемлекет құру ісінің бірегей үлгісі қалыптасты», – деген Президент Жошы ұлысының Қазақстан тарихындағы рөлін көрсетті. 
Біздің конференциямыз да Жошы ұлысының 800 жылдығы аясында ұйым­дастырылды. Бұл іс-шараға университет ректоры – Басқарма төрағасы Болат Анапияұлы, университет, Тарих және құқық факультеті басшылығы үлкен көңіл бөліп, барлық көмегін жасады. Әрине, ондай көмексіз алыс шетелдің Жошы ұлысы тарихын зерттейтін ғалымдарды шақыртып, олардың жол, қонақүй т.б. шығындарын көтеру мүмкін болмас еді. Осы қолдаудың нәтижесінде конференциямызға Канада, Жапония, Түркия, Ресей, Украина және Қазақстанның қырыққа жуық жетекші ғалымдарын қатыстыру мүмкін болды. Университет қабырғасында бас қосқан осы ғалымдар Жошы ұлысы тарихының өзекті мәселелерін талқылап, осы мемлекет тарихына қатысты тың мәліметтерді бөлісті.
– Конференцияға нақты қандай белгілі ғалымдар қатысты, қандай баяндамалар жасады? 
– Негізгі баяндама жасаған ғалымдардың ішінен бірнеше шетелдік маманның атын атауға болады. Олар: Канададан келген Джу Юп Ли, Жапониядан келген Хироюки Нагаминэ, Түркиядан келген Абдуллах Гюндоғду, қазір Назарбаев университетінде жұмыс істеп жүрген профессор Юлай Шамилоглы. Мысалы, Торонто университетінде жұмыс істейтін Джу Юп Ли – «Qazaqlïq және қазақтардың қалыптасуы. Постмонғолдық Орталық Еуразиядағы мемлекет және бірегейлік» атты кітаптың авторы. 2016 жылы әйгілі «Brill» баспасында шыққан осы кітабы үшін Джу Юп Ли 2017 жылы Орталық Еуразиялық зерттеулер қоғамының тарих және гуманитарлық ғылымдар саласындағы ең үздік зерттеу сыйлығының жеңімпазы атанған. Бұл кітаптың аудармасы жақында Қазақстанда да жарық көрді. Біздің конференцияда Джу Юп Ли Шығыс (араб, парсы, шағатай) тілдерінде жазылған тарихи дереккөздер негізінде Жошы ұлысының халқы жөнінде замандастарының не жазғаны туралы өте қызғылықты баяндама жасады. Жапонияның Ұлттық технология институтындағы мықты медиевист-ғалым, Жошы ұлысы тарихының белгілі маманы Хироюки Нагаминэ ХІV ғасыр­да парсы тілінде жазылған «Мунтахаб ат-Таварих-и Муʻини» шығармасындағы Жошы ұлысының хандарына арналған кестені басқа тарихи шығармалармен салыстырып талдады. Зерттеуші осы кестедегі Жошы ұрпақтарының билік құрған, жерленген жерлері туралы мәліметтерге назар аударды. Анкара университетінің профессоры Абдуллах Гюндоғду қазақ тілінде Жошы ұлысы мен Осман империясының байланыстарына арналған «Жошы ұлдары дәуіріндегі Анадолы – Дешті Қыпшақ қарым-қатынастары» атты баяндама жасады. АҚШ-тың Висконсин университеті профессоры, қазіргі уақытта Назарбаев университетінде жұмыс істейтін белгілі зерттеуші Юлай Шамилоглы Алтын Орда мен Қазақ хандығының байланысы туралы баяндама жасап, олардың саяси жүйесіндегі сабақтастығын көрсетті.
Бұл ғалымдардың жасаған баяндамалары тыңдаушылардың көңілінен шығып, үлкен қызығушылық тудырды. Отандық ғалымдардан баяндама жасаған академиктер Ханкелді Әбжанов пен Берекет Кәрібаевты, профессор Клара Хафизованы, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің профессоры Амантай Исинді, «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» РМҚК директоры, профессор Әбілсейіт Мұқтарды, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры Мұхтар Қожаны, АБДИ гуманитарлық зерттеулер институтының директоры, т.ғ.к. Қанат Өскенбайды атауға болады. Бұл зерттеушілердің барлығының баян­дамаларында Жошы ұлысы тарихы қызықтыратын адамдарға өте пайдалы ғылыми ақпараттар берілді. 
– Сұқбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен 
Қарагөз Сімәділ

9676 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №36

12 Қыркүйек, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы