- Ақпарат
- 13 Маусым, 2024
«СОНЫСЫ ДҰРЫС БАЙБОТАНЫҢ!»

Байботаның (бүгінгі ақын Байбота Қошым-Ноғай) өлеңге біржола ден қойғанын менен естіп жүретін жанкөкем: «Сонысы дұрыс Байботаның!» – деп сырттай қостап отыратын. Өзі ақын, өлеңге сондай жаны құмар кісі еді. Сол жанкөкем менің де «бірдеңелер» жазатыныма қоңылтақси қарайтын. Өлеңге біржола берілмеді-ау деген көңілі ғой. Прозалық дүниелерді әкем «бірдеңелер» деп онша менсіне қоймайтын. Сөз өнерінде бәрінен де өлеңді жоғары қоятын көңілі баяғы.
Сағыныш
19 қазан. 1975 жыл. Кеше кешкілік Кәмилаға (азан шақырып қойған аты – Қалима) барғанбыз. Соларда болдық. Бота ән айтқанда, көзіме жас кеп қап отырды. Өздеріңмен болған отырыстарда да ол дәл осылай ән айтушы еді ғой. Соны ойлап, іштей жылап отырдым. Бұл күйімді Ботаға айттым да.
Бұдан кейін де көңілім сұлқ түсіп, өзіңмен өткен шақтарға оралып, соны жоқтап жылай берді. Көзіме қайта-қайта жас үйірілді. Өзімше жұртқа байқатпауға тырысамын. Сырттай көңілді болғансимын. Бота болса таңертең де ән айтты. (Бота – қазіргі көрнекті ақын, зерттеуші Байбота Серікбайұлы Қошым-Ноғай. Кәмила – ақынның бүгінгі ақ некелі жары. Үміт қалыңдық кезінде еліне кеткенде, сағынғанда жазған күнделік қой.)
Ұлы ұстаз
1983 жыл. 8 мамыр.
1981 жылдың жазы еді. Байботаның маған алғаш келіп жүрген кездерінде ғой. (Барлық баспа бір жерге жиналды. Абай,143. Түскі тамаққа екеуіміз бірге шығып жүреміз. Әуелі телефонмен сөйлесіп аламыз да, ғимарат сыртында я шыға берісте жолығамыз ғой. Кейде ол маған кіретін. Өйткені ол – алтыншы қабаттағы «Жалында», мен екіншідегі «Мектеп» баспасындамын. Сондай алғашқы кездесулердің бірінде еді). Жай басып Байбота кіреді де, бәрімізге ұяңдау амандасады. Жалпы ол – көп жағдайда ұяңдау жүретін жан. Артық-ауыс одыраңдау жоқ. Жұмекеңе:
Байбота деген ініңіз осы болады, – дегенмін.
Жұмекең елең ете қалды. Сөйтті де, басын изеді.
– Е, е, Байботамын де, – деді Жұмекең өзіне тән құмбыл ықыласпен.
Түстен кейін, Байботаның өзі жоқта:
– Өзін бірінші рет көріп тұрсам да, Байботаны білемін. Ақын жігіт қой, – деді байсалды жүзбен.
– Көптен өлең жазады, өлеңдері жақсы... – дей беріп ем. Сөзімді бөліп жіберді.
– Өлеңді екінің бірі жазады. Кейде сәтті шығатын жақсы өлеңдері болуы да мүмкін. Бірақ сәтті өлең жазғанның бәрі бірдей ақын емес. Ал Байбота – ақын ғой, – деді сенімді үнмен.
Жұмекең деп отырғаным – ақын, жазушы, күйші, ұстаз, аудармашы Жұмекен Нәжімеденов. Осынау асылымыз – менің өнердегі де, өмірдегі де ұлы ұстазым.
Атамекенімді әкеліп беріңдер!
18 қараша. 2005 жыл. Таңертеңгі тоғыздар. «Каменка» ауруханасы. Жетісу.
Қазір маған не керек болып тұр дейсіз бе? «Атамекенімді, көкем мен апамды әкеліп беріңдер!» деп жылағым келді. Осылай деп шыңғырсам...
Атамекен, ата-ана, өткен күндер, әсіресе балалық шақ пен жастық дәурен дегенде – былай да қамкөңіл жан едім. Ал ауруханада мүсәпір болып жатқанда, қандай күйде екенім айтпаса да түсінікті ғой.
2005 жыл. 19.11. Кешкі он сегіздер. «Каменка» ауруханасы. Кеше Дидар келіп кетті. Бүгін Сәрсекең – ақын Сәрсенбек Бекмұратұлы келді. Әңгімелесіп жақсы болып қалдық. Бұл ауруханаға осы ағамыздың қамқорлығының арқасында жаттым. Ол кісі кеткен соң, бір сағатқа жетпей, Байбота, Серік, Сәуле, Кәмила – төртеуі келіп тұр. Серіктер Өскеменде ғой. Ешкім әуре болмасын деп ауруханада жатқанымды жақын-жуықтарға айта қоймап едім. Серік пен Байбота Ғалым арқылы індетіп жүріп тауып алыпты. Сөйлестік. Жақсы дәуренді басымыздан бірге өткізген жігіттер еді. Бүгіндері көрісуіміз тым сирек. Серік тіпті шығандап кеткен. Үшінші әйелі Сәуленің еліне – Өскеменге кетіп тынды. Ширақ, еті тірі жігіт қой. Көп тірлік жасаған. Жалпы, Серік досымның күйі де ерекше бір тағдыр.
Құдай берген дарындар
Қазақстандағы жалғыз университет еді. Журналистика факультеті де тек осында ғана болатын. 1971–1976 жылдардың түлектері ерекше дарынды, тату, өте ынтымақты еді. Арамызда өмірдің ыстық-суығын көріп, ысылып келген сақа жігіттер мен ақыл тоқтатқан қыздар болған соң, солай ма екен, әйтеуір, татулығы мен бір атаның баласындай болып ұйып жүретіндеріне айнала әлем сүйініп отыратын. Бір-біріне қамқор бола жүреді. Ал дарын-қабілет жағына келсек, мен былай дейтінмін. «Курстың ең нашары мен едім» деп. Бұл – өзімді тұқыртқан ынжықтығым емес, курстастарымның өңшең «сен тұр, мен атайын» дейтіндей мықты болғанын аңғарту үшін айтатынмын. Бұл сөзді көбінесе менің әлдебір ісіме не қылығыма сүйінгендерге айтушы едім. Осыдан біраз жыл бұрын, яғни екі ғасыр түйіскеннің арлы-берлісінде Байботадан Серік: «Біздің курстың ең таланттысы кім?» – деп сұрапты. «Өзін айтады деп ойлады» деп күліп қойды Байбота. Марат депті. Серік дұрыс депті. Шынында да, Марат Нұрқалиев өте талантты еді. Екі тілде бірдей жазады. Әдебиеттің қай жанрында қалам сілтесе де жүйрік еді. Өлең, әңгіме. Әзіл-сықақ, лирика. Оның қаламы араласпаған сала жоқ есебі. Сурет салғаны қандай. Қолөнердің де шебері. Әншілігі ше. Гитара тартуы қандай! Ірі, кесек мінезден де кет әрі емес. Өзі қызыл шырайлы, қасы-көзі, мұрты қап-қара, әдемі жігіт. Күреске де мықты болды. Өте ширақ-тұғын. Өзін сұлумын, қылықтымын дейтін бойжеткендер де, түрім онша емес, қылығым да анау айтқандай алып бара жатқан жоқ дейтін қыздар да Маратты жек көре алмайтын. Сонымен, қойшы, Серікекең «Екінші кім?» дейді. «Тағы да өзін айтады деп ойлады» деп күлімсіреді Байбота. «Мен» депті Байботаекең. «Сосын» депті Серік. «Сосын, сен» дейді Байбота. Осы екі замандасымның жобаларына мен де қосыламын. Нөмірі бірінші, екінші, үшінші демей-ақ қояйын. Сол студент кездің өзінде-ақ көрініп, таныла бастағаны бар, кейін белгілі болғаны бар, курсымыздан талай мықты ақын-жазушы, журналист, қоғам қайраткері шықты. Жоғарыдағы үшеу айтылды. Алайда Марат жөнінде бірауыз сөз. Әкесі Тұрсынбек ағамыз отыздан аса бере, отыз екісінде кеткен, өзіне де сондай тағдыр жазылыпты. Отыз үшінде кете барды. Әкесіне не әсер еткенін, әрине, білмеймін. Ал Марат құрдасыма Желтоқсандағы қазақты жаппай қорлау мен қуғындау төтенше соққы болып тигені анық. Болмысындағы барлық берерін сарқып бере алмай, тым ерте үзілгені өте өкінішті еді.
Ал Байбота мен Серік ше? Қазақ өркениетіне екеуі де көп еңбек сіңірді. Құдай берген дарынды деген әр қазақ осылардай қызмет етсе деп армандайсың. Қазақ өркениетінің қай саласына да білек сыбанып кіріскенде, қай істі де тап-тұйнақтай қып тиянақтағанын көріп қыбың қанады. Ал дарын, талант орайынан пайымдасақ, екеуі шамалас. Биікте. Тереңде. Кәдімгі үзеңгі қағысқан тұлпарлар дегендей. Мұны мен Байботаға айттым да. Тек Серіктің кейде уақытын шашыратып алатыны (Уақытын шашырату дегенді сыпайылап, астарлап айтып отырмын қалың оқырманға. Ал Серік досыма уақытты шашыратудың шын себебін ашық айттым.) ғана маған әттеген-ай дегізеді. Ал Байбота – еңбектену жағынан талайымыздан мойны озық жасампаз.
Алға озайын. Серікпен Астанадағы ауруханада ең соңғы рет кездескенде, менің пайымдауымша, Байбота екеуің дарын жағынан шамалассыңдар деген ойымды айттым.Тек бір жай деп Серік екеуіміз білетін, басқа жақындары да аңғаратын бір әттеген-айды есіне салдым. Ол түсінген ауан танытты. (Серік мен туралы «Темірхан шындықты айтады, ешкімге бұрмайды» деп түсінеді. Осындай райын досымыз, жазушы Қуаныш Жиенбайға да айтып, сол кезде маған кездесіп қалып, екеуінің қайсысы мықты екеніне, өндіре жазып жүргендеріне Серіктің төрелік сұрағаны бар. Екі досым да көз алдымда тұр. Сонда өз пайымымды ашық айтқанмын. Серік мәз болды да, Қуаныш досым «Өй, сен де бір» деген. Қуаныш – жақсы жазушы. Өндіре жазды. Жазып та жүр. Келешекте Байботадан да, Серіктен де озуы мүмкін. Алайда шығармашылық көш-керуенді осы екеуі бастаған курстастар арасында. (Осы тұста бастаушылардың алдыңғы легінде Марат Нұрқалиев, Ғабиден Құлахмет, Ермек Әзімбаев, Алпысбай Шымырбайұлы, Жолдасхан Құрамысов, Оразхан Жарқынбековтер де тұрғанын жақсы білеміз.) Бұл екі дарын бастап қана қоймай, сол қарқынмен жүрді. Шығармашылықта өндіре қимылдады. Қуаныш та жақсы келе жатыр. Өндіре, қопара жазды. Мүмкін, болашақта озармыз. Сөзімнің мағынасы осыған саятын.)
Ғабиден Құлахмет, Ербол Шаймерденұлы, Қуаныш Жиенбай, Алпысбай Шымырбайұлы, Әуез Бейсебаев, Құдиярбек Ағыбаев, Оразхан Жарқынбек, Жолдасхан Құрамысов (Оразханның бірнеше күйі бар. Құдиярбек пен Жолдасхан – көптеген әннің авторы.), Нарша Қашағанов (Нарша тек бізбен ғана емес, алды-артымыздағы талай түлектермен курстас болды.), Гүлмәрия Барманбекова, Ғалия Қайдауылқызы Айуп, Маңдайлы Қосымбай (белгілі айтыскер ақын Мэлстің туған әпкесі), Айгүл Нөкербаева, Алма Үмбеттегі, Зәмза Қоңырова, Мағауия Сенбай, Жайберген Болатов, Төрехан Рамбердиев, Сүлеймен Мәмет, Ермек Әзімбаев. Гүлмәрия, Айгүл, Зәмза, Ғалия – жазушы. Әуез өте қабілетті еді, жазу орайынан да, кісімен тіл табысуда да. Асабалығы да керемет болатын. Боксте де бір кісідей-ақ иін қандыратын. Әттеңі сол, өмірі қысқа қайырылды. Ақындықтан бастаған Ғабиден «Үйірі жоқ көкжал» романы жарық көре сала, ұзамады, арамыздан ерте кетті. Ербол мен Қуаныш өнімді жазды, талай кітабы оқырмандардың көз қуанышына айналды дегендей. Құдиярбек өндіре қимылдады. Үлкендерге де, балалар тақырыбына да. Сүлеймен бірнеше кітабын шығарды. Бұлардың арасында Ермек «Ақ жауын» аталатын әңгімелер жинағын шығарды да, одан кейін мүлде көрінбей кетті. Ал Төрехан өлеңдер жинағын Алматыға әкеле жатып жоғалтып алған соң, беті қайтып қалды ма, әлде бойкүйездікке салынды ма – қайтып көзге түспеді. Өкінішті, екеуі де дайын қаламгер еді. Ержұман Смайылдың ұйымдастыруымен курстастардың «Өмірдастан» деген кітабы шыққан. Содан ғана біліп жатырмыз, Ермегіміз мүлде басқа салаларды күйттеп кетіпті. Мінезінде қырсықтықпен астасатын бірмойындығы бар еді, сол кері әсерін тигізді ме екен деп жүрдім. Яғни жазуына кедергі болып. Сол жинақтан Омарқұлов Тасқұлдың жазбасын оқып таңғалдым: газеттің қауырт шаруасымен, одан кейінгі дорба көтерткен заманның әурешілігімен сүрлігіп жүріп, «Қазақ әдебиетіндегі» бір прозашы жанбай жатып сөніп кетті ме деп. Еркебұлан мен Асқаттың да қаламының желі бар еді. Бұлар да алыста жүрген соң ба – көріне бермеді. Ал Аталық (Макс) Тасаров бір жинағын шығарды. Қараша Қараман кітабын шығарды. Бұған да шүкір дейміз. Ержұманымыз ше? Туындыларын оқып таңғалдым. Дап-дайын жазушы. Жазған дүниелері, негізінен, деректі туындылар болатын. Көркем шығармаға қойылатын кей талаптарды ұстанып қалам тербегенде, жұтынып тұрған туындылар көбісі. Неліктен көркем туындыларға көбірек ден қоймады? Бұл енді жұмбақ болып қалды. Айналасындағыларға қамқор бола жүретін болмыстың жігіті еді. Одан журналистиканың бас көтертпес, мойын бұрғызбас қауырт шаруалары қолбайлау болды ма екен деп те ойладым. Дер кезінде тілеулес қанаттасымызды неге қамшыламадық деп кейін өкіндім. Ержұман «Егемен Қазақстанның», Оразхан «Оңтүстік Қазақстан» облыстық газетінің, Жайберген Қостанай облыстық газетінің, Маңдайлы Қосымбай (Қазақ қыздарының арасынан шыққан журналистика факультетін, яғни арнайы оқуды бітіріп, бас редактор болған ең алғашқы қыз.) Маңғыстау облыстық газетінің, Мағауия Қарағанды облыстық газетінің бас редакторы болып қызмет етті. Құдайберген Тұрсынов – ғылым докторы. Ербол ақын қазақ мәдениетінің тарихында қазақтың ең алғашқы рәмізтанушысы болып қалды. Біздің курста ең жоғарғы лауазымдарда жүрген де осы Ербол еді. Бұл досымның ұйымдастырушылық, әсіресе биікке ұмтылатын нарталап мінезі сол студент күндерінде-ақ бірден байқалатын. Ол күндерде Бас поштаның қасындағы (бүгіндері Темірбек Жүргенов атындағы институт) ғимараттамыз. Қазіргі КазГУ-градтың құрылысы енді-енді ғана қолға алына бастаған шақ. Бір күні өңшең студент соған сенбілікке бардық. Қай істе де біреулер жетекші болу керек қой, ал біздің арамызда ұстаздарымыз жоқ еді, содан, не керек, құрылыстағы бір кісі «Старшиларың кім?» деп сұрап жатыр. Мен былайлау тұрып, қасымдағыларға «Оның несін сұрайды, Ербол өзінен-өзі-ақ старший боп кетеді ғой» деп күлдім. Тура мен айтқандай, біраздан кейін қарасам, студенттер көп қой, соларды басқарып апты, «ананы ана жерге, мынаусын бері тастай беріңдер» деп әлдекімдерге нұсқау беріп жүр. Ал, енді талант пен дарынның жеке өздері ғана болса, бәрін жүз пайыз тындыра алмайды, әрине. Көз майыңды тауысатын еңбек қосылмаса, талай арманың сол арман күйінше қалып, бармағыңды шайнайсың. Осы еңбекқорлық жағына келгенде, Байботаның алдына түсетіндер жоқ шығар. Жазу-сызу орайындағы тірліктерін айтамын. Том-том өлеңдерін, аудармаларын, балаларға арналған шығармаларын айтпағанда, әртүрлі тақырыптардағы зерттеу еңбектері оқырман қауымның қай-қайсысын да бейтарап қалдырмайтын. Қай істе де өндіре қимылдайды. Балабақша балдырғандарына арнап Әліппе жазған алғашқы қазақ. Қазақтағы ең алғашқы Facebook жылнамашысы да осы Байботамыз. Ал саяхатшылықта, табиғат сырларына үңілуде, әрі содан байқағаны мен түйгендерін жазуда Серік алдына қара сала қоймайтын. Сырдарияның Қазақстан бөлігін салмен жүзе отырып зерттеген, сол зерттегендерінен талай кітап жазған, сериялы хабарлар ұйымдастырған ең алғашқы қазақ – осы Серік досымыз. Өз басым жазу орайынан келгенде, үлкеннен де, кішіден де үйренуге ұмтыламын. Бұл орайда атақты немесе атақсыз, болмаса үлкен екен не кіші екен деп тартынбаймын. Үйренуге болады-ау деген тұстары болса өнеге тұта беремін. Мәселен, алпыс бес жасымда отызға да жетпеген Қуандық әншінің әкесінің екі сөзін айтқандағы қылығы мен ұстанымынан соң, сол болмысын үлгі тұтып, жадымда ұстап қалғаным бар. Сол табиғатыма тартып, орайлы тұстарда Байбота мен Серіктен үйренгенім аз емес. (Бұл сөзіме қарап Байбота мен Серік «Темірханға ұстазбыз, ол – бізге шәкірт қана» деп түймейді, әрине. Өзім мойындаған үш ұстазым бар: Жұмекең, Дүйсекең – ақындар Жұмекен Нәжімеденов пен Дүйсенбек Қанатбаев, Әшекең – композитор Әшірхан Телғозыұлы.) Алпысбайдың, Айгүлдің, Ғалияның,Зәмзаның, Алма Үмбеттегі, Сәкен (Сағидолла) Көшімбаевтың шығармалары кітап болып шықты.
Оқуға алғаш түскен жылдары өлең жазбайтынымыз да, ән айтпайтынымыз да жоқ есебі еді. Бірер қатарластарымыз болмаса, бәрі де ән айтуға да, өлең жазуға да құмар еді. Маханбетәлі (Мақан), Марат, Ғалия, Жолдасхан, Маңдайлы, Байбота, Қос Әлімжан кәдімгідей әнші еді. Бірде Байботаның айтқаны бар. Бәрі шетінен өлең жазады, әңгіме, очерк жазады. Кейбіреулерінің некен-саяқ болса да баспасөзде көрініп қалғаны бар. Яғни аздап та болса фамилиялары белгілі. «Ойпырмай, өңшең мықтылардың арасында қалай болар екен?» дегенді де Байбота қорқасоқтай ойлап қояды екен. Содан, Құдайдың сәтін салған күні бір-бірінің өлеңдерін ашық тыңдайтын күн де жетеді. «Сөйтсем, бәрі де өзім шамалас екен. Асып бара жатқан ештеме жоқ. Босқа қорқыппын» деп. Бәрі де өлең жазуға құмар дедім ғой. Солардың көбісі біртіндеп прозаға ден қойып кетті. Мәселен, мен де сөйттім. Негізі, әу баста, бала күндерімде өлеңді де, қара сөзді де қатар жаздым, ақырында прозаға біржола ауып кеттім. Серік те сөйткен. Кейінгі жылдары ғана біршама поэзиялық дүниелерін журналға шығарыпты. Оқыдық. Кейінгі жылдардағы жазғаны болса керек. Жас жігіт күнінде жазылған бір прозалық шығармасында кейіпкерінің аузына «О, туған жер, құтты мекен, Қанша жұпар ауаңды жұттым екен» деген иірімдерді салғаны бар еді. Өз өлеңі, әрине. Студент күніміз. Бір каникулдан келе жатқан бетіміз. Шиеліден отырған Серікпен бірге келдім. Осы вагонда Жаңақорған аудандық газетінің белгілі бір журналисі бар екен. Аға есепті. Өзі шығармашылыққа жаны құмар кісі. Серік жақсы таниды. Соған Байботаның өлеңдерін айтады. Аузының суы құрып айтқан ғой. Сөйтсе, әлгі жерлесіміз Байботаның өлеңдерін оқымаған екен. Бірінші курстамыз. Көп жариялана бермейтін кезіміз. Жерлес ақынды содан Серікекең сыртынан ұзақ таныстырады. Мен кіріп, енді сөйлесіп, шырайласа бастағанда, ол кісі, «Байботаны қайта-қайта айтып, мені мас қылды мынау» деп күлді.
Курсымыздың ынтымақты, бауырмал ортасы жақсы тәрбие беріп, кім-кімді де демеп жіберетін. Сол ауанның шарапатын мен де көрдім, әрине. Сол студенттік кезеңіміз бар, одан кейінгі өмір белестерінде де мына курстастарымның көмегі тиіп, жақсылығын көрдім. Біраз мәселелерді шешуде Бибігүл Мәтенова, Ғабиден Құлахмет, Ержұман Смайыл, Айтбек Сейітов, Құдайберген Тұрсынов, Жайберген Болатов, Құдиярбек Ағыбаев, Ғалия Қайдауылқызы, Айгүл Нөкербаева, Қайыпжан Сегізбаев, Марат Нұрқалиев, Оразхан Жарқынбек, Әлімжан Сатыбалдиев, Қараша Қараман, Жолдасхан Құрамысов, Төлеуғали Бірбалаев, Бейбітбек Әбдікәрімов, Қуаныш Жиенбай, Алпысбай Шымырбайұлы, Аталық Тасаров, Әуез Бейсебаев, Аманкелді Мектепбаев, Сүлеймен Мәмет, Омар Әпеков дер кезінде көмек қолын соза білді. Ал Байбота, Серік, Ербол үшеуінің орны бұл орайда мүлде бөлек. Көп жағдайда тікелей осылардың қамқорлығын көре жүріп, сезе жүріп алға жылжыдым деуге болады. Бұл үшеуі көңілімдегі бір сүйенішім болды да, арқамды жарға тірегендей күйде жүретінмін. Ал бүгіндері Ербол арамызда жоқ. (Алға озып сөйлесем. Серік те кетті жақында. Мен тіпті есеңгіреп қалдым. Жылап отырмын.) Астанаға кеткенім бар, оның үстіне, жас ұлғайған соң, анау-мынау жүрісті де, басқалардың қыңқыл-сыңқыл сөзі мен қылығын ауырсынатын қалжыраулы кезең дегендей, тіпті іштен шыққан туған перзентіңнің де кей іс-әрекеті мен сөзіне де үрке қарауың көбейеді екен, кейінгі жылдарда табиғат аясында бола алмай, содан да өзімнен-өзім тұйықталған, айналадағы тірліктерге шаршаулы көзбен немқұрайды қарайтын ауан иектей бастады ма. Жазушы ағамыз Дулат Исабек айтып еді бір кездерде «Бір-бірімізді іздемейтін боп бара жатырмыз. Бұ не масқара!» деп. Бұдан он бес-жиырма жылдай бұрын айтылған сөзі ғой. Іздеуін іздейміз әлі де. Іздегенде қандай! Іштей қатты іздейсің. «Айында көрмесе – ағайын жат, жылында көрмесе – жекжат жат» деген рас екен. Астанаға көшу, одан жүрек әуресі қосылды, елге бес жыл дегенде, әрең бардым ғой, сонда елге жат болып тыныппын. Олар да мені жатырқап қапты. Осыны анық сездім. (Бұларға үстеме, елдегі көзкөргендердің таздың шашындай мүлде сирексіп қалғаны бар.) Бұрындары жиі барушы едім. Сол сияқты Алматы, Астанадағы көңілі жақындармен де көрісуіміз тым сирек, сол себепті де біздер сол көңілі жақындарымызға да жат тартып бара жатқан жоқ па екенбіз. Алматы жазы жүрек сорлыға қолайсыз екен де, кей шілделерде Арқада боламыз ғой Үміт екеуіміз. Сол кездерде Алматыдағы жиендер де, балаларым да бізді тосырқап қалып жүр. Біз де біртүрлі үркіп, олардың әр қылығынан әлдеқандай астар іздеп, басымыз қатады. Оларға да біздің кей қылықтарымыз бен сөздеріміз оғаштау көрінетіндей. Алматыда көбірек болып, бірнеше айдан соң Астанаға жетсең, ондағы көңіл жақындар мен өз тұқымдастарымыз да, олардан өрген балалар да алғашқы сәттерде тосырқап жүретіні бар дегендей.
Енді осыларға табиғатымдағы кісікиіктігім қосылғанда, менің қандай жағдайда жүргенімді өзіңіз де шамалай берерсіз. Кісікиіктік деген өте қолайсыз мінез екен. Табиғат аясына шығуға құмартып тұратынымның түбінде осы кісікиіктік болмыстың түртпектеуі тұр ма, қалай?
Әлде жас ұлғайғанда пенде атаулының барлығының басында болатын жағдай ма? Кенен айтатын «Пеш түбінде отырмын жалғыз қалыптың» қалалық, осы заманғы бір түрі ме?
Мұның барлығының да анық-қанығын бір Алла ғана біледі ғой.
Бұларға үстеме, үлкен қалалардағы машина-топанға үйрене алмай-ақ қойдым.
Мына курстастар Қазақ өркениетіндегі тұңғыштар болды. Ербол Шаймерденұлы (екі саладан), Байбота Қошым-Ноғай (екі саладан), Гүлмәрия Барманбекова (екі саладан), Маңдайлы Қосымбай, Темірхан Момбек-Түркістан, Әсия Қамырова, Алпысбай Шымырбайұлы, Серік Байхонов, Құдайберген Тұрсынов, Ғалия Қайдауылқызы Айуп, Ержұман Смайыл, Сағидолла Көшімбаев.
Көз жасы
Абай 143-тегі «Баспалар үйінде» жүрген кезіміз. Баспа атаулы сонда жиналған, әр қабатқа жайғасқан, барлығы да бір-бірін жақсы таниды. Қазақтың сорпаның бетіне шығарлары келетін жер. Есенғалидың (ақын Есенғали Раушанов) әзілқұмарлығы бар, сол ініміз бірде Аманхан қайтты дей ме – бұ не сөз дегенге саятын әзіл айтыпты. Құдды шындай қып айтқан да. Соны құлағы шалған Байбота тездетіп жоғары-төмендегі баспалардың редакция-редакцияларына тартады. Бірнеше кабинетке бас сұққан соң ғана оның қалжың екені анықталмай ма?.. Өз кабинетіне оралғанда, «Аманхан тірі екен. Ойнағаны екен» деп айтады ғой. Өзі жылап жүр дейді. Кейін Аманханға айтыпты, «сені өлді дегенде мен жылап қойғанмын, енді сен өлгенде жыламасам да болады» деп әзілдепті. Бұл – әзілден шыққан жаңсақ хабар ғой.
Арада біраз жыл өткен. Бір күні Кәмила телефон соқты, қатты абыржулы. «Қайда жүрсің!» деп тұр. Байбота жүрегіне байланысты отаға түсіпті! Зәрем қалмады. Жүрекпен ойнауға болмайтынын біліп қалғанбыз ғой. Жұмекеңді білемін, ең кіші әпкемнің де жүрегі ауыратын. Талшат апам да жүректен кеткен. Сонда аялдамаға келе жатып, шыдай алмай, «Жалғыз қалатын болдым ғой...» деп жыладым. Кейін ойласам, дәл сол сағаттарда, Байботаны ажалға қимаумен бірге, одан айырылсам, жалғыз қалатынымды, яғни өзімді, өз жағдайымды көбірек ойлаған екенмін-ау. Қайта ол кездері көзі көргендер қатарының көп сетіней қоймаған шағы. Ал бүгіндері ше? (2020 жылдың ақпаны.) Селдірегені сонша – таздың шашынан арманға айналды. Елде де, Алматы, Астанада да. Оның үстіне, жастың ұлғаюына, шаршап-қалжырауға байланысты сол таздың шашындай көзкөргендермен жүз көрісу де, тіпті телефон арқылы әжің-гүжіңдесу де қиындап барады. Күннен-күнге! Түсінгенім, мұндай тіршілік тым ауыр екен. Тым ауыр!
Темірхан
МОМБЕКҰЛЫ-ТҮРКІСТАН

576 рет
көрсетілді0
пікір