- Ақпарат
- 06 Маусым, 2024
Ұлттық рухтың негізі – ұлттық тіл

«Тәуелсіздік алғанымызға..» деп жазып келе жатқанымызға да 30 жылдан асты ғой. Соның ішіндегі ең көп талқыға салынатыны – мемлекеттік тіл мәселесі. Рас, тіл – егемендіктің, тәуелсіздіктің ең негізгі атрибуттарының бірі. Тілсіз тірлік, тіршілік жоқ.
Ашығын айтсақ, зиялылықтың ең басты белгісінің бірі не? Ана тілінде сөйлеу. Мұхтар Әуезов «Бұл дәуірде өз тілін, әдебиетін білмеген, қадірлемеген адам толық мәнді интеллигент емес деуге болады. Себебі ол қандайлық мамандық білімі болса да, рухани, ой тәрбиесінде сыңаржақ азамат болады» деп бекер айтпаған. Бірақ жаһанданудан бізді құтқаратын не? Ол – ұлттық код, ұлттық иммунитет.
Ұлттың иммунитеті күшті болса, қазақ жаһандануға жұтылып кетпейді. Тіл де тіршілігін толыққанды жасайды. Біз бірақ мемлекеттік тіліміздің толыққанды тіршілік етуіне жұмыс істеп жүрміз бе? Мәселе сонда. Бұл «жүрегі қазақ» деп соққан әр адамның парызы, тіпті міндеті болуға тиіс. Өкінішке қарай, бесіктен белі шықпай жатып, басқа тілде сөйлейтін балалар азаймай отыр. Мұның себебі неде? Кінә балада емес, ата-анада. Әрине, тіл білгеннің артығы жоқ. Бірақ ана тіліңді білудің маңызы күн өткен сайын арта түсетінін әр қазақ білуге тиіс. Әңгіме өзге тілде шүлдірлейтін өзіміздің қаракөз азаматтар туралы болып тұр. «Орыс тілі болмаса, өмір сүре алмайсың» деген сыңаржақ пікір келмеске кетті. Әлем қазір орыс тілінде сөйлемейді. Мұны мектепке баласын берген әрбір ата-ана түсінуге тиіс. Бір ғана мысал, биыл республика бойынша 186 мыңнан астам бала мектеп бітірді. Оның 70 пайыздан астамы ұлттық бірыңғай тестілеуді мемлекеттік тілде тапсырды. 7 мыңнан астам бала «Алтын белгіге» үміткер болып танылды. Аз көрсеткіш емес, көңіл тояды. Қазақ баласы талантты. Бірақ осы бірыңғай тестілеуді мемлекеттік тілде тапсырған жас түлектер ертең жоғары оқу орнына түсіп, оны бітірген соң, біршама қиындыққа душар болады. Ол – ісқағаздардың орыс тілінде жүруі. Мұндай мысалдардың бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Содан келіп, қазақ баласы өз мемлекетінде тұрса да, қазақтан басқа орыс тілін білуге және сөйлеуге мәжбүр болады. Бұл ғана емес, ағылшынша білетін және түсінетін жастар да көбейіп келеді. «Қазақ баласы талантты» деп жатқанымыздың себебі де сол.
Біз бір нәрсені ашық мойындауымыз керек. Ұлттың болашағы, ең алдымен, ата-анаға және балаға байланысты. Рас, отбасыда өз тілінде сөйлеген бала ұлттық құндылықты сезініп, ұлттың қайнарын бойына сіңіріп өседі. Атақты Гарвард университетін отыз жылдай басқарған Чарлз Эллиот «Мен еркек пен әйел үшін білімнің қажетті бөлігі ретінде бір ғана рухани құндылықты мойындаймын, ол – ана тілін еркін және талғаммен пайдалану» деген екен.
Ұлтты сүю – ұлылық. Ал біз ұлтты сүюден неге қорқамыз? Тек ұлтжандылық, ұлтшылдық біржақты болмаса дейміз. Ұлтшыл болу өзге ұлтты жек көруге ұласпаса дейміз. Геосаяси жағдай қиындап, құбылып тұрған заманда бізге қазақтың амандығы керек. Әйтпесе, «Мың өліп, мың тірілген қазақ» не көрмеді?! Біз өткен тарихты санадан сызып тастай алмаймыз. Қадыр Мырза Әли айтқандай, «Біздің тарих бұл да бір қалың тарих, Оқулығы жұп-жұқа бірақ-тағы». Ұлтжандылық, ұлтшылдық туралы айтып отырғанымыз да бекер емес. «Қазақ мәселесін» жиі қозғайтын ұлтжанды азамат Дос Көшімнің ұмытылмас, санаға жаттап аларлық ақиқат бір сөзі бар.
«Қазақ ұлтшылдығы өмір бойы өзін қорғау, ұлттық құндылықтарын сақтап қалу бағытындағы ұлтшылдық болып келді. Қазіргі қазақ ұлтшылдығы да қарсыластарының жапқан жаласы мен ойдан шығарған өсектеріне қарамастан, осы бағытта қалдық. Бұл – қазақ ұлтшылдығының өзіндік ерекшелігі. Басқа ұлттарға үлгі боларлық ерекшелігі.
Меніңше, ұлтшылдық – туабітті қасиет. Ол әр адамның жүрегінде, қанында, ми қыртысында жатады. Алайда ұлтшылдық ұраны ұлттың басына ауыр жағдай түскенде ғана көтеріледі, сол арқылы халықтың басы бірігіп, өздерін сақтап қалу мүмкіндігіне ие болады. Қазақ халқы өзінің аз ғана ғасырлық тарихында ұлтшылдықтың үш кезеңінен өтті деп ойлаймын. Оның біріншісі – қазақтың халық болып қалыптасу кезеңі. Мен тарихшы емеспін, бірақ бұл кезеңнің жылнамасы – «Батырлар жыры» деп білемін. Ұлтшылдықтың екінші кезеңі жоңғар шапқыншылығынан басталып, кешегі Тәуелсіздікке дейінгі кезеңді қамтиды. Бұл – басқа елдің бодандығына қарсы күрес жылдары мен бодандықтан азат болу жолындағы ұлт-азаттық күресі. Ұлт ретінде сақталып қалу күресі екі ғасырға созылды. Ал ХХ ғасырдың басынан басталып, «Алаштың» саяси күресіне ұласқан үшінші кезең қазақ ұлтының жеке мемлекетін құру жолындағы күрес кезеңі болды. Бұл кезең 1991 жылға дейін созылды. Бұлардың барлығы – басқа ұлттардың да тарихында болған кезеңдер. Алайда Қазақстанда осылардан басқа тағы бір кезең көп елдерде жоқ, ерекше ұлтшылдық бар сияқты. Ол – Тәуелсіздік алған халықтың өзінің ұлттық құндылықтарын қайтару, ұлттық мемлекетін құру кезеңі». Бұл – ұлтын сүйген, ұлтжанды азамат Дос Көшімнің уәжі. Рас, осы талайлы тарихи тағдырдың аясында тіл үшін тірескен ұлттың күрескерлігі жатыр. «Ұлтын сүю – ұлтшылдық емес, ұлтжандылық» дейді Бауыржан Момышұлы.
Қазір де біз үшін басты мәселе осы. Баланың тілі өзге тілде шықпаса дейміз. Ұлтын сүйсе, ұтатынын айтамыз, ұтылмайтынын есіне саламыз. Рас, Қазақстанда қазақ ғана емес, басқа диаспора өкілдері де тұрады. Олар да Қазақстанды «Отаным» деп ұқса дейміз.
«Ұлттың бірлігі – оның әралуандығында. Біз елдегі этностық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға әрі қарай да жағдай жасай береміз. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлін күшейтеміз. Ол ұлтаралық қарым-қатынас тіліне айналатын уақыт келеді деп сенемін», – деді Қ.Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында.
Тарихты халық жасайды. Ертең кеш болмас үшін бүгіннен бастап жұмыс істеуіміз керек. Тіл үшін күрес толастамайды. Тіл үйрену үшін қажеттілікті өзіміз тудыруымыз керек. Әр ата-ана, әр қазақ баласы қазақша сөйлегені дұрыс. Швейцарияның атақты философы Жан Вильям Фринц Пиаженің былай дегені бар: «Бала 6–7 жасында өзінің қай ұлтқа жататынын сезіне бастайды. 8–9 жасында ана тілін, туған жерін, елін біледі. 10–11 жасында ол өзін сол ұлттың өкілі ретінде сезінеді. Ұлттық сана-сезім мен белгілі бір ұлттың өкілі екенін сол жасында толық ұғады және сол ұлттың өкілі болып қалыптасады». Демек, мәселе баланы бағып-қағып, өсіріп отырған ата-анаға байланысты болып тұр ғой. Әйтпесе, 4–5 жастағы балада қай бір таңдау бола қояды дейсің. Ал біз оны апарып, басқа тілде сөйлейтін балабақшаға, өзге тілде сөйлейтін мектепке береміз. Өз үйінде ана тілінде сөйлемейтін ата-ана баласын солай тәрбиелейді. Тілін білмеген түбін білмейді. Бір ғана мысал, 2023–2024 оқу жылында 1-сыныпқа, яғни мемлекеттік тілде оқуға қабылданған білім алушылардың саны 70 пайыздан сәл асты (2020–2021 оқу жылы – 62,4 пайыз, 2021–2022 оқу жылы – 67,3 пайыз). Бірінші сынып оқушыларының ең көбі Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстары мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларында. Қазақ тілінде оқытатын сыныптарға қамтудың ең жоғары көрсеткіші Қызылорда (91 пайыз), Маңғыстау (85,7 пайыз), Ұлытау (78.9 пайыз), Жамбыл (78 пайыз). Астанада 55,5, Алматыда 51,9 пайыз шамасында. Ал ең төменгі көрсеткіш Қостанай (25,8) және Солтүстік Қазақстан (22,8 пайыз) облысында болып отыр. Шын мәнінде ойланатын жайт. Рас, болашақта баласын қазақ тілінде оқытатын ата-ана да, бала да көбейер. Бірақ уақыт өтіп барады ғой. Әңгіме тілге қатысты. Мұны баласын басқа тілде оқытатын әрбір ата-ана қазірден түсінуге тиіс. Уақыт өте келе қазақ тілі ұлтаралық қатынас тіліне айналарына бек сенеміз. Қазірдің өзінде мұның алғышарты жасалып жатыр. Бір ғана мысал, енді мемлекеттік тілді білмегендер Қазақстан азаматтығын ала алмайды. Жаңа «Азаматтық туралы» заңда осындай баптар бар. Демек, мемлекеттік тілді қарапайым деңгейде, еліміздің тарихы мен Конституциясының негіздерін білмеген жағдайда азаматтық берілмейді. Қажетті деңгейді Ғылым және жоғары білім министрлігі айқындайды. Өйткені тілді білу қоғамға тезірек сіңіп, мемлекет өміріне араласу үшін қажет. Бұл әлемдік тәжірибеге сай қабылданып отыр. Көптеген елде азаматтық алу үшін мемлекет тарихы мен мемлекеттік тілді білу бойынша емтихан тапсырады. Ресейдің өзінде де солай. Сондықтан Қазақстанда тұратын диаспора өкілдері және сырттан келетіндер осыны айқын түсінуге тиіс. Тағы бір дерек, өзбек пен қырғызда өз тілін білмейтін азамат мемлекеттік қызметке бармайды. Ал біздің Мәжіліс депутаттарының алдына келген кейбір министрлер әлі қазақ тілін білмейді және оған ыңғайсызданбайды да. Сондықтан мемлекеттік тілді міндеттейтін арнайы заң керек екені күн тәртібінде тұр. Рас, бізге «Мемлекеттік тіл туралы» жаңа заң жобасы қажет. Күн тәртібінде өткір тұрған тіл мәселесін кейінгі уақытқа ысыра беруге болмайды.
Қазіргі кезең бұдан он жыл бұрынғы уақыт емес. Кеше ғана «қазақ тілін білу міндетті емес» деген жарнама берген белгілі банктің басшысы артынша қазақтілді сайтқа «қателік бізден кетті» деп кешірім сұрады. Ақиқаты, отандық медианарықта қазақтілділердің саны артып келеді. Қазір халқымыздың 80 пайыздан астамы қазақ тілінде ақпарат алуды қалайды. Мемлекетқұрушы ұлттың саны 70,6 пайыздан асты. Ал орыстар –18,42, өзбектер – 3,29, ұйғырлар – 1,48, украиндар – 1,36, татарлар 1,06 пайыз шамасында. Демографиялық өсімді бекер сөз етіп отырғанымыз жоқ. Мәселе санда және сапада болып тұр. Саналы ұрпақтан сапалы қазақ шығады. Қазақстанның халқы жас. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, 2024 жылғы 1 қаңтарда ел халқының саны 20 миллионнан асты. Бұл ретте жас топтары бойынша мынадай бөліністер байқалды: 25 жасқа дейін – 8,5 млн адам (42,6%), 25 жастан 65 жасқа дейін – 9,7 млн адам (48,5%), 65 жастан асқан – 1,8 млн адам (8,9%). Ал елімізде 7 849 мектепте бүгінде 3,8 млн бала білім алып жүр. Деректерді неге көбірек келтіріп отырмыз? Қазақ баласы ана тілінде оқыса дейміз. Әлі де «ұлы тілде» баласын оқытып жүрген және оқытқысы келетін қазақ ата-аналар таңдауын өзгертсе екен деп тілейміз. Бір ғана мысал, әлемде 100-ге жуық қана тіл мемлекеттік тіл болып саналады екен. 56 мемлекетте ағылшын тілі, 30 елде француз тілі мемлекет тіл болып есептеледі. Ал қазақ тілі де мемлекеттік тіл.
Қазақ руханиятына өлшеусіз қызмет еткен Өзбекәлі Жәнібектің ұлағатты бір сөзі бар. «Тек ұлттық мемлекет арқылы ғана қазақ халқын экономикалық, әлеуметтік, парасаттық, құқықтық, мәдени, моральдық, имандылық, мінез-құлықтық жағынан кемеліне жеткізуге болады. Қазақтану қазір қажет-ақ».
...Ендеше, қазақтанайық! Бәрі өзімізге байланысты.

1796 рет
көрсетілді0
пікір