- Тұлға
- 06 Маусым, 2024
Сағидың сырлы әлемі
1972 жылдың күз айы. Жиын-теріннің аяқталып, қайнаған еңбектің, қарбалас шақтардың саябырсып, адамның да алмасып жататын науқандық жұмыстардан тыныс алған сәті еді.
«Ақын-жазушылар келе жатыр» деген хабар шағын ауылымызды дүр сілкіндірді. Түс ауа халыққа лық толған ауыл клубында астанадан арнайы ат басын тіреген қаламгерлермен кездесу болды. Ең алдымен, мінбеге орта бойлы, етжеңді, ақ сары адам көтерілді. Бұл – атақты ақын Ғали Орманов екен. Ғалекең сәл қарлығыңқылау дауыспен қазақ әдебиетінің жай-күйімен таныстырғаннан кейін өзінің үлкен әдебиетке қалай келгені туралы айтып, көптеген өлеңін оқыды. Ғалекеңнің
«Аттанып ауыл анадан,
Оқуға кеттім қалаға.
Жабыла маған қараған,
Жаутаңдай кеттім далаға.
Жарбиған жаман тон-тымақ,
Жабысып кетті үстімде,
Жанайын деген бір шырақ,
Жалтылдап кетті ішімде», – деген бір шумақ өлеңі албырт жастың ақаусыз жадында ұмытылмастай болып сақталыпты.
Одан кейін жазушы Жайсаңбек Молдағалиев шығармашылық жоспарына кеңінен тоқталып, сол кезеңде оқырманның қызығушылығын туғызған «Жаз еркесі», «Торғай толғауы» атты жинақтарының қалай жазылғаны туралы тартымды әңгімелеп берді.
Сөз кезегі ақ сары жүзіне қызыл арай жүгірген, мойылдай қара шашын оң жағына қарай шалқасынан қайырған, 35–36 жас шамасындағы мейманға келгенде жүргізуші «Жас ақын Сағи Жиенбаев» деп таныстырды.
Мінбеге көтерілген ақын сәл тершіген жазық маңдайын, буланған көзәйнегін қол орамалмен сүртті де, бірден өлең оқуға кірісті. Ақынның майда қоңыр үні тыңдарманның жанын баурап, кең зал бір сәт сілтідей тынып, сансыз жанар ақынды аясына сыйғызып алардай, мінбеге ұмсына, ынтыға қарайды. Тағдырдан ешкім де қашып құтыла алмайды. Сағи ақынның да балалық шағы сұрапыл соғыс жылдарымен тұспа-тұс келіп, балауса құрақ өртке шалынды. Он екіде бір гүлі ашылмай жатып жүрекке мұң түсті. Аңыраған ананың зары, күңіренген қарттың үні сәби көкірегін қарс айырып, тым... тым ерте есейтті. Кейін... Иә, кейін жүрекке шемен болып қатқан шер жыр болып төгілді.
Ақын «Сүт туралы баллада», «Тұлып», «Бөрік» деп аталатын өлеңдерін оқығанда жанары суланбаған бірде-бір адам қалмаған шығар-ау.
Өзі де өлеңмен бірге алабұртып барып тоқтағанда дүрілдей соғылған алақан жаңғырығынан жанып бір кетердей алаулаған ақын келбеті көз алдымда мәңгі қалыпты. Мұндай сәтті бұрын-соңды басымыздан кешпеген сары ауыз балапандар сол бір құрмет ақынға ма, әлде өлеңге көрсетілді ме – түкке түсінбестен көппен бірге дүркірете қол соғып, аузымызды ашып қала беріппіз. Кейін өз-өзімізге келіп, сөз құдіретін тани бастаған кезімізде ақынның шығармаларына қайта оралып, Сағи ақынның сырлы әлемін, әй, бір алаңсыз араладық-ау.
Сағидың лирикасында тұнып тұрған шілтерлі мұң бар. Сағи жырлары жүрегіңді тербетіп, қиялыңды қалықтата отырып, сезіміңді сиқырлап, жаныңды мұнарлы мұңға батырады. Мүмкін, ол жаратылысынан жаны жібектей үлбіреген сыршыл жанның өмірден тым ерте көрген теперішінің де әсері шығар.
Ақынның «Сүт туралы балладасында» соғыс жылдарындағы тұрмыс тауқыметі суреттеледі. Жалғыз сиырдың төрт емшегіне телмірген бір үйлі жан. Бір үйлі жанның талшығы да, азығы да жалғыз сиырдың сүті. Төрт емшектен төгілген сүтке төніп отырған сәби, таласа емген бұзау.
«...Жауып-жауып өте шыққан
бұлттардай,
Үшінші рет... қояды енді түк тамбай.
Жалғыз ғана өзіне аян бір сырды,
Жануарың ішке бүгіп тыққандай.
Мыңқ етпейді – секілденіп жоқ есі,
Әлсіз ғана қалтырайды денесі.
Ең дәмдісін, ең нәрлісін, соңғысын,
Бұзауына сақтайды екен енесі.
Соңғы иінді... ең қиыны осы ара,
Осы арада арбасады қос ана.
Екеуінің екі түрлі тілегі,
Екі тілек қосылмайды не шара?!
Жануардың жасыра алмай сезімін,
Жаутаңдайды қарашығы көзінің.
Ене байғұс ойлайды тек бұзауын,
Ана байғұс ойлайды тек өз ұлын.
Біздер үшін арпалысып, тіресіп,
Тұрады екеу... бірі алданып, бірі өсіп.
Түк жоқ ойда мәз боп бара жатамыз.
Екеуіміз екі анаға ілесіп».
Әрине, оқырманға түсініктірек болуы үшін де үзіндіні ұзақтау келтіріп отырмыз. Бас-аяғы жұп-жұмыр ақын шығармасында ой да, сезім де, сурет те бар. Ал өлеңді оқып шыққанша жаныңды баураған кіреуке мұң еріксіз жанарыңды жасқа шылап, кеудеңнен аяныш сезімін оятады. Бар-жоғы он үш шумақ өлеңде тұтас бір отбасының тіршілікпен тоғысқан тағдырының тұрғанын сезінесің.
Жалпы, қазақ әдебиетінің қалам ұстаған тұлғаларының қай-қайсысының да балалық шағы сұрапыл соғыс жылдарымен тұспа-тұс келді. Әсіресе Қадыр, Тұманбай, Өтежан сынды қалам қайраткерлері сол бір сүреңсіз кезеңнің көңілге түскен наласын жүрекке салған жарасын, сүйекке басқан таңбасын жырлаудай-ақ жырлады. Өз тұстастары сияқты, Сағи ақын поэзиясының да негізгі арқауының бірі – жаралы жылдар жаңғырығы.
Ақын «Оң аяқ» деген өлеңінде ауыл адамының арып-ашып, шаршап-шалдығып келіп кешкі шайын ішіп, маңдайы жіпсіп, денесі босағаннан кейін тәй-тәй басқан бал бөбектердің қадамын тамашалайтынын тамсандыра суреттейді. Жадау көңілді желпіндірген сәби башпайының басына қаншама үкілі үміт, сарытап сағыныш ілініп қалған десеңші.
«...Жадау жүрген көңілді желпіндіріп,
Талпындырып сәбиді, серпілдіріп.
– Келер ме екен көкешің, құлыншағым,
Оң аяғың көтерші, – дейтін күліп.
...Қыбыр етсе баланың башпайлары,
Кететіндей жуылып іштен күйік.
Қадалатын ынтығып бәрі үңіліп,
Сан құбылып жүздері, сан бұзылып.
Оң аяқта тұратын осы кезде
Жалғыз арман, жалғыз ой, жалғыз үміт.
...Көтеретін бір кезде оң аяғын,
Үйдің ішін мәз-мейрам, думан ғылып.
Жеткізгендей хабарын ағалардың,
Мәз-мейрам боп тұратын бала балғын.
Сәби жүрек сезе ме, аз да болса,
Көтергенін көңілін аналардың».
Үміт пен үрей алмасқан қапалы көңілдердің сыртқы дүниені ұмытып, бір сәттік көбесі сөгілген кездерін ақын тап басып толғайды. Сағи ақынның қай өлеңін оқыма, онда сыршыл сезіммен бірге көз тартар сурет, өрнекті өмір бар.
Жер жаннаты Жетісудың ең көрікті қаласы Алматыда отырып, сонау арайлы Ақтөбесінің ақбұйрат құмын, айдынды суын, аңсаған ауылын, қалың қауымын жырлағанда ақынның ақжарма көңілінің ақтарылғаны соншалық – өзің талай көзбен көріп, көңілге түйген өңірді жер ұйығы ма деп те қаласың.
«Шарладым қыр мен ой ішін,
Жұпарын жұттым жал-құздың.
Жалғызсың, далам, мен үшін,
Сен үшін мен де жалғызбын», – дейді.
Адам жүрегінде туған жерінен басқа екі мекен болар ма? Сенесің.
«Шолып тұр байтақ даласын
Аруана қырда желпініп.
Аспан мен жердің арасын
Бір өзі ғана толтырып», – дейді ақын «Оймауыт» атты өлеңінде.
Ақын дұрыс айтады, шыр етіп жерге түскеннен бастап Құдай берген ғұмырында шыққан биігіңе шейінгі аралықты байланыстырып тұрар бір ғана киелі тұғырың, ол – туған ауылың.
«Таң атса да қиырдан қылаң беріп,
Күн батса да қып-қызыл қыран болып.
Оймауытым мөп-мөлдір аспан құсап,
Күндіз-түні мен сені тұрам көріп», – дегеніне де риясыз иланып, үлкен ақынның кішкене ауылына деген ұлы сезіміне еріксіз басыңды иесің.
Сағи ақын аз да, көп те емес алпыс жыл ғұмырында оқырманына отыздан аса жыр жинағын ұсынды. Әрине, ақынның шығармашылық қырларын талдап-жіктейтіндей біз әдебиет зерттеушісі емеспіз. Бірақ ақын қаламынан туған жырларын жіберместен оқитын жанкүйер оқырманының бірі екенімізді де жасырмаймыз.
Ал сол отыздан аса жинағының ішінде бірін-бірі қайталамайтын қаншама асыл ой, сырлы сезім, маржан сөз бар десеңші. Ақын туған Отанын, туған халқын жырлай отырып, өзі де биікке көтерілді.
Ақынның табиғат, махаббат лирикаларындағы тазалық, сұлулық, адалдық адам жанын тазартып қана қоймай, сүюге де, сүйсінуге де құштар етеді.
Сонау балалық шақтан бастап оянған Сағи ақынға деген құмарлық оты жылдар өте келе алаулай түспесе, көмескіленген емес. Тағдырдың бұйырысы болар, кейін Алматы қаласында ақынның бірқатар жырларын өз аузынан тыңдағаным да бар. Сағи ақын қазақтың марғасқа азаматы, Қазақстанның халық артисі, композитор Әсет Бейсеуовпен жақын қарым-қатынаста болды.
Жазмышқа шара бар ма, ақын дәл алпыс жасқа толған күні мәңгілік сапарға аттанды. Ақынның айтулы мерекесінде жазылатын дәстүрлі лебіздерді асыға күтіп жүргенімізде, газет беттерінен қаптаған қаралы хабарды көріп, суық-ызғар жүрегімізді жарып өтті. Артынша Ұлықбек ақынның ағасының мерейжасына арнап жазған толғамды ойын, Ғафу мен Тұманбай ақындардың азанама өлеңдерін оқып, сыршыл ақын Сағиды бірге жоқтасып, сүйегіміз сырқырады.
Біз бүгін жібек мінезі, сиқырлы сезімімен оқырманын баураған, әр жүрекке бұлбұл болып қонақтаған Сағи ақынның 90 жылдық мерейтойы кезеңінде қолымызға қалам алып, аз ғана ойымызды оқырманымызбен бөлісуді жөн көрдік.
Тірісінде екінің бірі алып жатқан атақтың бірі бұйырмаған, алсам деп алқынбаған, жетсем деп желпінбеген, өзінің мінезіндей жұмсақ жырымен халқының жүрегінен ойып тұрып орын алған сырбаз Сағидың мәңгілік рухына тағзым етуді мақсат еттік.
Закария Сисенғали,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі
Батыс Қазақстан облысы,
Жаңақала ауданы
1303 рет
көрсетілді0
пікір