- Ақпарат
- 06 Маусым, 2024
Жасыл түбектегі жарқын жұрт

(Корей күнделігі)
Думан АНАШ
(Жалғасы. Басы өткен санда)
Оңтүстік Корея шәрлері өзінің сан түрлі бояуымен баурап алады. Мұнда сіз ортағасырлық қайқы шатырлы үйлер мен көкпен таласқан көк шынылы зәулім ғимараттарды орныңыздан бір қадам қозғалмай тамашалай аласыз. Дәстүр мен озық технологияны сабақтастырған жұрттың жасампаздығын осыдан тануға болады. Бұл – шынымен де өткен тарих пен қазіргі уақыт, ұлт пен ұлық істер үлгі аларлықтай үйлесім тапқан мерейлі мекен.
Сиқырлы Сеул
Біз Сеулде екі күн аялдадық. Елдің ең ірі қаласы өзін-өзі басқаратын 25 ауданнан құралады. Бұл – түбектің солтүстік-батысындағы жан-жағын жасыл жоталар қоршаған қала, Ханган өзенінің жағалауында орналасқан. Солтүстіктегі көршісінен 24 шақырымда ғана жатыр. Елдің басты саяси, экономика әрі мәдени орталығы саналатын шаһар – Шығыс Азиядағы жетекші қаржы орталықтарының бірі. 1948 жылдан бері Корея республикасының астанасы.
Жолбасшымыз Сананың айтуынша, корей тілінде «соуль» сөзі «астана» деген мағынаны білдіреді. Мәселен, Силла патшалығының дәуірінде бұл атау Кенджу қаласына тиесілі болған. Қытай тілінде «Ханьчэн», корейше «Хансон» деген атауы да бар. Бұл «Ханган өзеніндегі бекініс» деген ұғымға ие. Алайда 2005 жылы қала билігі қытай тіліндегі атауды корей иероглифі бойынша «Су-и» деп оқылатын корейше айтылымдағы сөзге өзгертеді. Бұл «бірінші», «астана» деген ұғымды береді. Бірақ бұл өзгеріс тек қытай тілінде сөйлеушілерге ғана арналған, корейше атауына еш әсері жоқ.
Қаланың алғашқы атауы – Виресон. Бұл кезде, яғни б.з.д. 370 жылдан бастап шаһар Пэкче мемлекетінің астанасы болса, V ғасырдағы Коре дәуірінде Хансон аталды. VI ғасырда қала билігі Кореден Силла мемлекетіне көшті. ХІ ғасырда Силланы жаулап алған Коре билігі «Оңтүстік астана» атауымен танылған бекіністі салады. 1394 жылдан бастап Коре билігін алмастырған Чосон әулетінің патшалығы кезеңінде Ханьян атауымен ел астанасы болады. Әуелде қаланы толығымен жеті метрге жететін биік дуал қоршап тұрған екен. Бұл бекініс қабырғасы халықты жабайы аңнан, қарақшылардан, жаулардан қорғаған. Кейінірек қала бекініс аумағынан асып кетеді. Қазіргі уақытта қала қақпасы сақталған. Чосон дәуірінде қала қақпасы алып қоңыраулардың үнімен күн сайын ашылып, жабылып тұрған екен.
Корей соғысы кезінде қала қатты қирағаны белгілі. 1950 жылдың маусым-қыркүйек айларында және 1951 жылдың қаңтар-наурыз айларында Сеул қаласы екі рет солтүстіккореялықтар мен қытай әскерінің қолына өтті. Қытай әскері басып кірген кезде қаланың әскери коменданты советтік корей Дю Гван Му еді. Ұрыс салдарынан қала қирап қалды. Шамамен 191 мың құрылыс, 55 мың тұрғын үй, мыңдаған кәсіпорын қирандыға айналды. Оның үстіне босқындар қаптап, халық саны 2,5 миллионға дейін артты. Олардың бәрі дерлік баспанасыз жандар еді. Дегенмен соғыстан кейін Сеул тез қалпына келтірілді, елдің ірі саяси-экономикалық орталығына айналды.
Корей Халық Демократиялық республикасының ескі конституциясы бойынша Сеул 1948 жылы Солтүстік Кореяның да астанасы болған.
1988 жылы Сеулде ХХ жазғы Олимпиада ойындары өтті. Бұл ойында қазақтың әйгілі балуаны Дәулет Тұрлыхановтың атой салғаны белгілі.
Сеулдің климаты муссонды, Түркия, Грекия, Испания секілді күн райы жылы елдермен бір бойлықта жатыр. Ұзаққа созылмайтын жылы қысы да болады. Дегенмен жазы өте ылғалды әрі ыстық. Бірақ қарға миы қайнайтын қатты ыстық болмайтындықтан, қаланың климаты тропикалық шөлден де, далалық табиғаттан да ерекшеленеді. Жаңбыры мол. Тіпті тайфун кезінде Мәскеу сияқты қалаларға жыл бойы түсетін жауын-шашын көлемінің үштен бір бөлігі Сеулге бір күнде жауа салады. Құрлықтан келетін жел жиі соғады. Солтүстік желден қорғайтын таулар болмағандықтан, кейде ауа температуарасы -15 градусқа дейін түсіп кетеді.
Біз Сеулдің жаңбырлы болғанына қарамастан, Кенбоккун сарайы орналасқан ауданының аумағында жиі сейілдедік. Қонақүйіміз де осы маңайда еді. Мұнда қаланың ертедегі ғимараттары сақталған аудандар бар. Мәселен, Букчон аумағы. Бұл арада «ханок» деп аталатын жүздеген дәстүрлі корей үйі сақталған, Чосон билігінің кезеңіне тән сарай маңындағы аудан деуге болады. Бір кездері шенеуніктер, ауқатты адамдар тұрған бұл үйлер бүгінде ұрпағы үшін жақсы табыс көзіне айналған. Ондағы ритейлдер, мейрамханалар, шайханалар, қонақүйлер туристер үшін де, жергілікті тұрғындар, жастар үшін де тартымды. «Букчон» сөзі «солтүстік ауылы» деп аударылады.
Чхонгечхон жағалауы да жақын. Бұл – 11 шақырымға созылатын жағалау, ертеде Чосон дәуірінде өзекшені тазалап дренажды жүйеге айналдырған, корей соғысынан кейін бұл ара нәпақа іздеген жандардың лашықтары тігілген, санитарлық жағдайы сын көтермейтін аумақ еді. Алпысыншы жылдары Сеул билігі экологиялық ахуалды түзеу мақсатында өзекшенің үстін бетондап, екі қабатты автомагистраль салып тастайды. Екі мыңыншы жылдары қаладағы экологиялық ахуал тым нашарлап кеткен соң қала билігі Сеул орталығындағы көлік инфрақұрылымын толығымен қайта қарап, өзекті аталған бетоннан аршып, бұрынғы келбетін қайтаруға шешім қабылдайды. Қазір бұл жағалау субұрқағы мен көпірі көп, ландшафтты, қала тұрғындары мен туристер сейілдейтін әдемі орынға айналған.
Әлбетте, Кенбоккун сарайының алдында жосылған жұрттың назарына Кванхвамун алаңы түспей қоймайды. Бұл – Сеулдің 6 ғасырлық тарихы бар орталық алаңы. 2009 жылы Сеул билігі ашқан алаңның тарихи маңызы ерекше. Мұнда Чосон мемлекетінің кезеңінде министрліктер орналасқан Юкчо-кори көшесі бар. Сондай-ақ алаңның ортасында Чосон патшалығының ең танымал билеушілерінің бірі және «Хангыль» аталған корей әліпбиінің негізін болған Сечжонның алып ескерткіші қойылған (суретте). Алаң қапталында ағылып жатқан көліктерге қарамастан, бұл жер жазиралы бақ секілді әсер қалдырады. Өйткені алаңда 225 мың өсімдік түрі өсіріледі екен. Бұл – Чосон билігі кезеңінде ел астанасының Сеулге ауысқанынан бастап, аталған алаңның ашылуына дейінгі уақытты рәміздейтін нышан. Билеуші ескерткішіне жақын жерде 1592–1598 жылдардағы жапон басқыншылығы кезінде жапон флотымен шайқастағы жеңістерімен әйгілі болған адмирал Ли Сун Синнің ескерткіші де менмұндалайды. Бұл алаңда түрлі көрмелер мен іс-шаралар жиі өткізіледі. Алаңның астында да көрме залдары мен музей орналасқан.
Біз құйып тұрған жауынға қарамастан, кешкі Сеулде осы ескерткіштерді тамашалап, жағалауда серуендедік. Бұл күндері қалада Будданың туған күні ерекше аталып өтті. Жауынға қарамастан Будда нанымына сәйкес айдаһар, піл т.б. түрлі мүсіндерімен бірге қолдарына шырағдан ұстаған қала тұрғындарының үлкен фестиваліне куә болдық. Мұны көшедегі шырағдандар шеруі деуге де болады. Өте әдемі, әсерлі, естен кетпес фестиваль сипатында өтеді. Көшелердің бойы түгелімен түрлі түсті шарлармен безендірілген. Үстіне сулық киген жастар ұрмалы аспаптарын дүңкілдете соққылап, сырнайлатып, кернейлетіп жаяу жүріп өтеді. Көше қапталдары тамашалаушы туристерге толы. Тәртіп сақшылары көш-керуеннің сапы бұзылмай өтуіне бар жағдайды жасап, ысқырып тұр. Буддашылар шеруі көшеден өтіп, Сеулдегі басты Будда ғибадатханасына мінажат етіп барып тоқтайды. Дәл осы көшенің бойында құрылған сахнада «Пуччо хенсом», яғни «Әдемі Будда» атты жастарға арналған шоу-концерт өтті. Аталған рок-фестивальда осы елдегі танымал диджейлердің бірі, монах Ньючжин өнер көрсетті. Бұл да Будданы заманауи тәсілдермен насихаттаудың бір көрінісі секілді әсер қалдырды.
Сеул әлемдегі ең ірі 500 транскорпорацияның құрамына енетін корпорациялардың штаб-пәтері орналасқан қалалар бойынша жетілікке кіреді. Мұнда әйгілі Samsung, LG, Hyundai, Kia, SK корпорацияларының штаб-пәтерлері бар. Қалада 20 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Сеул ел аумағының 0,6 пайызын ғана алып жатса да, ішкі жалпы өнімнің 21 пайызын өндіреді. Экономиканың негізгі салалары – сауда, машина құрылысы, телекоммуникация, электроника, құрылыс. Сондай-ақ бұл шаһарда көптеген танымал халықаралық компаниялардың да штаб-пәтерлері мен филиалдары орын тепкен. Беделді журналдардың көрсеткіші бойынша, әлемдегі ең қымбат он қаланың қатарына кіреді. Мұны дүкен аралағанда да байқадық. Азық-түлік өте қымбат. Әсіресе ет пен сүт өнімдері біздің елмен салыстырғанда өте жоғары бағада сатылады. Қалада пәтер бағасы да, жалдау ақысы да тым қымбат секілді. Мәселен, қала орталығындағы қарапайым екі-үш бөлмелі пәтер 2–3 миллион доллар көлемінде. Ал қала сыртынан 1–1,5 миллионға алуға болады. Десе де Сеулдің орталығында тұрып үйренген халық қымбат болса да жалға алып тұра беретін көрінеді. Жалға алу үшін үйдің құнының жарты бағасын қожайынға кепілдікке бересіз. Ол аталған қаржыдан ай сайын қажетті соманы ұстап отырады.
Біз қаланың қақ ортасындағы сауда қалашығы саналатын Мендонға да бардық. Бұл – ұзындығы бір шақырымға дейінгі аумақты алып жатқан сауда дүкендерінен құралған аудан. Мендонда киім, аяқ киім, аксессуар, туристерге арналған түрлі жапсырмалар, корей косметикасының неше атасы бар. Нағыз шопингсүйер қауымға арналған базарлы мекен. Жоғары сән үлгілерін де осы арадан табуға болады. «Лотте», «Синсэге», «U-ту», «Миллиоре», «Аватар» секілді сауда орталықтарының, фирмалық дүкендердің бәрі осында. Сауда жасап болған соң Мендонның адам аяғы басылмайтын көшелерінің бірінен ханчжонщик, даккальби аталатын тағамдарынан дәм татып, қонақүйімізге оралдық.
Сеулде жетпісінші жылдардың орта шеніне дейін трамвай да жолаушы тасымалдаған. Алайда халық санының өсуімен бірге жолаушы ағынының артуы аталған көліктен бас тартуға мәжбүр етті. Өйткені тар көшелерде трамвай рельсі біраз жерді алатын, әрі автокөлік саны тез көбейіп келе жатқан еді. Бүгінде тоғыз желіден тұратын Сеул метросы жолаушы тасымалдау көлемі жағынан Азияда алғашқы орындардың бірін алады. Әсілі, Сеулдегі жол инфрақұрылымы жіті ұйымдастырылған. 10 миллион халқы бар, маңайындағы тұрғындарымен бірге есептегенде 25 миллион халық келіп-кетіп тұратын ел астанасында көлік кептелегі ұдайы бола бермейді. Қоғамдық көліктердің жылдам жүруіне жағдай жасалған. Бірнеше сатылы жолайрықтар мен көпірлер, ақылы жолдар көлік қозғалысын жеңілдете түседі. Негізгі мәселені – қала маңынан қатынайтын жолаушылар ағынын жүрдек автокөлік жолы шешкен.
Портты Пусан
Сеулдегі сапарымызды аяқтап, түбектің оңтүстігіндегі Пусанға қарай жолға шықтық. Сеулден Пусанға дейін ұшақ бір сағат көлемінде ғана ұшады. Бірақ көпшілік пойызбен барғанды қолай көреді екен. Біз де Сеул теміржол вокзалына келіп, пойызға отырдық. «Пусанға баратын пойыз» фильмін көрген боларсыз. Пойызда фильмдегідей зомбилер болған жоқ. Әзіл, әлбетте. Есесіне, пойыз ерекше жайлы, жүрдек, таза. Жол бойы бір үзілмейтін көк тіреген ғимараттар шоғырланған шағын қалашықтарға қарап қана отырдық. Табиғат көрінісі аса өзгере қоймайды. Аласа жасыл қыраттар, шағын қалалар, әрине, теміржол бойындағы тоннельдердің көптігіне таңғалдық. Шамамен 500 шақырым болатын Пусан шаһарына 2,5 сағаттың ішінде жету аз жетістік емес. Бұл жүрдек пойыздың және теміржол инфрақұрылымының озық дәрежеде болуының жемісі екені анық.
Пусан теміржол вокзалына түсіп, көлікке отырған соң да байқадық. Далада ғана емес, қалада да тоннель өте көп. Басым бөлігі өткен ғасырдың жетпісінші жылдары салынған. Қазір де жаңа маршруттардың ашылуына байланысты тоннель құрылысы жалғасып жатыр. Кейбірінің ұзындығы он шақырымнан да асады. Соңғы жылдары оңтүстіккореялықтар теңіздің астымен тоннель салуға көшті. Мәселен, Сары теңіздің астымен өтетін жеті шақырымдық тоннель олардың мақтанышы. Тэчон қаласының тұсындағы жағалаудан су астына кіріп, Вонсан аралында жер бетіне бірақ шығады. Бұрын бұл араны тәулігіне он рет қатынайтын кемелер жалғайтын.
Пусанға қайта оралайық. Теміржол вокзалынан түскен бойда жан-жағымыздағы зәулім ғимараттардан бұрын, аспанмен таласқан биік үйлердің құлама, тік тау беткейінде бой көтергеніне таңданыстық. Биік үйлердің құлама жартастарға берік салынуының сыры бұл жердегі жер қыртысы көбіне гранитті болып келеді екен. Яғни таудың жылжып кетуіне, үйлердің құлауына қауіп жоқ. Сананың айтуына қарағанда, Пусан деген сөздің өзі осы тауларға қарап қойылған көрінеді. Өйткені бұл сырттай қарағанда үлкен қазанға ұқсайды. Яғни «үлкен қазан» деген ұғымды білдіретін бұл атау расында затына сай қаланың сипатын береді. Вокзал маңы бұрын орыс, қытай ұйымдасқан қылмыстық топтары орналасқан аудан ретінде мәшһүр болған. Бүгінде бейбіт көшеде тұрғындарға да, туристерге де еш қауіп жоқ.
Пусан – Корея республикасының теңіз астанасы ретінде танымал екінші ірі қаласы. Яки елдегі ең ірі ашық портты қала. Порт гаваньдарының тереңдігі 6–12 метрге жетеді. Негізгі айлақтар Пусанхан шығанағының солтүстік бөлігінде орналасқан. Жүк тасымалының жылдық айналымы 30 миллион тоннаға жетеді. Пусан бір мезетте 169 кемені қабылдай алады.
Корей түбегінің оңтүстік-шығысында Корей бұғазының жағалауында бой көтерген шаһар Нактонган мен Суенган өзендерінің арасындағы тар жазықта өте тығыз орналасқан, тік өрлеген тау қыраттары қала аудандарының табиғи шекарасы іспеттес бір-бірінен бөліп тұрады.
2002 жылы Пусанда жазғы Азия ойындары мен футболдан әлем біріншілігі өткені белгілі. Бұл – Азия құрлығындағы ең заманауи қалалардың бірі. Мұнда әлемдегі ең ірі «Синсеге Сентум Сити» универмагы, 100 қабатты заманауи ғимараттар орналасқан. Айталық, Пусан халықаралық қаржы орталығы елдегі ең биік кеңсе ғимараты саналады.
Қалаға ылғалды субтропикалық климат тән. Өте жоғары немесе төмен температура сирек кездеседі. Мамыр айынан шілде айына дейін мұхитқа жақын орналасуына байланысты салқындау болып тұрады. Жаздың соңы мен күздің бастапқы айында қатты ыстық болады. Ең жағымды маусым күздің соңғы айларымен тұспа-тұс келеді. Аракідік тайфун да соғып тұрады. Қаладағы жағажаймен серуендеп келе жатқанда тайфунның картасын көзіміз шалып қалды. Мәселен, 1959 жылы болған Сара тайфуны қала жағалауын қиратып кеткен екен. 2003 жылы болған Мэми тайфуны да кемелер мен ғимараттарға айтарлықтай залал келтірген, 48 адам қаза болған.
Біз Пусанның Сондо жағажайында орналасқан «Busan air cruise» аспалы жолына көтеріліп, көкше теңізді тамашаладық. Жалпы Пусанда теңіздегі аспалы жол ең тартымды туристік нысандардың қатарында. Аспалы жол кабинасындағы әйнектен жарқ етіп ашылған теңіз бен айдындағы қаптаған кемелер мен лайнерлердің көрінісі бірден көңіліңізді көтерсе, аяқ астындағы әйнек еденнен теңіздің түбіне түсіп кетердей үрейге де бой алдырасыз. Теңіздің тынысыңызды ашар саф ауасымен демалып, табиғат аясының сұлулығына тәнті боласыз.
Пусандағы ең алғашқы аспалы әуе жолы 1964 жылы салынып, 1988 жылға дейін қызмет көрсеткен. Содан 30 жылға созылған үзілістен соң қанатты жол қайта жабдықталып, қызмет көрсете бастаған. Бұл бір жарым шақырымнан астам аспалы жол Сонним саябағы мен Амнам саябағының аралығын жалғайды. Ең жоғары биіктікте 86 метрге дейін көтеріледі. Аспалы жолдағы жүру уақыты шамамен 8 минутқа созылады. Аталған саябақтан Шығыс теңізі мен Оңтүстік теңізінің түйіскен тұсын тамашалауға, жаяу соқпақтармен серуендеуге болады.
Жағажайда туристерге арналған шағын пойыз да жүреді. Пойыздың орындықтары жағажайға қаратып орнатылған. Яғни пойызда отырып, жағажайға тіке көз салып отырасыз. Кез келген стансадан түсіп қалып жаяу сейілдесеңіз де еркіңіз. Себебі теңіздің тамаша ауасын кеуде кере жұтып, адымыңызды аршындай басқанға не жетсін?! Бұл үшін жаяу жүргіншілерге арналған жолы да пойыз жүретін рельспен қатар ілесіп отырады. Балаларға арналған екінші қабаттағы шағын трамвайлар да отбасылық демалыс үшін таптырмайтын орын екенін көрсетеді.
Пусандағы керемет теңіз көріністерін көретін тағы бір орын – Орюкдо көру алаңы. Мұнда жағалауға жақын орналасқан Орюкдо аралдары (суретте) өзінің бар салтанатымен жарқырай көрінеді. Бұл – Усакдо (32 м), Сурисом (33 м), Сонготсом (37 м), Кульсом (68 м), Тындэсом (28 м) аралдары. Пусанның оңтүстігінде орналасқандықтан, кейде 5, кей күндері 6 арал сықылды көрінеді. Сондықтан жергілікті халық 5, 6 аралдары деп те атайды. Оның себебі де жоқ емес. Усакдо аралы екі бөлікке бөлінеді: Панпхэсом мен Сольсом. Бұлар өзара қосылып тұрғанымен, су толысқан уақытта бір арал іспетті көрінеді де, су қайтқан уақытта екі аралға бөлініп кетеді. Орюкдо аралдарының жанынан Пусан портына келетін көптеген кеме өтетіндіктен, бұл аралдар осы порттың негізгі нышанына баланады. Көру алаңынан күн райы тұнық күндері екі теңіздің түйіскен тұсы анық байқалады екен. Яғни мөп-мөлдір Шығыс теңізі мен Сары теңіздің түсі кең айдында бір-біріне қосылып кетпей айқын көрінеді.
Жеті жарым шақырымға созылып жатқан Кванан тэге көпірі (суретте) Пусанның екі ауданын, атап айтқанда, Намчхонтхон мен Сентум ситиді жалғайды. Яғни керемет инженерлік құрылым Суенман шығанағы арқылы Пусанның Намгу, Суенгу, Хэундэгу муниципалды аудандарын байланыстырып тұр. Бұл – Кореядағы ең ірі көпірдің бірі. Алмаз көпір аталатын аспалы жол қаланың инфрақұрылым мәселесін ғана шешіп қойған жоқ, туристер үшін тартымды нысанға да айналды. Бұл көпірдің үстінен қаланың ең ғажайып мүйістері – Орюкдо аралдары, Хванненсан тауы, аппақ құмды Кваннали жағажайы, Тальмачжи асуы, Тонбэксом аралы, Хеунде теңіз жағажайы да менмұндалап көрінеді. Көз байлана алуан түспен құлпыратын көпір екі қабатты етіп салынған, әр қабаты тек бір бағытқа қана жүруге арналған. Алмаз көпірдің құрылысы 1994 жылдан 2003 жылға дейін жүргізілді.
Корей елі фестивальдарға құштар халық секілді. Пусандағы біз тоқтаған қонақүйдің қасындағы Хеунде жағажайы жыл сайын өтетін Құмды фигуралар фестиваліне дайындалып жатыр екен. Пирамида пішімдес үйілген құмда бейнеленген фигураларға көз салсаңыз, онда грек құдайларын да, мысыр перғауындарын да, еуропа корольдерін де көрер едіңіз. Биылғы құм фестивалі «Өнердің үлкен галереясы» деп аталады.
Ал біз ертеңінде Пусан қаласына жақын маңдағы Хаман накхва нори фестиваліне қарай жолға шықтық.
(Жалғасы бар)
Алматы – Инчхон – Сеул –
Пусан – Кенджу – Алматы

1593 рет
көрсетілді0
пікір