- Ақпарат
- 06 Маусым, 2024
Жұлдыз Рысмаханова, «Zhulduz Travel» туристік агенттігінің директоры: Қазақтілді аудиторияның дамуын қалаймын

Біздің елімізде әлі де қазақтілді контенттің ақсап тұрғаны жасырын емес. Әсіресе туристік агенттіктердің арасында қазақтілді аудиторияны қамтитын және лайықты қызмет түрі жоқтың қасы деуге болады. Ана тілімде контент жасау, саяхатшыларды қызықтыру идеясы маған бірден келе қойған жоқ. Мен бұл саладағы олқылықты шетелдерге демалу барысында жүгінген туристік агенттіктердің қызметінен байқадым. Еліміздегі туристік агенттіктердің көпшілігі орыс тілінде қызмет көрсетеді.
Көңілге қаяу түсіретіні, отандастарымыз, оның ішінде қаракөз бауырларымыз да мемлекеттік тіл – қазақ тілінің емес, ресми тілдегі мамандардың көмегіне, кеңесіне жүгінеді. Түсіндіру, байланыс орнату қызметтерінің бәрі ресми тілде көрсетіледі.
Екі қазақтың бір-бірімен ана тілінде сөйлеспегені мені қынжылтып қана қоймай, ұлттық сана-сезімімді ояту қажен екенін түсіндірді. Көп ұзамай, бұл мәселені қолға алып, авторлық туристік саяхатымды ұйымдастыруға шешім қабылдадым. Ондағы мақсатым – қазақ тілінде сөйлейтін азаматтарға заманауи сұранысқа сай қызмет көрсетуге болатынын дәлелдеу.
Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту әрқайсымыздың міндетіміз, борышымыз деп есептеймін. Түркия мемлекетінің бірнеше қаласына саяхат ұйымдастыру барысында қазақтілді аудиторияға арнап, ана тілімізде гайд әзірледім. Әлеуметтік желіде саяхаттау саласында орыс тіліндегі контент алда келеді. Ол жасырын емес. Ал қазақтілді туристік саладағы жарнама берушілердің пайызы төмен. Ауыз толтыра мақтанып айтатын жағдайда емеспіз. Сондықтан ел-жер көруге құштар замандастарыма құлаққағыс ретінде ана тілінде қызмет көрсететін туристік агенттіктерге жүгінсе екен деген өтінішім бар.
Ауыл-аймақта тұратын азаматтар, әріптестерім маған хабарласып, ыңғайлы әрі қолжетімді саяхаттаудың кестесін жасап беруімді сұрап жатады. Барынша түсіндіріп беруге тырысамын. Өйткені Қазақстанның туризм саласында қазақтілді аудиторияның дамуын мен де қалаймын, сол мақсатта еңбек етіп жатырмын.

1347 рет
көрсетілді0
пікір