- Ақпарат
- 06 Маусым, 2024
Түркі ме, түрік пе?
Қазір «түрік» этнонимін біріздендіру, ұлттық тұтастыққа ұмтылу мәселесі күн тәртібінде тұр. Мемлекет басшысы Жайық жағасында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Қазақстанның жеті томнан тұратын жаңа академиялық тарихын жазу жұмысы жүйелі жүріп жатқанын атап өткен-ді. Бұл іске 250 ғалым, соның ішінде 60 шетелдік маман атсалысып жатыр. Осы орайда ғалымдар түрік онтогенезі мен этнонимінің байырғы мағынасында қолданылғаны, сөздің тарихи және әдеби қуаты сезілгені дұрыс деп отыр.
Иә, Президентіміз ұлттық бірегейлікті сақтау басты мәселе екенін атап өтті. «Озық ойлы ұлт ретінде халқымызды ыдырататын емес, біріктіретін жолды таңдап, тек қана алға қарауымыз керек. Жалпыұлттық құндылықтар бәрінен жоғары тұруға тиіс» деген сөздің астарында бірегейлік пен тұтасу жатыр. Осы ретте ғалымдардың, тарихшылардың «түрік» этнонимін біріздендіріп, қолдануды ұсынғанын тізбелеп отырмыз. Жалпы, түрік этнонимі алғаш рет қытай жылнамаларында 542 жылы аталған. Ғалымдар қазір бұл этнонимнің түпкі мәнінде қолданылмайтынын, оған «түркі», «түрк» секілді сөздердің қосарланып жүргенін айтады.
Мәмбет Қойгелді, тарих ғылымының докторы, академик:
Ұлттық бірізділікті қалыптастыру – тарихи қажеттілік
Түрік деген атауға көшудің түрлі қыры бар. Өзім мына қырына тоқталғым келіп тұр. Біз ұлттық бірегейлікті қалыптастыру бағытында жүрміз. Бұл – тарихи әрі маңызды кезең. Кез келген халық өзінің ұлттық бірегейлігін тұтас та бүлінбеген күйінде сақтағанда ғана өмір сүре алады. Ал ол бірегейлігін ұлттық мемлекеттілік арқылы ғана сақтай алады. Ұлттық тұтастыққа көшуіміз, ұлттық сананы сезінуіміз, түйсінуіміз болашаққа бағдар болмақ. Ал, енді ұлттық бірізділікті қалыптастыру – тарихи қажеттілік. Түркілік бірегейлік бізде бұрын да болған. Мәселен, ХХ ғасырдың басында түркілік бірегейлік, ұлттық бірегейлік болған. Кейін саяси күштің араласуымен түрік халықтарының тұтастығына нұқсан келді. Өйткені Орта Азиядағы түрік халықтарымен, Түркиямен жақындасу процесі жүріп жатқан кезең еді. Бұл жандану өткен ғасырдың орта тұсында үзіліп қалды. Қазір түрік халықтарының тұтастығы – заман сұранысы. Біз осыны болашақ тұрғысынан тура түсінгеніміз жөн. Осы бірегейлікке ұмтылғанымыз дұрыс. Түрік тұтастығы, түрік мәдениеті, түрік халықтарының болашағы дейтін ұғымға үлкен жауапкершілікпен қарауымыз керек. Түрік ұғымы бізге жақын, осы түрік этнонимін біріздендіруді сәтімен бастасақ деймін.
Дүкен Мәсімханұлы, филология ғылымының докторы, профессор:
Түпкі мәнге оралатын кез жетті
Арғы ата-бабаларымыз жалпы түріктілдес халықтардың, түрік әлемінің арғы ата-бабасы, арғы тегі болып есептелетін халықтың аты, атауы – түрік. Кейін әртүрлі себеппен «түркі» деп, «түрк» деп жазып, қойыртпақ болып кетті. Сондықтан түріктектес, түріктілді халықпыз, түріктілді елміз. Сондықтан «түрік» болып жазылғаны, жалпыхалықтық деңгейде қолданғаны дұрыс. Екіншіден, түрік сөзін қолдансақ, Түркиядағы Анадолы түріктерін атағандай болатынымыз рас. Мұнымен белгілі бір деңгейде атаудың ұқсастығы шатастыруы мүмкін. Бірақ Түркия түріктері өздерін «түрк» деп жазады. Яғни р-дан кейін дауысты дыбыс қолданбайды. Біз осылай «түрік» деп жазу арқылы түріктектес, түріктілдес, деген атаумен ежелгі түріктерді, түрік сөзін бөліп аламыз да, Анадолы түріктерін өздері таңбаланғандай айырма жасауға болады. Біріздендірудің пайдасы қандай? Ғылым не үшін керек? Жүйеге түспеген тұсты жүйелеу үшін, ұғымдарды біріздендіру үшін, ғылыми жүйеге түсіру үшін керек. Сондықтан түріктілдес елдердің атын, тегін жазуда, бүгінгі түрік әлемімен біріздендіруге игі ықпалын тигізеді. Себебі түрік әлемінде түркі деп жазу Қазақстанға ғана тән. Мысалы, қырғыздарда, өзбектерде, әзербайжан, түрікмен, Түркияда да түркі деп жазбайды. Түркі деген сөз қашан, қалай пайда болғаны белгісіз. Әлдекімдердің қолдануымен осылай қалыптасып кеткен сияқты. Бұдан былай «түрік» деп жазсақ, онда түріктілдес халықтармен атауымыздың өзі бірізденіп, ғылыми жүйеге түсетін болады. Сондықтан «түркі» «тюрки» ғылымда шатасу тудыратын, ғылыми да, грамматикалық тұрғыда да бұрмаланған атаудан бас тартатын уақыт келді. Тарихқа үңілсек те, Түрік қағанаты, Батыс және Шығыс түрік қағанаты, Көк түрік деген атауға кезігесіз. Яғни бағзыдан тарихта «түркі» деп емес, «түрік» деп тасқа қашалып жазылған.
Серік Негимов, филология ғылымының докторы, профессор:
Тасқа тұнған тарих
Түрік этнонимін қолдану турасында әдеби мәліметтерге үңіліп көрейік. Мәселен, Тоныкөк, Күлтегін жазуында да түрік деп жазылған. «Көк түріктің ұрпағымыз» дейтініміз де содан. Таста сайрап жатқан руна жазуында да сондай. Махмұд Қашқари 1072–1074 жылдары Бағдат қаласында жазған «Диуани лұғат-ат-түрік» еңбегінде де «түрік» этнонимі өзгеріске ұшырамаған. Оның қолжазба нұсқасы 638 беттен тұрады, онда 9 мыңнан астам түрік сөзінің араб тіліндегі егжей-тегжей түсіндірме-аудармалары қамтылған. Түріктердің тарихы, жағырапиялық таралуы, тайпалары, диалектілері және дәстүрлері бойынша қосымша мәліметтер берілген. Қадырғали Жалайыридің жазбаларында да түрік сөзі бар. Құтбтың «Хұсрау-Шырын» дастаны да түрік дүниесінен хабар береді. Мысалы, үнділер елін Үндістан деп атайды. Меніңше, әуелде Түркістан атауы «Түрік+стан» болған сыңайлы. Одан қала берді түрікшіл ақын Мағжан Жұмабайдың жырларында да түрік сөзі қолданылады. Мысалы:
«Ұзын Орал – күн мен түн шекарасы,
Бір жағы – күн, бір жағы –
түн баласы.
Арғы жағы – көк көзді жын ұясы,
Бергі жағы – Түріктің cap даласы». Жалпы, Мағжан Жұмабай түрік және Тұран сөзін жиі жырына қосқан. Яғни түрік дүниесіне жақын ақын қателеспесе керек-ті. Ғалым Әлкей Марғұлан да деректерінде түрік сөзін қолданады. «Қорқыт ата» дастанын зерделегенде де түрік сөзін негізге алғанын білеміз. Сұлтанмахмұт Торайғыров «Мен қазақ» өлеңінде:
«Ер түрік ұрпағымын даңқы кеткен,
Бір кезде Еуропаны тітіреткен.
Кіргені есік, шыққаны тесік болып,
Күнбатыс, күншығысқа әмірі жеткен» дегенінде Ғұн империясының ұлы билеушісі, Ұлы даланың перзенті, заты – мадияр Аттиланың қаһармандық істерін мәлімдейді. Ал «ер түрік ұрпағымын» дегенде түркі этнонимін емес, түрік деп жазып отыр. Демек, тарих пен әдебиеттің өзі сөз қолданысында түрік этнониміне жақын болып тұр. Мен де түрік этнонимін біріздендіруді қолдаймын. Бұл бізге тарихи деректерді біріздендіруге, ғылым әлеміне терең сүңгуге көмектесер еді.
Қаржаубай Сартқожаұлы, Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу орталығының директоры:
Түрік этнонимінің түбі тереңде жатыр
Түрік атауына байланысты алғашқы тарихи деректер б.з.б. ХІV ғасырда ассириялық сына жазу да «türükki», Урарту жазбасында «turuq (турух)» деген түрмен сақталған. Ал ежелгі қытай дерегінде (б.з.д. ХІV–ХІІ ғғ.) «trouk» деген түрмен сақталған. Қытайдың Чжоушу, Суйшу, Бэйши, Тундянь, Тайпин хуан юйцзи, Синь Тан шу (Тан империясының жаңа тарихы) жылнамаларында «Toukuо» деген түрмен (VI–VIII ғғ.) сақталған.
Б.з. VI–Х ғғ. аралығында түрік атауы басқа тілдерде мынадай түрде кезігеді. Араб тілінде «турк» (VI ғғ.), грекше «Τοuςx» (VI ғ. соңы), Сирия тілінде turkaje (VI ғ. соңы), санскритте «turuske», пракритше «turukka» (VI ғ.), ерте ортағасырлық фарсы тілінде «turk» (VIII ғ. ортасында), соғдыша «twrk» (ІХ ғ. басында), тибетше «drug», «dru-gu» (VIII–IX ғғ.), хотонша «ttruki», «tturki» (VII–X ғғ.). Ал Қытай иероглифімен 突厥 деп белгіленген. Сүй, Тан дәуіріндегі қытай иероглифтерінің транскрипциясын жасаған В.Карлгерннің еңбегіне сүйене отырып, Еуропа ғалымдары бұл иероглифті «t’ uәt kiwәt» деп оқыды. Осы транскрипцияны ғалымдар бірнеше түрмен жаңғыртты. Онда:
П.Пелио «türküt» деп жаңғыртып, -ut (üt) монғол тілінің көптік жалғауы деп тұжырым жасаған. Бұл ұсынысты Р.Груссе қолдай отырып, «türküt» (түріктер) тұлғасының жекеше түрі «türkün» деген пікір ұсынды. А.Н. Кононов, Р.Груссоның ұсынысына сын көзбен қарай отырып «türkün» тұлғасындағы -ün жалғауы түсіп қалып, «türk» формасы қалыптасқан. Толық дауысты түрік тілдерінде (қыпшақ тобы) «türük» формада айтылады дей келіп, Кафероғлының «törük~türük~türkün» болып өзгеріске ұшыраған деген ұсынысын да жоққа шығарады.
Жоғарыдағы иероглифті француз ғалымы Р.Жиро «t’ ou-kiue» деп транскрипциялап, «türük» деп жаңғыртқан. Қытай деректеріндегі иероглифті pесейлік синологтер В.С. Таскин, А.Г. Малявкин «туцзюэ» деп транскрипциялаған. А.Г. Малявкиннің бұл жаңа оқылуын «türük» деп жаңғыртуға болады. «türküt» деуге келмейді.
Күлтегін, Білге қаған мәтініндегі түпнұсқаны В.Томсен, В.В. Радлов «türk» деп оқыған. Байырғы түркінің ; B таңбаларының мәнін бір ауыздан ük/kü, ök/kö деп оқи отырып, транскрипция жасаған кезде орнына қойып бере алмағанын ескеруіміз керек.
Жоғарыдағы иероглифпен қытай нұсқаларында жазылып қалған түрік этнонимінің екі түрлі транскрипциясы біздің алдымызда жатыр. Олар: «tuәt kiwәt», жаңғыртпасы – «türküt» (түркілер). Екіншісі – «t’ou-kiue» «туцзюэ», жаңғыртпасы – «türük». Ал байырғы түркілер өз қолымен «türük» деп жазып қалдырған. Бұл нақты деректер «türük+t=türüküt» формамен қытай дерегіне енген деп білеміз. Сөздің түбірі түріктердің өздері жазып қалдырған «türük» болмақ. Байырғы түрік бітіг (руника) тілінде «tür~tör» – ӛкімет, билік; «ök» – ӛктем, қуатты, күшті, «türük» – қуатты билік деген мағына білдіреді.
Қорыта келгенде, түрік этнонимін біріздендіру бізге де, ғылымға да оң іс болмақ. Тарихи деректер де бірнеше мыңжылдық бұрын «түрік» этнонимі қолданылғанын дәлелдеп тұр. XIV ғасырдан кейін қазақ, өзбек, ноғай, саха, түрік тағы басқасы өз алдына жеке мемлекет болып құрылғаннан кейін түрік этнонимі өзгеше сипат ала бастады. Оның үстіне орыстандыру саясаты кезінде «тюрки», «тюрк» деп бөлу де әсерін тигізді. Содан-ақ қоғамда «түркі», «түрк» дейтін атау көбейді. Иә, Түркиядағы түріктер өздерін «түрк» деп, Анадолы түріктері «түрүк» деп атайды. Меніңше, біз де түрік деп бірізді қолданысқа енгізсек, қателеспейміз. Осы мәселені көтеріп, шырылдап жүргеніме 20 жылдан астам уақыт болды. Тарихқа терең үңіліп, рухани сананы оятатын кез жетті деп ойлаймын.
Ерден Қажыбек, филология ғылымының докторы:
Кеңестік кезеңнің ықпалы тиді
Түрік этнонимін біріздендіру туралы осыдан он шақты жыл бұрын мәселе көтергенмін. Сол кездегі ұсынысым есіме түсіп отыр. Жалпы, түркітану түркілердің материалдық және рухани әлемін оның алуантүрлілігімен қоса зерттейді. Мәселен, тілі мен әдебиеті, тарихы мен этнографиясы, сәулеті мен антропологиясы, философиясы мен діні, саясаттану мен экономика, мәдениет пен өнерін өзінше сөйлетеді. Соның ішінде даму жолындағы өрлеу мен құлдыраудың сипаты әртүрлі кезеңнен өтті.
Дамудың қарқыны мен деңгейі объективті, көбінесе саяси-идеологиялық жағдайлар мен міндеттемелерге байланысты болды. Бұл тұрғыда түркі халықтарының рухани мәдениетінің жалпы тарихын зерделеу және түсіндіру кезеңін бөліп қарастыруға болады. Іздену жұмысына оң ықпал еткен ең табысты кезеңдер, керісінше, сәтсіздік пен ретроспекция уақыты ретінде оқшаулану кезеңін және әртүрлі бағыттағы бірорталықтанған қозғалыстарды атап өткен жөн.
Бұл тұрғыда кеңестік кезеңде түркология ғылымының дамуына түркіішілік және түрікаралық зерттеулердің сандық және сапалық өсуімен (басқа бағыттарда) үлкен зиян келгенін баса айтқым келеді. Айта кетерлігі, ешкім кеңестік түркология мектебінің еңбегіне қарсы шықпайды. Өйткені түркі халықтары мен ұлыстарының негізгі бөлігі дәл осы бұрынғы кеңестік аймаққа тиесілі еді. Сондықтан жан-жақты зерттеу жүргізілетіні түсінікті. Тиісінше, стратегиялық тұрғыда жүргізілген зерттеудің зияны да бар. Сол үшін осы аралықтағы негізгі ғылыми ұғымдар мен анықтамалар, түркі әлемінде болып жатқан оқиғалар айқын идеологиялық саясаттың құрбанына айналды. Соның ішінде сыртқы күштердің әсерінен «türk» этностық термині өзінің әуелгі сипатынан айырылды. Ал ғасырлар бойы ежелгі түрік дәуіріндегі жазба ескерткіштерде, тарихи жәдігерлерде «türk» этностық термині жазылған және қолданылған.
ХІХ ғасырдың соңына дейін шетелдік зерттеушілер «тюрок» және «турок» терминдерін дәл ажырата алмағаны рас. Мұны В.И. Дальдің (1863–1866) «Ұлы орыс тілінің түсіндірме сөздігі» айғақтайды. Кітапта түрік тілінде белгілі бір этносқа немесе ұлтқа ешқандай қатысы жоқ анықтамалар ұсынылған .
Өздеріңіз білетіндей, Радлов өзінің энциклопедиялық еңбегінің атауында түркі тілдерін белгілеу үшін тек бір сөзді «түрікше» дейтін атауды пайдаланған.
Өткен ғасырдың 30–40-жылдарына дейін Орта Азия түріктері үшін, басқаша айтқанда, жалпы қуғын-сүргін кезеңіне дейін «түрік» сөзі этностық тарихынан ажырамады. Тұтасып, қуатты түрік рухын айқындап берді. Мәселен, Мағжан Жұмабайдың
«Түркістан – екі дүние есігі ғой,
Түркістан – ер түріктің бесігі ғой.
Тамаша Түркістандай жерде туған
Түріктің Тәңірі берген несібі ғой» өлеңіне назар аударайық. Мұнда да түрік этнонимі лайықты бағасын алып тұр. Сонымен қатар дәл осы кезеңге дейін, ерте орта ғасырлардан бастап, түрік әдеби тілі өмір сүрді.
Түріктер мен түркілер этнотермині түрлі түсінбеушілікке әкелді. Тіпті кейде түркітанушы ғалымдар арасында да сөзжарыс туғызып жатты.
Т.Ефремованың «Oрыс тілінің заманауи түсіндірме сөздігінде» «түріктер» (турки) сөзіне «Түркияның негізгі халқын құрайтын халық» деп түсіндірме берілсе, «түрк» (тюрк) сөзіне «мифтік ата-баба және эпоним» делінген. Ал түркі (тюрки) сөзі «түркі тілдерінде сөйлейтін туысқан халықтар тобы» деп көрсетілген. Бұл жерде шатасу бар, ұғымға нақты анықтама берілмеген.
Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, кеңестік кезеңге дейін қолданылған «түрік» этнониміне оралуға, біріздендіруге шақырамын. Мәселен, Түркия, Иран, Әзeрбайжан, Ирак сияқты елдерде әлі күнге дейін «türk» термині бастапқы мағынасында қолданылады. Бұл кез келген түрік өзінің шығу тегін есінде сақтайтынын, Орта Азия, Еділ, Кавказ, Қытай, Балқан, араб елдері, Еуропа топырағында көк түріктің ізі жатқанын білетінін айқындайды.
(Осы сауалға қатысты ғалымдар мен
тіл мамандарынан хат күтеміз)
2193 рет
көрсетілді0
пікір