- Тұлға
- 06 Маусым, 2024
Арғымақтың шабысы

Сұлтан Раевты мен ұлы Мұхтар Әуезовтің, Шыңғыс Айтматовтың ізіндегі жазушы деп білемін. Мұхаң заманында түрік тамырынан тараған қаламгерлердің бәріне қамқор болып, шығармаларын қадағалап оқып, ерекше дарын иелерін екшеп-толғап, КСРО деңгейіндегі беделді әдеби сыйлықтарға ұсынып, алкеуде абадандай жол бастап, дәстүр қалдырған болатын. Мұхтар Омарханұлының сол игі дәстүріне бағып, біз де бауырларымыздың беталысына көз тігіп жүреміз. Сонда назарымды өзіне өзгеше аударған қарымды қаламгер – Сұлтан інім болды.
Габриэль Гарсиа Маркес «Жүз жылдық жалғыздық» романын жазып бітіп, даңққа бөлене бастаған тұста дүрк көтерілген латынамерикалық жазушылардың «Біз испантілді әлем әдебиетін жасап жатырмыз» деп ұрандағаны есте. Ал біз, түрік халықтары, бағзы заманнан-ақ түрік-қыпшақтың теңдессіз жауһар дүниелерін айдай әлемге әйгілеп үлгерген екенбіз.
Біздің мақтанышымыз – «Манас» жыры. «Илиада» мен «Одиссеяны» жырлаған Гомер жайында Платон: «Бұл ақын тұтас Элладаны тәрбиеледі», – депті. Сол «Илиада» мен «Одиссеядан» «Манас» эпостық эпопеясы – 20 есе, үнді халқының Құдайлар әлемін мадақтаған «Махабхаратасынан» 2,5 есе көлемді екен. Бұл – көлем ғана емес, бұл – менің бабаларымның рухты жырдағы даңғайыр диапазоны, тарлан тынысы. Біздің жырларымызда жер танабын қуырып, аламанға шабатын тұлпарлар бар. Жыршы-жырауларымыздың мұраларында сол тұлпарлардың сарқылып бітпес қуаты мен тылсым күші бар. Сұлтан, міне, осындай жаратылысы ерен ортадан қаламына серт байлап туған жазушы. Ендеше, оның осал болуға әддісі жоқ.
Бабалар жырындағы батырлар мінген тұлпардай Сұлтан Раевтың шығармаларынан шырқап алысқа кететін, жырақты жақын ететін алды үзік алмауыттық байқалады. Тағы бір байқағанымыз, Сұлтанның әңгімелері бәрімізге таныс қырғыздың алыс айылынан немесе шағын қаласынан басталады екен де, Қасиетті кітаптарда баяндалатын хикаялар мен талай қарымды қаламгер байқастап көрген мәңгілік тақырыптардың орманын аралап кете береді екен. Дәлелге жүгінейік. Қолдарыңыздағы жинақтың бас жағын ала орналасқан «Аптаның бесінші күні» деген әңгімеде абақтыдан босаған бір мүсәпір сенделектеп қалада жүреді. Ол не істеді, қандай қылмыс өткерді – автор оны тәптіштеп жатпайды. Шамасы, шатты-бұтты, шырма-шату көлденең іске шатылған бейшара болса керек. Әлгі адам қайткенде туған жеріне жетіп-жығылуы керек. Бірақ қалтасында қара бақыры жоқ. Әр-әркімнің ұсақ-түйек шаруасын тындырып беріп, нәпақа айырмақ болды, жолына қаражат таппақ болды. Онысынан еш нәрсе өнбеді. Ақыры беттің арын белбеуге түйіп, көшеде зарлап отыра кетті де, тіленшінің кейпіне енді. Сормаңдай сорлының басқа амал-айласы да қалмаған еді. Тіленшілік «кәсіп» әлгінің алақанына тиын-тебен салды. Тіленші оған тойып тамақ ішті, мөлшерімен ащы судан да ұрттады, тіпті бірер тостағанды арты-артынан сілтеп жіберді. Сөйтіп, жолға шыққан... Бірақ межелі жеріне жете алмай, пойыздан түсіп қалады да, меңіреу түннің құрсауына қамалған ауылдың шетіндегі үйдің есігін білдірмей ашады. Ұры еді ол. Ұрының тілегі – жүрек жалғау, аш өзегін жұбату. Ұры енген тас қараңғы бөлмеде төсек тартып кейуана жатыр екен. «Су-су», – деп ыңырсиды дәрменсіз, дертті жан. Дәрменсіздің дәрілбақиға аттанар шағы таяп қалған көрінеді. Жан қимақ оңай емес, оның үстіне қарт ана қызы Алмаханды және... Құдайды күтіп жатыр. Алмахан алыста еді, ал Жаналғыш түн қатқан ұры бейнесінде кемпірдің жанына келіп тұрған. Әнгіменің соңғы жолдарын оқып көрейік:
– Апа, су ішіңіз, міне, әкелдім, – деді ұры.
Кемпірден үн шықпады, тіпті ешқандай тіршілік белгісі жоқтай. Ұры алақанын оның аузына тақады. Алақаны да тірі адамның ыстық демін сезбеген. Сәлден соң кемпірдің көзі болмашы сәулеленіп, құрғап қалған ернін жымдап, баяу үн қатқан.
– Бүгін жұма ғой... Құдіреті күшті, о, Алла, аламын десең, бүгін ал! Мен саған ризамын! Кемпір кенеттен бойына қуат біткендей, аяқ-қолын созып, кеуіп қалған тамырына қан жүгіргендей дүр сілкінді. Арық қолымен өзіне су ұсынған мұның қолынан шап беріп ұстай алды. Жай ұстамады, тарамыстай тартылған қу сүйек саусақтарымен қысқыштай қысып қалды. Мұндайды күтпеген баукеспе айғайлап жібере жаздады. Бірақ үйде жалғыз емесі есіне түсіп, еріксіз аузын буа берді.
– Келдің бе, Жаратқан ием? – кемпірдің үні жұтылып кетердей зорға шықты. – Осы күн еді ғой менің тосқаным.
Ризамын саған! Жұма еді ғой, дайынмын мен, ендігі жаным саған аманат, Жаратқан ием...
Әзірейіл періште үнемі сапар шегіп жүреді дейді әлқисса. Жаны қысылған, Жаратқан хақтың нұр сипатын көруге асығып жанталасқан пенденің ол жанын алып, Мәңгілік ғалам иесінің пәрменін пендесіне бұйыртады екен. Әңгімедегі Сұлтанның ұрысы ұры кейпінен періште дәргейіне көтеріледі. Міне, керемет! Көненің «көнегінде» жатқан дүниені жаңалау, жаңғырту, ескі баяндарды осы заманға әкеліп, сіз бен біздің өмірімізге араластырып жіберу жазушының шеберлігі мен түйсігінен өріс табады.
Сұлтан – шебер әрі қандай шығармасын болсын терең бастаулардан алып, ескіні жаңаға жалғап отыратын жазушы. Ол өте ауқымды ойлайды. Ойға алғанын алты құрлықтың оқырманына оңай ұғындыра да алды. Сондықтан мен оны заманы бір, әдебиет әлемінде толғандырар тақырыбы ортақ әйгілі қаламгерлердің қатарынан, мысалы, Орхан Памуктер қол жеткізген биіктерден көргім келеді.
Сұлтан Раевтың жинаққа енген әңгімелерін жас қазақ жазушылары ыждағатпен, кұрметпен, зор ықыласпен аударыпты. Түбі бір туған, туысқан әдебиетіміздің арасындағы осынау алтын көпірдің арқауы әрқашан берік болсын!
Олжас Сүлейменов,
Қазақстанның Халық жазушысы

2158 рет
көрсетілді0
пікір