- Ақпарат
- 30 Мамыр, 2024
Қазіргі балалар не оқиды?

«Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек.
Сонда, жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз».
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдағы сөзінен
1 маусым – Балалар күні. Халықаралық мейрам қарсаңында әдеттегідей «Бүгінгі баланы не қызықтырады, олар қандай кітап оқығанды дұрыс көреді?» деген тақырыпта сауалдама жүргіздік. «Ата-ана –мұғалім – кітапханашы» үштігінің бұл орайда ойы қандай?
Бигүл Қалиқызы, зейнеткер:
Әдеби-танымдық туындыға сұраныс бар
Баланы кітап оқуға құмарту өте қиын. Кітап – ақпарат алудың жалғыз көзі емес, оның бәсекелесі көп, ғаламтор, YouTube желісі, подкаст тыңдау, әлеуметтік желі тағы басқа қызылды-жасылды әлемге құмартқан адам кітап оқудың пайдасын саралай бермейді. Сондықтан болар, кітап оқу әдеті азайып келеді. Кітап оқуды күнделікті дағдыға айналдырса, баланың сөздік қоры дамып, қатесіз жазуға дағдыланып, миы да дамиды. Әже ретінде отбасымызда кітап оқуға барынша көңіл бөлінеді. Бала, немерелерді күнделікті кітап оқуға машықтандырамыз. Олар мектеп тапсырмасынан бөлек, әртүрлі энциклопедияны қызыға оқиды. Әрқайсысының талғамы әртүрлі. Кітапты терең түсініп оқыған бала тарихты біліп өседі, қазақ халқының әдет-ғұрпын білуге қызығушылығы артып, іздене түседі. Кітап – өмір ұстазы, рухани сарқылмас қазына екеніне көзі жетеді. Дәл қазіргі кезде, мысалы, Асхат бизнес жайлы кітапты көп оқып жүр. Асылбек шетел жазушыларының кітаптарын қазбалап жатыр. Аяулым ертегілерді оқығанды жақсы көреді. Біз әже, ата-ана ретінде өздерінің таңдаған, қалаған кітаптарын алып береміз, байқауымша, әдеби-танымдық кітапқа да сұраныс бар.
Болашақта білімді әрі бай болу үшін кітапты көп оқу керек. Жақсы кітап оқу арқылы адамның білімі көбейеді, есте сақтау қабілеті жақсарады, өз ойын еркін жеткізе алады. Кітап оқу талдауға, сараптауға, өзін тануға үйретеді. Бұл қасиеттердің барлығы бала бойына жастайынан сіңірілсе, оның болашағы жарқын болатыны, еліне қызмет ететіні айқын.
Қазынакүл Кәденқызы,Алматы қаласы №147 гимназияның бастауыш сынып мұғалімі:
Оқу мен оқытуды дамыту тиімді
Қазіргі кезде «ақпараттық қоқысты» електен өткізе білу өте маңызды. Мeктепте ұстаздардың нeгізгі міндеті – балaларға жақсылық әлемінде өмір сүріп жатқанымызды үйрету және жақсылық жеңетінін түсінуге көмектeсу. Балалардан сұқбaт алу бaрысында және оқығaн кітаптaрын талдaй келе байқағанымыз, олар көбінeсе aңыз-әңгімелeрді ұнaтады екен. «Неге?» деген сұраққа балалар: «Адамның өмірін, eрлігін, еңбегін көз aлдыма келтірeді, мен дe сондай aқылды, білгір болғым келеді, адамға жақсылық жасағым келеді, сол аңыздағы кейіпкeрлердің өмірін мeн өзімe үлгі етeмін», – деп жауап бeрді. Ал көпшілігі фантaстикалық шығармaлардың ұнaйтынын aйтты.
Ақиқаты, балaлар кітабы дұрыс жазылуы керек. Сaпалы шығарма баланы ойлaндыра алaды. Қазіргі балaлар көзге тартымды иллюстрацияларды ұнатады. Осыған байланысты графикалық дизайны мен үлкен шрифті бар кітаптар болса, олар қызығa оқиды. Кітап қызықты болып көрінуі үшін бaспаларда кейіпкерлерді бейнeлейтін көркем суреттермен толықтырып отырсa, кішкентай оқырмaнға өте тартымды болар еді.
Мазмұны бойыншa қандай кітап болса да, ол қaлай құрастырылса да, балаға дaуыстап оқыту қажет. Себебі дaуыстап оқу бaлаға оқып отырғaн мәтінін нақты түсінуге, оқиғаны көз алдына елестетуге, мәтін мазмұнын толық баяндап жеткізуге тигізер пaйдасы өте зор. Кітaпты оқудың құндылығын өсіп келе жатқан ұрпақтың санасына сіңіру қажет, өйткені қағаз кітaп балалaрдың ой-өрісін, тіл бaйлығын, сөздік қорын дaмытуға ықпал етеді. Талдауға және қорытынды жасауға бейімдеп, қиялдауға, армaндауға үйретеді. Ал армaндай алған бала алдынa мақсат қоя білeді, мақсаты бар адам үлкен жетістіктeрге жетeді деп сeнемін.
Қизат Тілеуберді, Жоғары санаттағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, «Шебер педагог»:
Талданған шығарманың тағылымы мол
Заман өзгеріп, біз жаңа бағытқа бет бұрдық. Осы бәсекеге ілесу үшін ХХІ ғасыр оқушысының сын тұрғысынан ойлай алатын, мәселені шеше алатын, дәлел келтіре алатын, өзін-өзі басқара алатын, жоспарлай алатын, жұрт алдында сөйлей алатын, көшбасшы бола алатын дағдылары басымдыққа ие болуы керек. Мектептің, мұғалімнің ең басты міндеті – рухани бай, жан-жақты дамыған тұлғаны қалыптастыру. Рухани байлық, ең алдымен, әр халықтың ұлттық әдет-ғұрпы, әдебиеті, мәдениеті, өнері шыққан түп тамырында.
Жалпы алғанда, мектепте қазақ әдебиетінің классиктерінен Оралхан Бөкейдің, Мұхтар Мағауиннің, Сайын Мұратбековтің, Шерхан Мұртазаның, Қабдеш Жұмаділовтің, Тәуелсіздіктен кейінгі жазылған Бейбіт Сарыбай, Қанат Тілеухан, Арман Әлменбет, Мақсат Мәлік секілді қалам тербеп жүрген жас жазушылардың кітаптарын оқытамыз, арасында әртүрлі кездесу ұйымдастырамыз. Соңғы уақытта Сәуле Досжанның шығармаларын оқытып жүрміз. Ол кісінің балалар әдебиетіне қатысты біраз дүниелері бар. Нұрдәулет Ақыштың шығармалары мектеп бағдарламасына енген, сонымен қатар қосымша әңгімелер жинағын оқытып жатырмыз.
Біздің баса айтатынымыз, кітап талданған кезде ғана бала бойына сіңімді болып, кітап оқуға құлшынысы артады.
Оқушының рухын шыңдап, ой-өрісін кеңейтетін жалпы білім беретін мектептегі жетекші пән – қазақ тілі мен әдебиеті. Бүгінгі өмір талабына сай оқушыны жеке тұлға ретінде тәрбиелеуде қазақ тілі мен әдебиетінің маңызы зор. Оқушының білімге, білуге деген құштарлығын, жауапкершілігін, ізденуін, қызығушылығын дамыту ұстаз қолында. Оқушы өз бойына жинаған білімін біреуден мақтау, жоғары бағасын есту үшін емес, саналы түрде өмірде, болашақта өзіне, еліне қызмет етуі үшін жинау керегін түсінуі, сезінуі қажет.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнін тереңдетіп оқытатын оқу орнының мұғалімі ретінде, ең көп қолданылатын әдісіміз – көркем шығарманы талдата отырып, тұлға бойына адамгершілік болмысын қалыптастыру. Өзіміз сабақ беріп отырған 9–10-сынып оқушыларының аптасына беріліп отырған қазақ әдебиетінің 5 сағатын тиімді пайдалануға тырысамыз. Дәлірек айтсақ, «Мен оқыған көркем шығарма» деген атаумен қалың дәптер бастатып, сол дәптерге нақты критерийлер бойынша (шығарманың атауы, тақырып-идеясы, әдеби-теориялық ұғымдары, жер-су атаулары, тұрақты сөз тіркестері, мақал-мәтелдер, ашық және сократтық сұрақтар) жазылым жұмысын қадағалаймыз. Нәтижесінде оқушылардың бойында бірізділік, жүйелілік, тұрақтылық сынды қағидалар қалыптасты. Сыныпта жазылым жұмыстары тексерілгеннен кейін айтылым қағидасы іске асады (талқылау). Уақыт өте келе алғашында болған кемшіліктердің түзелгенін, оқушылар мұқият тыңдауға көшкенін байқадық. Себебі олар өз тобының, өзінің намысы үшін жауап беруге ұмтылады. Білім өз өміріне қажет екенін түсінеді, өзін уәждейді. Сыныпта қолданылған тиімді талқылау әдіс-тәсілдер оқушылардың креативті ойлауын, жаңалық ашуға ұмтылысын нақты жетілдіреді, өзгертеді. Сабақ барысында оқушылардың тілдік құзіреті біршама артады, себебі оқушылар бір-бірімен талдау жұмыстары арқылы еркін диалогке түсе алады, кейіпкерлердің әрекетіне сыни тұрғыдан баға бере алады.
Оқу мен оқытуда жаңа бағытта өзгерістерді енгізіп қана қоймай, оны одан әрі дамыту – әр мұғалімнің міндеті. Осы әдіс-тәсілдерді жеткілікті меңгеріп алған соң ғана біз жан-жақты дамыған, бәсекеге қабілетті, білімді тұлғаны қалыптастыра аламыз. Бойына тәжірибе жүзіндегі құндылықтар мен нәтижеге қарай ілгерілеу қасиеті қалыптасқан шәкірттің алар асуы мен бағындырар шыңы көп болмақ.
Алмагүл Жүдеуова, Алматы қаласындағы №29 балалар кітапханасының кітапханашысы:
Жас буынға насихаттауымыз қажет
«Кітап – білім бұлағы» демекші, біз білімді тек кітаптан аламыз. Сол кітапты оқып, тоқып, ақын-жазушыларымыз, ұлы ойшылдарымыз шықты. Барлығы – сол кітаптың жемісі. Кітап – асыл қазына, таусылмас білім мен сарқылмас құндылық. Кітаптың адам өмірінде алар орны ерекше. Кітап – білімді молайтатын құрал. Алға басқан сайын кітап біздің айнымас серігімізге айнала береді. Кітап оқу арқылы білімді болумен қатар, үлгі-өнеге, тәрбие көзін де алып шығамыз. Оқыған-тоқығаның көп болса, жеңбейтін жау, алынбайтын қамал жоқ.
Күнделікті қарапайым өмірде кітап оқитын кісі мен оқымайтын кісінің айырмашылығын тез аңғаруға болады. Кітап оқыған адам ақыл-парасат, таным-білім, жұртпен қарым-қатынас, тіл байлығы мен мәдениеттілігі сияқты ізгі қасиеттерімен ерекшеленіп тұрады.
Өзім кітапханада қызмет істеймін. Кітап оқитын адам өте көп. Қазіргі қазақ әдебиетінен әлем әдебиетіне дейін алып оқиды, сұраныс күн өткен сайын артып келеді. Мысалы, 5–10 жасқа дейінгі балалар көбіне ертегі, әңгіме жанрындағы шығармаларға қызығады. Атап айтар болсақ, қазақ әдебиетінен «Алдар көсе», Әлем халықтарының ертегілері, Ертегілер елінде аудармалары, «Жеті қарға», «Гансель мен Греттель» т.б. ертегі кітаптар. Ал әлем әдебиетінен Артур Конан Дойлдың «Жоғалған әлем», Марк Твеннің «Ханзада мен қайыршы», Джек Лондонның «Ақ азу», «Теңіз қорқауы», Майк Барфилдтің «Комикстегі жаратылыстану», тағы басқа авторлардың аударма кітаптарын жақсы оқиды. Жоғары сыныпта оқитындар көбіне қазақ әдебиетінің өкілдерін, аударма әдебиеттер мен орыс тіліндегі классикалық кітаптарды оқып жатады. Сондай-ақ комикстерге де сұраныс көп. Негізі, бала ерте жастан кітаппен дос болса, болашақта көзі ашық, көкірегі ояу болып қалыптасады. Сонымен қатар фантастикалық, шытырман, детектив жанрындағы шығармаларға да сұраныс өте көп. Қазақ әдебиетінің өкілдеріне де қызығушылық басым. Мысалы, «Қозы көрпеш – Баян сұлу» эпосы, Батырлар жырын, Қазақ батырларының өмірбаянын, Б.Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат», «Менің атым – Қожа»,
Б.Момышұлының «Ұшқан ұя», С.Мұратбековтің «Жабайы алма», М.Дулатовтың «Бақытсыз Жамал», Б.Майлиннің «Шұғаның белгісі», М.Әуезовтің «Абай жолы» романы, тағы басқа қазақ авторларының кітаптарын оқитын балалар көп.
№29 балалар кітапханасында жыл сайын «Бір ел – бір кітап» акциясы тұрақты өтіп келеді. Биыл бізде Б.Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай автордың кітаптарынан көрме жасалып, әдеби кеш ұйымдастырылды. Оқырман залына келіп кітап оқитындардың қарасы қалың. Жастардан бөлек, зейнеткерлер де жиі бас сұғады. Олар көбіне тарихи, психологиялық, медициналық кітаптарды оқиды. Журналдар мен күнделікті мерзімді басылымдарды оқудан қалыс қалмайды.
Жалпы, кітаппен дос болуды тоқтатқанда ойлауды да, ойлануды да тоқтатасың. Сол үшін кітапты оқығанның үстіне оқи берген жөн. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өз сөзінде кітап оқу арқылы әлемге деген қызығушылық, мектеп қабырғасынан қалыптасуға тиіс екенін айрықша атап өткені белгілі. Сондықтан жас буынға кітап оқуды сіз бен біз болып насихаттауымыз қажет.
Әзірлеген
Бағдагүл Балаубаева

2002 рет
көрсетілді0
пікір