- Ақпарат
- 13 Маусым, 2024
КҮРЕҢБЕЛ ЖЫРЛАРЫ

Ақын жан дүниесін жарып шыққан өлең-әлдиімен оқырманға өз көркемдік кеңістігін ашады. Шынайы дарынның оқырманнан жасырары жоқ. Өйткені өлеңі –өзі, өзі – өлеңі. Ақынның сағынышы мен мұңы, дүниетанымы мен азаматтық арман-мұраты, болмысы мен бітімі өлеңдерінде айқын ізін салып жатады. Қасымхан Бегманов – сондай ақындардың бірі.
«Перзенті едім мен-дағы сағымы
жүзген даламның,
Тырнама бетін, бауырым,
сыздап бір тұрған жараның.
Есіңде қалсам қалам мен,
қызғалдақ өскен Күреңбел,
Құдіретімен жыр жазған
қағаз бен мынау қаламның», –
дейді ақын. Күреңбел мен Бабайқорған, Хантағы мен Кентау, Балабүрген мен Байылдыр, Мырғалымсай, Ащысай мен Атабай деп келетін сағынышқа толы жыр жолдарын оқығанда, тереңге тамыр тартқан жер, ел тарихы алдыңнан шығады. Қазақтың қай жері де қасиетті, киелі. Ал ақын қаламына іліккен атамекен екі есе құдіретімен асқақтайды. Өйткені сен сезінбеген бөлек сағыныш, асқақ мұң, өмірдің пәлсапалық тосын түйіні өлең-жырмен алдыңнан ашылып сала береді.
«Ана өзекке жоғалады сай барып,
Қасқырлары көкке қарап ұлыған.
Байлығы үшін кісенделіп, айдалып,
Мырзалары итжеккенге құрыған.
Біздің ауыл тарихы бар қатпарлы,
Йасауидің көк күмбезі көрінген.
Итжеккеннен келген хаттар сақтаулы,
Айналдым мен қасіретті елімнен.
Бабайқорған Майдамталға ұласқан,
Анау жатыр ата-баба кезеңі.
Теңбіл-теңбіл бұлтты аспан, бір аспан,
Ағып жатыр Қарашықтың өзені».
Ақын жыры туған ауылына осылай жетелейді. Қайта оралмас балалық шағын – бәрін-бәрін сағынады.
«Шұлғаумен орап аяққа киген етікті,
Бала кез біздің бастан да мәңгі өтіпті.
Жандарбек, Елғон, Иманбайлармен ойнаған,
Қалың тоғайдың ағашы сиреп кетіпті.
Ұмытқам қалай қызғалдақ терген белеңді,
Ауылға жиі келіп тұрамын мен енді.
Аудандық газет басқаны әлі есімде
Ерімбет бала екеуміз жазған өлеңді.
Аңсадым бүгін алаңсыз сол бір шақтарды-ай,
Қаншама жылдар санада біздің сақталды-ай.
Қаншама сұрақ жауапсыз қалды бұл жылдар,
Бағира қызға Аманбай жазған хаттардай».
Ақын өлеңі сыршылдығымен үйіреді. Алаңсыз бала кезді сағыну кім-кімге де тән. Балалық шақ – туған ауылың, өскен өңірің. Балалық кездің куәсі – бүгінде бақилық болған қадірлі әкең мен аяулы анаң, қара шаңырақта құлын-тайдай тебісіп бірге өскен бауырларың. Сол бақытты шақ бір сәтке қайта оралар ма екен?! Оралмайды. Ауылға іздеп барсаң, таппайсың. Сағынып жеткен ауылың ортайып, жетімсіреп қалған тәрізді. Жалғызсырайсың. Әрқайсысының көкіректе ізі жатыр сайрап. Өздері жоқ. Ақын көңілін мұң шалады. Сағыныш толассыз жырға айналады. Қасымхан ақын өлеңдерінің өзегінде өткенге мәңгілік сағыныш пен аяулы мұң жатады. Бұл сарын өзге ақындарда да кездеседі. Дегенмен Қасымханда ерекше тәрізді. Терең арна тартады. Бірін-бірі толықтырып, жалғасып, тұтас циклге ұласқан. Буырқана жырлайды. Ақын поэзиясының осындай ерекшелігін Қадыр Мырза Әли жақсы сипаттайды: «Қасымхан Бегманов поэзиясына үстірттік, асығыстық, фрагменттік, салғырттық мүлде жат құбылыс. Ол нені болса да, жаны өртеніп, егіліп, төгіліп жазады. Сынаптай быт-шыт болып, шашырап, өте ұсақ деңгейге шейін бөліне біледі. Содан кейін, бәрін айтып болғаннан кейін, сол сынап тәрізді қайта бас қосып, бірігіп, тұтасып түгелдене біледі. Бұл – жалпы тіршілік жаратылысына тән, табиғи заңдылық. Поэзия үшін, әсіресе шынайы да құдіретті үлкен поэзия үшін аса қажетті қасиет».
Сондықтан да оның бала күннен ардақ тұтқан ақындар, бүгінгі әдеби орта, біреуден көрген ғайбат-жаласы туралы өлеңдері, болмаса мына қоғамның беталысы мен әлемде бұрқ-сарқ қайнап жатқан соғыс ошақтары, есепсіз қан төгістер жайлы толғауларының қай-қайсысы да бейжай оқылмайды. Жасын-талант Төлеген Айбергеновтің «Сағыныш» өлеңінің өлшемі буырқанып тасынған ішкі жан дүниесінің әуен-ырғағына сай келіп, соны қазық тұтып, ақтарыла жырлайды. Алайда Төлеген ақынды қайталамайды, тың оймен, образбен дамытады.
«Қай қырда қалдың, қиылып туған ай сындым,
Қай жырым менің үзілді ұшына жетіп
қай шыңның.
Жабылып бәрің, соңыма менің түсердей,
Жолыңды кестім қайсыңның?
Дүниені кезіп архив ақтарып,
сары қағаздарға үңілдім,
Сұқсырдай мынау сүмпиген сұрқыңнан
сенің түңілдім.
Сорақы болды-ау бүгінгің,
Құлжабайұлы Мәмбетке барып жүгіндім.
А, анау қырғыздағы сыр бүккен он бір жыраның,
Құпия сырын білгенде, шешем бүгін өлгендей,
ағыл да тегіл жыладым».
Ақын туындыларына арғы Күлтеген, Доспамбет, Қазтуған, бергі Махамбет өлеңдеріндегі түркілік поэзия дәстүрінің адуынды қуат-екпіні сіңісті. Ат үстінде атой салып айтылатын жыраулық поэзияның ырғақ-екпіні ақынның ашынған, тасынған көңілінің әуенімен табиғи үйлесіп кеткен. Ол да өзін сол намысты ұрпақтың жалғасымын деп сезінеді. Сондықтан етектен тартып, бықсыған пасық ниетті, арамза қуды өр рухты жырымен таптап өтеді. Алайда ел мүддесін биік қоймайтын рухсыздық, тілінен, ділінен айырылған мылқаулардың ел билігіне дейін дүние тұтқасын ұстап жүруін халық басына төнген кесапат көреді. Кім едік кеше біз деп ашынады. Неге бүгін осындай халге жеттік?
«Жесірлерін қаңғытып,
Жетімдерін жылатпаған ел едік,
Ұлтқа қарсы мұңсызды ұнатпаған ел едік.
Көңіл түссе көл едік,
Хас дұшпанға шөл едік,
Көкбөрідей көп едік,
Елдің қамын жеп едік.
Алпамыстай айбатты ек,
Қобыландыдай қайратты ек.
Неге жеттік біз бүгін,
Көңілі бұл қазақтың,
қарашаға бергісіз құлазыған күзгі күн.
Жабырқатты-ау жұртымды,
Тілсіз, ділсіз
көп мәңгүрт ұстап елдің тізгінін.
Катон жақта отырған,
әлдеқашан ұмытқан
қараша үйдің түндігі мен үздігін.
Тілге тірек болмаған
сыйлар дейсің сізді кім?
Сүйер дейсіз бізді кім?»
Ақын поэзиясы осылай өріс алады. Жеке бастың сілкінісі халықтың, елдің басындағы әр алуан кереғар жайларға ұласады. Өзі айтқандай, елі бақытты болмаса, ақыны қалай бақытты болмақ? Қ.Бегмановтың Түркістан, Ташкент, Жиделібайсын өлеңдер циклі, ақын Қадыр Мырза Әли жазғандай, поэтикалық құбылыс. Бұл өлеңдердің өзегінде елім, халқым деген үлкен жүректі шерлі ақынның бүтін болмысы мен арман-аңсары жатыр. Кешегі сұрқия заманның сұм саясаты қазақтың қаншама жерін ит тартқан тулақтай бөлшектеп тастады. Соның қасірет-зары ақынның тілінен ащы запыран болып төгіледі.
«Жиделібайсын –
жанардан жас қой төгілген,
Жүрегім бе екен атқақтай соғып егілген.
Қабырғам ба екен
біртіндеп тұрып сөгілген,
Құйрықты жұлдыз ағып бір түскен көгімнен.
Жұлынған жағам
жат жанның кеткен қолында,
А, ана Самарқанның
Байсынға барар жолында.
Әлішер досым екеуміз қанша мұңдастық,
Байсыннан соққан
шерлі жел үнін тыңдастық.
...Амал жоқ кері
Ташкенге барар қырды астық.
Байсын,
мен саған түбінде, бәлкім, соғармын,
Өзіңе қарай құстайын қанат қағармын.
Қабірі қалған әжем мен онда бабамның,
Жоқ іздеп шыққан жолаушы едім кім білсін,
Жоғымды содан табармын...»
Кешегі бір заманда қаншама қиянат бастан өтті. Шыбындай қырылған халық, аштықтан есі шығып ауа көшкен жұрт – қолдан жасалған орны толмайтын зұлмат жылдар болатын. Не көрмеген халықпыз. Тарих оны ұмытпайды. Халық та, бүгінгі буын ұрпақ та ұмытпауға, білуге тиіс. Ақынның өкінішке суарылған уытты өлеңі есті замандастың қолына іліксе, неден ұтылып, неден айырылғанымыз жөнінде санасына ауыр ойлар түсірері сөзсіз. Кешегі сұрқия саясат тіліміз, ділімізден ғана айырып қойған жоқ, небір шұрайлы жерімізден де айырды. Ақын өлеңінде «аһ» ұрып, осындай ақиқат айтылады. Жан-жүрегі қан жылап тұрып, қалың оқырманым да білсін дейді.
Сәмен ҚҰЛБАРАҚ,
Жазушылар одағының мүшесі

562 рет
көрсетілді0
пікір