- Ақпарат
- 06 Маусым, 2024
Руханият кеңістігіндегі Раев
Ұлттық кітапханада Қырғызстанның Халық жазушысы, Тоқтоғұл атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ТҮРКСОЙ халықаралық түркі мәдениеті ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раевтың «Көкжал» атты кітабының таныстырылымы өтті. Тұсаукесер рәсіміне қаламгерлер, баспагерлер, аудармашылар қатысты.
Рәсімнің беташар сөзінде Түркі халықтары Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет «Атамұра» баспасынан шыққан «Көкжал» кітабының жарық көруіне қазақ қаламгерлерінің көбі жұмылғанын, аудармашылардың ыждағатпен еңбек еткенін, бұл Сұлтан Әкімұлының қазақ тілінде шығып отырған екінші кітабы екенін атап өтті. Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Нұржан Қуантайұлы автор көтерген тақырыптардың ерекшелігіне, идеялардың жаңалығына, жазушының шеберлігі жайына тоқталды.
Қазақстанның Еңбек Ері, жазушы Дулат Исабеков «Кітаптың аты «Көкжал» екен, өзің де біздің бауырлас әдебиетіміздің көкжалысың. Біз еншісі бөлінбеген екі елдің перзентіміз. Осы кітап көптен бері үзіліп қалған қазақ-қырғыз әдеби байланысын жандандыра, жақындата түседі деп білемін. Бұрын өзге қоғамдық формацияда өмір сүрсек те, барыс-келісіміз, мәдени қатынасымыз дұрыс еді. Көп жыл болды, алыстап кеттік. Атамыз қазақ «Айына бармасаң, ағайын жат, жылына бармасаң, жекжатың жат» деген. Байланысымызды нығайтайық», – деп екі ел арасындағы ерекше рухани байланыстарды бекемдеу қажеттігін айтты.
– Бірнеше жыл бұрын Қазақстанда Сұлтан Раевтың «Меккеге ұзақ жол» пьесасы сахналанды. Одан кейін қолымызға «Топан» романы тиді. Сонда адамзаттық деңгейде ойлануына, тақырыпты көтеруіне таңғалған едім. Шыңғыс Төреқұлұлы өмірден өткеннен кейін қырғыз әдебиетінде өлі тыныштық басталғандай ой болып еді. Жоқ, Айтматов өзімен алып кетпепті. Сұлтандар келіпті. Раевты оқығанда осындай тұжырым жасадым. Айтматов биігінен төмендемеген қырғыз әдебиеті қандай бақытты еді. Қазақ әдебиетінде Әуезов өмірден өткенде ұлы романдар дәуірі бірге кеткендей, сондай бір күй болып еді. Сонда «Қан мен тер», «Қаһар» жазылған, Нұрпейісовтер, Есенберлиндер келген, – деген Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Смағұл Елубай қазіргі әдеби процестен де сол биіктік пен кеңдікті көргісі келетінін жеткізді.
Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов қазақ-қырғыз әдебиетінің терең тарихи байланыстарын айта келіп, сүйінші сұрарлық бір жаңалықтың шетін шығарды: – Мен бір қызық параллельді айтқым келіп тұр. Жақында ғана Мұхтар Әуезовтің «Көк қасқыр» деген қырғыз тілінде жазылған шығармасы табылды. Ол Бішкектің Орталық архивінде сақталған екен. 1927 жылы жарияланған. Ең қызығы, «Көксерек» қазақ тілінде 1929 жылы жарық көрді. Қырғызша нұсқасы он мың данамен «Киргизиздат» баспасында басылған. Соның елімізде бір данасы да сақталмаған. Тағы бір қызығы, сол кітаппен бірге латын қарпімен жазылған қолжазба да сақталған. Бірақ аудармашының аты-жөні жазылмапты. Қолжазбаны алып келіп, Әуезовтің латын қарпіндегі қолжазбасымен салыстырсақ, дәлме-дәл келіп тұр. Алайда әлі де күмәніміз сейілген жоқ. Сонда Әуезов өз шығармасын әуелі қырғыз тілінде жазған ба деген сұрақ та туып тұр. Әуезовтің қырғыз ағайындармен араластығы ерте басталғаны осыдан-ақ көрінеді. 1927 жыл Әуезовтің Петерборда оқуда жүрген, «Қараш-қараш» пен «Қилы заманға» материал жинап, Қарқаралыны аралап жүрген жылдары. Бұл шығарма қырғызға қалай барды, қалай жазылды, соның бәрі әлі де жұмбақ болып тұр, – деді.
– Біз, қырғыз бен қазақ, дүниедегі егіз халықпыз. Қазақсыз қырғызды, қырғызсыз қазақты елестете алмаймыз. Біз ғана емес, ата-бабамыз да өсиет еткен, ботаның екі көзіндей, түйенің айыр өркешіндей, құстың қос қанатындай елміз. Бір ұлт, екі мемлекетпіз. Бізді бөлетін еш нәрсе жоқ. Біздің жүрегіміздің қантамыры екеу болса, қазақтікі қырғыз деп соғады, қырғыздікі қазақ деп соғады. Мен үшін Абайдың тілінде, Мұхтар Әуезовтің тілінде, Жамбылдың тілінде, ұлы қазақ тілінде шығармамның жариялануы жоғары мәртебе. Мен қазақтың тілін ұлық тіл деп білемін, дүниеге тараған үлкен өркениеттің басы, ұлы бір адамзаттық циклден сыналып шыққан тіл. Қазақстан Құдай да құтын төккен, Шығыс пенен Батысты тұтастырып тұрған мемлекет. Дүниенің алтын көпірі де осы – Қазақстан. Дүниедегі барлық өркениет, даму циклдері, ондағы өзгерістер, барлығы осы Ұлы даланың, осы Ұлы Қазақстанның аймағынан өткен. Қазақ даласында ғажап тұлғалардың ізі қалған, осы топырақта мұрасы қалған. Мен үшін әлемнің өзге тілдерінде, мәселен, ағылшын, орыс, мажар тілдерінде жарық көруден қазақ тілінде, біртуған бауырдың тілінде жариялануы зор мәртебе. Менің бір жақын досым бар, соны өткен ауыр уақытта, сексен алтының желтоқсанында, десанттық армия қатарында Алматыға алып келген. Сол досым сап түзген сарбаздардың алдына шығып, «мен біртуған қазақ бауырларыма қару кезей алмаймын» деп мылтығын жерге тастаған. Кейін сол үшін айыпты болды, ақырында жеті айдан соң ақталып шықты. Мен үшін де бұл биік ұғым. Әлбетте, жүректі жүрекке, ниетті ниетке, өлкені өлкеге, мемлекетті мемлекетке жалғайтын – өнер, соның ішінде әдебиет. Ағаларымыз дұрыс айтып отыр, соңғы кезде әдеби байланысымыз үзіліп қалды. Толқымалы тоқсаныншы жылдардан кейін арамыз алшақтап кетті. Сондықтан сол рухани көпірді қайта құратын заман келді. Себебі әдебиетсіз, тілсіз бір-бірімізге жат боламыз, жақындығымызды ұмытамыз. Ұлы тұлғаларымыз салған даңғыл жолды әрі қарай жалғастыруымыз керек. Әдебиет жақындаса, ел жақындайды. Әдебиет арқылы жан дүниемізді сезінеміз. Қырғыз халқы үшін Әуезовтей еңбек сіңірген жан жоқ. Қырғыз халқының өзі «феодалдық эпос», «ескіліктің сарыны» деп Манас жырынан бас тартып жатқанда қорғап қалған жалғыз адам Әуезов еді. Сонда Мұхтар ағамыз «бүгін сендер Манастан тансаңдар, Манастан бас тартсаңдар, ертең қырғыздықтан танасыңдар, өз ұлттарыңнан бас тартасыңдар» деген еді. Манасты сақтап қалу арқылы Әуезов қырғыз халқын да сақтап қалды деп айта аламын. Өз елінде Айтматовтың «Жәмиласы» сыналып жатқанда, оны да қорғаған Әуезов еді. «Бұл баладан келешекте шоң жазушы шығады» деген әулиелік сөзін де айтқан. Айтматовтың алдын ашып берген Әуезов десем жаңылыспаймын. Менің де «Жан жаза» романымның алғашқы оқырманы әрі соның алғы сөзін жазып берген де Әуезовтің ұрпағы, қадірлі Мұрат Мұхтарұлы ағам болды. Одан кейін роман әлемнің жеті-сегіз тіліне тәржімаланды. Бүгін, міне, «Көкжал» деген атпен жаңа кітабым қазақ оқырманына жол тартты. Соны ұйымдастырған ағаларыма, «Атамұра» баспасына, аудармашыларға шын жүректен алғыс сезімін білдіргім келеді, – деген жазушы Сұлтан Әкімұлы қазақ еліне разылығын айтты.
820 рет
көрсетілді0
пікір