• Ақпарат
  • 13 Маусым, 2024

Мен сенің өміріңнің жалғасымын

Әке туралы айтар сөз көп. Әке туралы толғар ой да терең. Қазақы дүниетанымдағы әке бейнесі гендік деңгейде қалыптасып қойғаны да рас шығар. Жаһанданған әлемнің көшіне ілес­кен біздің заманның кейіпкері есебіндегі әкенің аяулы бейнесі де қалыптасып үлгерді.  Дегенмен әлі күнге «Отбасы институты әлсіреді», «Отбасыдағы әке рөлін салмақтай алдық па?» тағы басқа сауалды жиі қойып келеміз. 
Кешегі және бүгінгі әке сипа­тында ұқсастық көп пе, әлде айырмашылық бар ма? Отбасы институтындағы әкенің рөлі қандай? Қазіргі замандағы әкенің болмысы, бет-бейнесі қандай? 
Міне, осы сауалдың да жауа­бын білгіміз келіп, мамандардан сөз сұраған едік…

 

 

Толымбек Әбдірайым, жазушы:
 

 

Әке – қайсарлық, ана – мейірім

 

Қазақ әдебиетінде отбасыдағы әке орны, әке рөлі туралы өлең-жыр, қара сөз-тәмсіл көп. Оған нақты бір дәлел, әйгілі суреткер Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясында берілген: «...Қорықтан шыққалы таңертеңнен бері бөгелместен тартқан үш салт атты, аттарын қан сорпа қылған қалпында, кешкі екінді кезінде Көлқайнардағы Құнанбай аулына, Абайдың өз шешесі Ұлжанның отырған аулына кеп жетіп еді...  ...Құлағы көптен мүкіс тартқан кәрі әжесінің ең бір жақсы көретін немересі Абай-ды. Оны есінен шығармай, дұғасына кіргізіп, тілеуін тілеп отыратын.
Аттылар үйдің сыртына келе бергенде алдарында, сол үлкен үй мен күншығыс жағына тігілген қонақ үйдің екі арасында бұларды күткен бір топ жан тұр екен. Жаңағы шешелерден басқа: жеңгелер, көрші үйдің қатындары, бірен-саран тыс­та жүрген шал-кемпір, онан соң ауылдың барлық үйлерінен шығып, жүгіріп келісіп жатқан балалар бар. Бұл топқа қарай ауылдың үлкендері де жан-жақтан дабыр­лап сөйлеп, ағылып келіп жатыр. Осы жиынға қараған бетімен, екі жолдасынан озып кеп бұрын түскен Абайдың атын біреу алып кете берді. Бала көп ішінен, ең алдымен өзінің шешесін көріп, соған қарай жүре беріп еді, шешесі анадай жерде тұрып: «– Әй, шырағым, балам, әуелі ар жағыңда әкең тұр... Сәлем бер! – деді...»
Міне, қазақ халқының жарты ғасырлық тыныс-тіршілігі мен өмірін бейнелеген ғажап эпопеядағы Құнанбайдай әке рөлі! Өкінішке қарай, совет заманында соцреа­лизм қойған талаптан аспаған «Абай жолындағы» аға сұлтан, ел қадірлісі Құнанбай мен Абай арасындағы қарым-қатынас, әке мен бала образы шынайы ашылған жоқ... Оны біз тәуелсіздік алған соң ғана біліп жатырмыз... Сөзіміздің тағы бір дәлелін Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовтің «Соңғы көш» дилогиясындағы шағын эпиграф айғақтап тұр. «Әке! Сен жерленген сұр төбені айсыз қараңғы түнде көзімді жұмып барып-ақ табар едім. Бірақ сенің қабіріңе оқта-текте болса да ат басын бұрып, гүл шоғын қоюды тағдыр маған жазбапты. Сен қазір жат қолында қалған ата қоныс туған жердің қасиетті топырағын жамбасыңа басып, көшпелі халқыңның жұртына қалдырған белгісіндей, айдалада бір төмпешік боп жатырсың... Осы кітап, қадірлі әкем Жұмәділ, сенің басыңа қойған мәңгілік ескерткіш болсын!» 
Жүрек тербейтін, ғибраты мол, мазмұны терең, ғажап сөздер емес пе?! 
Ал біртуар дарынды ақын Мұқағали Мақатаевтың «Әкеме» атты өлеңін қараңыз:
«Сонымен құладың ба, тас қамалым.
Қалмады күйініштен басқа амалым.
Зиратың аяқ асты болмасын деп,
Бұзылған қорғанымнан тас қаладым.

Шынымен құладың ба, шым қорғаным,
Шынымен өртендің бе, нулы орманым.
Әке, сенің өміріңді жалғамасам,
Құрып кетсін жер басып ұл болғаным!..»
Қазақ әдебиетіндегі әкенің бет-бейнесін, кескін-келбетін, образын айта берсем, әңгіме ауаны ұзап кетер... Енді өз әкем Ыбырайымұлы Сылдырбай туралы бір-екі ауыз сөз айтайын. 1904 жылы туған әкем кешегі Екінші Дүниежүзілік соғысқа тура бір жыл қатысып, жаяу әскер батальонында Украин еліндегі Гомель қаласы маңында мина жарықшағына тап болып, бес-алты метр жерге лақтырып жібергеннен тірі қалған. Екі тәуліктен соң есін жиғанда тізеден төмен оң аяғының жоқ екенін білген. Бір жыл госпитальда емделіп, протез киюге деп хирургтер аяқтың екі жерін кесіп, 1943 жылы сыңар аяқпен елге оралды. Әкем еңбекқор, ақ көңіл, жүрегі таза, әділет десе жанын беруге даяр адам еді. Зейнеткерлік жасқа дейін кеңшарда егін күзетшісі болып істеді. Көп сөйлемейтін, сөйлеп кетсе, әңгіменің майын тамызатын еді, жарықтық. Қолдағы азын-аулақ малға қажет шөпті қол шалғымен өзі шауып, өзі жинайтын. Біз үйде сегіз бала болдық. Сәл ержеткен соң әкемізге хал-қадерімізше көмекші болдық. Ал анамыз әкемізді айрықша сыйлайтын. Бүгінгідей есімде, әкем 2-сыныпқа көшкен жылдан бастап маған, қыс айларында күнде кешке кітап оқытып, тыңдаудан еш жалықпайтын. Біздің үйде форматы үлкен, Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан (Алматы, 1962) жарық көрген «Қазақ ертегілері», «Қазақ эпосы», және бізге туыс болып келетін, түбі жармалық, Халық ақыны Сапарғали Әлімбетовтің өлеңдер жинағы болды. Осы кітаптарды оқып өстік. Әсіресе С.Әлімбетовтің «Мейір батыр» поэмасының оқиғасы жадымда. Әкеміз мектепте оқып жүрген кезде бізге «Жақсы оқыңдар! Жақсы киініңдер! Жалғыз Жаратушыны таныңдар! Жақсы, құнарлы ас ішіңдер! Сонда елге, қоғамға адал еңбек ететін жақсы адам боласыңдар!» деп айтатын. Тағы бір тәмсілі: «Оқығанның алды – күндей жарық, оқымағанның беті – көн шарық!» деуші еді дәйім... Отбасыдағы әкенің орны бөлек. Әке – сол шаңырақтың бар ауыртпашылығын көтеріп, асырап-бағуға да, жақсы тәлім-тәрбие беруге де міндетті адам. Әке  қамқорлығы дегеніміз – отбасы мүшелерін әртүрлі бәле-жаладан қорғайтын, жанашырлық танытатын тұлға. Сол үшін әкені сыйлау, оған құрметпен қарау баланың парызы болмақ. Пайғамбарымыз Мұхаммед-Мұстафа (с.ғ.с) «Әкеге бағыну – Аллаға бағыну!» деген… Бала анасынан мейірім мен даналықты сіңірсе, әкесінен өжеттік, қайсарлық, батылдық сияқты қасиеттерді сіңіріп өседі. 

 

Дүйсенкүл Арын, ҚазҰУ-дің әлеуметтену және әлеуметтік жұмыс кафедрасының аға оқытушысы: 

 

Тәрбиеге де мән берсек…

 

Әрбір ата-ана бала алдындағы басты миссиясын, міндетін ұмытпай, оны жақсы атқаруға тиіс. Қазіргі заманда бала тәрбиесіне келгенде ананың іс-әрекеті көбірек байқалатындай. Баланың өмірінде ата-анасының бірдей теңгерімде көрінуі баланың, ең алдымен, психологиялық, психикалық жағдайы жақсы қалыптасуына септігін тигізеді. Балаға, ең алдымен, ата-­ананың, әкенің махаббаты, жылуы керек. Алаш қайраткері Ж.Аймауытұлы «Адам мінезінің, ақыл-қайратының әртүрлі болуы тәрбиенің түрлі-түрлі болуынан. Адам баласының ұрлық істеу, өтірік айту, кісі тонау, өлтіру сықылды бұзақылықтарды жасауы тәрбиенің жетпегенінен» деген. Әкенің отбасыдағы рөлі көп қыр­лы. Отбасыдағы әкенің рөлін қарастырып көрелік. 
Бірінші, әке баласына эмоциялық қолдау көрсетеді. Оның сүйіспеншілігі мен назары балаға өзін қауіпсіз, сенімді сезінуге көмектеседі. Екіншіден, әке балаға өмірдегі қиындықтарды жеңуге, шешім қабылдауға және жауапкершілік жүгін арқалауға үйретеді. Үшіншіден, әке баланың моральдық және этикалық көзқарасына әсер ете отырып, мінезі мен құндылықтарын қалыптастыруда шешуші рөл атқарады. Төртіншіден, әкемен қарым-қатынас балаға әлеуметтік дағдыларды дамытуға көмектеседі. Бесіншіден, әке отбасыдағы үйлесімді қарым-қатынасқа ықпал етеді. Алтыншыдан, әке баланы оқуға және мансап таңдауға ынталандырып, бағыттай алады, олардың ұмтылысы мен жетістігіне тікелей әсер етеді. Дегенмен бала үшін ата-ананың бақытты болуы маңыздырақ. Себебі бала бәрін сезгіш келеді. Бала – екі адамның біріккен арманы. Материалдық жағдайдың рухани жағдайдан кейін тұратынын кей ата-ана ескермейтіні өкінішті. Әр отбасыдағы жағдай әртүрлі. Бірақ баланың алдындағы міндет, борыш – бір. 
Бүгінде бала тәрбиесінде ананың, жалпы, әйел ықпалының басым екені белгілі. Әке ше? Әкелер күнделікті бітпейтін шаруа, мәселе, тұрмысты түзеу сияқты мәселеден шыға алмай жүр. Әке тарапынан балаға көңіл аз бөлініп жатыр. Сол бөлінбеген көңілдің орнын толтырамын деп баланың айтқанын әсіре орындап, орынсыз еркелетіп, өзінің әкелік мысын жоғалтып та алатын сияқты. 
Қоғам (әке деп айтсам да болады) баланы қалай тәрбиелеу керегін білмей қиналып жүрген сияқты. 
Шынтуайтына келгенде, қазір мемлекеттік институттар шынайы өмірден, отбасылық күнделікті мәселерден алыста сияқты ма деп қаласың. Ұлттық тәрбие де осы отбасы институтынан басталады ғой. «Әкесіз бала су жүрек, жиын-тойға барады, босағада қалады» дейді. Яғни жасқаншақ болатынын меңзеп тұр. Сондықтан бала тәрбиесінде әкенің қаншалықты маңызды рөл ойнайтынын білгеніміз жөн. Бірақ қазақ өз құндылықтарына қайтып оралмайынша, әкенің отбасыдағы рөлі төмендей бермек. Әке – қорған, әке – демеу, әке – жалғыздықта қалдырмайтын тіреуіш. 
Ажырасудың көбеюі бала тәрбиесіне, әсіресе ұл баланың тәрбиесіне зиянын тигізіп жатыр. Ер адам «тек ақша тауып, отбасымды материалдық тұрғыдан ғана қолдасам жеткілікті» деп қана жүрсе, аманаттың жүгін арқаламаса, ең бірінші өзіне, екінші қоғамға залал келтіреді деп ойлаймын. 

 

 

Балабек Кеніштайұлы, психолог: 
 

 

Бала – аманат

 

Отбасы институтындағы әкенің рөлі өте зор. Бұл тұста әке не ана деп те бөлу дұрыс емес. Өйткені отбасыдағы тұлғалардың әрқайсысының алар орны ерекше. Әкенің орны бөлек, ананың орны бөлек. Әке мен ана бірін-бірі толықтырғанда ғана баланың бақытты ырғақты түрде дамуына, психикасының дұрыс қалыптасуына жағдай жасайды. Ең алдымен, бала әкесінің, тиісінше анасының болғанын  қалайды. Осыны ұмытпайық. 
Әке қай кезде үлгі бола алады? Егер ол әйеліне жақсы қараса, көңіл бөлсе, проблеманы қолдан тудырмаса, балаларының алдында әке деген жауапкершілігін сезінсе, әкенің рөлі зор болады. Ер адамның отбасыда болғанының өзі әйелі үшін де, бала үшін де қорғаныш сезімін тудырады. Қазіргі замандағы әке қандай? Бұрынғы заманда бір отбасыда 5–6, 10–14 балаға дейін болды. Ол замандағы әке барлығына тең деңгейде көңіл бөліп, толықтай мейірім төге алды деп айта алмаймыз. Өйткені әкесі жұмыста, үйге келген соң шаршайды, ол балаларының тек тамағының тоқ болуын ойлаумен болды. Қазіргі жас отбасыларда орта есеппен 2–3 бала бар. Әкелер (аналар да) балаларының барлық жақтан жағдайын толық бақылап отыра алады. Баланы тіл үйрену, көркемөнер, спорттық т.б. үйірмелерге береді. Әкелер баласын басқа да қызықты жерлерге апарады. Сондықтан қазіргі әке деген қадірлі аттың қадіріне жетіп жүрген ер-­азаматтар өз міндетін, қызметін жақсы атқарып жүр. Кешегі мен бүгінгі әкені салыстырудың өзі қиын. Неге десеңіз, бұл әр отбасының өмір салтына, ұстанатын дәстүріне де байланысты. Қазір отбасын асырап, көңіл бөліп, баласын ештеңеден тарықтырмай жүрген әке көп. Олардың перзенттерінің мүмкіндігін, потенциалын ашуға талпынысы жоғары. Қазіргі жас әкелер көп ізденеді, көп білім алады, отбасылық тренингілерге қатысады. Иә, жан түршіктірер жағдайларға да кезігеміз. Бұл – барлық қоғамда бар жағдай. 
Кешегі әкелер де жақсы әке. Бүгінгі қоғамдағы ата-ананың басым көпшілігі отбасылық құндылықтың не екенін біледі, сезінеді. Балаларының өсіп-жетілуіне, білімін ұштауына, адам болып қалыптасуына жан-жақтан қолдау көрсетіп жатыр. Бұрынғы балалар өз бетімен оқуға түсіп, өз күнін өзі көріп, мотивациясы көбірек болса, бүгінгі баланың бақытты өмір сүруіне ата-ана барынша жағдай жасап отыр. «Бүгінгі әке өзгеруге тиіс болса, қалай өзгеруі керек?» деген сауалға жауап берсем. Баланың бақытты болуы үшін балаға көбірек мүмкіндік беру керек. Бала өзін мықты сезінуі үшін жас ерекшелігіне қарай оны сынап көру керек. Біздің көз алдымызда жүргенде, бала әр ісіне жауапкершілік алатындай етіп дұрыс жолға бағыттауымыз керек. Балаға шектен тыс «ұстама, бүлдіріп аласың», «тиме, құлайсың, жығыласың», «қолыңды күйдіріп аласың, ана затты сындырып аласың» деп түрткілей бермей, балаларға өзін-өзі тануда, өзінің күш-қайратын, потенциалын анықтау жолында ата-ана көп мүмкіндік берсе екен деймін. Сол кезде ғана бала тәуелсіз, еркін және бақытты болып өседі. Иә, біз баланы жаман жайттардан арашалап қалуға тырысамыз. Бірақ ол балаңыз да өседі ғой. Ол сіздің көз алдыңызда, сіз оның көз алдында мәңгі-бақи бірге бола алмайсыз ғой... Олар әртүрлі оқиғаларда өзіндік шешім қабылдауға тиіс жайттар болады, сондықтан да олар өзінің өмірлік қателіктерінен сабақ алып өсуі керек. Бала – индивид. Балаға жеке тұлға ретінде қарауымыз керек. Ол да болашақтағы өзіңіздей адам. Баланың әрбір бастамасын қолдаңыз. 100 пайыз еркіндік беру деген сөз емес, дұрыс түсінсеңіз, балаға мүмкіндіктерімізге қарай қолдау көрсетуміз керек. Өз бетінше өмір сүруіне бейімдеуіміз керек. Қазіргі әкелерге айтарым, отбасылық құндылықтар туралы білім алыңыз. Психология ғылымында мынадай ұғым бар: «Ең бақытты бала – әке-шешенің нұсқауымен, үйретуімен не ескертуімен жүрген бала емес, әке-шешесі өзін тыңдаған, әр бастамасына қолдауын, сенімін білдірген бала бақытты». Бала – аманат. Ата-ана баланы тәрбиелеместен бұрын, өзін тәрбиелеуі керек.  

1004 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №21

30 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы