• Тұлға
  • 06 Маусым, 2024

ДӘУІР САБАҚТАСТЫҒЫ

Мұхамеджан Тынышбайұлының өмірі мен еңбек жолы, қайраткерлігі және ұлт жолындағы ұлы істерін зерттеу барысында, оның бала күннен бастап бойына «ұлттық рух, Алаш арманы қалай дарыды, ұлттық идеологияны қалай сіңірді» деген заңды сұрақ туады. Тынышбайұлының азаматтық ұстанымы, саяси көзқарасының қалыптасуына да сол кездегі елдегі жағдай себеп. Елдің басына қара бұлт үйірілгенде саяси жүйеге қарсы ел үшін ат жалын тартып мінетін ер-азаматтар  тұлғалар шығаратыны сөзсіз. Сондай тұлғаның бірі – Мұхамеджан  Тынышбайұлының өмір жолындағы рухтас ағасы Барлыбек Сырттанұлы. Барлыбекті Мұхамеджанға байланыстыратын дүние ең әуе­лі – ол, Алаш идеясы еді. Барлыбек болса Алаш қозғалысының ізашар буыны. Әлихан Бөкейханның құрдасы әрі рухтасы.  

 

Мұхамеджан мен Барлыбек ең алғаш 1890 жылдары кездеседі. Әкесі Тынышбай Мұхамеджанды Алматыдағы ерлер гимназиясына ат жеккен арбамен Лепсіден Алматыға әкеле жатып, жолдан Қапалдағы Барлыбектің үйіне арнайы тоқтайды. Барлыбек ол кезде Петербордан білім алып келген ең алғашқы жетісулық қазақ. Күллі Қапал жұртшылығы Барлыбекті мақтан тұтатын. Сол күні Барлыбекке сәлем беріп, хабарын тыңдауға  ауылдың жас-кәрісі түгел жиналады. Бұл кездесу Мұхамеджанның көңілінде ерекше орын алған сәт болды. Алыстан өз елін, топырағын, ауасын, балдай суын аңсап келген Барлыбек мауқын басқанша, көсіле сөйлеп, шерін тарқатады. Патшалық Ресейдің бұратана халықтарға жасап отырған озбырлығы, жерін тартып алу, байлығын тонау саясатын сөз қылды. Енді бұндай саясатқа қарсы тұрудың жоспарын сұраған көпшілікке, Барлыбек әуелі білім, ғылым, тәрбиенің маңызын, ол арқылы сауат­тылықты арттыру, технология мен өндіріске бет бұру керектігін баса айтты. Жоғарыда айтылған әңгімелердің жай-жапсарын, сырын ұққан бала Мұхамеджанның көкейіне өшпес із қалғаны сөзсіз. Барлыбек артынша Тынышбай ақсақал мен Мұхамеджанға ақ жол тілеп, сапарға шығарып салған. Ал бала Мұхамеджан дәл осы ең алғашқы кездесуден соң Барлыбекті іштей өзіне ұстаз санай бастаған. 
Мұхамеджан Верныйдағы гимназия қабырғасында оқып жүргенде Барлыбек Сырттанұлының үйіне жиі барады екен. Олардың үйіне барғанда қолға түсе бермейтін, тарихи сирек еңбектермен танысады. Бұл кезде Барлыбектің Алматыда «Қала бойынша жауапты хатшы», ал інісі Тұрлыбек болса әскери губернатордың тілшісі болған еді. Ағайынды Сырттан ұлдары Барлыбек пен Тұрлыбектің қамқор шапағаты мен ақыл-кеңесін алған Мұхамеджан, гимназияны бітіріп, Петерборға жол тартады. Ондағы І Александр атындағы жол қатынасы инженерлерін даярлайтын институтқа оқуға түсуінің өзі – білімге, оқуға құштар Мұхамеджанның талап-тілегі. Бұған Барлыбек Сырттанұлының да көмегі зор. 
Мұхамеджан Тынышбайұлының Петерборда институт қабырғасында өте жақсы оқуы, ол жерде саяси ұйым­дармен байланыста болуы, автономияшылар сьезіне қатысып, баян­дама оқуы да оның бойындағы серпілісті көрсетеді. Азат ойлы, жігерлі, жалындаған жас арманның қанатына күш біткендей болады. Елінің сая­си ахуалына алаңдаған Мұхамеджан Тынышбайұлының ұлт жолындағы күресі осы кезеңнен бастау алады. Ол 1905 жыл болатын. Осы жылдан бастап билік өкілі оппозициялық бағыттағы толқулардың үніне құлақ асып, алым-салық төлеп, жерінің шұрайлы, құнарлы бөлігінен айы­рылып, империяға жем болған қайран жұртының өмірі үшін, азаттығы үшін күресуге кіріседі. Мұхамеджан осы кезеңде рухтас ағасы Барлыбек турасында «Жаңа военный губернатор Ионов сол 1905 жылы Барлыбекті «чиновник особых поручений» қылып, бұрынғыдан да көтеріп, өз қасына жақындатып алды. Сол жылғы һәм келер жылғы істер көп қазаққа белгілі. Губернаторға осынша жақын бола жүріп еш уақытта өз ойын, өз сырын ешкімнен жасырған емес. 1906 жылы Қояндыға барып Ахметтерге һәм өзгелерге жо­­лығып, талай сөздердің ішінде болып, барғанына қарай жиылған жұрт­қа риза болып қайтты» деп жазған. 
Институтты үздік аяқтап, өз еліне инженер-маман болып келеді. Мұнда ол қарапайым инженер маман ретінде алғашқы қызмет жолын Жетісу теміржол құрылысынан бастады. Жетісу теміржолын жобалау ісіне қатысады. Мұхамеджанның саяси көзқарасы үшін әскери губернатор М.Ионовқа біреулер сыртынан шағым түсіреді. Ол өзінің айрықша мәселелермен шұғылданатын жауапты қызметкері Барлыбекті шақыртып алып: «Сіздің үйде Мұхамеджан Тынышбайұлы жатыр деп естідім, бұл қалай?» – деп сұрайды. «Сізге жасырын айтылған сөз рас: мен ешкімнен ойымды жасырмаймын, менің сырым өзіңізге де белгілі», – деп Барлыбек жауап береді. Осы кезден бастап Барлыбектің Тәуелсіздік жолындағы ұлы істерге толық бет бұратыны белгілі. 
1907 жылы Жетісу облысының мұсылман халқы атынан ІІ Мемлекеттік Думаға сайлануы, оның сол кезеңде-ақ халық алдындағы беделі мен сенімге ие болғанын көрсетеді. «1907 жылы Барлыбек көп халқымен мені Алматыдан екі станса жерге дейін шығарып салып, «Қарағым, көп жұрттың тілеуіне кетіп барасың, жолың болсын, Құдай алдыңнан жарылқасын!» деп құшақтап, батасын берді», – деп жазады Мұхамеджан абзал ағасын еске алып (Барлыбек Сырттанов. «Қазақ», 1915 жыл). Мұхамеджан Тынышбайұлы депутат мінберінен ұлт мүддесі үшін түйткілді мәселелер көтереді. Үкімет басшысы Столыпиннің атына сауал жол­даған. Сауалында «Қазақ­тар­дың жер мәселесі, сөзсіз, аса маңыз­ды. Үкіметтің нені көздеп отыр­ғаны түсінікті: біріншіден, қа­зақ­тарды дербес ұлт ретінде жою және бүкіл өлкені орыс­тандыру; екіншіден, қазақтарды қау­қарсыз тобырға айналдыру; үшіншіден, оларды өздерінің қаны сіңген атамекенінен айырып, сусыз шөлге ысырып, өлім құшағына айдауды көздейтін қанқұйлы, зымиян саясат» деп өткір мәселені көтеріп, жер тең­дігі үшін күрескен. 
Дума таратылып, өз еліне келгеннен кейін Мұхамеджан мамандығы бойынша қызмет атқарады. 1907 жылдан бастап Барлыбек Сырттанұлын генерал-губернатор өзінің саяси көзқарасы мен ұстанымы үшін сенімсіз кадр ретінде қара тізімге енгізеді. Қызметтен босаған Барлыбек осы кезден бастап Алаш қайраткерлерімен бірге өзінің саяси күресін бастайды. 1911 жылы Петерборда Әлихан мен Барлыбек ұзақ сөйлесіп, елдің Тәуелсіздік жолындағы ұлы мұраттары турасында әңгіме өрбітеді. Барлыбекке болашақ Алаш үкіметінің заңы, конституциясы болу керегін айтып, осы заңды жазып шығуын өтінеді. Бір түнде жазылған алғашқы Алаш заңы «Қазақ Елінің Уставы» деген атпен белгілі. 
Алайда 1914 жылдың күзінде патшаның тыңшылары Барлыбекті жасырын өлтіреді. Сөйтіп, Алаштың ең алғашқы құрбаны осылай мерт болған еді. Егер тірі болғанда Алаш автономиясының құрылғанын көзбен көріп, талай іс тындырар ма еді... Бұл қазаны Мұхамеджан ауыр қабылдайды. Өзінің рухтас ағасы, жерлесі, қамқоршысы әрі ақылшысы болған Барлыбектен айырылғаны – ұлт жолындағы жауапкершіліктің артқаны деп ұғынды...
Мұхамеджан Тынышбайұлы – қазақтың болашағы, оның тәуелсіздігі үшін күрескен айтулы ірі тұлға. Институт қабырғасында оқып жүрген кезден бастап өмірі қудалауда жүрсе де, ұлт жолында еңбек етуді мақсат санаған қайраткер. Оның қайраткерлігі, жоғарыда келтірілгендей, барлық салада айқындалды. Патшалық Ресей, оның орнын басқан кеңестік билік кезінде де Мұхамеджанның ұлт жолындағы күресі тоқтаған емес. Оның құрылыс саласына, ғылымға, ұлттық идеологияға, Алашқа сіңірген еңбегі зор. Осы айтулы еңбектерінің бәрін қорыта айта келгенде, ұлт жолындағы қызметін – Алаш идеясын іске асыруға қосқан үлесі деп толық бағалауға болады. Алашқа еңбек еткен қос жетісулық ұстаз бен шәкірт те сол кездегі саяси қуғын-сүргін құрбандары. Бірі – Патшалық Ресейдің сайқал жүйесіне қарсы тұрамын деп мерт болса, екіншісі – Патшалық Ресейдің отарлау саясатын жалғастырған кеңестік биліктің құрбаны. 

Қалқаман АБДРАХМАНҰЛЫ,
Жетісу облысының 
Мұхамеджан Тынышбайұлы 
атындағы тарихи-өлкетану 
музейінің бөлім меңгерушісі

1432 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №36

12 Қыркүйек, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы