- Ақпарат
- 06 Маусым, 2024
Ғылымды басқару жүйесін жетілдіру керек
Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ,
«Ana tili»
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласында Ұлттық ғылым академиясының күрделі жөндеуден өткен «Ғылым ордасы» ғимаратын аралап, ғалымдармен кездесу кешін өткізді. Мемлекет басшысы жас ғалымдарға әлеуметтік тұрғыдан қолдау көрсету – мемлекеттің міндеті екенін атап өтіп, ғылымның әртүрлі саласында еңбек етіп жүрген бірнеше азаматқа салтанатты түрде пәтер сертификатын табыстады. Президент өз сөзінде шикізатқа арқа сүйеп отырған ел алысқа бармайтынына назар аударып, ғалымдардың, инженерлердің, өнертапқыштардың қажет екенін баса айтты.
«Бүгінде алпауыт елдердің арасында барлық салада бақталастық өршіп тұр. Біз осы күрделі кезеңде экономиканың жаңа үлгісіне көше бастадық. Әділ, инклюзивті әрі бәсекеге қабілетті экономика құруға кірістік. Ғылым мен инновация оның басты тірегі болуға тиіс. Біз көшке ілесетін емес, көшті бастайтын елдердің қатарында болуымыз керек. Бір сөзбен айтқанда, ғылыми әлеуетімізді арттыру қажет. Жалпы, осы бағытта біраз шаруа атқарылып жатыр. Мен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында бірқатар нақты тапсырма бердім. Барлық мәселе менің тікелей бақылауымда. Қазір «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Заң жобасы Парламентте қаралып жатыр. Кеше Сенат оны бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл – өте маңызды әрі көптен күткен құжат. Ғалымдарға әлеуметтік қолдау көрсету мәселесі де маңызды. Сондықтан Заңда ғылыми қауымдастықтың мүддесі барынша ескерілетін болады», – деді Мемлекет басшысы.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ елімізде ғылым мен жоғары білім салаларын дамыту үшін қабылданып жатқан жобаларды баяндады. Соның ішінде білікті кадрлар әзірлеуге арналған грант саны соңғы жылдары бір жарым есе көбейді, Қазақстанда әлемнің беделді 12 жоғары оқу орнының филиалы жұмыс істеп тұр. Зерттеу жұмыстарымен айналысатын университеттер көбейіп жатыр. Технология парктері және инжиниринг орталықтары ашылу үстінде. Жыл сайын 500 ғалым шетелде тағылымдамадан өтеді. Министрлік жас ғалымдарға мыңдаған грант бөліп жатыр.
Бұл – еңбегіміздің еленгені
PhD, қауымдастырылған профессор Жанғазы Нұржанұлы Президенттің жас ғалымдармен өткізу кеші естен кетпес сәтке толы болғанын, ғалымдардың еңбегі көбінесе көрінбейтін, қарапайым адам түсіне бермейтін жұмыстан тұратынын айтады. Ол 15 жылдан бері ғылым мен жоғары білім саласында еңбектеніп келеді. 12 өнертабысқа берілетін патент иегері әрі гидротехникалық құрылымдарды сынау, қайта қалпына келтіру сияқты мәселелермен 10 жылдан астам уақыт айналысып келе жатқан өз ісінің шебері.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының қолынан сый ретінде пәтер алу – үлкен мәртебе, абырой, жауапкершілік. Бұл – еңбегіміздің еленгені. Мемлекет басшысының ғалымдарға қолдау көрсетуі ғылымның дамуына ықпал етеді. Қазіргі таңда еліміздегі гидротехникалық құрылымдардың көбі ескірген, тозығы жеткен. Міндет – соларды қайта қалпына келтіру, жаңғырту мәселелері бойынша оңтайлы ғылыми негізделген шешімдер әзірлеу. Өзім Германия, Нидерланды, Польша, Қытай, Ресей және Беларусь елдерінде ғылыми тағылымдамадан өттім. Бұл еңбек мемлекеттің ғылымды қолдауы арқылы жүзеге асты. Қазір Санкт-Петербург политехникалық университетінде ғылыми қызметкер ретінде халықаралық жобаға қатысып жатырмын. Білген, үйренген дүниемізді жастарға үйретуге тырысып келемін. Бүгінгі сый – осы еңбектің қоғамдық бағасы деп білемін. Алдағы уақытта мұнымен тоқтамай, еліміздің дамуына үлес қосуға тырысамын, – дейді ғалым Жанғазы Нұржанұлы.
Ал доцент Ерғали Бержігітұлы 2022 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде «6D061100 – Физика және астрономия» мамандығы бойынша философия докторы (Ph.D.) ғылыми дәрежесін алу үшін «Қысымы нөлден өзгеше болатын қараңғы материяның оптикалық және кинематикалық қасиеттері» тақырыбында диссертация қорғаған. Ғалым, негізінен, салыстырмалылық теориясы, Эйнштейн теңдеулерінің жуық және дәл шешімдері, релятивистік астрофизика және шағын нысандар физикасы аясында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Осы уақытқа дейін 10 гранттық қаржыландыру ғылыми жобасында бой көрсеткен.
– Қазір 2023–2025 жылдар аралығында орындалып жатқан «AP19575366 – Қара құрдым және олардың имитаторларының айналасындағы аккрециялық дискінің физикалық қасиеттерін зерттеу» тақырыбында жеке жобам бар. Жоба – астрофизиканың ең өзекті мәселелерінің бірі қара құрдымдарды зерттеуге арналған. Жобаның негізгі мақсаты – аккрециялық дискідегі сынақ бөлшектердің дөңгелек қозғалысын және гравитациялық өрістегі аккрециялық дискінің жарықтылығын зерттеу. Жоба барысында алынған нәтижелер қара құрдымдардың физикасын түсінуге айтарлықтай үлес қосады, – дейді доцент Ерғали Бержігітұлы. Бүгінде ғалым шетелдің жетекші ғалымдарымен жұмыс істеп жатыр. Олар – Луонго Орландо, Даниэле Малафарина, Кэведо Эрнандо, Марко Мучино.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы жас ғалымдарға кеңірек көңіл бөліп отыр. Соның ішінде қаржыландыру бағдарламасы бойынша грант санын көбейту, жас ғалымдардың әлеуметтік жағдайын көтеру Президенттің жас ғалымдармен кездесуінде атап өтілді. Мемлекет басшысының ғылымды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударуы – елдің озық дамуының қажеттілігін түсіну, ал елдің дамуы білімді азаматтар мен мамандардың, ғалымдардың, дамыған технологиялардың қатысуынсыз мүмкін емес, – дейді Ерғали Бержігітұлы.
Мемлекетке барлық мамандық маңызды
Ал әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Философия және саясаттану факультеті дінтану және мәдениеттану кафедрасының оқытушысы Байжұма Сәметтің ғылыми қызығушылығы – дінтану, діндер тарихы, дін философиясы, заманауи дінтану мәселелері, діни антропология, фарабитану. Ғалым күні бүгінде «ҚазҰУ Хабаршысы, Дінтану сериясы» журналының жауапты редакторы, гранттық ғылыми жобалардың қатысушысы.
Ал С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің қауымдастырылған профессоры Лаура Аутелеева қазір ғылыми дәрежесі бар қызметкердің орташа жасы 57 және одан жоғары екенін, ғылыми қызметкерлердің 15 пайызы зейнеткерлік жасқа жеткенін, сол себепті жас ұрпақ арасында ғалымдарды даярлау мен ғылымды насихаттаудың жаңа тәсілдерін жасау қажеттігін ойлануға тиіс екенін алға тартады.
– Мемлекетке барлық мамандық маңызды. Өз саласында біршама жетістікке, шеберлікке қол жеткізген адам міндетті түрде белесті бағындырады. Сайып келгенде, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілікті арттыруға деген ұмтылысты кеңінен және барлық жерде насихаттау керек. Жас ұрпақ біздің аграрлық ел екенімізді түсінуге тиіс. Президент атап өткендей, «әрбір жас адам жауапты азамат, адал адам болуға ұмтылуы қажет. Елге және өз ісіне берілген жауапты азаматтар ғана Қазақстанды өркендетуге жетелейді», – дейді ол.
1027 рет
көрсетілді0
пікір