• Ақпарат
  • 13 Маусым, 2024

Құрбан айт – мейірім көрсетудің үлгісі

16 маусым – Құрбан айт мейрамының алғашқы күні. Астанада Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен Құрбан айтқа қатысты Төралқа мәжілісі өтті. Мәжіліске ҚМДБ қызметкерлері мен облыс, қала бас имамдары қатысты. Онлайн және офлайн форматта өткен жиында ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Құрбан айтқа қатысты жоспарланған жұмыс­тарды жоғары деңгейде жүзеге асырудың маңызына тоқталып, нақты тапсырмалар берді.

 

Жиында наиб мүфти Сансызбай Құрбанұлы Құрбан айтқа, айт намазына қатысты мәліметті бөлісті. Аппарат жетекшісі Ғылымбек Мәжиев жалпы ұйымдастыру жұмыс­тары туралы есеп берді. Ақпарат бөлімінің меңгерушісі Ағабек Қонарбайұлы, «Зекет және қайырымдылық» қорының директоры Мақсатбек Қайырғалиев, Қажылық бөлімінің меңгерушісі Жанділда Бекжігітов, Цифрлық даму бөлімінің меңгерушісі Тимур Серікханұлы өздерінің жұмыс бағыттары бойынша баяндама жасап, жұмыс жоспарын ортаға салды.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімі 6 маусым күні кеш батқанда жаңа айдың көрінуіне байланысты зул-хижжа айының басталғанын хабарлаған болатын. Сондай-ақ арапа күнінің 15 маусымға және Құрбан айттың алғашқы күні 16 маусымға сәйкес келетіні айтылды. Құрбан айттың бірінші күні 17 маусымнан 16 маусымға ауысқаны жөнінде де ҚМДБ арнайы мәлімдеме жасаған болатын. 
«ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі әр жылдың төртінші тоқсанында келер жылдың діни мерекелері мен күндері көрсетілген кесте әзірлейді. Онда хиж­ри айлардың басталуы халықаралық астрономиялық зерттеу орталықтарының мәліметтері негізінде жасалады. Сонымен бірге пәтуа мамандары діни мерекелердің нақты күндері жаңа айдың көрінуіне байланысты көрсетілген уақыттан бір күн шегерілуі немесе алға жылжуы мүмкін екенін ескертіп отырады. 
Ислам дінінде қасиетті күндер, түндер және айлар қамари жыл санауы негізінде анықталады. Мұндай жыл санақ ай фазасының өзгеруіне қарай есептеледі. Жаңа айдың (һиләлдің) көрінуімен жаңа ай басталады. Қамари ай кейде 29 не 30 күн болады. 
Зул-хижжа айын анықтау үшін зул-қағда айының 29-ында айды бақылайды. Күн батқан кезде жаңа ай көрінсе, келесі күні зул-хижжа айы басталған болып саналады. Егер ауа бұлтты болып, ай көрінбесе, зул-қағда айын 30 күнге толықтырады. 
Осыған орай, маусымның 6-шы кеші жаңа айдың нақты көрінуіне байланысты 7 маусым зул-хижжа айы басталды. Сол себепті, жыл басында ескерткеніміздей, Құрбан айт күні бір күн бері жылжып, 16 маусымға сай келді» делінген мәлімдемеде.
Құрбан айт күні қаржылай мүмкіндігі бар әрі ұлы сапарға шықпаған мұсылманның құрбандық шалуы – мұсылмандық міндет саналған. Құрбан айт күндері аз да болса садақа беріп, қараусыз қалған қарттарға, жетімдер мен көпбалалы отбасыларға көңіл бөлу де сауапты іс екені айтылады. Бұл мереке – мейірім мен қамқорлықтың да үлгісі. Себебі Құрбан айтта мұсылман қауым көмекке мұқтаж жанға қол ұшын беріп, шапағатын тигізеді. Жыл он екі ай осындай көркем мінез көрсетудің алғы қадамын жасайды. 
Құрбан айт мерекесіне орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Құрбан шалу рәсімін қашықтан өткізуге арналған «qurban2024.kz» сайтын іске қосты. Сайт қызметін Төралқа мәжілісінде ҚМДБ Цифрлық даму бөлімінің меңгерушісі Тимур Серікханұлы таныстырды. Халыққа, әсіресе үлкен қалаларда тұратын жамағатқа оңтайлы болу үшін биыл да құрбан шалу офлайн және онлайн форматта жүзеге аспақшы. Онлайн түрде құрбан шалам деушілер сайт арқылы құрбандық малын таңдап, Kaspi QR арқылы қажетті қаражатты аудара алады. Қой мен ешкіні жеке адам, ал ірі қара мен түйе малын бір немесе 7 адам бірігіп шалса болады. Тапсырыс сәтті өтсе, ұялы телефонға смс-хабарлама келеді. Құрбандық шалынған соң оның фото және бейне есебі тапсырыс беруші көрсеткен нөмірге жіберіледі.
Айта кетейік, қажылық маусымы қарсаңында «Qajy guide» мобильді қосымшасы да іске қосылған еді. Мобильді қосымшаны қажыларға ҚМДБ Цифрлық даму бөлімінің меңгерушісі Тимур Серікханұлы таныстырды.
Оның айтуынша, Gajy Guide қосымшасы қажылық және ұмра өтеушілерге арналған тегін цифрлық көмекші құрал болады. Қосымшада виртуалды тур, қажылықты өтеу тәртібі, ұмраны өтеу тәртібі, дұғалар, кітаптар, сұрақ-жауап, діни сөздік, карта, хабарлама, туроператорлар тізімі қамтылған.
Қосымша туралы қысқаша ақпарат:
• Виртуалды тур айдарына өту арқылы қасиетті мекендегі жол картаңызды көре аласыз;
• Қажылықты, ұмраны өтеу тәртібі кезең-кезеңімен түсіндірілген;
• Сапар барысында қажет болатын таңдаулы дұғаларды қазақ, араб, орыс тілінде оқуға, аудионұсқасын да тыңдауға мүмкіндік бар;
• ⁠Мүфтият баспасынан жарық көрген қажылыққа қатысты ресми кітаптарды да осы қосымша арқылы көруге болады;
• Сұрақ-жауап айдарында қажылық, ұмра, ихрам, миқат, арафат сынды бағыттар бойынша өзіңізге қажетті сұраққа жауапты тез таба аласыз;
• Сөздік айдарында құлшылық барысында кездесетін діни терминдердің анықтамасы берілген.
• Қазақстан қажылары орналасқан қонақүйлер карта айдарында ықшамдалып бейнеленген.
Қосымша қазақ және орыс тілінде ANDROID платформасында қолжетімді. IOS платформасында 2–3 күн аралығында шығады деп күтіледі. 

395 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №21

30 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы