- Ақпарат
- 13 Маусым, 2024
КӨРКЕМДІК ПЕН КЕМЕЛДІК
Әдебиет пен журналистиканың қазанында қайнап-пісіп жетілген Кәкен Қамзин ұстазымыз тоқсаныншы жылдардың орта шенінен Қазақ мемлекеттік университетінде еселі еңбек етіп келеді. Бүгінде Ұлттық университеттің ұстынына айналған профессор, журналистика теоретигі. Журналистика факультетінде саналы ғұмырын сарп етіп, студенттерге дәріс оқыған ұлағатты ұстаз, көрнекті жазушы, филология ғылымының докторы, ғалым, көсемсөзгер Кәкен Қамзин есімі шәкірттері тарапынан қашан да зор құрметпен аталады. ҚазҰУ-да отыз жылдан аса ұстаздық етіп келе жатқан ұстаз «Журналистиканың басты кейіпкері – шындық» деген қағиданы түпқазық етіп, «Заманалы журналистиканың жанрлық пішіндері мен қызметін» шәкірт санасына себездеп құйып келеді.
Жасампаз жазушы
Қамзиннің қаламынан туған «Жұлдыздар жылай ма?», «Біздің ауылдың жігіттері», «Тымық түн» атты повестер мен әңгімелер жинағы оқырманның ыстық ықыласына бөленді. Қаламгер қазақ әдебиетіне А.Сүлейменов, Қ.Ысқақ, М.Қабанбай сынды өз заманымен жымдасқан, уақытпен үндескен көркемдік-суреткерлігінен бөлек, танымдық сипаты ерек, жаңа интеллектуалды проза әкелді. Әр шығармасынан асқан білімдарлығы көрініп тұрады. Ол бейнелеген соны суреттер, жүрек пернелерін тап басып, көкірегіңе бірден көшіп алады. Бұл туралы кезінде сыншы Сағат Әшімбаев талдап, толымды мақала жазған. Белгілі прозашы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Рамазан Тоқтаров жағымды пікір білдірген. Ал «Бір сөз бір сөзге көлеңкесін де, жарығын да түсіреді» дейтін көрнекті сөз зергері Ғабит Мүсірепов: «Кәкеннің бір ауыз сөзін бір үйір жылқыға айырбастап ала алмайсың» деп жоғары бағалаған. Енді қаламгер жасаған табиғат пен жаратылыстың таңғажайып суреттеріне бірге тамсанайық: «Қауынның жіңішкелеу бір тіліміндей жүдеу ай аспан өресінде қабыршақтала кеуіп бара жатқандай. Жер мен көк іңір қараңғылығына басын сүйей тынши қалыпты. Жым-жырттық. Жапырақ үлбіретер безілдек желдің ғана осындайда үйіріліп-үйіріліп алғаны болмаса, мектеп іргесіндегі бау-бақша жұбаныш құша, керенаулау манаурайды. Аңыз алыптарындай зәулім ағаштар жұлдызды аспанға мойындарын соза таңдана қарап қалған сықылды.
Талай шіркіннің, оның ішінде менің де аты-жөнім ойып жазылған теректің ең төменгі бұтағында Оля екеуміз отырмыз. Жапырақтар ара-арасынан аппақ сәуле дірдектей келіп, лікілдей төгіледі, айдың ақ сұр нұры шашырап өтеді үстімізге.
Сыбдыр-сыбдыр. Күміс терек пен қайыңдардың жапырақтары сыңғырлай барып, күлкісін әрең жияды. Менің осылармен қосыла да, жарыса да сақ-сақ күлгім келеді. Бірде-бір данышпанның үш ұйықтаса түсіне кіріп-шықпаған, ала бөтен, біздің ауыл тегіс аңырып қалатын керемет ойлап тапсам-ау деймін. Оляның ойында не барын мен қайдан білейін. Бәлкім, ол да, мен секілді, «мәңгілік қозғаушы» ойлап шығаруды, қара жердің тұтқасы болса, тік көтеруді түні бойы кірпік қақпай армандап шығар дауасыз қиялшылдардың бірі шығар. Әйтпесе менің жанымда оған не бар? Расында да, біздің қазақ мектебіндегі әрі тұйық, әрі жұмбақ жандардың бірі – осы орыс қызы Ольга. Қыз болып бой түзеп, құрбыларымен бұлғақтап жүргенін де көрмейсің. Көршісі дей ме, кім білсін, менің қасымнан екі елі қалмайды. Көлеңкем құдды. Алтыншы-жетінші кластарда елдің мазағына шыдай алмай, өліп кете жаздаушы едім, осы күні мүлде көңіл аударуды қойдым». «Тіршіліктің төрт мезгілі» атты осы тетрановелласына қазақ әдебиетінің классигі Ғ.М. Мүсіреповтің көзі түсті. Ұлт әдебиеті ақсақалының «Сенімді жас жазушыларымыздың бірі Кәкен Қамзиннің «Жер мен көк іңір қараңғылығына басын сүйей тынши қалыпты» дегені тағы көзіме түсіп кетті. Кәкеннің осы бір сөйлемі не ат, не қыран құс болса, ұрлатып алғандаймын» деген ақ батаға баланар аталы сөзі жас жазушыға қанат бітірді. Шынында, әйдік суретшінің алуан бояулы полотносындай әдемі картина емес пе?!
«Шоқан ескерткішінің қасындағы орындықтарда әңгіме-дүкен құрып, несібелі күндеріне малданған қарттардың отырысы қандай тамаша. Көкке шапшыған фонтан суынан себездеген әсем бір әуен тарағандай. Аспанда акробаттардай аударылып-төңкерілген көгершіндер қалықтайды, қара жерде қаз-қаз басып, балабақша бүлдіршіндері қырықаяқтай қыбырлап барады. Аймалай соққан қылтың-сылтың самалға екі дос беттерін тосады, тротуарға сыймағандай иық қағысады, кітап толы рюкзактарымен бірін-бірі қойғылайды. Мына қызығы мол кең дүниедегі бүгінгі той, бүгінгі қуаныш тек Төлегендікі сықылды». Осы «Айнабұлаққа ма? Айнабұлаққа...» повесі 2008 жылы «ZER-SU» корпорациясының балаларға арнап жариялаған халықаралық әдеби конкурсының бас бәйгесін жеңіп алды. Расында, оқырманның ішкі жан иірімдерін толқытатын көркем шығарма. «Күннің болар-болмас жұмсақ шуағы күміс теректердің ұшар басын жалап, сусылдаған жапырақтарын шолжаң самал сыңғырлатып қоя бергеннен-ақ менен маза кетеді. Шырт ұйқымнан серпіле, сергек оянам. Тартар кесе айранды сіміре салып, екі қара құнажынды табынға қосам, бес-алты ұсақ малды бақташының алдына салып берем. Шешемнің айтуынша, тіл-аузы тасқа, ер баланың пысығы мендей-ақ болсын. Торғай шырылдамай атқа қонатын жылқышы әкеңе аумай тартқансың дейді. Солайы солай-ақ шығар. Кестемнен қысы-жазы әсте жаңылған емеспін. Бүгін де шегенді құдықтың тастай суына шайынып, Төлеуғазының дүрбісімен төменгі ауылдың ұсақ-түйегін қызықтап, қос шырағын анаған бір бұрып, мынаған бір салып, ерігіп отырғанмын. Бойы ұшырмадан екі жыл бұрын асып кеткен терек басындағы тақтайлы алаңқай – менің күндізгі мекенім – бәрі көз алдымда. Әбден зеріккен кезде Төлеуғазы екеуміз елдің көзіне айна сәулесін шағылдырып әуре қыламыз. Инженер Гариннің гиперболоиді дәл осындай болған шығар». Бұл «Біздің ауылдың суреттері» әңгімесінен. Көз алдыңа ауылдың тіршілігі келеді. Ондағы алқам-салқам, аңғал-саңғал жандардың кеспірі елестейді. Шынайы өмір шұрайлы тілмен әдемі берілген. Ал 19 жасында жазған «Балауыз айлар, балапан күндер, қайдасың?» атты әңгімесі: «...Мен балғын кезімде жүзімді аймалаған самалдың тілін ұғатынмын, қарағай мен қайыңның күбір-сыбырына құлақ түретінмін, киік пен құралайдың сұқбатына қызығатынмын. Бал арасындай түймегүлді жағалайтынмын. Ақ тұманың сылдырымен сырласатынмын. Сандуғаштың құйқылжыған үні жүрегіме кеп құйылатын... Ал, қазір ше, қазір солардың қайсы есімде бар, қайсы есімде жоқ. Бірлі-жарымы ғана жадымда. Бірен-сараны ғана. Ал сол біреудің бірегейі де бар емес пе – ол, ашығын айтсам, адырнадай аңыраған ақбауыр қарлығаштың хикаясы. Ертеректе өзіме ғана айтылған әңгіме еді, мен ескі желі үзілмесін деп құсбаянын сіздердің құлақтарыңызға салдым. Арғы жағын өздеріңіз білерсіздер». Балауса шығармасынан-ақ кесек суреткердің сұлбасы көрінеді. Мұнтаздай тазалықтың, адалдықтың лебі еседі. «Қыздың жиған жүгіндей» жинақылық та бар.
Кәкен Қамзиннің қай шығармасын оқысаңыз да, жаныңызға жылылық ұялайды. Өзіңіз бастан кешкен жайттар еске түседі. Бөлек әсерге бөлейді. Шабыттандырады, қанаттандырады. Мың құбылған дүние сырларына қанықтырады. Атап айтқанда: «Жұлдыздар жылай ма?», «Тасболаттың Ақшалы», «Кездейсоқтық пен заңдылық», «Қып-қызыл бұлттар, көкала троллейбус», «Базарханның «Қараторғайы»», «Біздің ауылдың жігіттері», «Сырахана императоры», «Күйеу жолдас», «Үміткерлер раллиі», «Жетпіс жетінің мамыры», «Рольдер мен орындаушылар», «Уақыт сақшысы», «Жасандылар мекені» т.б. Қаламгер бұл туындыларының денінде ауыл өмірін арқау еткен. Әңгімелерінің тілдік құралы, көркемдік тәсілдері де тап басып, тауып айтылуымен сүйіндіреді. Қаламгер пейзажды кейіпкерлер жанын ашуға қонымды пайдаланып, шебер бейнелейді. Қарапайым ауыл адамдарының тыныс-тіршілігі мен болмыс-бітімі, әр қилы мінез-құлқы көркем тілмен айшықты да нанымды суреттелген. Шығарма желісі еріксіз езу тартқызар жылы юморға бай. Бұл автордың өмірді қаншалықты терең зерттеп білетінін, интеллектісін көрсетеді. Қаймағы бұзылмаған қазақы мінезді кейіпкерлердің іс-әрекеттері мен сөз саптастары, құрдастық әзіл-қалжыңдары шынайылығымен баурап алады.
Ғибратты ғалым
Кәкен Хамзаұлы Қамзин – жазушылықтан бөлек, өзінің ерекше қыры – ғалымдығы мен зерттеушілігімен де танымал тұлға. Ол ұлттық көсемсөзімізге қатысты көптеген тың дүниені зерттеп, байыпты байламдар мен салмақты тұжырымдар жасады. Кәкен Қамзин талай шәкірттерге бағыт-бағдар беріп, жаңа тақырыптарды игеруге мұрындық болды. Ғылыми жетекші ретінде көптеген жас ғалымның жетілуіне жол ашып, докторлар тәрбиелеп шығарды.
Ол Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін үздік бітіргеннен кейін, телерадиокомитетте, баспада және бірнеше басылымдарында жұмыс істеді. 1994 жылдан бері Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де қызмет атқарып келеді. 1999 жылы профессор Т.Қожекеевтің жетекшілігімен кандидаттық диссертациясын қорғап, 2004 жылы доцент атағын алды. 2010 жылы докторлық диссертациясын сәтті қорғап, қазір ҚазҰУ-дің журналистика факультетінде қызмет етіп жүр.
Кәкен Хамзаұлының ғылыми мұрасы бай: ол – 100-ге жуық ғылыми мақала мен 4 көркем прозалық кітаптың авторы. «Е.П. Михаэлистің журналистік қызметі», «Қазақ көсемсөзі жанрларының кемелдену үдерісі» монографиялары, сондай-ақ «Қазақ журналистикасы», «Журналистика негіздері», «Талдамалы журналистика», «Публицистика жанрларының эволюциясы» атты оқу құралдары жарық көрді. Оның туындылары орыс, неміс, қарақалпақ тілдеріне аударылған. Ғылыми ізденістері Түркия, Ресей, Ұлыбритания, Германия, Италия, Қытай, Монғолия және Өзбекстан жұртшылығына да таныс.
Байқағанымыздай, ғалымдардың жолы сан қырлы, алуан тақырыптарға бай. Е.П. Михаэлистің журналистік және әлеуметтік қызметін зерттеген монографиясында, демократ, редактор, журналист, ориенталист, жаратылыстанушы ғалым және қоғам қайраткері ретінде танылған Михаэлистің «Семипалатинские областные ведомости» газетіндегі жаңашылдықтары айқындалады. Автор оқырманға Абай мен оның ортасындағы тұлғалар туралы бұрын-соңды белгісіз деректерді ашып көрсетеді. Сондай-ақ Қазақстанның шығысындағы ақпараттық кеңістік пен мәдени ортаның дамуы, Еуропамен қарым-қатынас орнату үдерісі жан-жақты баяндалады. Ғылыми еңбекке ұлы Абайдың неміс досы Евгений Петрович Михаэлистің журналистік, қоғамдық қызметі арқау болды, Семей, Өскемен, Омбы, Санкт-Петербург архивтерінен табылған тың деректер, жаңа фактілер журналистика тарихына, ұлттық ақпарат құралдарына тәуелсіз көзқарас қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Ал «Қазақ көсемсөзі жанрларының кемелдену үдерісі» монографиясында ұлттық көсемсөз жанрларының даму жолы, өзіндік сипаттары мен уақыт кеңістігінде өркендеуі талданған. Публицистика жанрларының пайда болуынан бастап орнығуы, дәстүрлі жүйеге айналуына дейінгі жолы, масс-медиа мәтіндерінің динамикалық көріністері және журналистика жанрларының заманауи өзгерістері мен жаңа пішіндері зерттелген. Бұл еңбек – жоғары курс студенттеріне, магистранттар мен докторанттарға, оқытушылар мен практикалық журналистерге арналған құнды көмекші құрал. Публицистика жанрларының ақпараттық, насихаттық, ағартушылық, ғылыми-танымдық, идеологиялық, тәрбиелік және ұйымдастырушылық қызметтері ешқашан өзектілігін жоғалтқан емес. Қазақ ұлттық публицистика жанрларының ата қонысын, бастау-бұлақтарын ықылым замандардан, төл рухани құндылықтардан іздейді. Журналистика ғылымы, көсемсөз жанрлары кеңістігіндегі үдерістер әлемде тұңғыш рет бүкіләлемдік тартылыс заңы, салыстырымдылық, ықтималдық, қажеттілік және вакуум теориялары шеңберінде де қарастырылған. Бұрын да, көбінесе қазір де қолданылып жүрген жанрлар топтамасының параметрлеріне елеулі қағидалық түзету енгізу, жыға таныс жанрлардың бұрынғы теориялық еңбектерде еленбей кеткен қасиеттеріне назар аудару, өңі қашқан метрополиялық ескі жамылғылардан арылу, жанрлар ынтымағы мен ықпалдастығы туралы ой қозғау, формалар жүйесін тұтастандыратын, тартылыс күшін арттыратын заңдылықтарға сілтеме жасау – бұл еңбектің басты жаңалықтарының бірі. Монографияда алғаш рет очерк, эссе, кезеңсөз, сұқбат, репортаж, түсіндірме, хат, саяси портрет, дайджест, байқам, ақпарат, айқындама тағы басқа нақты жанрлардың ұлттық сипаты ашылып, негізгі функцияларына жаңадан анықтама берілген.
«Талдамалы журналистика» оқу құралында қазіргі талдамалы журналистиканың шығармашылық ерекшеліктері, оның қоғамдағы орны мен қоршаған ортаны бейнелеу әдістері сараланған. Автор баспасөздегі талдама мен сараптаманың негізгі түрлеріне тоқталып, әр тараудан кейін теориялық байламдарды қуаттайтын мысал келтірген. Бұл еңбек журналистика факультеті оқытушылары мен студенттеріне, сондай-ақ сала мамандарына арналған.
«Журналистика негіздері» оқу құралында қазіргі журналистиканың негізгі ұғымдары, оның әлеуметтік институт ретіндегі қалыптасуы, журналистиканың қоғамдық мәртебесі мен сөз бостандығы, БАҚ жүйесі мен қызмет тәжірибесі қарастырылған. Материалдар журналистика туралы ғылыми білімнің даму тенденцияларына және масс-медианың практикалық өнегесіне негізделген.
Кәкен Қамзин ұлттық көсемсөзге қатысты тың дүниелерді зерттеп, байыпты байлам жасады, жаңа тақырыптарды игеруге ықпал етті. Жас ғалымдардың жетілуіне жол ашып, докторларды тәрбиеледі.
Кәкен Қамзиннің өмір жолы мен мансабы ғылым мен журналистика саласында елеулі орын алады, ғылыми еңбектері көптеген тілге аударылған және халықаралық деңгейде танымал. Оның еңбектері қазақ журналистикасы мен көсемсөзінің дамуына маңызды үлес қосты, әрі ғылыми қоғамдастықта жоғары бағаланады.
Ұлағатты ұстаз немесе кеудесі таза жан
Біздің буын, өкінішке қарай, жұрт аңыз қылып айтатын Әуезовтің, Қабдоловтың, Қожакеевтердің алдын көрмеді. Бақытымызға орай, ұлағатты ұстаз, профессор Кәкен Қамзиннің дәрісін тыңдадық. Түрлі-түрлі тәсілдермен, киноның үзінділерімен, басқа да баспасөз материалдарынан мысал келтіріп, журналистика жанрларын санаңа құйғаны сондай – тіпті факультетке кездейсоқ түскен студенттердің өзі семинарда білгішсініп отырады. «Журналистиканың ең басты қасиеті – шығармашылық» деп, бойында таланты бар, жазуға бейім шәкірттерге әртүрлі жазба жұмысын беріп, шеберлігін шыңдады. Студенттердің өзіндік жұмысын (CӨЖ) мұқият, ерінбей оқып, кімнің кімнен көшіргеніне дейін біліп қояды. Солай, талай түлектің томағасын сыпырып, қияларға самғатты. Мен де ұстазға 6 жыл шәкірт болып, 10 жылға жуық «Журналистикаға кіріспе», «Заманалы журналистиканың жанрлық пішіндері мен қызметі», «Медиариторика» пәндерінің семинарын жүргізіп, Қамзин бұлағынан сусындап, әлі күнге үйреніп келемін. Ұстаз – бар жағынан үлгі. Бакалаврдағы бітіру жұмысым «С.Мұқанов шығармаларындағы дерек пен оқиғаның трансформациялануы» болды. Мұнда көркем әдебиеттегі журналистика сілемдеріне көз жібердік. Ал магистрлік диссертациям – «Заманалы көсемсөз мәтіндердегі түр мен түс категориясы». Алуан бояудың, түр мен түстің философиялық кабаттарына үңілдік. Ғылыми жетекшім профессор Кәкен Қамзиннің бағдарымен екі жұмысты да нақышына келтіріп, абыроймен қорғап шықтық.
Талай танымал журналистерді шығарған жанның кеудесінде «Білім саласының үздігі», «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісі де жоқ. Шәкірттерінің шәкірттері «Ерен еңбегі үшін», «Құрмет» орденін алып жатыр. Біздің ұстазға «ҚР Еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілсе, әбден лайықты болар еді. Өзі қалжыңдап айтатындай, кеудесі таза. Шынында да, екі мағынасында да кеудесі таза жан! Мамандыққа адалдық, принципшілдік қасиетін сіңірген шәкірттері атын шығарып келеді... Өзі мемлекеттік ешқандай шен-шекпенге қызықпай, қарапайым қоңыр тіршілік кешіп жүр. Осындай тұлғалардың сондай қарапайым болатыны несі екен?!
Бауыржан ӘЛІҚОЖА,
әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ-дің аға оқытушысы
788 рет
көрсетілді0
пікір