• Ақпарат
  • 13 Маусым, 2024

Қуанкүл Шорақызы, Алматы қаласындағы Балалар тіс емханасының дәрігері: СҮЙІКТІ КӘСІБІН ТАПҚАН АДАМ – БАЙ АДАМ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа арнаған Жолдауында мемлекетіміздің дамуына үлес қосып жүрген еңбек адамдарына ерекше тоқталған болатын. Жолдауда атап көрсеткендей, аз мөлшерде жалақы алсақ та, сүйікті кәсібімізден қол үзуді бір сәт те ойламаппыз. Рас, еңбек еткен алғашқы жылда жалақымыз аз болды. Оған бола көңіл түсірген емеспіз. Өкінген кез де болған жоқ. Өйткені біз жанымыз қалаған кәсібімізді таңдадық. Сол бағытта еңбек еттік.
 

Жастарға ой салсын, еңбектің қадірін түсініп өссін деген ниетпен қолыма қалам алдым. 
1987 жылы Алматы қаласындағы Медициналық институттың  стоматология факультетін бітірдім. Еңбек жолымды қаладағы Балалар тіс емханасынан бастадым. Ол кезде қала бойынша емхананы ғана емес, барлық мектеп пен балабақшаны аралап, балалардың тісін емдейтінбіз. Бізге жүктелген талап сондай болатын. Барлық баланың тісін емдеп, келесі балабақшаға баратынбыз. Осылай көшіп-қонып жүріп, қиындық пен қызыққа толы жұмысымызды адал атқаруға тырыстық. Өйткені мен үшін өзіме жүктелген міндет барлық қиындықтан маңызды болды.  Ол уақыттағы жағдай, күнкөріс қамы оңай болған жоқ. Тіс емдеуге арналған құрылғылар да қазіргідей жеңіл емес еді. Едәуір салмағы бар құралдарды көтеріп алып, машинаға саламыз. Жеткен жерімізге келгенде машинадан қайта түсіріп, көтеріп жүретінбіз. Сонша ауыртпалықты арқалап жүрсек те, ешқашан осы ісіме наразылық білдірген кезім есімде жоқ. 
Жаңа оқу жылы басталғанда мектепке баратынбыз. Себебі барлық оқушының тісін тексеру, емдеу керек. Емдеп, тісті жұлып қана қоймай, әр сыныпқа кіріп, тіс күтіміне қатысты ережені түсіндіріп, көрсететінбіз. 
Тіс дәрігері, оның ішінде балалардың тіс дәрігері болу қиын әрі жауапты іс. Бұл жерде дәрігер ғана емес, психолог ретінде баламен, оның ата-анасымен жақсы байланыс орнатуға тырысасың. Бүлдіршін бұзылған, бүлінген, ісінген тісімен жылап келеді. Қанша дегенмен мен де анамын, көргенде жүрегім жылап, уайымдаймын. Бірақ өзімді жігерлендіріп, мықты ұстап, жылап келген баланың күліп шығуына, емделуіне  барымды салуға тырысамын. Балаларға профилактикалық тексеру жүргізу  барысында сүт тісін емдеп, сақтап қалу өте маңызды. Көп ата-ана бұған немқұрайды қарайды. Орнына жаңа тістің дұрыс әрі түзу шығуы үшін сүт тісі маңызды рөл атқарады. 
Жолдасым Нұрдәулет еңбек жолын экономист ретінде бастаған. Ауған соғысына қатысқан азамат. Бойындағы салмақты мінезі мен еңбекқорлығы, қамқорлығы ұнап, отбасын құрдық. Жолдасым да құрметті еңбек демалысында. Бүгінде екі қыз, бір ұл тәрбиелеп отырған қадірлі ата-анамыз. Қыздарым Жұлдыз бен Құндыз банк саласында қызмет етіп жүр. Ұлым Ардақ өзімнің жолымды қуып тіс дәрігері болды. Келінім де тіс дәрігері. Жолдасым екеуіміз осы балалардан  төрт немере сүйіп отырмыз. Осындай бақытқа біз, ең алдымен, адал еңбегіміздің  арқасында қол жеткіздік. Дүниеде бай адам кім десе, ол, әрине, ішкі жан дүниесі сүйікті кәсібінен тыныштық тапқан жан дер едім. 

 

Әзірлеген
 Б.БАЛАУБАЙ

 

1200 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №8

20 Ақпан, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы