• Ақпарат
  • 13 Маусым, 2024

«Темеш-Дәмеш» ерлік ән, ақ махаббат

Дәмеш Әмірханқызы 1905 жылы қазіргі Қарағанды облысы (бұрынғы Семей облысы) Қарқаралы уезінде Ақтоғайдың Беріктас деген жерінде өмірге келеді. 1918–1922 жылдары атақты Ақбаевтың ұрпағының бірімен Семейдегі медициналық гимназияда оқиды (бұл деректі Ж.Ақбаевтың немересі Кәмила Ыбырайқызы беріп еді). Одан кейін әкесінің туған інісі, «Алаш» қайраткері болған Әлімхан (сол жылдары Семей губерниялық атқару комитетінде басшылық қызметтегі) Ташкент қаласындағы Орта Азия мемлекеттік университетінің медицина факультетіне оқуға түсуіне ықпал етеді. Бұл 1923 жыл болатын.

 

Сонымен, Қарқаралыдағы 9 жылдық мектеп пен Семей гимназиясының түлегі, ағасы Әлімханның қамқорлығы, көмегімен Орта Азиядағы жалғыз білім ошағының студенті болып шыға келеді. Шыға келді деу артықтау болар, қаншама тер төгілді, білім қуды, ақыры дәрігер атанды. Тіпті ағасының көмегін студент кезінде де көріп өсті. 
Жалпы, Ермековтер әулеті Семей, Қарқаралы өңіріне белгілі отбасы болатын. Жұртшылық олардан үлгі-өнеге алуға тырысатын. Қазағымыз да тектілікті құрметтейтін, текті тұқыммен аралас-құралас болуды ойлайтын. Міне, сондай текті тұқым Ермековтер мен Сырдағы Жүргеновтер әулетімен құдандалы болады. Бұл 1926 жылдың соңғы күндері, жаңа жылдың қарсаңы еді. Бұл туралы Д.Ермекова мынадай естелік айтыпты: «...Ағам Әлімхан Ташкентке оқуға жіберді. Онда үш қазақ қызы оқыдық. 1929 жылы университетті бітіріп қызметке тұрдық және 1924 жылдан Темірбек Жүргеновпен таныс-біліс болып жүріп, 1926 жылдың желтоқсан айында Ташкент қаласында отау құрдық. 1929 жылы өмірге келген Шоратай есімді ұлымыз үш жасында шетінеді (1933). Інісі Ысқақтың Жұманазар атты ұлын бала етіп алады. Сондай-ақ Темкеңнің туған ағасы Ноғайдың қызы Сымбатты Ташкентке алдырып, қамқорлық жасайды. Ташкентте ағаның (көкенің) үйінде: Сымбат, Жұманазар, Аяужан 1930 жылдан бірге тұрдық. Ал Дәмеш жеңгенің туған сіңлісі Аяужан 8 жасында Ташкентте тұрған Темірбек жездесінің үйінде тұрғанын айтып еді. Темкең Қазақстанға ауысқанда өзімен бірге мені, Жұманазарды Алматыға алып келіп, үкімет үйінің демалыс орнына орналастырды, Дәмеш апай ғылыми жұмысын аяқтау мақсатында Ташкенде қалды деп әңгімелеген болатын. Аяужан 1920 жылы туған. Оның күйеуі Т.Жүргеновтің ауылдас інісі еді. 1936 жылы Мәскеуде тау-кен институтын бітірген ғалым (1912–1967) Кәрбоз Ержанов.
1935–1937 жылдары Т.Жүргенов отбасымен бірге Дәмеш шешесімен бірге тұрғандарын да хабардар еткен-ді.
Ұмытып барады екенмін, 1927 жылы Темірбектің әкесі Қараның үйіне келгені туралы немере інісі, белгілі ұстаз Қиназар Қосжанов (Дәмешпен бірге келді ме? Оны сұрамаппын. – Автор) Жалағаштағы үйін­де айтқан болатын. Екінші бір деректе 1926 жылдың соңында Темірбек пен Дәмештің Ақтоғайдағы ата-анасынан бата алуға келгені де айтылып жүр. Бұл қаншалықты шындық, оны да біле алмадым.
Айтпақшы, Дәмештің әкесінің есімі – Әбу, атасының есімі – Ермек, ағасы – Әлімхан Ермеков, інісі – академик Мүсілім Ермеков, сіңлілері Аяужан және Бопан болып келеді. Мен Дәкең туыстарынан Мүсілім, Аяужан, Бопанды көрсем, Темкең жағынан немере ағасы Нұржан (1893–1973) Жұдырықов, шөбере інісі Маштай Әбдіқұлов (1905–1989), туған інісі Битай (Биназар) Қуанов, немере қарындасы Сымбат Ноғайқызы, інісі Қиназар Қосжанов, туған қарындасы Зағипа Смағұлова, олардан кейінгі ұрпақтарының бәрімен аралас-құралас болдық. Бір ауылда тұрдық. Айтпақшы, Зағипа апамыз 1932 жылы Қарағанды облысының «Жаңарқа» ауданында туғанын айтып, «мен Арқаның қызымын», деп отыратын.
Бақытты отбасының шырқын 1937 жылдың зобалаңы бұзды. Алдымен күйеуі, Қазақстан халық ағарту комиссары Темірбек Жүргенов (1937 жылы 2 тамыз) ұсталса, өзі 1938 жылы отырған үйінен қуылып, «Халық жауының» әйелі ретінде айыпталып (РСФСР қылмыстық кодексінің 58-статьясы, 17-тармағымен 8 жылға айдалып кете барды. Айдауда болған үш жылын Ақмолада, қалғанын «Нижний Тагилдегі» түрмеде өткізді. Отанын сатқандарға арналған «Алжир» деп аталған лагерде, зорлық-зомбылықтың неше түрін бастан өткізген (ұрып-соғу, орынсыз тиісу т.б.).
Қазақстанда медицина институтында сабақ берген білімді дәрігерді түрмеде таныған бұрынғы шәкірті Беляевтің арқасында лагерьде (кейінгі жылдарда. – Автор) дәрігер болады.
Д.Ермекова-Жүргенова өзінің бір естелік мақаласында 1946 жылдың соңында Алматыға оралып, 1946–1948 жылдарда Алматыдағы дәрігерлер инс­титутында қызмет атқарғанын айтса, Т.Жүргеновтің немере інісі Қиназар Қосжанов ағамыз 1946 жылдың қысында Дәмеш жеңгемді іздеп барып, дидарласқанын жазады:
– «Есікті ашқан ер тұлғалы, самайын ақ шалған әйел тұрды. «Кім боласыңдар, қайдансыңдар», – деді.
– Мен Қиназармын ғой.
– Қарғашым-ай, Көпназарлардың бірі екенсің ғой, – деп бауырына басты. Кейін қайтадан Көкшетауға жер аударылды ғой деп қамыға сөйлегені бар-ды. 
Жалпы, Дәмеш Ермекова-Жүргенованың айдауда 18 жыл болғаны жазылып жүр (арасында үзілістер де болған. – Автор). Дәмеш жеңгейдің айтуынша, 1953 жылдан – он сегіз жыл бойы Қарағанды қаласында туберкулез ауруханасында дәрігер болып қызмет атқарған. Қанша қиыншылық көрсе де мойымаған Д.Ермекова 1953 жылдан кейінгі (Сталинсіз. – Автор) жылымықты сезіп, 1955 жылдан бастап, он жыл отасқан ерін, қазақ халқының біртуар азаматы Темірбек Қараұлы Жүргеновті ақтау мәселесімен КСРО Бас әскери прокурорына т.б. орындарға арызданады. Бірнеше қайтара жазған арыздың нәтижесінде Т.Жүргенов ісі қайта қаралып, 1957 жылдың 16 сәуірінде КСРО Жоғарғы Сотының Әскери комиссиясының шешімімен заң жүзінде толық ақталды.
Алайда оның партиялығын қалпына келтіру, есімін ардақтау мәселесі кейінге қала берді. Жеңгеміз бір әңгімесінде Темкеңді ақтау жайлы жүзге жуық өтініш жазғанын, ақырында Д.А. Қонаевтың басқа да қазақ елінің басшыларының, сондай-ақ әдебиетші, Сыр елінің азаматы Мардан Байділдаевтың жүгіруімен Темірбек Жүргеновтің есімі 1964 жылдан бастап аршыла бастағанын баяндап еді.
Арызыма мән берген қазақ халқының біртуар азаматы, еліміздің бірінші басшысы Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевқа әркез рақметімді айтамын дейтін.
Дәмеш Ермекованың қылмыстық ісінде Қазақстанның паспортын 1935 жылы, екінші пастортты 07.01.1943 жылда (екеуі де Алматыда берілген. – Автор) және 1936 жылдан кәсіподақ мүшесі болғаны (Қазақстанда), 1937 жылдың 29 маусымында белгі соғылған.
1956 жылдан 1973 жыл аралығында Алматы Мемлекеттік медицина институтында ұстаз болған. Республикалық дәрежедегі зейнеткер, Қазақ КСР Еңбегі сіңірген дәрігер атағы бар, қоғам қайраткері болды. Сонау 1956 жылдан 1978 жылға дейін жан жолдасы Темірбек Жүргеновті ақтап алу мақсатында асқан қажырлықпен қызмет етті.
«Алжир» түрмесіндегі жағдайды – сценарист әрі режиссер Аяған Шәжімбаевпен журналист, зерттеуші Армиял Тасымбековтің режиссерлігімен түсірілген. Нақты кейіпкердің басы Дәмеш Ермекова, Күләнда, Зұпын апай тағы басқа да «Алжирде» болғандарды қатыстыра отырып, кино жасаған. Бұл кинодан бұрын А.Ғалымбеков «Алжир» тұтқындары туралы «Жан дауысы» деректі кітабын 1994 жылы шығарған болатын. Сөйтіп, кино мен кітап «Алжирдегі» барлық жағдайды танып-білуге кеңінен жол ашты.
Ақмолаға жақын «Малиновка» селосындағы №26 нүкте аталатын жерге 1990 жылы «Әділет» – мемориал-ескерткіші салынып, музей ашылды.
Мақаланың басында Д.Ермекованы қоғам қайраткері деп атауымның себебі бар. Бұл Т.Жүргенов­ті ақтап алудағы орасан зор еңбегінен, қажымас қайраткерлігінен көрініс тапты. Өзі де, өзгелерге де тарихи тұлға Темкең туралы зерттеуді жүргізуге, әртүрлі тақырыпта мақалалар жазылуына ықпал етті. Сол еңбектің нәтижесінде Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында Т.Жүргеновті ұлықтау бастау алса, ке­йін Алматы қаласы мен Қызылорда облысында мазмұнды түрлі іс-шаралар өтті. Т.Жүргенов туралы тарих ғылымының докторы Рамазан Сүлейменов­тің, журналист-зерттеуші Тынышбек Дайрабайдың кітаптары шықты. Жалпы, ерінің есімінің қайта жаңғыруы 1964 жылдан басталды. Т.Жүргеновтің 70, 80, 90 жылдықтарын өткізуге мұрындық болды. 19 комиссар атылған «Боралдайдағы» жерді тауып, ескерткіш-белгі орнатуына ықпал жасаған. Алматыда көшеге Т.Жүргенов есімін беру ісіне де белсене араласып, нәтижелі еңбек етті.
Әу баста Т.Қ.Жүргеновті зерделеп, зерттеудің басында әдебиетші, ғалым Мардан Байділдаев пен жан жары Дәмеш Ермекова тұрса, кейін тарих ғылымының докторы Рамазан Сүлейменов, 1965 жылдан осы жолдардың авторы (студент кезінде-ақ) зерттеу жүргізді. Бұлардан кейін Б.Мырзабаев, 
Б.Иманғалиев, А.Садықова тағы басқалар, сол зерттеулерді толықтырды деуге болады.
Қазақтың алғашқы дәрігер қыздарының бірі, қоғам қайраткері Дәмеш Ермекованың есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында Қызылорда қаласындағы Т.Жүргеновтің туыстары бас болып, Т.Жүргенов қоғамдық қоры қостап, 2023 жылы Қызылордадағы бір көшеге Д.Ермекованың есімі берілді.
Бүгінгі Арқа жерінде Ермековтер туып-өскен жерде Ермековтер мен Жүргеновтерге арналған конференцияның жұмысына сәттілік тілеймін. Екінші Арқа жұрты Сырдың Жүргеновінің шыққан тегі, ағайын-туыстарын білсін деген ниетпен оларды атап өтпекпін. Темкеңнің әкесі Қара Жүргенұлы (1858–1937), Қазалы уезіне қараған «Қаракөл-Қуаң­дария» болысында туған. Оның әкесі – Жүрген, атасы – Қуаң, бабасы Әлендер әрі бай, әрі би болып өткен адамдар. Кезінде оларға Түркістан және Хиуа бектері өтініш хаттар да жазған-ды. Қарадан – Ноғай, Досжан, Қосжан, Темірбек, Ысқақ, Айназар, Кәпназар, Биназар (Битай) және Зағипа атты қыз туады. Досжан, Қосжан – 1931–1932 жылдары атылса, Темірбек, Ысқақ 1937–1938 жылдарында, Кәпназар мен Жұманазар 1941–1945 жылғы соғыс­тан оралмады. Айназары «Қашақ» аталған. Өмір жолы белгісіз.
Енді өздеріңізге белгілі, Қарқаралы, Ақтоғай өңірінің тумасы Ермековтерге қысқаша тоқталайын. «Алаш» қайраткері болған Әлімхан көп қудаланған. 1891 жылы туып, 1970 жылы Қарқаралыда өмірден өтеді. Ұлы Мағауия 1921 жылы Абай ауданында туған. Әмірхан Ермеков шамамен 1887–1888 жылдары туып, 1920 жылдары қайтыс болса керек. Әмірханның Дәмеші (1905–1990), Мүсілім 1906 жылы, Аяужан 1919–1920 жылдары туса керек. Бопан да сол жылдары өмірге келген.
Сөзімді қорытындылай келе, ақто­ғайлық ақын, жазушы Жеңіс Қашқыновтың «Темеш-Дәмеш» атты дастанынан үзінді бермекпін. Ж.Қашқынов 1942 жылы Ақтоғай ауданында туған. КазГУ-де қатар оқыдық (бұл дастанын 1998 жылы маған берген. – Автор).
«... Оянып кеудедегі сезім нұрлы, 
Үзгені тозған жүйке төзім қылды.
Шақырып жұмақтағы періштелер,
Дем бітіп, Дәмеш ана көзін жұмды.
Жыр ырғағын самал жел ала қашқан,
Бұлт сейіліп, жадырап барады аспан.
«Темеш-Дәмеш» ерлік ән, ақ махаббат,
Айтылады жаңа күй, жаңа дастан», – деп жырға қосты.
Ал Т.Жүргеновтің інісі Қиназар Қосжанов бір мақалаға орай, бар даусымен «Жүргеновтер әулеті құрыған жоқ, біздер бармыз» деп мақала жазған-ды.
Дәмеш Ермекова – қоғам қайраткері. Оның табандылығын, қажырлығын, қайраткерлік ісін танып-білгендіктен, осылай кесіп айтқым келеді. Т.Қ. Жүргеновті алғашқы зерттеушілердің бірі болғандықтан, біраз суреттер мен құжаттар жинақталған.

Тынышбек Дайрабай, 
зерттеуші, жазушы

 

705 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №21

30 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы