• Ақпарат
  • 06 Маусым, 2024

Соқпақбаев соқпағы

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ұйымдастыруымен жазушы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына орай «Балалар әдебиеті және қазақ тілінің оқу корпусы әзірлемесі» атты республикалық ғылыми-практикалық дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстелде Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, тілтанушы-ғалым Анар Фазылжан сөзінде қазіргі білім беру жүйесіне арналған цифрлық ресурстар жасаудың маңызына тоқталды. Іс-шара барысында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жас ғалымдары жасаған «Балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың өмір жолы мен шығармашылығы» атты видеоролик көрсетілді.
Жиында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің Қазақ тіл білімі кафедрасының доценті, филология ғылымының кандидаты Жайна Саткенова Бердібек Соқпақбаевтың тілдік тұлғасы, «Nazarbayev University» Қазақ тілі және түркітану департаментінің оқытушысы, филология ғылымының кандидаты Ермек Адаева Б.Соқпақбаевтың жазушылық шеберлігі, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Қолданбалы лингвистика бөлімінің ғылыми қызметкері Еркін Бесіров Жазушылар ішкорпусы және Б.Соқпақбаев шығармаларындағы көркемдік құралдары туралы тақырыпта баяндама жасады.
Сонымен бірге Қолданбалы лингвистика бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымының докторы Айман Жаңабекова «Оқу корпусы: әзірлемесі, интерфейсі, мәтіндік базасы», Грамматика бөлімінің ғылыми қызметкері, Меруерт Иманғазина «Ағылшынтілді инофондарға қазақ тілін оқытудың тілтанымдық базасы ретіндегі «Learner Corpus» оқу ішкорпусын жасаудың алғышарттары», «Алматыкітап баспасы» қазақ редакциясының жетекші редакторы Гүлнар Абдрахимова «Электронды оқулықтар және оқулық құрастырушының сұранысы», Назарбаев университетінің оқытушысы, Күлән Көпеш «Орыс мектебіндегі қазақ тілі оқулығын құрастыру мен орыс аудиториясында қазақ тілін оқытуға қажетті интернет-контент», Ақмарал Карымхан «Шет тілін оқытуда тілдік корпустарды қолдану ерекшеліктері», Алматы қаласы, Бостандық ауданы «Тamos Education физика-математика мектебі» білім беру мекемесі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Эльмира Байбосынова Бердібек Соқпақбаев шығармаларын оқытудағы мультимедиалық ресурстардың рөлі туралы тақырыпта баяндама жасады. Баяндамашылар ұлттық корпусы, бұл жобаның және қазақ тілі және шет тілін оқытудағы маңызы, оқулықтар құрастыру мәселесі, балалардың кітап оқуға деген ынтасы, жалпы, кітап мәдениетін дамыту туралы ой-пікірін бөлісті. 
Іс-шара барысында «Maqsut Narikbayev university» қауымдастырылған профессоры, филология ғылымының кандидаты Нұрлыхан Аитова, «JOO High School Alatau» мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Айнұр Тоқбаева, Алматы қаласындағы №68 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Гүлмарал Әтейбай ұрпақ сауаттылығы мен тіл байлығын арттыру мәселелері, жалпы, қазақ тілінің бүгінгі өзекті тақырыптары туралы пікір өрбітті.
Жиын соңында қазақ тілінің оқу корпусын дамытуда эссе бөлімін толықтыру үшін мектеп бітіруші түлектердің «Алтын белгіге» үміткерлері жазған эсселерді салу; ережелердің бекітілген нұсқасын оқу корпусына беру; оқу корпусын қазақтілді, орыстілді және ағылшынтілді тіл үйренушілерге, оқулық құрастырушыларға арнап түрлендіріп жасау т.б. ұсыныстар жасалды. 
Дөңгелек үстелден соң Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан талқыланған мәселелер мен ұсыныстар, айтылған пікірлер алдағы уақытта міндетті түрде ескерілетінін атап өтті. Бердібек Соқпақбаев сынды жазушылар байытып кеткен балалар әдебиетінің озық үлгілерінің мысалын Ұлттық тіл корпусының базасынан табуға болатынын да айтқымыз келеді.

М.Ғабитқызы

1046 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №49

12 Желтоқсан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы